Accessibility links

Кабельдік және спутниктік арналар туралы заң қабылдау қажет пе?


Көрнекі сурет.

Көрнекі сурет.

Қазақстанда кабельдік және спутниктік телевизияның қызметін реттейтін арнайы заң қабылдау мәселесіне шетел арналарын тарататын кейбір операторлар қарсы. Ал сөз бостандығын қорғайтын ұйым өкілдері мәселені егжей-тегжейлі сараптау керектігін айтады.


«КАБЕЛЬДІК АРНАЛАРҒА ТЕҢЕСЕТІН КОНТЕНТ ЖОҚ»


Өткен жылдың соңында Ұлттық телерадио хабарларын таратушылар қауымдастығы Ақпарат және мәдениет министрлігіне (бүгінде Байланыс және ақпарат министрлігі) «Кабельдік телевидение туралы» заң жобасын дайындау үшін сала мамандары мен депутаттардан құралған жұмыс тобын құру ұсынысын білдірген еді. Онда олар басты мәселелердің бірі ретінде кабельдік телевидение операторының статусын байланыс операторы ретінде тануды ұсынған .

Халықаралық «Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау қоры жанындағы қоғамдық сараптама орталығының жетекшісі Ғалия Әженова бұл мәселенің екі жағы барын айтады.

– Кабельдік телеарнаны тек БАҚ есебінде қарастыру дұрыс емес. Өйткені, мамандардың айтуынша, оның екі субьектілік міндеті бар: біріншісі – ол жай байланыс операторы болып есептелінеді. Мәселен, біз «Мегалайнға» қосылсақ, олар өз контентін бізге тықпаламайды, тек бізге қажетті сайттарға жолды ашып береді. Екінші жағы – бұл жерде олар өз жарнамаларын, өнімдерін келіп жатқан телеарналардың ішіне тықпалайтын болса, онда олар, әрине, бұқаралық ақпарат құралы болып саналады, - дейді.

Әженованың айтуынша, бар мәселе – тек Ресейдің аймақта өз ықпалын сақтауға талпынуында емес, жалпы кабельдік телеарналарға пара-пар отандық контенттің болмауында.
"Әділ сөз" сөз бостандығын қорғау қоры жанындағы
қоғамдық сараптама орталығының жетекшісі - Ғалия
Әженова.

Жетекші сарапшы бұл тұста: «Өкінішке қарай, кабельдік телеарналарға қарсы қоятындай Қазақстан арналарында жақсы тікелей эфирдегі мазмұнды бағдарламалар, тіпті, ел ішіндегі қызу талқыланып жатқан проблемаларды экранға шығару – жоқтың қасы. Мұндай хабарлар отандық арналарда болмаған соң, оны ешкім қарамайды. Сондықтан арнайы заңның кесірінен кабельдік жүйелер жойылып кетпей ме деген күдік туындайды, - дейді.

Сөз бостандығын қорғайтын ұйым өкілі «Мүмкін, кабельдік телеарналардың өздеріне де жағдайын жақсартып алу үшін арнайы заң қажет те шығар», - деп ойын түйіндейді.

1995 жылы алғашқы абонентін тіркеп, бүгінде Қазақстандағы ірі кабельдік операторға айналып отырған «Алма ТВ» компаниясының өкілдері бұл жайында қандай да бір мәлімдеме жасаудан бас тартты.

ҚЫРҒЫЗ ЖАНЖАЛЫНА РЕСЕЙДІҢ КӨЗІМЕН ҚАРАУ

Жалпы, постсоветтік кеңістікте «Кабельдік телевидение туралы» арнайы заңдар мен ережелер бұрыннан бар. Айталық, 1998 жылы Ресейде «Кабельдік телевидение туралы» федералды заң қабылданған болатын. Эстонияда «Кабельдік тарату жөніндегі» заң күшіне енгенде, кабельдік операторлар одақ құрып, наразылық шарасын да ұйымдастырған еді. Бірақ бұл заңнама, бір жағынан, ұлттық монополияны көздесе, екінші жағынан, Ресейдің ақпараттық экспансиясы, оның ішінде шетелдік жарнаманың орнын отандық жарнамалармен толтыру мәселесімен ұштасты.

2001 жылы Украинада көтерілген кабельдік арналардағы тілдік, жарнамалық талаптар мемлекетаралық дау-дамайға ұласа жаздады. Онда да сарапшылар ресейлік жарнамалардың орнын украиндық брендтермен ауыстыру мәселесін бірауыздан қолдаған еді. Ал Өзбекстанда кабельдік арналарға қатысты уақытша ереже қабылданған.

Саясаттанушы Ерлан Қарин ақпараттық қауіпсіздік мәселесінің өткірлігі Қырғызстандағы шиеленісте байқалды деген ойда.

– Қырғызстандағы қалыптасқан жағдай негізінен ресейлік ақпарат құралдарының интерпретациясымен суреттеліп отыр. Біздің азаматтардың көпшілігінің Ресей БАҚ-тарының позициясымен үндес ой айтуы да сондықтан, - дей келе, - Бірқатар ақпарат құралдары мен сарапшылар, Қырғызстандағы ішкі жанжалды тоқтатуға ресейлік әскерді енгізу қажеттігін айтып, соны үгіттеп, насихаттайды, - деп атап көрсетті.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG