Accessibility links

Қазақстанда спутниктік телеарналарды пайдалануға шектеу қойылуы мүмкін


Астаналық тележурналистер. 17 мамыр 2010 жыл.

Астаналық тележурналистер. 17 мамыр 2010 жыл.

Астанада спутниктік құралдарды сертификаттау жөнінде ұсыныс жасалды. Азаттық радиосының кезекті дөңгелек үстеліне қатысушылар бұны «жағымсыз» ақпаратқа шектеу қою әрекеті деп бағалады.


Қазақстан билігінің спутниктік телеарналар хабарын тарату құрылғыларын сертификаттау ниеті БАҚ құқығын қорғайтын ұйымдарды алаңдатып отыр. Алайда, ақпарат және байланыс министрі Асқар Жұмағалиев бұл шара елдегі спутниктік табақшалардың бағасына соншалықты әсер етпейді және шетелдік телеарналар хабарының таралуына шектеу қоймайды деп сендіруге тырысады.

«Қазақстан үкіметі сандық телеарна енгізу қажет деген сылтаумен спутниктік телеарналар хабарын тарату құрылғыларын сырттан әкелуге, оны пайдалануға шектеу қойғысы келіп отыр» деп мәлімдеді «Әділ сөз» қоғамдық ұйымы. Сонымен қатар, шілденің 21-і күні Қазақстан ақпарат және байланыс министрі Асқар Жұмағалиев «БАҚ өнімдерінде Қазақстан заңнамаларының сақталуына мониторинг жүргізудің методикасын бекіту туралы» бұйрыққа қол қойғаны мәлім болды. Бұл бұйрық Қазақстан аумағында хабар тарататын барлық бұқаралық ақпарат құралдарына және интернетке тікелей қатысты.

Азаттық радиосының дөңгелек үстеліне «Әділ сөз» БАҚ құқығын қорғау қорының президенті Тамара Калеева (Алматы), Қазақстан Журналистер одағының төрағасы Сейітқазы Матаев (Алматы), «Азат Еуропа»/«Азаттық» Радиосы Түркімен редакциясының қызметкері Алламурад Рахимов (Прага), «Азат Еуропа»/«Азаттық» Радиосы Әзірбайжан редакциясының орыс тіліндегі интернет-парақшасының редакторы Зия Маджидли (Баку) және «К-плюс» компаниялары тобы директорлар кеңесінің төрағасы Бақытжан Кетебаев қатысты.

Дөңгелек үстелді «Азат Еуропа»/«Азаттық» Радиосы Қазақ редакциясының қызметкері Сұлтанхан Аққұлұлы жүргізді.

ӘКІМШІЛІК ҚЫЗМЕТКЕРІНЕН ҚАНДАЙ САРАПШЫ ШЫҒАДЫ?

Жүргізуші:

- Қазақстан билігінің спутниктік телеарналарды тарату құрылғыларын сертификаттауға кірісу және БАҚ өнімдеріне мониторинг жүргізу жоспары не себепті БАҚ құқығын қорғау ұйымдары мен баспасөздің соншалықты алаңдаушылығын туғызып отыр?

Тамара Қалеева:

- Бұл жаңалыққа байланысты қалай ақталғанын ақпарат және байланыс министрінің өз аузынан естідік. Ол мұның барлығы адам игілігі үшін жасалып жатыр деп санайды. Дұрыс, келтірілген аргументтер көңілге үміт ұялатпайды. Оның бірнеше себебі бар. Өйткені, Үкімет кеңесінде «тұрғындар тұтынып отырған шетелдік телебағдарламалардың еліміздің ақпараттық кеңістігіне теріс әсері» жайлы бекер сөз қозғалған жоқ. Егер әңгіме тек спутниктік бағдарламалардың техникалық жағдайына ғана қатысты болса, онда бағдарламалардың теріс әсері туралы неге айтылды?

Қалай болғанда да тұрғындар спутниктік телеарналарды тарату құрылғыларын сертификаттаудан еш зардап шекпейтін болса, министр неге спутниктік табақшалардың бағасы аспандап кетпейді деп отыр? Республикамыздың тұрғындарына 200-500 долларлық
«Әділ сөз» қорының президенті Тамара Калеева.
бағаға спутниктік табақшалар сатып алу оңайға түспейді. Бұл көңіліңіз қалаған телеарнаңызды еркін көруді экономикалық жағынан шектеу болып табылады.

Ал мониторингтің методикасына келсек, оның да түйткілі көп. Мәселен, барлық БАҚ-на, оның ішінде Интернетке мониторинг жүргізетін - атқарушы органдар, жергілікті әкімшіліктердегі ішкі саясат бөлімі болуы керек. Бірақ ондағы мамандар БАҚ-на мониторинг жүргізу ісіне қаншалықты лайық, заңнамалардың бұзылуына қатысты мәселелерді қаншалықты меңгерген?

Сондай-ақ, іріткі салу, алауыздық тудыру сияқты мәселелерді шешу арнайы білімді қажет етеді. Оның түйінін тек жоғары білікті сарапшылар ғана шеше алады. Билік сонда ондай мамандарды 100-200 долларға жалдайын деп отыр ма? Қызық екен.

Мониторинг жүргізгенге қоса ол мамандар есеп берулері керек. Сондықтан, менің ойымша, олар БАҚ-ның әрбір үшінші өніміне заңнаманы бұзды деп айып тағып, мұның ақыры БАҚ-на қатысты сотқа сансыз талап-шағым беруге апарып соғады. Бірінші кезекте, әрине, өздеріне ұнамайтын бейтарап бұқаралық ақпарат құралдары зардап шегеді. Мұндай келешегі күмәнді нәрселердің алаңдатпауы мүмкін емес.

Сейітқазы Матаев:

- Менің ойымша, спутниктік табақшаларды сертификаттау әуелі Қазақстанның телеарна кеңістігінде «К-плюс» арнасының пайда болуымен байланысты. Негізінде, «К-плюс» өз хабарларын тарата бастағанда телеарнаға еш мін тағылған жоқ. Бірақ «К-плюс» арнасына билікке ұнамайтын адам келгеннен бастап телеарнаға үрке қарайтын болды.

Алғашында телеарна хабары «Ямал» спутнигі арқылы таралды, сосын Hot Bird спутнигіне, одан кейін тағы бір спутникке ауысты. Мұндай «көшіп-қонудың» себебі техникалық мәселелерне байланысты емес, телеарна таратып отырған контентке байланысты туындап отыр.

Мен жақында ғана Бішкектен оралдым. Негізінде, ондағы спутниктік телеарна Орталық Азияның бейнесін еш боямасыз, шынайы көрсетеді. Сондықтан, биліктің Қазақстанда спутниктік табақшаларды сертификаттау немесе оларды өзімізде өндіру қадамы - белгілі бір арналарды ғана көрсетіп, басқаларын (оның ішінде «К-плюс» арнасы да бар) көрсетпеудің амалы.

Мұндай шаралар спутниктік құрылғылар сатумен айналысатын кәсіпкерлерге соққы болып тиеді. Жоғарыда айтып кеткен ресми құрылымдардың есебі бойынша, Қазақстанда бір миллиондай спутниктік табақша бар екен. Менің білуімше, Қырғызстанда да спутниктік хабар таратуға тоқтау салмақ болған. Бірақ революция тұтанып кетіп, қазір ол мәселе жайына қалды. Спутниктік телеарна бұрынғыдай барлық жерде бірдей хабар таратады.

Қазақстанға келсек, спутниктік телеарнаны шектеу мәселесі әлі талай сөз болады, өйткені бар мәселе - таратылатын хабарлардың мазмұнында болып тұр ғой. Менің ойымша, көп мәселе әлі алда.

Ал БАҚ өнімдеріне мониторинг жүргізу құқығын жергілікті әкімдіктерге беру мәселесі сенімсіздік тудырады, себебі онда білікті кадр жеткілікті деп ойламаймын. Мұнда жеке адамның субъективті пікірі алға шығып кетуі де мүмкін – мәселен, әкімдіктегілерге бір нәрсе ұнамай қалса, олар оны Астанаға жеткізіп, телеарна мен газетті жауып тастауы ықтимал. Сондықтан, аталған шаралар заңнамалық негізде қабылдануы керек. Ал биліктің жоғарыдағы әрекеттері заңға қайшы.

Бақытжан Кетебаев:

- Ресейдің өз телеарналары арқылы Қырғызстан Уақытша үкіметіне көрсеткен қолдауы қырғыздарға көп көмегін тигізді. Осыдан аз ғана уақыт
К-плюс» компаниялары тобы директорлар кеңесінің төрағасы Бақытжан Кетебаев.
бұрын мынандай оқиға болды: Лукашенконы көрсеткені үшін Ресей телеарналарына «қара дақ» түсті. Қазақстан аумағында спутниктік арналарды жабуға түрткі болған тек біздің «К-плюс» арнасы ғана емес, сондай-ақ Ресей тарапынан да ақпараттық қысым болуы мүмкін.

Спутниктік телеарналарды шектегеннен кейін енді қалғаны - шетке шығуға шек қою ғана. Халыққа сүзгіден өткен ақпарат тарату жолымен сыртқы факторлардың ықпалынан толықтай ажырату және Интернетке бақылау қою міндеті қойылып отыр. Жалпы халық тек тұйық кеңістікте қалып қояды, тек таңдаулылар ғана әлемдік өркениетпен байланыс орната алады. Ал басқа бұқара ертеден қара кешке дейін тер төгіп еңбек етуі керек, болашақтағы өзгерістер мен революциялар жайлы ойламауы керек.


«АНТЕННАЛАР ҚАЛАНЫҢ СӘНІН БҰЗАДЫ»


Жүргізуші:

- Осы сияқты тәжірибелер басқа посткеңестік елдер мен Батыс мемлекеттерінде қолданыла ма? Егер қолданылса, мақсаты не? Мен тек бір нәрсені айтып өтейін, шілденің 5-і күні ЕҚЫҰ-ның БАҚ бостандығы жөніндегі өкілі Дуня Миятович ЕҚЫҰ төрағасы, Қазақстанның сыртқы істер министрі Қанат Саудабаевтың атына сұрау жолдады. Онда баспасөз бостандығы мен журналистердің құқықтарына байланысты проблемалар тағы да санамалап көрсетілген. Бұл сұрауда көбінесе Қазақстанда қабылданған елбасы туралы заңның БАҚ бостандығын елеулі түрде аяққа таптайтыны айтылған.

Алламурад Рахимов:

- 2004 жылы Ресей телеарналары түркімендік шенеуніктің қатысы бар деп айып тағылған наркотрафик жөнінде қос бірдей бағдарлама көрсетті. Билік бірден «тосын мінезін» танытты: бұрынғы прездент Сапармұрад Ниязов кабельді телеарнаны жоюға шешім
«Азат Еуропа» / «Азаттық» Радиосының Түркімен редакциясының қызметкері Алламурад Рахимов.
қабылдады. Содан бері көп өзгерістер болса да, елдің бірқатар аймақтарында сол күйінде спутниктік телеарналар көрсетілмейді.

Түркімен билігінің бұл әрекеті кері әсер еткенін атап өткім келеді – халық осыдан кейін бірден параболалық спутниктік антенналарды сатып ала бастады. Қазір Түркіменстанда алыстағы ауылдарға дейін осындай антенналарды пайдаланады.

Түркіменстанның қазіргі президенті де кабельді телеарналарды шектейтін шаралар қабылдады. Спутниктік антенналар қаланың сәнін бұзады деген сылтаумен тұрғындардан спутниктік антенналарды күшпен тартып алып, орнына жалпыға ортақ антенналар қоюға бұйрық берді. Мұндай қаланың «дизайнын ауыстыру» шарасы ең әуелі автомобиль жолдары маңайынан басталды.

Бұл шараға құқық қорғау ұйымдарының арқасында тоқтау салынды. Бірақ жергілікті халық телеарналарды тұтынуда әлі де шектеу бар екенін айтып шағымданады. Яғни, тұрғындар тек биліктің «көруге болады» деген телеарналарын ғана тамашалай алады.

Ниязовтың кезінен басталған мұндай шаралар елде әлі де түрлі жолдармен жалғасып жатыр. Ал Қазақстан билігінің қазіргі әрекеті соңғы кездері айтылған көп сынмен, соның ішінде оппозицияның да пікірлерінен туындап отыр деп ойлаймын.

Зия Маджидли:

- Түркімендік нұсқа Әзірбайжанда да қолданылады, бірақ дәл сондай кең ауқымды болған жоқ. Мәселен, бізде сыртқы келбетіне байланысты балкондардан параболалық спутниктік антенналарды алып тастап, орнына ортақ антенналар қою сияқты жағдайлар болып тұрады.

Алайда бұл Әзірбайжанда интернетке көрсетілетін қысыммен салыстырғанда түк те емес. Негізі, белгілі бір техникалық мүмкіндіктер болса, кабельді телеарна төңірегінде мәселе болмайды. Кабельді теледидардан Әзірбайжан заңнамалары тыйым салған шетелдік
«Азат Еуропа»/«Азаттық» Радиосының Әзірбайжан редакциясының орыс тіліндегі интернет-парақшасының редакторы Зия Маджидли.
телеарналарды көруге болады.

Біздегі интернеттің жағдайы сәл басқаша. Сөз бостандығына жанама түрде қысым жасалады деп айтар едім. Мысалы, 2007 жылы «Давайте не будем молчать» сайты жабылды, ал оның иесі Бақтияр Хаджиев деген азамат интернет-кафеде тұтқындалып, оны он екі тәулік абақтыға қамау туралы шешім шықты. Интернет жанашырлары қауымдастығының қысымынан сескеніп, әрі ешқандай қылмысы болмағандықтан оны екі күннен кейін босатып жіберді.

Хаджиев өзінің сайтында 2007 жылдың басында коммуналдық төлемдердің бірден қымбаттауына байланысты наразылығын білдіріп, халықты үн қосуға шақырған. Сервері Германияда орналасқан тағы осындай бір сайт қысымға тап болды. Оқиға былай болған. Сайт иесі президент Ильхам Әлиевтің отбасына қатысты саяси сатира жариялайды. Сосын өткен жылы шілденің 8-і күні блоггерді кафеде болған әншейін бір бұзақылыққа байланысты тұтқындайды. Бірақ журналистердің көпшілігі «блоггерді интернетте жариялаған саяси сатирасы үшін тұтқындады» деп санайды.

Жалпы, болжамымыз бойынша, елде жасырын бір сүзгі жүріп жатыр. Елде тұрғындарға қызмет көрсететін көптеген коммерциялық провайдерлер және оған қоса негізгі бір провайдер бар. Ара-тұра белгілі бір сайттарды тексеріп, оларға кіруге шектеу қойып отырады. Кейде, тіпті, «Азат Еуропа»/«Азаттық» Радиосы Әзірбайжан редакциясының сайтына кіру мүмкін болмай қалады. Әдетте бір-бір жарым сағаттан кейін шешілетін мәселе үлкен жанжалға ұласадыі.

Елдің телерадио хабарларын тарату бойынша Ұлттық кеңесі кейде интернетті лицензиялау жайлы мәселе көтеріп қалады. Әңгіме біздегі цензурада емес, одан да зорғыда – журналистер жазатын нәрсесін жүз ойланып барып жазады. Осыдан келіп сөз бостандығын интернеттен іздеуге тура келеді.

Әрине, «Facebook», «Youtube» сияқты сайттарға еркін кіруге болады, түрлі онлайн-теледидар, онлайн-радиолар сонда орналасқан. Олай болса, интернет-видеоны лицензиялау керек, себебі басқа кез-келген қатардағы теледидар, радио сияқты мультимедиалық БАҚ та лицензиялануы керек.

Айналып келгенде, журналистер бұл жерде сөз бостандығына қауіп төнеді деп санайды. «Дәндегеннен құныққан жаман» демекші, алғашында жарайды, мұнда тұрған не бар деп ойлауымыз мүмкін: лицензиялайды, есепке алады, мониторинг жүргізеді. Алайда, ары қарай осының бәрі біртіндеп цензураға ұласуы мүмкін, яғни БАҚ-ты сүзгіден өткізеді, ұнамағанын жабады, т.с.с.

ИНТЕРНЕТТІ БАҚЫЛАУДА ҰСТАУ МҮМКІН ЕМЕС

Тамара Қалеева:

- Мен Қазақстандағы бұл жаңашылдықтың тәжірибесі мен бастамалары жайлы айтайын деп едім. Жақында біз домендік кеңістікті бөлу туралы ереженің жаңа жобасын таптық. Яғни, бұл осыған дейінгі біздегі интернет туралы жаңа заңға қосымша болып табылады. Естеріңізде болар, интернет туралы заң барлық интернет-ресурстарды таратылатын өнімдері қылмыстық, азаматтық және әкімшілік жауапкершілікке тартылуы мүмкін БАҚ қатарына жатқызған.

Енді, осы жаңа ереже бойынша Казнетке енетін барлық интернет-ресурстардың серверлері де, иелері де Қазақстан аумағында орналасуы керек. Сірә, оларды сотқа тарту оңай болады деп ойласа керек.

Бізде де кейбір танымал сайттар, мәселен, «Республика» газетінің сайты жабылып қалды. Қазақстанда да жұрт жаппай соттасып жатыр. Оған дәлел - 120 интернет тұтынушы байланыс және ақпарат министрлігінің атына талап-шағымдарын жолдаған. Қазірдің өзінде жиырмаға жуық сот процесі өтті. Әрине, талап-шағым иелерінің көпшілігіне «министрлік провайдерлердің қызметіне жауап бермейді, ол тұтынушылардың өз проблемасы» деген жауап келеді. Жиырмаға жуық сайт жабылып қалды. Кім жапты - ол жағы белгісіз. Билік «біздің қатысымыз жоқ» дейді.

Бір назар аударатын нәрсе - Интернет туралы заңды қабылдауға себеп болған порнографиялық, бейәдеп сайттардың бәрі сол қалпы жұмыс істеп тұр. Интернетті реттеу немесе бақылау дегеніміз - бос әурешілік. Дүние жүзінде мұндай заң өте аз. Биліктегілер Еуропаның және басқа демократиялық елдердің тәжірибесіне сілтеме жасайды. Бірақ іс жүзінде интернетке қатаң бақылау қойып отырған Қытайға барынша ұқсап келеміз.

Бақытжан Кетебаев:

- Жалпы, мен мұны бәсекеге қабілетсіздіктің көрінісі дер едім. Біз өз өнімімізді шығарып, өз телеарнамызды ашып, көрермен тартудың орнына барынша кедергі болатын, күштеп-мәжбүрлеу шараларын қолданып, онымен қоймай заңмен бекітеміз. Мұндай мәжбүрлеу, күштеу шаралары нарық талаптарына да сай келмейді. Бұл нарықтық экономикадан әкімшіл-әміршіл, репрессивті экономикаға қарай шегінудің тағы бір қадамы.

Сейітқазы Матаев:

- Әріптестерім жеткілікті мысалдар келтірді. Мен «интернетке бақылау жасаудың бір ғана тәсілі - Қазақстан немесе Орталық Азия бойынша барлық жерде электр қуатын ажыратып тастау» деп талай айттым. Қазақстан мен басқа Орталық Азия мемлекеттердегі билік интернетті бақылау мүмкін емес нәрсе екендігін, тіпті, техникалық тұрғыдан қиын болатынын түсінулері тиіс.

Біз интернет туралы заңға түзетулер енгізу кезінде Астанада жұмыс тобының отырысына бірнеше рет қатыстық. Сонда адамның күлкісі
Қазақстан Журналистер одағының төрағасы Сейітқазы Матаев.
келетін жағдайлар болды. Мысалы, мынандай түзету енгізу жайында ұсыныс айтылды: біреудің жеке басына тіл тигізген сайттардың иелерін - мейлі, ол Америкада немесе Германияда, әлде басқа жақта бола ма, бәрібір - Астанаға алдырып, қалалық сотта ісін қарау керек. Әрине, ондай өзгерту енгізілген жоқ, қалды, бірақ, қалай болғанда да, Қазақстандағы интернеттің дамуы, ең алдымен интернет контентінің жағдайы алаңдатып отыр.

Қазақстанда мектептер мен жоғары оқу орындарын компьютерлендіру ісіне билік өзі жағдай жасады. Әзірбайжандық әріптесім билік алаңдайды деп дұрыс айтады. Бірақ ғаламторды заңға қандай да бір түзету, толықтырулар енгізумен тоқтата алмаймыз. Дұрыс, біз порнография мен бейәдепсіздікке (әсіресе балаларға арналған), терроризмге қарсымыз, бірақ басқасына еркіндік болуы керек.

Шынымды айтсам, мен өмір бойына қағаз-қаламмен жұмыс істеген адаммын, бірақ соңғы жылдары таңғы жұмысымды міндетті түрде интернеттен бастаймын. Қазір интернет қол телефондарында да бар. Бұдан қалай бас тартасың? Сонда қалай, мобильді телефондарды да сертификаттау керек пе? Мен мұны кейде түсіне алмаймын.

Жүргізуші:

- Құрметті қонақтар, дөңгелек үстелімізге қатысқандарыңыз үшін сіздерге алғысымызды білдіреміз.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG