Accessibility links

ШЫҰ Ош оқиғасына үңіліп, санкциядағы елді мүшелікке қабылдамайтын болды


ШЫҰ саммиті. Taшкент, 11 маусым 2010 жыл.

ШЫҰ саммиті. Taшкент, 11 маусым 2010 жыл.

Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекет басшылары кеңесінің Ташкентте өткен Х отырысы Ош қаласындағы жағдайды талқылап, Қырғызстанға гуманитарлық көмек көрсету туралы шешім қабылдады. Екі күнге созылған жиында сонымен қатар ұйымға жаңа мүше қабылдау шарттары айқындалды.



«ҚЫРҒЫЗ ЕЛІ КӨМЕККЕ ЗӘРУ»


Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев, ШЫҰ-ға мүше мемлекет басшыларының Ташкенттегі кездесуінде, Қырғызстанға гуманитарлық және қаржылай көмек көрсетудің маңыздылығына тоқталып өтті. Оның пікірінше, Қырғызстанға қазіргі қиындықтардан
Н.Назарбаев, Ху Цзиньтао және Д.Медведев. Ташкент. 10 маусым 2010 жыл.
өтіп, бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтап, әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту үшін көмек бердің маңызы өте зор.

«Қырғызстанға гуманитарлық көмекпен бірге несие ретінде қаржы бөлудің өзі аса маңызды», - деді Назарбаев.

Қазақстан президентінің айтуынша, ШЫҰ-ға төрағалық ететін Астана Орталық Азия аймағында қауіпсіздік пен тұрақтылықты, бейбітшілікті сақтауға үлкен мән беретін болады.

Айта кетерлігі – осы жиында ұйымның кезеңдік төрағалығы Қазақстанға өтті. Астана алдағы төрт жылдық кезеңде ШЫҰ-ға төрағалық ететін болады.

«Бұл қазіргі Қырғызстанда болып жатқан оқиғаларға байланысты үлкен маңызға ие болып отыр», - дейді Назарбаев.

«ОШ ОҚИҒАСЫ – ҚЫРҒЫЗСТАННЫҢ ІШКІ МӘСЕЛЕСІ»

Ташкенттегі саммитке қырғыз елінің делегациясын Қырғызстанның сыртқы істер министрі қызметін атқарушы Руслан Қазақбаев бастап келді. Ол саммитке қатысушыларға қырғыздың Ош қаласындағы соңғы оқиғалар туралы қысқаша баяндап берді.

Ош қаласында маусымның 11-іне қараған түні екі топқа бөлінген жастар бір-бірімен қақтығысып қалды. Қақтығыстар барысында 26 адам қайтыс болып, жүздеген кісі жараланды. Қырғыздың уақытша үкіметі Ош қаласы мен оған жақын маңдағы аудандарда төтенше жағдай
Өзбекстан президенті Ислам Каримов Ташкент, 11 маусым 2010 жыл
жариялады.

Қырғызстанның оңтүстігіндегі Ош, Жалалабад облыстарында этникалық өзбектер жиі қоныстанғаны белгілі.

Ташкенттегі саммитте ШЫҰ-ға мүше елдердің басшылары Қырғызстанда қалыптасқан жағдайға қатысты ұстанымдарымен бөлісті.

Өзбекстан президенті Ислам Каримов көрші елдегі қақтығыстарды «Қырғызстанның ішкі мәселесі» деп бағаласа, Қытай төрағасы Ху Цзиньтао жағдайдың тезірек реттелетіндігіне сенім білдірді. «Біз Қырғызстандағы жағдай тезірек тұрақталады деп сенеміз, соған мүдделіміз», - деп атап көрсетті Қытай басшысы.

ҰЙЫМҒА МҮШЕ БОЛУ ШАРТТАРЫ ТҮЙІНДЕЛДІ

Бұдан бөлек, ШЫҰ-ға мүше елдердің басшылары ұйымға жаңа мүшелерді тіркеу туралы ережені бекітті.

Құжатқа сәйкес, ұйымға қабылданатын мемлекет ұйымға мүше елдердің барлығымен дипломатиялық қарым-қатынас орнатып, ШЫҰ аясында бақылаушы мәртебесіне ие болуы тиіс. Бұған қоса, мүшелікке үміткер мемлекет ұйым елдерімен тығыз экономикалық және гуманитарлық байланыс орнатып, БҰҰ санкцияларынан ада, басқа да мемлекеттермен қарулы қақтығыс жағдайында болмауы тиіс.

2006 жылы, Қазақстанның ұсынысы негізінде, ШЫҰ-ға жаңа мүшелер мен бақылаушылар қабылдауға мораторий жарияланғаны белгілі.

Қазіргі таңда Шанхай ынтымақтастық ұйымына алты мемлекет мүше: Ресей, Қазақстан, Қырғызстан, Қытай, Тәжікстан және Өзбекстан. Бұған қоса, Иран, Пәкістан, Үндістан және Моңғолия бақылаушы мәртебесіне, Ал Беларус пен Шри-Ланка диалог жөніндегі әріптес мәртебесіне ие.

ШЫҰ басшыларының ілгерідегі басқосуларынан қалмайтын Иран президенті Махмуд Ахмадинежад бұл жолғы жиынға қатысқан жоқ.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG