Accessibility links

Тұржановтың отбасы оның "қылмыстық ісін қысқарту үшін пара бермекші болған" Шіркінбаевты танымайды


Қамауда отырған Серік Тұржановтың әйелі Мейраш (оң жақты) және қызы Әсел Тұржановалар баспасөз-мәслихатында. Алматы, 3 шілде 2009 ж.

Қамауда отырған Серік Тұржановтың әйелі Мейраш (оң жақты) және қызы Әсел Тұржановалар баспасөз-мәслихатында. Алматы, 3 шілде 2009 ж.

Шілденің 3-і күні тұтқындағы Серік Тұржановтың жақындары мен әріптестері осыдан екі күн бұрын Қаржы полициясының Темірәлі Шіркінбаевқа қатысты таратқан ақпаратының жалған екенін айтып, мәлімдеме жасады.


СЕРІК ТҰРЖАНОВТЫҢ ЖАҚЫНДАРЫ ҚАРЖЫ ПОЛИЦИЯСЫНЫҢ МӘЛІМДЕМЕСІН ЖОҚҚА ШЫҒАРДЫ


Шілденің 1-і күні Қаржы полициясы Темірәлі Шіркінбаев деген бір азамат «КИІК Фирмасы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің құрылтайшысы Серік Тұржановқа қозғалған қылмыстық істі қысқарту үшін пара бермек болған жерінен тұтқындалды деген ақпарат таратқан еді.

Жұма күні Алматыда баспасөз-мәслихатын өткізген Серік Тұржановтың туыстары мен әріптестері Темірәлі Шіркінбаевты мүлде танымаймыз деп отыр.

Қамаудағы кәсіпкер Серік Тұржановтың зайыбы Мейраш Тұржанова. 3 шілде 2009 ж.
«Қаржы полициясының өкілі Мұрат Жұманбайдың Темірәлі Шіркінбаев есімді азаматтың Серік Тұржановтың жазасын өзгерту үшін пара бермек болды деген мәлімдемесін жоққа шығару үшін баспасөз жиынын өткізіп отырмыз. Біз ол адамды білмейміз, ол жайлы бірінші рет естіп тұрмыз. Мен және менің отбасым, тіпті біздің достарымыз да ол адамды танымайды. Кеше қызым онымен (Серік Тұржанов – Азаттық) кездеспек болған. Серік те ол адам туралы бірінші рет естіп тұр», - деді Серік Тұржановтың әйелі Мейраш Тұржанова.

Тұтқындағы кәсіпкердің туыстарының ақпарат құралдарына таратқан мәлімдемесінде 2009 жылдың 12 маусымында Астана қаласындағы №2 Сарыарқа аудандық соты айыбы дәлелденбегендіктен, Серік Тұржановты тұтқыннан босату және қоғамнан оқшаулаудан басқа шара түрін қолдану туралы оның қорғаушысының берген өтінішін қанағаттандырмай тастағаны айтылған.

«Екі ай қамауда ұстауға санкция берді. Аталмыш қаулыға қорғаушымыз шағым түсірді. Қаулы үш күннің ішінде қаралуы тиіс еді, яғни 16 маусымға дейін. Мұндай жағдайда Темірәлі Шіркінбаевтың аталмыш мәселемен қаржы полициясына баруы ақылға сыймайды... Менің ойымша, қаржы полициясының қолында ешқандай дәлел жоқ және басшылық алдында ақталу үшін осындай арандатушылыққа барып отыр. Мен Бас прокуратура мен ҰҚК-не аталған дәлелдердің заңсыздығын тексеру туралы ресми үндеу жолдаймын. Біз олардан Шіркінбаевтың өтінішін ғана емес, өзге де дәлел мен дәйек сұраймыз» делінген мәлімдемеде.

«Әкем бұл жағдайға біз сияқты таңқалып отыр. Оның жағдайы қалыпты. Көп оқиды. Біз оның кінәсіз екенін білеміз. Және мұны дәлелдейміз», - дейді Серік Тұржановтың қызы Әсел Тұржанова.

Тәуелсіз кәсіпкерлер қауымдастығының вице-президенті Тимур Назханов мұндай ақпаратты таратқандардың қандай да бір мақсаттары болуы мүмкін деген өз болжамын айтады.

«Серік Тұржановтың өкілі соншалықты қыруар ақшаны ұсынып отыр деген ешқандай қисынға келмейді. Біріншіден, біз оны білмейміз. Серіктің өзі де оны білмейді екен. Екіншіден, ондай қыруар ақшаны жай ғана қалтадан шығара салып, «міне, істі жабыңыз» деу мүмкін емес жағдай. Оның үстіне егер ол ақша кәсіпорындікі болса, онда ол айналымда жүреді. Оның үстіне өндірістік кәсіпорын екен. Егер ол кәсіпкер болса, басқа да кәсіпкерлер сияқты несиемен күн көріп отыр. Сәйкесінше, ай сайын несиесін төлеуі керек. Кәсіпкерлердің бұлай істеуіне жағдайы мүмкіндік бермейді. Бұл жерде ешнәрсе қабыспайды. Бұл жалған ақпарат. Менің ойымша, мұны таратқандардың жеке өзінің мақсаты болған», - дейді Тимур Назханов.

Ал Серік Тұржанов басқарған «КИІК» ЖШС-нің өкілдері компанияның қазіргі таңда қаржылық дағдарысты бастан кешіріп жатқанын, ұсынылған пара көлемінің компанияның атынан шығарылуы мүмкін еместігін айтып отыр.

Олег Лещинский, "КИІК" компаниясының бас директоры. Алматы, 3 шілде 2009 ж.
«Компанияның атынан мұндай ақша берілуі мүмкін емес жағдай. Құқық органдары қазір бізді тексеріп жатыр. Осы төңіректегі дау-жанжалдар компанияның клиенттерін үрейлендіріп отыр», - деді «КИІК» компаниясының бас директоры Олег Лещинский.

Аталмыш жағдайға қатысты қаржы полициясына сауал жолдаған едік.

Бізге жауап жолдаған Қаржы полициясының өкілдері Темірәлі Шіркінбаевтың Серік Тұржановқа қатысы бар екені тергеу барысында дәлелденгені туралы мәлімдейді:

«Тергеу-тексеру барысында азамат Шіркінбаевтың Серік Тұржановтың өкілі екендігі туралы тиісті дәлелдер табылған. Осы дәлелдер бойынша прокуратура Шіркінбаевқа айып тағуға жеткілікті деп тапты және оны қамауға алу туралы тиісті шара қолданылды» делінген Қаржы полициясының Азаттыққа жолдаған жауабында. Сонымен қатар Шіркінбаевты Тұржановтың туыстары таниды деген ақпарат таратқан емеспіз дейді Қаржы полициясы.

«ӘКЕМ АЙЫБЫ ДӘЛЕЛДЕНБЕСЕ ДЕ, ӘЛІ ҚАМАУДА ОТЫР»

«КИІК Фирмасы» ЖШС-нің құрылтайшысы Серік Тұржанов маусымның 2-і күні жемқорлық жасады деген күдікпен осы фирманың бас директоры Александр Нысанов және Қазақстан Республикасы статистика агенттігі төрағасының орынбасары Бірлік Меңдібаевтармен бірге қамауға алынған еді.

Әсел Тұржанова, кәсіпкер Серік Тұржановтың қызы әрі қоғамдық қорғаушысы. Алматы, 3 шілде 2009 ж
Бір аптадан кейін,10 маусым күні Мұрат Жұманбай: «Серік Тұржанов ҚР ҚК-нің 142 бабы бойынша ұсталған, яғни 10 күн бойы бақылауда болады, осы уақыт ішінде Тұржановқа айыптау жарияланып, жазалау шараларын таңдау мәселесі шешіледі» деп мәлімдеген-ді.

Туыстарының хабарлауынша, Серік Тұржанов Астана қаласындағы уақытша тергеу абақтысында қамауда отыр. Серік Тұржановтың жақындары мен әріптестері оның қамауда отырғанына 1 айдан астам уақыт өтсе де, айыбы әлі күнге дәлелденбегенін алға тартады.

«Сіздер білесіздер, әкеме тағылған айып қосымша дәлелдер болмағандықтан алынып тасталды, содан бері басқа бір дәлелдер болмаса да оны кінәлі деп қамауда ұстауда. Біз мұның себебін түсінбей отырмыз», - дейді қоғамдық қорғаушы, кәсіпкердің қызы Әсел Тұржанова.

Тимур Назханов, Тәуелсіз кәсіпкерлер қауымдастығының вице-президенті. Алматы, 3 шілде 2009 ж.
Тимур Назхановтың айтуынша, қазіргі таңда бизнес саласында барлық ережені кәсіпкерлер емес, мемлекет анықтап отырғандықтан, кез келген кәсіпкерді қылмыскер қылып шығару оңай.

«Бизнес әрқашан кінәлі болып қалады. Себебі, біздің заңнамамыздағы ұңғыл-шұңғылдар бақылаушы органдарға кәсіпкерлерден заң бұзушылықтарды оп-оңай тауып алуына жағдай жасап отыр. Нақты қазіргі жағдайда Серік Тұржановқа тендерге қатысу кезінде заң бұзды деген айып тағылып отыр. Бүгінгі таңда кәсіпкерлердің басым бөлігі мемлекеттен тапсырыс алып, күн көріп отыр. Сондықтан мемлекеттік органдар қолданып отырған заңнамалық нормалар кез келген кәсіпкерді заң бұзушы ғып шығара алады», - дейді Тимур Назханов.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG