Accessibility links

Швецияға қашып бармақ болған босқын қазақ отбасын Чехиядан күштеп шығаруы мүмкін


Бауыржан Иманғалиев, қазақ босқыны. Бендез түбіндегі Бела қаласындағы депортациялық лагерде түсірілген сурет. Шілде, 2009 жыл.

Бауыржан Иманғалиев, қазақ босқыны. Бендез түбіндегі Бела қаласындағы депортациялық лагерде түсірілген сурет. Шілде, 2009 жыл.

Чехияның депортациялық лагерінде діни көзқарасына байланысты 2006 жылы Қазақстаннан қашқан Иманғалиевтер отбасы Отанына қайтаруды тосып отыр. Отағасы Бауыржан Отанында азап пен түрме күтіп тұрғанын айтып торығады.

ЧЕХИЯДАН ҚҰТЫЛУ ҮШІН ШВЕЦИЯҒА ҚАШҚАН

Бауыржан Иманғалиев Азаттық радиосының оқырмандарымен сырттай таныс. Ол «Саяси тұтқындар: Мәмбетов Аманжол, Мұздыбаев Әділжан, Қызанбаев Жанболат, Дәулетов Құлмұратқа бостандық берілсін!» деген жазу ұстап 2009 жылдың 7 ақпанында Прагада біздің көзімізге түскен болатын.

Бауыржан Иманғалиев қазақ босқындарының Прагада өткізген наразылық шарасында. 7 ақпан 2009 ж.
Мұсылман қазақ босқындарының тобы сол кезде наразылық митингісін өткізіп, өздері жайында жақ ашпай отырған чехиялық баспасөздің үнсіздігін бұзған еді. Үш жыл бойы үн-түнсіз бюрократиялық қорлық көрсетіп, ашықтан ашық құқықтарын бұзып келе жатқан Чехияның билік орындары шалғай Қазақстаннан келген босқындардың саяси белсенділігін көріп қобалжып қалды.

Бізге бірнеше айдан кейін Бауыржан Иманғалиевтің өзін де тұтқын ретінде жазуға тура келеді деп ойламаған едік. 2006 жылы діни көзқарасына байланысты Қазақстаннан қашқан Иманғалиевтер отбасы босқын мәртебесін алу үмітімен үш жыл бойы Чехияда тұрды.

Бұл отбасындағы екі қыздың ахуалы тіпті адам аярлықтай. Осы жылдың ақпанында Азаттық радиосының журналистері Чехияның Брно қаласындағы саяси босқын мәртебесін алуға үміткер қазақ отбасылары тұрып жатқан жатақханаға барған болатын. Онда тілшілеріміз төзімділік визасының мерзімі біткенде чех билігі Қазақстанға мәжбүрлі түрде депортацияламауы үшін көші-қон полициясының қабылдау орталығына баруға мәжбүр болған үш баласы бар босқын жас отбасы туралы ақпарат жинаған-ды.

Бауыржан Иманғалиевтің екі қызы жатақхананың терезесінен қарап тұр. Брно, 1 ақпан 2009 жыл.
Сол жерде бір бөлменің терезесінен жаутаңдап қараған екі қыз бала көзімізге шалынды. Қар жауып тұрған. Жатақхананың ішкі алаңқайы қараңғы да түнеріңкі еді. Біздің тілшілер жалпы көріністі суретке түсірді. Терезеден сыртқа үңіліп тұрған екі қыз тура бір өз үйлерінің терезелерінен қарап тұрғандай. Қазір сол екі қыз депортациялық лагерде, жартылай түрмелік жағдайда отыр. Әкелері Бауыржан Иманғалиев Швециядан жаңа өмір бастауға әрекет жасап көрді. Бірақ онысы іске аспады.

Чехияның көші-қон полициясы мен соттары босқын мәртебесін беруден үш рет бас тартқаннан кейін биылғы сәуір айында Иманғалиевтер отбасы Чехиядан шығып, Швецияға тартқан еді. Босқындардың арасында енді Чехиядан сақтанып, Еуропаның қайсыбір анағұрлым төзімді елінен саяси баспана сұрасақ қайтеді деген ой да болды.

Өзі де солай болды. Бауыржан төзе алмады, отбасын Швецияға көшірді. Бірақ, ол жақ қабылдамады, мамырдың соңында Иманғалиевтер отбасы қайтадан Чехияға әкелінді. Әкелінген бетте өз бетімен шекара асқаны үшін тұтқынға алынды.

БЕЛЛ ЙЕЗОВТЫҢ ДЕПОРТАЦИЯЛЫҚ ЛАГЕРІ

Қазір Бауыржан отбасымен Прагадан 50 шақырым жерде Бездез түбіндегі Бела қаласында Белл Йезовтың босқындар мен заңсыз келімсектерге арналған депортациялық лагерінде қамауда отыр.

Қазақ босқындардың отбасын Отанына қайтармақ болып жатқанын естіген соң Азаттық радиосының тілшісіне сол жабық мекемеге кіріп шығудың сәті түсті.

Босқын мәртебесін алуға үміткерлерді ұстайтын депортациялық лагерь. Чехия, Бендез түбіндегі Бела қаласы, шілде, 2009 жыл.
Екі жағынан орман мен саяжайлар қоршаған Белл Йезов депортациялық лагерінің тұсынан автокөлікпен өтіп бара жатқан адам оны шипа алу мекемесі, немесе қандай да бір санаторий не пансионат деп ойлап қалады.

Бірақ, ағаш қатарларынан өтіп, аумағына жақын келе темір қоршау мен тікенді сымға тірелгенде ондай ойдан тез арылады. Яғни, бұл жер түрмеге көбірек ұқсайды.

Лагер аумағына кірген бетте күзет қызметкерлері нұсқаулықпен таныстырып, оған қол қоюыңызды сұрайды. Фотовидеокамераны, ұялы телефон мен диктофонды күзетке қалдырып, Азаттық радиосының тілшісі лагердің ішіне енді.

Кездесуге арналған бөлмеде у-шу болып жатқан өзге де келушілерді осы мекеменің қадағалаушы қызметкері жіті бақылап тұр. Азаттық тілшісі осы жерде қазақ босқыны Бауыржан Иманғалиевпен кездесті. Бауыржанның жүзіндегі торығу пен абыржу бірден байқалды.

ЖҮКТІ ЗАЙЫБЫНА ЖАСЫЛ ДӘРІ БЕРГЕН

Бауыржан Иманғалиев бес және үш жасар екі қызымен және бірнеше айдан кейін босанайын деп отырған зайыбымен бірге қамауда отыр. Лагердегі күзет қызметкерлерінің үздіксіз бақылауында отырған Бауыржан өзін отбасымен бірге Отанына мәжбүрлеп қайтарудан қорқатынын, өйткені ол жақта азап күтіп тұрғанын айтады. Бәрінен бұрын Бауыржан қыздары мен зайыбының лагердегі жағдайын ойлап сарыуайымға батады.

Бауыржан Иманғалиев, қазақ босқыны. Бендез түбіндегі Бела қаласындағы депортациялық лагерде түсірілген сурет, шілде, 2009 жыл.
Отбасы жоқ жандарды екі бөлмеге орналастырып жатқан депортациялық лагерь қызметкерлері Бауыржан Иманғалиевтың отбасын бір бөлмеге әкеп тыққан.

- Мен лагерь қызметкерлерінен екі баламмен және жүкті жұбайыммен бірге екі бөлмеге орналастыруды сұрағанымда олар өйте алмайтындарын айтты. Олар екі бөлмелі орынның басқалардың мазасын алмас үшін психикасы бұзылған адамдарға берілетінін айтты. Бірақ, олардың басқалармен өзгеше сөйлесіп, басқаша мінез танытатынын байқайсың. Көрші бөлмеде басқа адамдар жүргенде менің жүкті әйелім мен балаларыма қозғалу қиын, - дейді Бауыржан Иманғалиев.

Дәл қазір Чехиядағы (діни көзқарасына байланысты арнаулы қызметтер қудалап, Отанынан қашуға мәжбүр болған) қазақ босқындарының көбісі зәру болып отырған қарапайым медициналық көмекті ала алмауда.

Ал, олардың арасында қанның аздығымен, диабет, жүрек, бүйрек, ісік ауруларымен ауыратындар бар; кейбіреулеріне хирургиялық операция жасалған.

Азаттық радиосына «Орталық Азиядағы адам құқықтары» ассоциациясының президенті Надежда Атаева хабарлағандай, қазақ
Босқын мәртебесін алуға үміткерлерді ұстайтын депортациялық лагерге кіретін есік. Чехия, Бендез түбіндегі Бела қаласы, шілде, 2009 жыл.
топтарындағы жүкті әйелдердің бәрінің де дер кезінде дәрігерге қаралу мүмкіндіктері жоқ.

Нақты айтқанда, Надежда Атаеваның сөзі бойынша, Бауыржан Иманғалиевтің зайыбы бірнеше апта бойына дәрігердің кеңесін ала алмауда. Өзі үшін де, құрсағындағы бала үшін де қауіпті ауруға шалдыққан әйел қазір өте қатты әлсіреген және басы айналады.

Жүкті әйелінің тартып отырған азабы туралы Бауыржан Иманғалиев Азаттық тілшісіне өзі де айтып берді:

- Әйелімнің аяғының қантамырларына [варикоз] Чехияда операция жасалған және оның жүктілігі ауыр өтуде. Оның қаны аз, аяқтары ауырады, үнемі басы айналады. Мұнда әйелім әрең дегенде дәрігердің қабылдауына кірді, ол жүктілікті жеңілдететін дәрі беруін өтінгенде дәрігер оған әдетте, лагерь дәрігерлері беретін ауырсынуды жеңілдететін жасыл түйіршіктер берген. Басқа ешқандай медициналық көмек көрсетілмеген.

ҚАЗАҚСТАНДА БАУЫРЖАН ТҮРМЕГЕ ҚАМАЛУЫ МҮМКІН

Адам құқығын қорғаушылардың пікірінше, егер Бауыржан Иманғалиев отбасымен Қазақстанға оралатын болса, оған бірнеше айып тағылып, бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Өйткені, дейді олар, соңғы жылдары Қазақстанда арнайы қызмет адамдары діншілдердің қалтасына қолдан наша, қару салып, бірнеше айыппен тұтқындаған жағдайлар тіркелген.

Бауыржан Иманғалиевтің Қазақстандағы туыстары арнаулы қызметтің бақылауына алынған. Бұл жайында ол былай дейді:

- Қазақстандағы менің бауырым Ерланға Ұұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері жиі келеді. олар үнемі одан мен туралы сұрайды. Бауырымнан елден кетпеу туралы қолхат алып алған, үйіне қонақ шақыруға және біреуге өздері туралы айтуға тыйым салған. Телефоны тыңдалады. Күнде ол жұмысы мен үйінің арасында ғана жол жүреді.

ЧЕХТАР БОСҚЫН ҚАЗАҚ ОТБАСЫН «ӨЗ ЕРКІМЕН» ОТАНЫНА ОРАЛУҒА ҮГІТТЕУДЕ

Чехияның көші-қон билігі Иманғалиевтердің отағасын Отанға оралуға үгіттеуде. Жуырда оларға Чехиядағы Көші-қон жөніндегі халықаралық ұйымның Прагалық өкілдігінен адамдар келген. Қазақ босқынымен сөйлескен олар ерікті түрде Отанға оралуға үгіттеген.

Бұл туралы хабарды біз «Орталық Азиядағы адам құықтары» атты адам құқықтарын қорғау ассоциациясынан алдық. Көші-қон полициясы қызметкерлерінің үстінен теріс қылық көрсетті және өкілеттігін асыра пайдаланды деп түсірілген көптеген босқындардың шағымына сүйене отырып, ассоциация президенті Надежда Атаева Азаттық радиосына шілденің 8-інде Көші-қон жөніндегі халықаралық ұйым қызметкері Властимир Винтердің Белл Йезовтың босқындарға арналған лагерінде болғанын айтты.

Босқын мәртебесін алуға үміткерлерді ұстайтын депортациялық лагерь. Чех тілінде: «Шетелдіктерді орналастыруға арналған орын» деп жазылған. Чехия, Бендез түбіндегі Бела қаласы, шілде, 2009 жыл.
Атаеваның сөзі бойынша, ол кісі сол лагерде Бауыржан Иманғалиевпен жолыққан. Көші-қон ұйымы қызметкерінің қазақ босқынымен сөйлескені туралы Надежда Атаева айтып берді.

- Винтер мырза ешкімнің қорғап қала алмайтынын, адам құқықтарын қорғаушылардың әрекеттерінің пайдасыздығын айтып, арызданушы Иманғалиевті Қазақстанға «ерікті түрде» оралуға келісім беруге мәжбүрлеген боп шықты. Әңгіме кезінде Винтер мырза өзінің оған Қазақстанға Қырғызстан арқылы кіруіне балама мүмкіндік беріп отырғанын бірнеше рет қайталаған. Бірақ, Батыс Қазақстанның тумасын қолдарына түсіруге Қазақстанның арнаулы қызметі ерекше мүдделі екендігін мүлдем ескермеген. Сол кездесудің қыр-сырын Бауыржан Иманғалиевтің біздің ұйымға берген жазбаша арызынан білеміз, - дейді Надежда Атаева.

«БАЛАМА ЖОЛДАР» ІЗДЕУГЕ КЕҢЕС БЕРУ

Мұнда бір айта кетерлігі, адам құқықтарын қорғаушылар қазақ босқындарының ісін қарай отырып, бірауыздан оларды өз Отанында азап пен абақты күтіп тұрғанын айтады. Қазақстанның Бас прокуратурасы ол босқындарға Отанында еш қауіп жоқ екені туралы ресми мәлімдеме жасағанымен, Бас прокуратураның қызметкерлері: «Қазақстан заңдарын сақтаған жағдайда оларға қауіп жоқ» дегенді айтып қалды.

Босқындар болса: біз қарсы емеспіз-ау, бірақ, заңды бұзбағанымызды дәлелдейтіндей ашықтық пен әділеттілік болатындығына не кепіл болады деп күмәнданады. Олар қалайша Көші-қон жөніндегі халықаралық ұйымның Прагадағы кеңсесінің өкілі Властимир Винтер тұтқын Бауыржан Иманғалиевті Қазақстанға қайтуға итермелеп, қысым жасайды деп сұрайды.

Осы сұрақпен Азаттық радиосының [«Азат Еуропа» Радиосы/«Азаттық» Радиосының Қазақ редакциясы] журналистері Властимир Винтердің өзіне шықты. Телефонмен сөйлескенде Властимир Винтер Бауыржан Иманғалиевке қысым жасағанын жоққа шығарды.

«Мен тек қана Чехияның ішкі істер министрлігі босқын мәртебесін беруден бас тартатын шығар, одан да біздің кеңесіміз бойынша балама жол табу керек деп ақпарат бердім», - дейді Властимир Винтер.

Бірақ та, әлгі «балама жол» деген не деген сауалға Властимир Винтер бұл тек қана Бауыржан екеуінің арасындағы әңгіме дегенді желеу етіп, жауап беруден бас тартты.

«Бұл тек менің және анау мырза екеуміздің арамыздағы әңгіме. Онда ешкімнің шаруасы жоқ, ол өз мәселесін әлдекіммен бірлесіп шешуге тиіс емес. Ол өзінің ісі», - дейді Властимир Винтер.

«МЕН БАРЛЫҒЫНАН АЛДЫН АЛА КЕШІРІМ СҰРАЙМЫН»

Белла Йезов лагеріндегі кездесу соңында қазақ босқыны Бауыржан Иманғалиев Азаттық радиосының тілшісіне адам құқықтары жөніндегі бірнеше халықаралық ұйымдардан мәжбүрлеп Отанына қайтаруды тоқтатуға көмек сұрағанын айтты.

Чехиядағы билік үш рет босқын мәртебесін беру өтінішін қабылдамаған соң және әйел, бала-шағасымен үш жыл жат жерде тентіреген Бауыржан Қазақстанға мәжбүрлі түрде әкетілетін болса, діндес бауырлары мен Чехиядағы билікке келесі сөзді айтамын дейді:

«Егер де мен азапталып, соның кесірінен айғақ беретін болсам, күні бұрын осыған қатысы бар жандардан кешірім сұраймын. Мені уақытша қабылдағаны үшін Чехияға разымын, әйтсе де менің саяси баспана беру туралы өтінішімді дұрыс түсінбегендері өкінішті-ақ. Нағыз Құдайға сенетін адам өзге адамға жамандық тілемейді. Мен өмір үшін және балаларым үшін баспана сұрадым. Мен сұрадым, бірақ, талап еткен жоқпын. Мен сіздерге бұл өмірде де, келесі өмірде де бейбітшілік тілеймін».

Чехияда екі жүзден астам баспана сұраушы Қазақстан азаматтары бар, олардың елу төрті - әке-шешелері өзге елде босып жүргенде дүниеге келген жасөспірім балалар.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG