Accessibility links

Жас дарын Сара Найман Вена операсын бағындырмақ


Вена консерваториясының студенті, жас қазақ әншісі Сара Найман Азаттық радиосының Прагадағы кеңсесінде. 9 шілде 2010 жыл.
Вена консерваториясының студенті, жас қазақ әншісі Сара Найман Азаттық радиосының Прагадағы кеңсесінде. 9 шілде 2010 жыл.

Қазақстандағылар Сара Найманды консерваторияға алар-алмасын білмей екі ойлы болған кезде, Аустрия астанасы оны «құшақ жая қарсы алды». Қазір жас қазақ әншісі сонда опера өнерін үйреніп, Вена театрларында ән салып жүр.


ӨНЕР ЖОЛЫН МЕЙРАМХАНАЛАРДАН БАСТАҒАН

– Құрметті Сара, қазір сіз немен шұғылданып жүрсіз, әңгімені осыдан бастасақ?

– Қазір мен Вена консерваториясында операда вокальды ән салу өнерін үйреніп жүрмін. Кейде театрларда әр түрлі тілдерде ән саламын. Барлығы да операның тіліне байланысты. Мысалы, биылғы наурыз айында Моцарттың «Сиқырлы флейтасындағы» Паминаның партиясын орындадым.

– Білуімше, сізде музыканттың дипломы жоқ. Вена консерваториясына, оның үстіне магистратураға қалай түстіңіз?

– Көп адам үшін осы жай әлі жұмбақ болып отыр. Бізде арнайы музыкалық білімің болмаса, консерваторияға түсуді армандаудың да қажеті жоқ деген қасаң пікір қалыптасқан. Маған қатысты айтар болсақ, бұған дейін жоғары білімімнің болуы негізгі рөл атқарған сияқты. Мен бұған дейін Қазақ мемлекеттік заң академиясының кәсіпкерлік құқық факультетін бітірген болатынмын. Бұдан бөлек Алматы консерваториясында оқып жатырмын.

Жағдайдың орайлы болуы да септігін тигізген сияқты. Қабылдау емтихандарын жақсы тапсырдым. Құжаттарымды Вена консерваториясының бакалавриатына тапсырған едім. Бірақ маған магистратурада оқуға ұсыныс жасалды. Өйткені менің даярлық дәрежем магистратурада оқуға мүмкіндік береді екен.

– Опера әншісі ретінде Венаға дейін жүріп өткен жолыңызды айтып беріңізші?

– Мен өнерге ұзақ жол жүріп келдім. Шамасы бұл менің өмірімдегі бұдыры мен бұралаңы көп жолдың бірі болған шығар-ау. Алғашында опера әншісі болу жайында ойлаған емеспін. Ән салу менің сүйікті ермегім болатын. Қазақ ұлттық заң академиясының кәсіпкерлік құқық факультетін бітірген соң бір жарым жыл Швецияда жұмыс істедім. Содан соң магистр дәрежесін алып, теңіз көлігі саласында заңгерлік жұмысымды жалғастырдым.

Осымен қатар ССРО халық әртісі Надия Шариповадан жеке сабақ алуға да үлгердім. Осы бір аса мықты адам музыка әлеміндегі Әлібек Дінішев, Майра Мұхамедқызы сияқты және өзге де белгілі әншілердің де ұстазы.

Швецияда оқып жүргенімде бос уақытым көп болып, осы уақыттарымды музыкамен шұғылдануға жұмсадым. Арнайы жарияланған бәйгеге қатысқан соң мені шведтік «ЭРО» рок-тобына алды. Шыны керек, рок музыка мені опера сияқты тартпайды. Бірақ музыканы жақсы көргендіктен ғана бұл ұсынысқа келісімімді бердім. Акцентім болғандықтан швед әндерін орындай алмадым, сондықтан америка және орыс әндерін орындауға тура келді.

Жалпы айтайын дегенім, мен ұзақ уақыт бойы әуесқой музыкант ретінде ән салдым. Жұмыс таппай жүрген кезімде нәпақаны осылай табатынмын. Тойларда, корпоративті кештерде жиі ән салатынмын. Иә, менің өнердегі жолым мейрамханалардан басталды. Мен бұны ұят деп санамаймын. Керісінше, пайдалы істі жаныма жақын дүниемен үйлестіре білдім деп есептеймін. Бұл менің музыкалық өмірімдегі үлкен тәжірибе болды.

ҚАЗАҚСТАНДА ЖҰМЫС ТАБУ ҚИЫН

– Сара, консерваторияда оқу керек деген байламға қалай келдіңіз?

– Біріншіден, кәсіби музыканттармен араласа жүріп олардың не жайында айтып жатқандарын түсінбейтіндігімді байқадым. Әрине, бұл үшін ұялатынмын. Консерваторияға түсіп музыкалық сауатымды көтермек болдым, аспаптарда ойнап үйренгім келді. Қазір фортепианода ойнай аламын. Мүмкін әзірге керемет емес шығармын, бірақ музыканы біртіндеп түсініп келе жатырмын.

Музыкамен шындап айналысқысы келетін кез-келген адамға кәсіби білім қажет деп есептеймін. Бірақ дипломың болмаса да белгілі, талантты музыкант болуға болады.

– Сізді консерваторияда қалай қабылдады?

– Алматы консерваториясында жылыұшырай қарсы алды деп айта алмас едім. Бірақ мен ешкімге ренжімеймін, өйткені бәріміз де шығармашылық адамдарымыз ғой. Ал енді Вена консерваториясында құшақ жая қарсы алды деп айтсам да болады.

– Сара, сіздің дәл сол Вена консерваториясын таңдауыңызға не себеп болды?

– Менің үнемі шетелде оқығым келетін. Қазақстанда да жақсы білім беретіндігін жоққа шығармаймын. Бір ғана кемшілік, оқуыңды біткен соң жұмыс табу қиын. Екінші жағынан операны дәл осы Еуропада жақсы үйретеді.

Аустрия – ұлы әншілер мен композиторлардың отаны. Мен осы жоғары мәдениетті бойыма сіңіріп, оны Қазақстан жеріне алып барғым келеді. Қазақстанда еуропалық мәдениет өкілдері өте көп. Бірақ мен де бұған өз үлесімді қоссам деймін.

– Вена консерваториясында оқи жүріп өзіңіз үшін қандай пайдалы дүниелерді таптыңыз?

– Барынша дербес болуға үйрендім. Қазақстанда орындалмайтын операларды тыңдауға мүмкіндік алдым, театрлардағы жаңа қойылымдарды көрдім. Вена көрермені өте талғампаз. Сондықтан әр жолы өз көрермендерін жаңа репертуарлармен қуантқысы келген театрлардың қойылымдары бүгінгі күннің шындығына жақындау болады. Мұнда опера агенттіктерінің жүйесі жақсы жолға қойылған.

– Сіз болашақта опера әншісі болғыңыз келе ме, жоқ әлде эстрада сахнасынан көрінгіңіз келе ме?

– Мен опера әншісі болу жөнінде мақсат қойдым. Бірақ эстраданың да өзіндік артықшылықтары бар екенін айта кету керек. Эстрадада тез арада жұртқа танылуға болады. Ал операны тек таңдаулылар ғана түсінеді.

Мен бұрын эстрадада ән салғанымды ұмытпасам деймін. Болашақта опера да эстрадға жақындайды-ау деп ойлаймын. Музыкадағы бұл бағыт ресми түрде классикалық кроссовер деп аталады. Ол қазіргі тыңдармандар, әсіресе жастар арасында кеңінен танымал.

САРАНЫҢ АРМАНЫ

– Эстрададағы, опера өнеріндегі піріңіз кім?

– Әрине, ұлы тенорлар Лучано Паваротти, Плачидо Доминго, ұлы сопранолар Мария Каллас, Монсеррат Кабалье. Қазіргілерден Анна Нетребко ұнайды. Айтпақшы көп адамдардың операға қызығуына Анна Нетребко себепкер болды. Жоғары опера мәдениеті Қазақстанға да келіп, опера әншілерінің әрбір қойылымы аншлагпен өтетін күн келер деп үміттенгім келеді.

– Сара, консерваторияны бітірген соң Еуропада қаласыз ба, әлде Қазақстанға ораласыз ба?

– Әрине, Қазақстанға барып өзіміздің сахнада ән салғым келеді. Кез келген орындаушы үшін өз отаны бірінші орында тұрады. Алайда, еуропалық сахнада тәжірибе жинақтау арманы басымдау. Бірақ ол жақта үлкен бәсекелестік болғандықтан бұған қол жеткізу қиындау. Еуропада жұмыс істеп келген музыканттар бұл жақта атақты болудың қандай қиын екенін түсінеді деп ойлаймын. Мен еуропалық мәдениетті өз еліме жеткізуді армандаймын.

– Вена консерваториясында оқу барысында сіз сахнаға шығып тұрасыз. Қандай шығармаларды орындадыңыз?

– Мен бір операдағы партияны орындадым. Енді маған Вена театрларының біріндегі спектакльден рөл берді. Қойылымның премьерасы ақпан айында болады. Дайындыққа құлшына кірісіп кеттім. Осылайша біртіндеп тәжірибе жинақтап жатырмын. Консерваторияда оқығаныма бір жыл болды. Бірақ менің бастауыш музыкалық білімім болмауы себепті көп нәрсені жұмыс барысында үйренуге тура келеді. Жалпы алғанда мұндағы оқыған бір жылымды өз елімдегі бес жылдық оқумен салыстырар едім.

– Сара, сіз Прагада, чех студиясында алғашқы альбомыңызды жазыпсыз деп естідік.

– Праганың филармониялық оркестрімен алғашқы альбомымды жаздым. Прага музыканттарының кәсібилігіне, жалпы алғанда оркестр мен әкімшіліктің жылы қарым-қатынасына қатты таң қалдым. Олардың шығармашылық жұмыстары жақсы жолға қойылған. Олар тіпті фильмдерге де музыка жазады.

Мен оларды интернет арқылы тауып алдым. «Япыр-ай», «Илигай», «Қазақ вальсі» сияқты қазақ халық әндерінің орындалуына олардың қалай қарайтындығы маған қызық болып көрінді. Біздің музыкамызбен таныс болмаса да олар әндерді шын ықыластарымен ойнады. Дәл сол кезде менің бойымды қазақтың әуезді әндері үшін мақтаныш сезімі биледі.

– Еуропа сахнасына шығуды армандап жүрген жас әртістерге қандай кеңес берер едіңіз?

– Өзіңе сеніп, болашақ жайында тек жақсы нәрселерді ғана ойлау керек. Сонымен бірге қиындықты жеңуді үйрену керек, ең болмағанда оларды арманға барар жолдағы кезекті бір кезеңдер ғана деп қабылдау қажет.

– Фамилияңызды Найман деген алғаныңыз, әсіресе, Қазақстанда жұмыс істеуге кедергі келтірмей ме?

– Көп адамдар мені оралман деп ойлайды. Бірақ мен Қазақстанда туып-өскенмін. Бұл - менің бүркеншік атым, оны мен 18 жасымда алғанмын. Мектепте Қазақстан тарихын оқып жүрген кезде мені осы рудың тарихы қызықтырды. Екінші жағынан «найман» деген сөздің өзі менің атыма жақсы үйлеседі деп ойлаймын.

Маған кейбіреулер егер бүркеншік есіміңді өзгертсең, Қазақстан сахналарына жол көбірек ашылар еді деп айтты. Бұлай ойлайтын адамдар өнерден хабары жоқ, әртіс үшін бүркеншік есімнің қандай маңызды екендігін түсінбейтіндер деп есептеймін.

– Қазақстан опера жұлдыздарының ішінен кіммен араластыңыз?

– Опера жайында хабарым аз кезде қазақтың ұлы әншісі Рахима Жұбатырованың концертіне жиі баратынмын. Оның дауысы өте тамаша және ол мен үшін эталон болатын. Нұржамал Үсенбаева мен Майра Мұхамедқызын (Майра Керей) да өзіме үлгі тұтамын. Олар - Қазақстан музыкасының көшбасшылары. Сонымен бірге Ермек Серкебаевты да, Әлібек Дінішев пен Роза Рымбаеваларды да ұмытпаймын. Олардың талантына тәнтімін.

– Рақмет, Сара, сізге сәттілік тілейміз.
XS
SM
MD
LG