Accessibility links

Қайырбек Кемеңгер: Алаш рухымен рухтандым


Қайырбек Кемеңгер, Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің оқытушысы. Алматы, 28 қазан 2009 жыл.

Қайырбек Кемеңгер, Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің оқытушысы. Алматы, 28 қазан 2009 жыл.

Алаш ардақтыларының бірі Қошке Кемеңгердің тікелей ұрпағы, Омбы өңірінің тумасы - Қайырбек Кемеңгер қазақ тіліндегі жалынды жырларымен танылып қалған ақын екен. 1988 жылға дейін «халық жауының тұқымы» деген қара таңба таңылып келсе де, атам «Кемеңгер» деген тегін сақтауға күш салды дейді ол.

Біз жақында Ресейдің Омбы облысындағы қазақтардың тыныс-тіршілігі туралы әңгімелеген едік. Онда омбылық қазақтар жастардың ана тілінде оқып, жаза алмайтындығын жеткізген болатын. Ал, бізге кездескен Омбы өңірінің тумасы Қайырбек Кемеңгер қазақ тіліндегі жалынды жырларымен де танылып қалған ақын екен.

Омбы облысының Шарбақкөл ауданы Жанан ауылында туып өскен ол қазір Қазақстанның Ақмола облысындағы Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің ұстазы.

АЛАШ АРЫСТАРЫНЫҢ ЕҢБЕГІ – БОЙТҰМАРЫНА АЙНАЛҒАН

– Мен оқыған «Томар» орта мектебі орыс мектебі еді. Бізге жасаған жақсылығы – аптасына екі рет қазақ тілі пән ретінде оқытылды. Бұның өзі біздің қазақ тілін үйренуімізге көп септігін тигізді, – дейді ол Азаттық радиосына берген сұхбатында.

Мектепте қазақ тілі мен әдебиетін оқу арқылы олар Абайды, Шоқан Уәлихановты, т.б. да қазақ ақын-жазушыларының еңбектерін біліп өседі. Дегенмен, қазақ тарихы мен қазақ әдебиетінің бес ғасырлық тарихынан бейхабар болады.

Қайырбек Кемеңгер Алаш арыстарының бірі – Қошке Кемеңгердің туған шөбересі. Текті ұрпақтың отбасындағы тәрбиесі де Қайырбектің ана тілін еркін меңгеруіне мүмкіндік тудырған екен:

– Менің бір жерден оқыған бір тәмсілім бар еді: «Бала 7 жасқа дейін өз ана тілінде сөйлеп өсетін болса, оның ары қарайғы алған білімі ана тілін ұмытуға себеп бола алмайды» депті онда. Демек, бала өз ана тіліне уызында жаруы керек. Менің атам Нармамбет – Қошке Кемеңгердің туған ұлы, оның немересі Ризабек – әкем үйде тек қазақ тілінде қарым-қатынас жасауды қадағалайтын, – деген ол:

– Қошке Кемеңгердің тікелей ұрпағы болу – біздің әулеттің ғұмыр бақиғы мақтанышы. Дегенмен, 1988 жылға дейін «халық жауының тұқымы» деген қара таңба таңылып келгенін айтуымыз керек. Бұл таңба біздің аталарымыздың қызметте өсуіне, еркін жүруіне барынша бөгет болған. Соған қарамастан атам «Кемеңгер» деген фамилияны сақтауға күш салды. Мен туғаннан төрде Қошке бабамның суреті ілініп тұрушы еді. Үйде 1965 жылы шыққан «Алтын сақина» деген кітабымен қоса, өткен ғасырдың басында шыққан, Совет одағы кезінде оқуға тыйым салынған кітаптары, төте жазумен шыққан «Қазақша-орысша тілмашы» жинаулы тұратын. Қошкенің жары Гүлсім әжеміз 1988 жылы қайтыс болды. Мен ол кісінің тәлімін 11 жасыма дейін ала алғандығыма қуаныштымын, – деп сабақтады әңгімесін.

Қайырбек Гүлсім әжесінің Алаш арыстарының атын атауға тыйым салынғанына қарамастан Мағжан Жұмабай, Міржақып Дулаттардың өлеңдерін жатқа оқып отыратындығын айтады.

– Менің есімде «Абақтыда айдан-күннен жаңылдым, Сарғайдым ғой сар даламды сағындым» деп Мағжанның өлеңін жатқа айтып отыратындығы қалыпты. Ал, 1989-1990-шы жылдары Алаш арыстары толықтай ақтала бастады да, менің дүниетанымым осы кісілердің өлеңі арқылы қалыптасты. Мағжан мен Міржақыптың өлеңдеріндегі күш мені Алматыға алып келген еді. Сөйтіп, Алматыдағы Абай атындағы Қазақ мемлекеттік педагогикалық университетінің филология факультетінде білім алдым, – дейді ол.

Жасынан Алаш рухымен рухтанып, Алаш жырларымен сусындап өскен Қайырбек Кемеңгердің кандидаттық диссертациясының тақырыбы да Алаш мұрасына арналыпты.

"ЕНДІГІ БІРІГУ – ҚАЗАҚСТАНДА БОЛАДЫ ДЕП ОЙЛАЙМЫН"

Томар орта мектебі 1956 жылға дейін таза қазақ тілінде білім берген екен. 1870 жылы Омбыда ашылған педучилищеден Отыншы Әлжанов, Мағжан Жұмабаев, Сәкен Сейфуллиндердің білім алғаны мәлім. Осы педучилищеде өткен ғасырдың 60-шы жылдарына дейін қазақ тілі мен әдебиетінің мамандарын даярлайтын жеке факультет те болған.

Қайырбек Кемеңгер Ресейдегі саясаттың ондағы аз ұлттардың көсегесін көгертпейтіндігін айта отырып, Омбы қазақтарының ендігі тағдырын атамекенмен байланыстырғандығы жөн деген ойын жеткізді.

– Көбі Омбыдағы жылы орнын суытуға құлықсыз. Бәлкім маған жеңіл болғандығының өз себебі болған шығар. Мен Қазақстанда, қазақ тілінде білім алуға қол жеткіздім, бұл менің бұл жақта қалып қоюыма, ата-анамның Көкшетауға көшіп келуіне септігін тигізді деп ойлаймын.

Менің атамның Омбыдағы зейнетақысы Көкшетаумен салыстырғанда 3 есеге артық еді. Бірақ, оған қарап отырған жоқ. Балаларының соңынан еріп, Көкшетауға келіп дүние салды, – дейді.

Қайырбек Омбы қаласында тұратын қазақтардың аса ауқатты тұрмыс кешетіндігін айтады. Сол қазақтардың біразы балаларын Астанаға жіберіп, оларға үй сатып әперіп, тамырын Қазақстанға жаюына мүмкіндік жасап жатыр екен:

– Бұл жағдай мені қуантады. Өйткені, Омбыдағы 2,5 миллион халықтың 4%-ы ғана қазақ. Олар орыс мәдениеті мен орыс ұлтына сіңіп кетудің аз-ақ алдында тұр. Әрине, Омбы атамекеніміз, алайда, басқа елдің аумағында қалғандықтан, ондағы қазақтардың жұтылып кетуі дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома.

Шарбақкөлдің қазақ жері екендігі өңірдің тарихы туралы әдебиетте «Шарбақкөл ауданы ХІХ ғасырдың соңында артық деп табылған қазақ жайылымдарында пайда болған көп ұлтты, жаңа типті аудан» деген сөздермен-ақ айқындалған. Яғни, олар тарихты өздері мойындап отыр. 1893 жылы Шарбақкөл ауданы салына бастаған. Әрине, Омбы – қазақ жері екені даусыз ақиқат. Бірақ, шекара бөлінісі бойынша ол Қазақстан аумағына тиесілі болмай қалды. Тарих дөңгелегін кері бұру мүмкін емес. Демек, өткенге салауат айтып, қазақ бірігуге ұмтылу тиіс деп ойлаймын. Ендігі бірігу – Қазақстан аумағында болады деп ойлаймын, – дейді Қайырбек Кемеңгер.

Қайырбек Кемеңгер Омбыдағы қазақ қауымдастығы арасында үрдістің бірі ретінде аралас некенің жоқтығын айтты. Ондағы қазақтар әзірге басқа ұлт өкілімен үйленбеуге тырысады екен.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG