Accessibility links

Сара Сағындықова Жәкішевтің күзетшісі болған ерінің амандығын біле алмай жүргеніне айға жақындады


Тұтқындағы Талғат Қыстаубаевтың әйелі Сара Сағындықова Азаттық радиосының Алматыдағы бюросында. 19 маусым 2009 ж.

Тұтқындағы Талғат Қыстаубаевтың әйелі Сара Сағындықова Азаттық радиосының Алматыдағы бюросында. 19 маусым 2009 ж.

Мұхтар Жәкішевтің бұрынғы күзетшісі Талғат Қыстаубаевтың әйелі Сара Сағындықова күйеуінің тағдырына алаңдаулы. Оның сөзіне қарағанда, 24 мамыр күні үйден шығып кеткен ері туралы содан бері еш хабар біле алмай отыр, ҰҚК болса ешнәрсе айтпайды.

СОЛ БАЯҒЫ СОҚПАҚ: ТІНТУ, ТҰТҚЫНДАУ ЖӘНЕ ...ХАБАР-ОШАРСЫЗ КЕТУ

Полиция майоры Талғат Қыстаубаевтың әйелі Сара Сағындықова өз күйеуінің жемқорлыққа қатысы бар деген күдікпен тұтқындалған «Қазатомпром» ұлттық компаниясының бұрынғы басшысы Мұхтар Жәкішевтің күзетшісі болғанын ҰҚК-інен ғана білгенін айтады.

Сара Сағындықованың сөзіне қарағанда, оның күйеуі Талғат Қыстаубаев 24 мамыр күні кешке жұмысқа кетіп, содан үйге оралмаған. Келесі күні күні бойы Сара күйеуін сабылып іздегенімен таппаған. Сол күні кешкісін ҰҚК-нің қызметкерлері үйге келіп, Талғат Қыстаубаевтың ұсталғаны жөнінде қағазды көрсетіп, үйге тінту жасаған.

«Ертесінде менің өзімнен жауап алды», - дейді Сара Сағындықова.

ҰҚК қызметкерлері Талғат Қыстаубаевтың ұсталғандығы жөнінде Сара Сағындықоваға берген хабарламаның көшірмесі. 25 мамыр 2009 ж.
Ол күйеуінің «Қазатомпром» ұлттық компаниясының бұрынғы басшысы Мұхтар Жәкішевтің күзетшісі болғанын сонда ғана білгенін айтады.

Сара Сағындықова Азаттық радиосына берген сұхбатында былай деді:

«Жауап алу кезінде менен Мұхтар Жәкішевті білесің бе? Оның отбасын білесің бе? Және менің ұжымдық кештерге барған-бармағанымды сұрады. Бұл сұрақтың бәріне мен «жоқ» деп жауап бердім. Сонда ғана олар маған күйеуімнің Мұхтар Жәкішевтің ккүзетшісі болғанын айтты. Жауап алудан кейін мен басылымдарды оқып, ізденіп Мұхтар Жәкішевтің кім екенін білуге тырыстым. Оның әйелімен байланысқа шықтым. Тұтқындалған топ-менеджерлердің әйелдерімен бірге баспасөз мәлихатын өткіздім. Мен тұтқындалғандарды не үшін құрықталғанын түсінуге тырысамын. Бірақ, менің түсінбейтінім, күзетшінің бұған қандай қатысы бар?»

Сонымен қатар, Сара Сағындықова, күйеуінің жұмысы туралы ешнәрсе білмейді. Бұл туралы ол ҰҚК-нің қызметкерлері берген жауабында да айтқан.

«ОНЫҢ ҚАНДАЙ ҚЫЗМЕТ ӨКІЛЕТТІГІН АСЫРА ПАЙДАЛАНҒАНЫ ТҮСІНІКСІЗ»

Кейінірек, Талғат Қыстаубавтың адвокаты етіп бекіткен Ақан Байқан деген біреу хабарласқаннан соң, Сара Сағындықова Астанаға барып қайтқан. Алайда, ол әлгі адвокаттың қызметінен бас тартып, өзі өзге адвокатты - Ермек Тұрағұловты жалдап алған. Бірақ та, Сараның айтуынша, бұл адвокатты Талғат Қыстаубаевқа кездестірмей отыр.

«Казатомпромның» тұтқындалған топ-менеджерлерінің әйелдері ҰҚК-нің төрағасына жазған ашық хатқа келген жауап. 9 маусым 2009 ж.
Талғат Қыстаубаевқа жіберілмегеннен кейін адвокат Ермек Тұрағұлов қазір Сара Сағындықованың құқын қорғап жүр. Оның сөзіне қарағанда, ҰҚК-нің қызметкерлері Талғат Қыстаубаевқа қатысты көп қателік жіберген: күдіктінің ұсталғаны жөнінде оның жақындарына өте кеш хабарлаған, тінту жүргізуге рұқсат беретін арнайы ордер көрсетпеген, өзін қорғау құқын бұзған, Талғат Қыстаубаевты тұтқындау жөнінде шешім шығарған сот оның жақындарына жазалау шараларын сот қарайтыны жөнінде ескертпеген.

Азаттық радиосына берген сұхбатында адвокат Ермек Тұрағұлов былай деді:

«Талғат Қыстаубаевқа Қылмыстық кодекстің 307-бабы бойынша, «қызметін асыра пайдаланды» деген айып тағылған. Мұның астарында не бары бізге беймәлім.. Ол қандай қызметін асыра пайдаланғаны тағы түсініксіз. Былайша айтқанда, нақты тізімде бар адам. Ол өз адамын, яғни жеке тұлғаны күзеткен. Ол жеке тұлға - Мұхтар Жәкішев. Ал Талғат Қыстаубаев қандай қызметін асыра пайдаланғаны түсініксіз».

«КЕШІКПЕЙ ӘКЕМДІ БОСАТАДЫ, ӨЙТКЕНІ ОЛ - АДАЛ»

Талғат Қыстаубаев - Ішкі істер министрлігінің қызметкері. Полицияда 20 жылдай уақыттен бері жұмыс істеген ол енді екі жылдан кейін зейнетке шығуды жоспарлап жүріпті. Талғаттың өз тәрбиесін көріп, өсіп келе жатқан 16 жасар Олжас есімді ұлы бар. Талғаттың өзі қарапайым, көпбалалы отбасында дүниеге келген, жасы ұлғайған ата-анасы Алматыға келіп, оны 17 күн бойы күтіп, ақыры ауылына қайтыпты.

Сара Сағындықованың сөзіне қарағанда, ұлдары Олжас емтихан тапсырып жатқан көрінеді. Ал, әкесі болса үйде жоқ. Олжас
Мама, алаңдама, кешікпей әкемді босатады, өйткені ол - адал.
мүмкіндігінше, анасын жұбатуға тырысады екен.

- Мама, алаңдама, кешікпей әкемді босатады, өйткені ол - адал, – дейді Олжас анасына.

«Қазатомпром» ұлттық компаниясының бұрынғы басшысы Мұхтар Жәкішев 21 мамыр күні тұтқындалған болатын. ҰКҚ оның тұтқындалғанын тек 25 мамырда ғана жария етті. Жәкішевтің үстінен қылмыстық іс бойынша ол ірі көлемде қаржы ұрлаған күдікті ретінде қарастырылып отыр.

Арнаулы қызмет өкілдері Мұхтар Жәкішевтен өзге тоғыз адамды тұтқындаған. Мұхтар Жәкішевтің әйелі Жәмила Жәкішева және тұтқындалған «Қазатомпром» компаниясының қызметкерлерінің әйелдері осыған дейін президент Нұрсұлтан Назарбаевқа ашық хат жазған болатын.

Хат жазғандардың арасында Мұхтар Жәкішевтің күзетшісі Талғат Қыстаубаевтың әйелі Сара Сағындықовада бар.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG