Accessibility links

Шаңырақ ісі бойынша сотталған Ерғанат Тараншиев хатында түрмеде өзін азаптап-қинап жатқанын айтады


Ерғанат Тараншиев сот залында, Алматы, қазан, 2007 ж. Сотта қоғамдық қорғаушы болған Жасарал Қуанышалиннің "Трагедия Шанырака: репортажи, факты, события" жинағынан алынған сурет.

Ерғанат Тараншиев сот залында, Алматы, қазан, 2007 ж. Сотта қоғамдық қорғаушы болған Жасарал Қуанышалиннің "Трагедия Шанырака: репортажи, факты, события" жинағынан алынған сурет.

«Шаңырақ» ісі бойынша сот жазасын өтеп жатқан Ерғанат Тараншиевке заң қызметкерлері тарапынан қатты қысым жасалып жатқаны туралы оның туыстарының сөзін қамау мекемесінің әкімшілігі жоққа шығарып отыр. Қоғамдық ұйым өкілдері «Шаңырақ ісі» бойынша сотталғандардың барлығы дәрігерлік жәрдемге мұқтаж екендерін айтуда.

«ЖАН ТҮРШІГЕРЛІК АЗАПҚА ШЫДАМАЙ ІНІМ ӨЗІНЕ-ӨЗІ ҚОЛ ЖҰМСАУҒА ДЕЙІН БАРҒАН»

«Шаңырақ ісі» бойынша 2007 жылы қазан айында шығарылған сот үкімімен 15 жылға бас бостандығынан айрылған Ерғанат Тараншиевтің әпкесі Шолпан Әбдібақасқызы бауырына түрме қызметкерлері қысым жасап жатқанын айтып Азаттық радиосына келді.

Ол қазіргі кезде Ақмола облысы Степногорск қаласындағы қамау мекемесінде жазасын өтеп жатқан інісінің жағдайы өте ауыр екенін жеткізді.

Шолпан Әбдібақасқызы, Ерғанат Тараншиевтің әпкесі. Алматы, 10 шілде 2009 жыл.
«Бұл түрмеге түскенге дейін де Ерғанат өз басынан адам төзгісіз жағдайларды кешірді. Алматы қаласындағы Сейфуллин көшесіндегі тергеу абақтысында жатты. 2008 жылдың 28-ші тамызында оны этаппен басқа жаққа алып кететіні туралы хабар түсті. Содан Ерғанатты Степногорск қаласындағы Заводской елді мекеніндегі ЕЦ-166/18 деген түрмеге алып барған соң оны бірден карцерге жіберген. 1,5 айдан астам цементтің үстінде жатқызған», - деді Шолпан Әбдібақасқызы.

Ол мұның бәрін маусымның 26-сі күні Ерғанаттан өз қолымен жазған хаттан білгенін айтады. Қазақстан Республикасының Бас прокуроры мен түрме мекемелерінің үстінен қарайтын мемлекеттік органдарының
Қазақстанның Бас прокуроры мен түрме мекемелерінің үстінен қарайтын мемлекеттік мекемелердің атына Ақмола облысындағы ЕЦ-166/18 колониясында жазасын өтеп жатқан Ерғанат Тарашиевтің жазған арыз-хаты. 26 маусым 2009 ж.
атына жазған хатында Ерғанат Тарашиев өзіне және түрмедегі өзге де жазасын өтеп жатқандарға әкімшілік зорлық-зомбылық жасап азаптағанын айтып, шағымданған.

Шолпан Әбдібақасқызы қамаудағы інісі жан түршігерлік азапқа шыдамай өзіне-өзі қол жұмсауға дейін барғанын да айтады. Ерғанат Тараншиевтің атынан жазылған хатта былай делінген (жазылған қалпында беріліп отыр):

«...2009 жылдың май айының ортасында түрме бастығы Шайгөзовтың орнына Д.Н.Ахметов келді. Келе сала бізге тиісе бастады. Ол бізге Державенкодағы сияқты шагать етіп, өлең айтасыңдар деп қорқытты. Бізге оперлер мен режимниктерді жіберіп қинай бастады. Әкем кездесуге келіп кеткеннен кейін Ахметов маған кездесуге тыйым салып, қысым көрсетті. Сол кезде мен тамырымдағы венаны кестім, қолымдағы тамырды кестім. Себебі, ол қысымға төзу мүмкін емес еді...

Содан кейін біз Генпрокуратураға хат жаздық... еш нәтиже жоқ, арыз жіберілмеді... одан кейін біз түрме әкімшілігіне аштық жариялайтынымызды айттық... Оперлармен, режимниктермен начальник Д.Ахметов келді, келе сала біздің басымызды дәретхананың суына тықты, тұншықтырды. Жалаңаш шешіндіріп ұра бастады...

Содан кейін изоляторға әкеліп, төрт жаққа тарта отырып, жіппен керіп, табанымызды соққылады. Аузымызға әр нәрсені тыққылап, қызыл шүберек байлап, қатты қинады. Бұл азаптау
...келе сала біздің басымызды дәретхананың суына тықты, тұншықтырды. Жалаңаш шешіндіріп ұра бастады...
таңға дейін жалғасты, таңертең әрқайсымызды бір-бірден қамады. Матрас ешнәрсе, жоқ, цементте жаттық...»

Шолпан Әбдібақасқызының айтуынша, қазір түрмедегі Ерғанат Тараншиевтің денсаулық жағдайы мүлде нашарлап кетіпті. Шаштары мен тістері түсіп бара жатқан бауырына жедел түрде операция жасау керектігін айтады ол.

Інісі Ерғанаттың түрмеден жазған хатын Шолпан Әбдібақасқызы Қазақстан президентінің әкімшілігіне, премьер-министрдің кеңсесіне, Бас прокурорға, Жоғарғы сотқа және өзге де құзырлы органдарға жолдады. Әзірге олардан еш жауап жоқ.

Заңгерлер бұл хатта айтылған жайттар қылмыстық іс қозғауға жеткілікті деп отыр.

Ерғанат Тараншиевтің туыстары осы уақытқа дейін оны жергілікті жердегі түзету мекемесіне ауыстыру және операция жасату туралы арнайы органдарға арыз-хат жазғанымен ол хаттан да еш нәтиже шықпапты.

Азаттық радиосы осы мәселеге байланысты Ақмола облысындағы аталмыш түзету мекемесіне бірнеше мәрте хабарласқанымен, хатшы қыз түрме бастығы Дулат Ахметовтың орнында жоқ екенін қайталаумен болды.

«ШАҢЫРАҚ ІСІ БОЙЫНША СОТТАЛҒАНДАРДЫҢ БАРЛЫҒЫ ДӘРІГЕРЛІК ЖӘРДЕМГЕ МҰҚТАЖ»

Ал бұған дейін Шаңырақ мәселесімен айналысып жүрген ұйымдар аталмыш түрме әкімшілігіне хабарласқан кезде, олар әлгі айтылған ақпараттардың бәрін жоққа шығарып, «Ерғанат Тараншиевтің денсаулығы қалыпты, тіпті жақын арада жұмыс істейін деп жүр» деген жауап айтқан екен.

«Күретамыр» қоғамдық қорының президенті Айсұлу Қадырбаева Шаңырақ ісі бойынша сотталған 4 азаматтың ішінде осы Ерғанат Тараншиев өте ауыр жағдайда екендігін айтады.

«Ақмола облысы, Степногорск қаласында отырғалы бері біз онымен бірде-бір рет кездесе алмай отырмыз. Ерғанаттың әкесі онымен аз мерзімге кездесуге рұқсат алып, бауырларымен бірге барып қайтты. Әпкесі арқылы Ерғанаттың хаты келгелі бері қазір зерттеу жұмысын жүргізіп жатырмыз. Бірақ біздің тікелей мүмкіндігіміз шамалы. Сотталған азаматтардың жағдайын біліп беру туралы, сондай-ақ, осы Ерғанаттың жағдайына да араласу туралы өтінішпен біз қазір Адам құқықтарын қорғайтын ұйымдарға шығып отырмыз», - деді Айсұлу Қадырбаева.

«Алаш» партиясының мүшесі Ғалия Әбухатина Шаңырақ оқиғасы туралы шыққан деректер жинағын көрсетіп тұр. Алматы, 10 шілде, 2009 жыл.
«Шаңырақ» ісі бойынша сотталған өзге азаматтардың хал-ахуалы да нашар күйде дейді оларды ақтау ісімен айналысып жүрген қоғамдық ұйым өкілдері.

«18 жылға бас бостандығынан айрылған, қазіргі таңда Қарағанды облысы, Қаражал елді мекеніндегі түзету мекемесінде (бұрынғы Карлаг) қамауда отырған Арон Атабектің де денсаулығы төмендеп барады. Ол кісінің тамағынан қара су да өтпей отыр. 3 жыл ішінде 20 кг салмақ жоғалтқан. Біз мүмкіндігімізше, дәрі жеткізудеміз. Менімше, ол кісіні ауруханаға жедел түрде жатқызу керек. Сондай ақ, Павлодардағы түрмеде жазасын өтеп жатқан Құрманғазы Өтегенов те менингитпен ауырып жатыр. Қызылорда қамауда отырған Рүстем Тұяқов та қазір сырқат», - дейді бейресми «Алаш» партиясының мүшесі Ғалия Әбухатина.

Басып алған жерлерден кетуді талап еткен жергілікті билікке қарсылық білдірген Алматыдағы «Шаңырақ» шағын ауданының тұрғындары 2006 жылғы 14 шілдеде құқық қызметкерлерімен қақтығысып қалған еді.

Жаппай қақтығыс кезінде Алматы қаласының Бостандық аудандық ішкі істер басқармасының 24 жасар тергеушісі Әсет Бейсеновтің үстіне белгісіз біреулер бензин құйып өртеп жіберген болатын. Денесінің 70 пайызы күйіп кеткен ол, 12 күннен кейін Алматыдағы №12 ауруханада көз жұмды.

Бұл іс бойынша қозғалған қылмыстық істі қараған Алматы қалалық соты 2007 жылы 5 қазанда осы оқиғаға кінәлі деп тапқан Арон Атабекті 18 жылға бас бас бостандығынан айруға, ал Құрманғазы Өтегенов, Ерғанат Тараншиев пен Рүстем Тұяқовты 16-14 жыл аралығындағы мерзімге түрме жазасына кесуге үкім шығарған еді.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG