Accessibility links

Қазақстанда ҰҚК-нің бұрынғы басшысы болсаң да «нәпсіқұмарлық дауына» қалуың мүмкін


Генерал-полковник Сәт Тоқпақбаев.

Генерал-полковник Сәт Тоқпақбаев.

Парламент депутаты, ҰҚК-нің бұрынғы төрағасы Сәт Тоқпақбаев жас әйелмен төсектес болған сәтті бейнелейтін интернеттегі бейнежазбаға байланысты жанжалға өзінің қатысы жоқ екендігін мәлімдеді.


БІР КАДРМЕН ЕКІ ГЕНЕРАЛДЫ НЫСАНҒА АЛУ

23 желтоқсанда өткен парламенттің кезекті жалпы отырысында депутат Сәт Тоқпақбаев 2009 жылы 18 желтоқсанда «Голос Республики» газетінде жарық көрген «Шабдарбаевцы наносят ответный удар» мақаласы үшін басылымды сотқа бермек. Депутаттың пікірінше, мақала оның ар-ожданына нұқсан келтірген.

Бұл дау-жанжалды әңгіме ҰҚК-нің бұрынғы төрағасы және Қазақстан президенті күзет қызметінің бұрынғы басшысы Тоқпақбаевты «жас әйелмен төсек қатынасына қатысқан» еркек түрінде таныстыратын бейнежазба туралы болып отыр. Десек те, қазақстандық интернет-оқырмандардың қолына тиген бейнежазбаға қарағанда, мұндай арам пиғылды шабуыл Қазақстанның арнайы қызметінің басқа бір жоғары лауазым иесіне тиетін ауыр соққы екендігін аңғарасыз. Тоқпақбаевтың дұшпандары оны ҰҚК-нің өзге бір генералының қызымен көңіл көтерген деп жариялап отыр.

Қазақстандық газет редакциясының пікірінше, бейнежазба ҰҚК-нің төрағасы Амангелді Шабдарбаев отставкаға кете салысымен-ақ интернет кеңістігінде пайда болған және бұл жағдайды журналистер кланаралық тартыс деп ұғынады.

ТОҚПАҚБАЕВ ЖӘНЕ ТЕЛЕФОНДАР

Бұған дейін Сәт Тоқпақбаев ҰҚК азаматтардың жеке өміріне заңсыз араласады деп мәлімдеп, тіпті өзінің телефон әңгімелері тыңдалатындығын айтып шағымданған еді. Сондай-ақ, ол сайлаушылардың атынан келген 459 шағымның 90 пайыздан астамы «құқық қорғаушы органдардың қызметіне байланысты» деп мәлімдеп үлгерген-ді.

Сәт Тоқпақбаев жанжал туғызған бейнежазбаның пайда болу себебін 2007 жылы желтоқсанда Қазақстан президентіне жазған хатымен де байланыстырады. Сол хатында ол бас прокуратураны және басқа да күш құрылымдарын сынап, бұл мекемелердің барлығын реформалауды ұсынған болатын.

Нұрсұлтан Назарбаевқа шағымданғаннан кейін «Нұр Отан» партиясы фракциясының басшыларының бірі онымен жөнге салуды көздеген әңгіме өткізгендігін де Сәт Тоқпақбаев жасырып қалмады.

«Мені партия мүшелігінен шығару туралы да ұсыныстар болды, бірақ 2008 жылы қаңтарда Қазақстан президентінің өзі бас прокуратураның қызметін сынап, өзімді ақтап шыққаннан кейін менімен есеп айырысу әрекеттері сап тыйылды», – дейді Сәт Тоқпақбаев.

Бірақ тартыс сонымен бітпеген. 2009 жылы 25 ақпанда Қазақстан президентінің атына жазған жолдауында ол ҰҚК-нің қызметкерлері өзінің және досы – ҰҚК-нің запастағы полковнигі Исак Іңкәрбаевтың телефон әңгімелерін тыңдайды деп шағымданды.

Ендігі жерде Тоқпақбаев өзінің есімі аталатын мақала жарық көргеннен кейін Ұлттық қауіпсіздік комитетінің жаңа төрағасы Әділ Шаяхметовке қызметтік зерттеу жүргізші деп қолқа салып отыр. Ол интернетпен тараған таспаны кімдер және қандай мақсатпен жүзеге асырғандығын анықтағысы келеді. Тоқпақбаев «Голос Республики» газетінің редакциясынан өзінен кешірім сұрауын және «жалған мәліметтерді жоққа шығаруын» талап етті.

Парламенттегі бүгінгі жолдауында Сәт Тоқпақбаев әріптестерін өзіне қолдау көрсетуге шақырды, бірақ оның сөзіне үн қосқан ешкім болған жоқ және депутаттар аса жайсыз тақырыпты талқылауға құлық танытпады. Солардың ішінде өзінің аты-жөні аталмауын сұраған жалғыз кісі Азаттық радиосына: «бұл лас бейнежазба жеке өмірге қол сұғушылықты білдіреді. Жеке өмірге араласпау туралы заңды біз сол себепті қабылдадық» деген түсініктеме берді.

ЖАЗАЛАУ 25 ЖЕЛТОҚСАНДА БАСТАЛАДЫ

Осы тұста ескерте кетейік, 2009 жылы 25 желтоқсанда жеке өмірге қол сұғушылықты жазалайтын заң күшіне енеді. Құжат баспасөзде жарияланған күні парламент мәжілісінде осы заңның құқықтық астары талқыланған кездесу болып өтті. Оған қатысқан сарапшылардың бірқатары жаңадан енгізілген ережелердің осал тұстарын атап көрсетті.

Бас прокуратураның қызметкері Василий Олейник: «бұл конституциялық ережені (жеке өмір ұғымына анықтаманы) Конституциялық кеңес өзінің тиісті қаулысымен анықтап беруі керек, ал Жоғарғы сот заң ережелерін қолдану тәртібі жөнінде қаулы қабылдауы керек» деп мәлімдеді.

Дей тұрғанмен, Олейник жеке өмірдің шегі қайдан басталатындығын түсіндіруге тырысты. Оның пікірінше, «жеке өмір ұғымын адамның өз күнәсін мойындап тәубаға келуінің (исповедь), құмарлығының, денсаулығының, көзге байқалмайтын дене кемістігінің, сондай-ақ телефон әңгімелерінің құпияларын қамтитын жеке және отбасылық өмірінің бір қыры деп түсінген жөн».

Қазақстан журналистері одағының төрағасы Сейітқазы Матаев болса «көпшілікке танымал қызмет атқаратын кісі өзін әрқашан дұрыс ұстауы керек және моншаға да көңілдесімен емес, өз әйелімен баруы тиіс» деп есептейді.

Оның пікірімен Жоғарғы соттың отставкадағы судьясы Раиса Юрченко да келіседі және өз ойын «көпшілік тұлға өзінің нәпсісін моншада да құрықтай білуі керек» деп түйіндеді.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG