Accessibility links

Батыс Қазақстанда киік қырылып жатыр


Қазақстанның батысында белгісіз аурудан өлген киіктің саны 3200-ге жетті. Алдын-ала жасалған болжам бойынша жануарлардың улануы мүмкін. Құзырлы органдар киіктердің өліміне кінәлі азаматтарға немесе мекемеге қылмыстық іс қозғалуы мүмкін екендігін мәлімдеді.


БЕЛГІСІЗ ӨЛІМ

Мамырдың 21 күнгі мәлімет бойынша белгісіз жағдайда өлген киіктер саны екі мыңға жеткен. Осыған байланысты Батыс Қазақстанға тексеру жұмыстарын жүргізу мақсатында арнайы сала мамандары барды. Ауыл шаруашылығы министрлігінің Орман және аңшылық шаруашылығы комитетінің төрағасы Ерлан Нысанбаев, аталмыш топ құрамында Батыс Қазақстан облысының әкімі, прокуратура, Төтенше жағдайлар мен Ауыл шаруашылығы министрлігінің және санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау саласының мамандары бар екендігін мәлімдеді.

Қазір жердің, шөп пен судың құрамы тексеріліп, өлген киіктерге қатысты сараптама жасалып жатыр. Мамандар киіктер уланып өлуі мүмкін деген болжам айтады.

-Киіктердің өлімінің бірінші белгілері, олардың іштері кеуіп кеткен, ал ауыздарынан жасыл көбік ағып жатыр. Қазіргі таңда бұған не себеп болғандығы анықталып жатыр. Жақын арада біз оның нақты себептерін білеміз деген ойдамын, - деді төраға.

ҚЫЛМЫСТЫҚ ІС

Қазақстанда аса бағалы аң болып табылатын киіктердің жаппай қырылуы соңғы жиырма жылда болмаған дейді мамандар. Ауыл шаруашылығы министрлігінің Орман және аңшылық шаруашылығы комитетінің төрағасы Ерлан Нысанбаев, бұл өте үлкен шығын екендігін айтады.

- Ертең кешкісін біз киіктердің не себептен өлгендігін нақты анықтап, жағдайды біліп қайтамыз. Егер киіктердің өліміне қандай да бір адами факторлар әсер еткен жағдайда оған кінәлі азаматтарға немесе тиісті мекеме басшыларына қатысты қылмыстық іс те қозғалуы мүмкін. Себебі 2 мың киік дегеніңіз өте үлкен шығын, - дейді Ауыл шаруашылығы министрлігінің Орман және аңшылық шаруашылығы комитетінің төрағасы Ерлан Нысанбаев.

БОЛЖАМ БАР, ДӘЛЕЛ ЖОҚ

Биология ғылымдарының кандидаты, М.Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің зоология және экология кафедрасының меңгерушісі Жасқайыр Қарағойшиннің пайымдауынша, аймақтағы киіктердің жаппай қырылуына екі жайт себеп болуы мүмкін.

- Біріншісі – ол Ресей арнасы арқылы келіп жатқан судан болуы мүмкін, екіншісі – өткен айда бізге жақын жатқан Капустин Яр полигонындағы үлкен жарылыс себеп болуы мүмкін. Сол кезде біздің ауданның тұрғындарының ішіндед де уланып қалған фактілер болды. Меніңше сол кездегі жарылыстың зияны шөпке тұнды. Мүмкін сол шөп арқылы улануы мүмкін, - деген болжам айтады маман.

Аймақта осыдан бір жарым ай бұрын ауа-райының күрт бұзылып, аспанда белгісіз бұлт пайда болғандығын жергілікті «Айна» басылымының журналисті Қазыбек Қабжан да растап отыр.

- Аспаннан ақ бор жауып, радиацияның деңгейі көтеріліп, біраз адамдар басы айналып ауруханаға түскен. Бірақ енді ол мәлімет, мүмкін енді мемлекетаралық келісімдер бар, жария болмай, сол жабық күйінде қалды. Кейін облыстық СЭС, экология басқармасы журналистерге ақпарат берді, «оқиғаның болғаны рас, бірақ ол қазір сараптамаға жіберілді. Нақты жауапты кейін береміз» деп. Бірақ әлі жауап жоқ, - дейді журналист.

15-17 мамырда инспекторлар бұл ауданда ауа райы ашық және бұлтсыз болғанымен шығу тегі белгісіз сұр тұманды байқаған. Комиссия мүшелері әлі де осы мәселені зерттеу үстінде.

Хабарларға қарағанда өлген киіктердің басым көпшілігі – ұрғашы. Қыстан аман-есен шыққан киіктер ендігіде түлеп, көбеюі тиіс. Биолог маман Жасқайыр Қарағойшин, мүмкін белгісіз ауыруға шалдыққан киіктер төлдей алмай өліп жатқан болар дегенді де айтады.
Батыс Қазақстан аймағында осы уақытқа дейін 26 600 киік болған. Ал республика бойынша киіктер саны 2003 жылы – 21 мың болса, осы уақытқа дейін олар 90 мыңға жеткен еді.
XS
SM
MD
LG