Accessibility links

Үкімет әлеуметтік ереуілдердің толқынын тежеуге кірісті


Оппозицияның наразылық жиыны. Астана, 20 желтоқсан 2008 жыл.

Оппозицияның наразылық жиыны. Астана, 20 желтоқсан 2008 жыл.

Алматы мен Астанада өткен толқулардың легі үкіметке қозғау салды. Үкімет тұрғын-үй дағдарысын тежеу мақсатына арналған шараларын жариялап отыр.

Жаңа жылдан бастап Ұлттық қордан бөлінген 10 миллиард теңге игеріле бастайды. Оның ішінде үлескерлер мен борышкерлер мәселесін шешеміз деген Стресті актив қоры да жұмыс істей бастайды. Дүйсенбі күні парламент мәжілісінде өткен үкімет сағатында Индустрия және сауда министрі Владимир Школьник осылай деп мәлімдеді.

Алайда осы жолы дағдарыстан шығу бағдарламасының шикі тұстары да аңғарылып қалды. Ең бастысы "нұротандық" депутаттардың өздері аталған бағдарламаның нақты жұмыс істеу механизмін біле алмай отыр. Несиені төлемеуге екі жылға демалыс аламыз деп үміттенген үлескерлер мен борышкерлердің көңілдері келесі жылы су сепкендей басылуы мүмкін. Өйткені олар өз мәселелерін шешеді деп үміт артқан Стресті актив қорынан айтарлықтай жеңілдік болмайтын түрі бар.
"Самрұқ-Қазына" қоры төрағасының орынбасары Қайрат Әйтекеновтің айтуынша, қарыздарын банктерге төлей алмай жүрген борышкерлерге Стресті актив қорынан жеңілдік жасалады. Бірақ егер сіз екі жылға демалыс сұрасаңыз, онда негізгі қарызды ғана уақытша төлемеуге мүмкіндік аласыз. Ал пайыздық ставканы ай сайын төлеп отыруға міндеттісіз. Стресті актив қорының талабы осындай.
Мәжіліс депутаты Шавхат Өтемісов бұдан ешқандай көмек көріп тұрғаным жоқ дейді.
"Өйткені, екінші дәрежелі банктерден несие алғандардың көбі, онсыз да бірінші кезекте тек пайыздарын төлеп келеді. Ал негізгі қарыздары өтеу кестеде ең соңында көрсетілген", - деген ол осы мәселе туралы не Владимир Школьниктен, не "Самрұқ-Қазынаның" өкілінен нақты жауап ала алмағанын айтады.
- Мәселен, менің алдыма келген бір борышкердің айтуы бойынша, банктен 70 мың доллар несие алған. Ай сайын тек ғана пайыздық ставкасы 1 мың доллар банкке төлейді екен. Ал негізгі қарызын 10-15 жылдан кейін барып төлей бастайды. Сонда үкіметтің айтып отырғаны қандай жеңілдік? - дейді депутат Өтемісов.
Дағдарыстан шығу бағдарламасының шикі тұстарын мәжіліс депутаты Айгүл Соловьева да айтып отыр. Ол қазір әкімдік жанынан құрылып жатқан құрылыс компаниялардың жұмысын сынға алды. "Мемлекет нарыққа бәсеке болмауы керек. Олардың ойлары да түсінікті. Мемлекеттен бөлінген қомақты қаржыны өзгеге бермей, өздері игеру керек. Сосын үкімет мемлекеттік бағдарламаға арналып салынған үйлер өтпей қалса, әкімдіктер нарықтық бағамен сатып ала алады дейді. Үш жылға бюджет бекітіліп қойды. Әкімдіктер ол қаржыны қайдан алады? Осының да көлеңке тұстары көп", - дейді Айгүл Соловьева.
Бір ғана мысал, Астана қаласы әкімдігінің жанынан проблемалы құрылыстарды аяқтау үшін "Жаңа құрылыс" деп аталатын ЖШС құрылды. Астана әкімі Иманғали Тасмағамбетовтің айтуынша, мемлекеттен бөлінген қаржы арқылы аталмыш компания салынып бітпеген үйлердің құрылысын аяқтайды.
Келесі жылы құрылысы аяқталатын үйлерден Қазақстандағы ұлттық компаниялардың қызметкерлерінің де пайызсыз қарызға пәтер алатындары белгілі болды. Мәжіліс депутаты Айгүл Соловьева "Самрұқ-Қазына" қоры Қазақстан азаматтарын жікке бөліп отыр деп сынайды. "Ұлттық компаниялардың қатардағы азаматтардан қай жерлері артық? Олар да кезекке тұрып, ипотекалық несиемен пәтер алсын. Немесе ұлттық компания қызметкерлеріне істеп отырған көмекті өзге де Қазақстан азаматтарына көрсетсін, бөлініп отырған қаржы халықтың ақшасы, неге халықтың есебінен ұлттық компания қызметкерлеріне ерекше жағдай жасау керек?!" - дейді депутат Соловьева.
Алайда Қазақстан азаматтарын екіге бөліп отыр дегенмен "Самрұқ-Қазына" қоры төрағасының орынбасары Қайрат Әйтекенов келіспейді.
"Бұл жерде кім қайда жұмыс істейді деген мәселе. Ұлттық компания қызметкерлеріне біз осыған дейін де пайызсыз жәй қарызға пәтер беріп келдік. Екіншіден, халықтың ақшасының есебінен деген де дұрыс емес. Біз компанияның пайда әкелген ақшасынан ғана қызметкерлерімізге пәтер береміз", - дейді Қайрат Әйтекенов.
Ал Мәжіліс депутаты Мұхтар Тінекеев осыған дейін мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасымен пәтер алған азаматтарды бас прокуратура, қаржы полициясы тексеру керек дейді. Өйткені, олардың 70 пайызы алған пәтерлерін жалға беріп қойған екен.
"Демек, оларда осыған дейін де баспана болды деген сөз. Бұл жерде де жемқорлықтың иісі сезіліп тұр. Ал шын мәнінде 10-20 жылдап мемлекеттік қызметте істеп жүрген азаматтар пәтер ала алмай кезекте әлі күнге дейін тұр", - дейді Мұхтар Тінекеев.
Тінекеев көтерген мәселеге қатысты Индустрия және сауда министрі Владимир Школьник "Менің құзырымдағы мәселе емес, бас прокуратураға шағымданыңыздар, тексерсін" деп қана жауап берді.
Үкіметтің әзірлеген дағдарыстан шығу бағдарламасының нақты жұмыс істеу механизмін парламенттегі "Нұр Отан" партиясының депутаттарының өздері білмей отыр. Сондықтан олардың өздері де бөлінген қыруар қаражат жеке қалтаға түсіп кете ме деп қауіптенеді.
Дағдарыстан шығу бағдарламасына Ұлттық қордан 10 млрд. АҚШ доллары бөлінген. Оның 3 млрд. АҚШ доллары үлескерлер мен борышкерлер мәселесін шешуге жұмсалмақ. Бұдан басқа Стресті актив қорына халықтың зейнетақы қорынан 2 млрд. АҚШ доллары бөліну көзделіп отыр.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG