Accessibility links

Дағыстандық әйел күдікті кісі деп суретін жариялаған газетті сотқа бермекші


Ресейдің «Комсомольская правда» газеті 22 әйелді күдіктілер қатарына жатқызып, суреттерін жариялады.

Ресейдің «Комсомольская правда» газеті 22 әйелді күдіктілер қатарына жатқызып, суреттерін жариялады.

Ресейдің «Комсомольская правда» газеті жанкешті ретінде шабуыл жасауы мүмкін деген желеумен 22 әйелдің суретін басып шығарды. Басылым өз әрекетін қоғамның мүддесін қорғау деп ақталады. Сыншылар бұл әрекет қылмыс жасамаған адамдардың құқығын бұзады дейді.


КІНӘСІЗ КҮДІКТІ

Басында Айша Макашарипова өзінің артынан неліктен біреулердің аңдығанын білмепті. Ресейдің Дағыстан республикасының Махачкала қаласында тұратын бұл әйел соңғы апталарда жұмысынан үйіне бара жатқан кезде өзінің ізінен күдікті адамдардың жүргенін байқағанын айтып отыр.

«Мен сатушы болып жұмыс істеймін. Үйіме түнгі сағат 11-де келемін. Жұмысымды бітіріп, үйіме бара жатқан кезімде терезелерін көлеңкелеп алған автокөліктермен мені аңдып жүрген адамдарды байқадым. Қорыққанымнан досымнан менімен бірге үйіме дейін баруын сұрадым. Әлгі адамдардың неліктен менің ізімнен жүргенін білмедім. Шешем менің жұмыстан босап, үйде отырғанымды қалайды. Менің өміріме қауіп төніп тұрған сияқты», - дейді Айша Макашарипова.

Арадан біраз уақыт өткен соң ол не болып жатқанын түсінген. Сәуірдің 9-күні «Комсомольская правда» газеті Ресей күштері өлтірген азаматтарға туысқан болып келетін 22 әйелдің суретін жариялаған болатын. Құқық органдары бұл қыз-келіншектерді жанкештілік шабуылдарды жүзеге асыруы мүмкін деп айыптап отыр.

Төрт баласы бар 30 жастағы Айша Макашарипованың осы тізімге енгізілуінің себебі - 2005 жылғы қақтығыста Ресей күштері оның бауыры Расулды өлтірген болатын.

«Азат Еуропа/Азаттық радиосының» Солтүстік Кавказ қызметіне берген сұхбатында Айша Макашарипова газетте өзінің суреті мен жеке мәліметтерін көрген кезінде таң қалғанын жеткізді. Ол лаңкестікке өзінің қатысы жоқ екендігін айтып, әлгі мақалаға байланысты басылымды сотқа беретінін жеткізді.

«ҚАРА ЖЕСІРЛЕР»

Наурыздың 29-күні Мәскеу метросында болған шабуылдардан кейін құқық органдары мазасыз Солтүстік Кавказ аймағында өлтірілген бүлікшілердің жесірлері мен қарындастарын және әпкелерін ерекше бақылап келеді.

Соңғы жылдары расында да Солтүстік Кавказда туыстарынан айырылған әйелдер Ресейде бірқатар лаңкестік шабуылдарға қатысқан болатын. Бұл қыз-келіншектер «қара жесірлер» деп аталып кетті. Олар екі ұшақ пен концертте бомбаларды жарып жіберді, сондай-ақ Мәскеу метросындағы шабуылдарды жүзеге асырды.

Бірақ сыншылар Ресейдің құқық органдарын «қара жесірлер» шабуылдарының алдын-аламыз деген желеумен содырлардың туған-туыстарына күдік келтіріп, асыра сілтеуде деп айыптады. Сыншылардың айтуынша, әсіресе Шешенстан мен Дағыстандағы бүлікшілердің туысқан әйелдерінің айыбы әлі дәлелденбесе де, құқық органдарының оларды айыпты деп есептеуі заңға қайшы келеді.

Ірі бұқаралық ақпарат құралының кейбір әйелдердің аты-жөнін жариялауы адам құқын қорғаушы белсенділерді одан сайын ашуландырды.

Ал «Комсомольская правда» газетінің тілшісі Александр Коцтың айтуынша, құқық органдары әлгі әйелдерді Дағыстандағы астыртын лаңкестік топтарға қатысы бар деп айыптап отыр. Бұл материалдарды құқық органдарының ресмилері берген еді дейді Коц.

Журналист газеттің әлгі материалды басып шығару туралы шешімін қорғап, бұл қоғам мүддесі үшін жасалды деп атап көрсетті.

«Біз бұл жерде күдік туралы айтып отырған жоқпыз, алдын-алу шаралары мәселесін көтеріп отырмыз. Менің түсінуімше бұл әйелдердің Мәскеуге барып, өздерін жарып жібермеуі үшін Дағыстандағы құқық органдары оларды бақылап келген», - дейді Александр Коц.

Оның айтуынша, жанкештілік шабуылдарды жүзеге асыруы мүмкін деп айыпталған әйелдердің суреттері мен жеке мәліметтерін жариялауды басылым редакторы мақұлдаған.

ЖУРНАЛИСТІК ЭТИКАҒА КЕРЕҒАР

Ал Мәскеуде орналасқан Ақпарат жөніндегі заң институтының директоры Андрей Рихтер «Комсомольская правда» басылымы әлгі мәліметтерді жариялау арқылы журналистикалық этиканы бұзған деп санайды.

«Еліміздегі этикалық нормаларға сәйкес журналистер кінәсіздік презумпциясын бұзбауы тиіс. Адамның айыбы ресми түрде дәлелденбейінше ол кінәсіз деп есептеледі. Журналистер осы қағиданы бұзбауы керек», - дейді Андрей Рихтер.

«Комсомольская правда» газетінде жарияланған әйелдердің тізімінде сондай-ақ «Адам құқықтары үшін Дағыстан аналары» ұйымының тең төрағасы Гүлнара Рустамова да бар.

Адам құқын қорғаушы «Мемориал» тобының өкілі Александр Черкасов содырлардың туыстарына күдік келтіру Совет дәуірінен қалған әдет дейді.

«Бұл әйелдердің көбі ешнәрсені жасырмай өмір сүреді. Ешкім оларды тұтқындамаған. Мұндай шаралар биліктің заңға сәйкес жұмыс атқарғысы келмейтінін білдіреді. Совет үкіметі кезінде осындай тәжірибеден өткенбіз», - дейді Александр Черкасов.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG