Accessibility links

Ресей қазақтары қазы-қартаны кертіп жеп, сары қымызды сапырып ішеді


Бақытжан қажы Қарсақбаев зайыбы Қадишамен бірге. Ресей, Челябі облысы, Агапов ауданы, Южный елдімекені. қараша, 2009 жыл.

Бақытжан қажы Қарсақбаев зайыбы Қадишамен бірге. Ресей, Челябі облысы, Агапов ауданы, Южный елдімекені. қараша, 2009 жыл.

Ресейдің Агапов ауданында тұратын Қарсақбаевтар әулеті мыңғыртып мал өсіреді, жайқалтып егін салады. Олар ешкі сүтінен де қымыздан кем түспейтін сусын шығаратын технологияға қол жеткізген. Ресей қазақтарын өскелең ұрпақтың ана тілін ұмытып бара жатқаны, Қазақстан тарапынан қолдау болмай отырғаны ғана қынжылтады.

Өткен Құрбан айт күндері Ресей жеріндегі қазақтар арасында болдық. Мұндағы қауым жат әдеттен бойларын аулақ салып, ораза ұстап, құрбан шалады екен. Қариялардың біразы бес уақыт намазын қаза қылмайды. Біз солардың бір әулеті туралы ғана сөз қозғамақпыз.
Қарсақбаевтар әулетінің үйі, Ресей, Челябі облысы, Агапов ауданы. қараша, 2009 жыл.


Бақытжан Қарсақбаевтар әулеті Ресейдегі Челябі облысының Агапов ауданына қарасты бұрынғы «Магнитный» совхозының Южный деп аталатын бөлімшесін көп жылдардан бері мекен етіп келеді.

«Әуелі бас қосқаным Жағалбайлы, жылқысын көптігінен баға алмайды» деп «Қыз-Жібек» эпосында жырланатын Жағалбайды жұрты бұл өңірді өздерінің ата қонысы деп есептейді. Магнитогорск қаласынан 45 километр қашықтықта жатқан елдімекен тұрғындары шөбі шүйгін, топырағы құйқалы жерде малын бағып, сиырын сауып, төрт түліктің еті мен сүтін сатып, нәпақасын тауып отырған ел еді. Нарық соққысы оларды да шашыратып жіберді.

ЫРЫС АЛДЫ - ІСКЕРЛІК ПЕН ЫНТЫМАҚ

Совет үкіметі құлағаннан кейін әулеттің үлкені Бақытжан Қарсақбаев елі көшіп, иесіз қалған елдімекенді жекешелендіріп алды. Арада біраз уақыт өткеннен кейін 10 мың гектардан астам егіс алқабын, 3 мың гектарға жуық жайылымдық және шабындық жерді 49 жылға жалға алды.

Сөйтіп, қанатын жайған фермерлік шаруашылықта қазіргі уақытта 600 жылқы, 150 ірі қара, мыңға жақын қой-ешкі, ұзын саны 300-ден асатын қаз-үйрек және тауық бар. Шаруашылықты Бақытжан қажының ұлы Айдархан Қарсақбаев басқарады.

Ол аз уақыттың ішінде ауыл шаруашылығына қажетті техникаларды – 8 «Дон» комбайнын, 6 «К-700» тракторын, «ДТ» бульдозерін, «Беларусь» тракторын, т.б. шөп шабатын, егіс алқабын өңдейтін ауыл шаруашылық жабдықтарын сайлап алды.

Егін шаруашылығында оннан астам механизатор еңбек етеді. Ауылдағы фермаға қажының кіші ұлы Қайырхан иелік етеді. Қажының үлкен ұлы Әбдірахман Магнитныйда түшпара, мәнті жасайтын цех ашып, халал тағамдар шығаруды жолға қойды. Бұл цехтың өнімдеріне сұраныс көп. Цехтың өзінде ғана 70 қыз-келіншек жұмыс істейді екен.

Ауылда салынып жатқан мешіт. Ресей, Челябі облысы, Агапов ауданы, Южный елдімекені.
Осыдан бірнеше жыл бұрын мұсылмандықтың бесінші парызын өтеп, Меккеге барып қайтқан Бақытжан қажының оннан артық немересі, бірнеше шөбересі бар.

Жайнар, Құрманғазы, Ермек секілді немерелері біреуі қаржыгер, біреуі прокурор болып қызмет атқарса, биылғы жылы оныншы сыныпта оқып жүрген немересі Қажымұқан атасымен бірге сәждеге жығылды, бес уақыт намазын тастамайды, ол жергілікті молдадан дін оқуын меңгеріп, Құранды өз бетімен оқитын дәрежеге жетті.

2009 жылы Құран оқудан өткізілген облыстық байқауда бірінші орынға ие болды. Күйеу баласы Нығметжан Орысбаев Агаповта сауда базасында директор болып істейді. Сөйтіп, ағайындардың бірі өнім өндірсе, екіншісі жинақтайды, үшіншісі таратады.

ЕШКІ СҮТІ ДЕ ШӨЛДЕГЕНГЕ СУСЫН

Ағайын-туғанның ынтымағы арқасында Южныйда қымыз цехы, Магнитныйда түшпара цехы, Агаповта ешкі сүтінен сусын жасайтын цех жұмыс жасай бастады. Жыл сайын жаз айларында жайлауда 100-ге тарта бие сауылып, айына 15 тоннаға жуық қымыз өндіріледі. Қымыздың 0,5 литрі 45 сомнан сатылады екен. Ауылда оны пісетін, сақтайтын және ыдысқа құятын арнаулы орындар бар. Қымыз
«Қарсақбаев Қ.Б.» шаруа қожалығы шығаратын қымыздың этикеткасы.
зауыттық үлгімен ыдысқа құйылып, сақталу мерзімі белгіленіп, саудаға түседі.

2008 жылы Қарсақбаевтар қымызы Ресейдің халық шаруашылық жетістіктері көрмесіне қойылып, алтын медальға ие болды.

Біз барған уақытта ақсақал үш-төрт биені ғана сауғызып отыр екен. Бірақ, қымыз ағыл-тегіл. Оның себебін сұрасақ, Бақытжан қажының немере інісі, бұрын осы өңірде совхоз директоры болып қызмет атқарған Құрманбек Тұрғанбаев жүзден астам ешкіні сауғызып, Агапов ауданы орталығында ешкі сүтінен қымыз тектес сусын жасап, елге таратып жатыр екен. Бие сүтінен ашытылған қымыздан гөрі сәл қоюлау, дәмі қымыздан аумайды. Ол да өндірістік жолға қойылған, сусын арнайы ыдыстарға құйылып, қымызбен бірдей бағаға сатылады.

Б.Қарсақбаев есімі елге белгілі ақын. Оның Қостанай қаласында жарық көрген «Насихат» («Проповедь) кітабы (2005 жыл) Ресей қазақтарымен қатар Қазақстанның Қостанай, Ақмола секілді облыстарында таратылды. Оның:

«Шақырғанға бармай қалсам, қас болам,

Көп жиында ішпесем де, мас болам.

Ішіп алып мүйіздейді талайы,

Бұл қауыммен қалай енді дос болам?» - деп ақтарылып айтқан шыны талайдың көкірегін ашты, тағылымды жырлары ел ішіне үлгі-өнеге болып жайылды. Арақпен ауызданған жұрт жаман әдетті тастап, ата-баба сусыны қымыз ішуге көше бастады.

«ИМАНҒА БЕТ БҰРСАҚ ТА, ТІЛІМІЗДІ ҰМЫТЫП БАРАМЫЗ»

Бақытжан қажы Қызыл ауданында алғаш мешіт салғызуға мұрындық болған кісі. Қазір де аудандық мешітке, Челябі қаласында орналасқан мұсылмандар медіресесінде оқитын шәкірттерге, «Магнитный» мекеніндегі балалар үйіне, жергілікті мектепке, т. б. мұқтаж адамдарға
Бақытжан Қарсақбаевтың Қостанай қаласында жарық көрген «Насихат» (Проповедь) кітабының мұқабасы.
қайырымдылық көмек көрсетіп тұрады. Биылғы жылы өз қаражатына ауылында мешіт салғызуды қолға алды. Оның жалпы құны 2 миллион сомға (Ресей рублімен) бағаланған.

Қазақтар Қазақстан туралы хабарларды «Спутник» желісі арқылы көгілдір экраннан көреді. Биыл 77 жасқа келген қарияның өзі «Жетісу» телеарнасын көруді ұнатады екен.

«31-ші телеарнаны бұрын көруші едік, қазір оның Ресей арналарынан айырмасы болмай қалды. Ара-тұра, түбі бір, тіліміз жақын ғой деп татар жәнен башқұрт арналарын қараймыз» - дейді Қадиша апай.

Бақытжан қажы жыл сайын Астанада сабақ беріп жүрген белгілі домбырашы, сазгер Қайыржан Мақановты ауылына алдыртып, немерелеріне домбыра үйретеді. Өзінің де домбырашылық өнері бар.

Кердері Әубәкірдің «Құдай бір, пайғамбар хақ, дұрыс кәләм, бәріміз дін қарындас, атамыз Адам» деп басталатын назымын домбыраға қосып, жатқа айтады. Өзінің шығарған күйі «Үмбетім менің, үмбетім» деп аталады.

«Бір ғана әттеген-айы, жеткіншек ұрпаққа ана тілінде тәлім-тәрбие беретін мектеп жоқ, мектепті салып берер едік, онда сабақ беретін мұғалім жоқ, ал үкімет тарапынан оған ешкім көңіл аудармайды, Қазақстан басшылары да бұл мәселені мүлдем қозғамайды. Дінімізге келсек те, тілімізді ұмытып барамыз, сол жағы ғана қинайды», - дейді ақсақал ағынан ақтарылып.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG