Accessibility links

Мәскеулік жұмысшылар ұйымы алматылық жұмысшыларға қолдау танытып, пикет өткізді


Манар Еділбаева, «Ырысты Алматы электрлік вагон жөндеу зауыты» акционерлік қоғамының жұмысшысы.

Манар Еділбаева, «Ырысты Алматы электрлік вагон жөндеу зауыты» акционерлік қоғамының жұмысшысы.

Алматыдағы электрлік вагон жөндеу зауыты жұмысшыларына Мәскеулік әріптестері де қолдау білдіріп, сейсенбіде Мәскеудегі Қазақстан елшілігінің алдында наразылық акциясын өткізді.

«Зауыттың әкімшілігін – жұмысшылардың бақылауына», «Капиталист, дағдарыс үшін өзің төле!», «Экономика - миллиардерлер үшін емес, миллиардтаған халық үшін!» деп ұран көтеріп, шілденің 7-сі күні Мәскеудегі Қазақстан елшілігінің алдына жиналған 30-ға жуық адам алматылық жұмысшылардың талаптары орынды екенін айтып, аталмыш мәселеге биліктің тезірек назар аударуын талап етті.

Наразылық шарасы туралы Азаттыққа айтып берген акцияны ұйымдастырушылардың бірі Денис Разумовский акцияның бейбіт түрде өткенін айтты. Тәртіп сақшылары болғанмен акцияға қатысушылардың ешқайсысын ұстамапты.

Алматыдағы «Ырысты Алматы электрлік вагон жөндеу зауыты» акционерлік қоғамының жұмысшылары бұған дейін бірнеше мәрте наразылық шарасын өткізіп, зауыттың мемлекет меншігіне қайтарылуын талап еткен болатын. Соңғы рет маусымның 30-ы күні зауыт жұмысшылары бір апта бойы жұмыс істеуден бас тартқан еді.

Бірақ, екі күннен соң қайта жұмысқа шыққан дейді зауыт жұмысшысы Манар Еділбаева. Оның айтуынша, зауытта жағдай біршама жақсарып қалыпты.

«Қазір жағдай қалыпты. Тіпті авансты да беріп қойды. Бұрынғы біздің қиылған сағатымыздың бәрін қосамыз деп отыр. 9-ы күні жиналыс болады. Білмеймін, одан не шығатынын», - дейді ол.

Әйтсе де, зауыттың цех бастығы Орынбасар Бисекенов бұған қарамастан, наразылық шарасын жалғастыра беретінін айтады:

«Біздің негізгі талабымыз ақша алу емес, зауыттың мемлекетке қайтарылуы мен басшылықты өзгерту. Басшыларды біз өздеріміз сайлауымыз қажет. Көлік және коммуникация министрлігі, Бас прокуратура, премьер-министрден «істі қарастырып жатырмыз» деген жауап келді. Қазір зауытты құқық қорғау органдары тексеріп жатыр. Әзірге қорытынды шығарған жоқ».

Зауыт жұмысшылары бұған дейін бейбіт түрде митинг өткізу үшін Алматы қаласының әкімшілігіне рұқсат сұраған еді. Бірақ шілденің 11-і күніне белгіленген митингті өткізуге әкімшілік рұқсат бермеді деп отыр жұмысшылар.

Аталмыш еңбек ұжымының ақпарат құралдары арқылы көпшілікке жолдаған үндеуін қолдаушылар тек Мәскеуден ғана емес, Қазақстанның өзінен де табылып отыр. Цех бастығы Орынбасар Бисекеновтың айтуынша, қазірдің өзінде Павлодар, Жаңаөзен, Өскемен, Көкшетаудағы жұмысшылардан хаттар ағылып келіп жатқан көрінеді.

Ал Алматыдағы әлеуметтік қозғалыстар мен кәсіподақ өкілдері болса, жуық арада аталмыш зауыттың жұмысшыларын қорғайтын комитет құрмақшы.

«Комитетті кәсіподақ, қоғамдық ұйым өкілдері, ипотекаға несие алушылар мен үлескерлердің әлеуметтік қозғалыс өкілдері құрмақшы. Аталмыш комитет еңбек ұжымын қорғау үшін, олардың құқықтары тапталмауы үшін күресетін болады», - дейді «Талмас» қоғамдық қозғалысының жетекшісі Айнұр Құрманов.

Зауыт жұмысшыларының айтуынша, олардың талаптарының орындалуына қандай да бір бөгеттер жасалуда. Мысалы, маусымның 23-і күні құқық органдарының қызметкерлері келіп, ереуілдің басы-қасында жүрген Есен Үктешбаевқа тергеу жүргізбек болған көрінеді. Ал құрылатын комитет осы сияқты жайттардың қайталанбауына көмектесіп, жұмысшыларға құқықтық жағынан кеңес береді дейді олар.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG