Accessibility links

Шаңырақ оқиғасына үш жыл өтсе де, проблема өзекті күйінде қалып отыр


Шаңырақ елдімекені, Алматы, 14 шілде 2006 жыл.

Шаңырақ елдімекені, Алматы, 14 шілде 2006 жыл.

2006 жылғы шілденің 14-і күні таңсәріде мыңнан астам полициямен бірге жеткен күрегіш техника Шаңырақ шағын ауданында заңсыз салынған деп танылған жүздеген үй-жайларды бұзуға келген еді. Бірақ олар баспанасын қорғаған тұрғындардың қатты қарсылығына кезікті.

Екі жақтың қақтығысынан көптеген бейбіт тұрғындар зардап шегіп, денелеріне зақым келді. Полицияның жүздеген қызметкері жеңіл және орташа дәрежелі дене жарақатын алды. Ал бір жас офицер тірідей өртеніп, кейін ауруханда көз жұмды. Бұл қылмыстық іс бойынша жиырмадан астам адам тергеуге алынып, төрт азамат ұзақ мерзімге түрме жазасына кесілді.

Қазақстанның жаңа тарихында «Шаңырақ көтерілісі» деген атаумен енген бұл оқиғаның үш жылдығына орай Азаттық радиосының
Шаңырақ оқиғасының үш жылдығына арналған дөңгелек үстел. Алматы, 14 шілде 2009 жыл.
Алматыдағы бюросында дөңгелек үстел өткізілді.

Оған «Шаңырақ» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Асылбек Қожахметов, «Жаса Азаттық» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Жасарал Қуанышәлин, «Күретамыр» қоғамдық қорының төрайымы Айсұлу Қадырбаева, Шаңырақтың тұрғындары Мизамбекова Әсия мен Қорлан Даубаева қатысты. Дөңгелек үстелді Азаттық радиосы Қазақ қызметінің бас редакторы Амангелді Кеңшілікұлы мен Азаттықтың тілшісі Гүлмира Исакова жүргізді.

«ШАҢЫРАҚТАҒЫ КӨТЕРІЛІСКЕ ЖЕР ДАУЫ ТҮРТКІ БОЛДЫ»

Амангелді Кеңшілікұлы:

– Құрметті ағайындар! Бүгінгі дөңгелек үстелге біз біраз азаматтарды шақырған едік. Олардың барлығы бірдей келе алған жоқ.. Алайда олардың келе алмағанына бола қазақ халқы үшін маңызы зор бұл мәселені талқылауды біз кейінге қалдыра алмаймыз.

Әрине, бұл менің жеке пікірім: Шаңырақ оқиғасы қазақ рухының оянғанының тағы бір көрінісі. Бұл желтоқсаннан кейінгі ірі оқиғалардың бірі. Желтоқсанда қазақ тоталитарлық жүйеге қарсы шықса, Шаңырақ оқиғасында авторитарлы жүйеге наразылықтарын көрсетті.

Бұл оқиғаға да міне үш жыл толып отыр. Осы үш жылда не өзгерді? Қандай жұмыстар атқарылды? Ресми биліктің Шаңырақ оқиғасына қатысты позициясын бәріміз жақсы білеміз. Ол баспасөз бетінде жарияланып та жатыр. Біз бұл дөңгелек үстелге ресми басылымдарда сөз беріле бермейтін, Шаңырақ оқиғасына байланысты шырылдап жүрген азаматтарды шақырып, бұл мәселені ой талқысына салуды жөн санадық.

Жасарал Қуанышәлин:

– Шаңырақ оқиғасы Желтоқсан, Орал оқиғасы сияқты халқымыздың өмірінде, тарихында ерекше орын алатын аса ірі оқиға. Мұны көпшілік түсіне алмай жатқан да шығар, бірақ шындығы осы.

Шаңырақ оқиғасы, дұрысы, Шаңырақ көтерілісі біздің жаңа тарихымыздағы үлкен қоғамдық-саяси құбылыс. Жаңа тарихымыздың
Жасарал Қуанышәлин, «Жаса Азаттық» қоғамдық бірлестігінің төрағасы. Алматы, 13 шілде 2009 жыл.
бет-бедерін айқындап, айшықтап берген құбылыс. Біздің қандай қоғамда, қандай елде өмір сүріп отырғанымызды айшықтап берді деп айтуға толық негіз бар.

Ол қазіргі заманның өзекті мәселесі – жер мәселесіне тікелей қатысты орын алған жағдай. Олай дейтінім, жер мәселесіне қатысты кезінде ата-бабаларымыз, өзінің өміріндегі ең күрделі құбылыс ретінде, жер дауы, жесір дауы дегенді өте күрделі мәселе ретінде белгілеп кеткен тарихта.

Әрине, жесір дауы ол заман ағымымен басқаша жағдайда, ал жер дауы – ол мәңгілік. Міне, осы тұрғыда, керек десе отаршылдық кезінде болмаған, бізді былай қинамаған жағдай қазір басымызға түсіп отыр.

Тәуелсіздік алдық, ел болдық, шаңырақ құрдық дегенде, отаршылдық кезде басымызға түспеген жағдай қазір басымызға түсіп отыр. Атап айтқанда, жер жеке меншікке беріліп, сауда-саттық обьектісіне айналып кетті.

Бұл жалпы қазақтың үш ұйықтаса түсіне кірмеген жағдай. Кезінде Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, т.б заңғар азаматтарымыз ескертіп айтып кеткен. Қазіргі Назарбаевтың жеке билік режимі қазақты міне осындай апатқа алып келді.

Ахмет Байтұрсынов кезінде: «Қазақ үшін жер мәселесі өмір мен өлім мәселесі» деп ескерткен. Тура осы тұрғыдан және айтқан болатын: «қазақ халқы башқұрттар сияқты қателік жасамауы керек» деп. Ол тарихи жағдай.

Башқұрттар кезінде жерлерін сатамыз деп кейіннен сорлап қалған. Алыптарымыздың өсиеті ғана емес, іс-өнегесі де түгелдей Назарбаевтың жеке билік режимі тұсында мансұқталды. Соның зардабын шегіп отырмыз. Шаңырақ оқиғасы соның айқын көрінісі.

Бұл өзі арнайы күрделі түрде жалғасуы, өте терең зерттеулер арқылы айқындалуы тиіс мәселе екендігі белгілі. Бүгінгі дөңгелек үстел соның құрамды бір бөлігі, қадамы деуге болады.

Осында қатысып отырған азаматтардың барлығының сол оқиғаға тікелей қатысы бар. Шаңырақты қорғаған азаматтардың сотына тікелей қатысқан азаматтармыз.

Бақай оқиғасынан бастап Шаңырақта жалғасқан халықтың жерін тартып алу саясатын жүргізу салдарынан осындай қасірет орын алды. Мен кезінде жазғанмын: «Шаңырақ қасіреті – бүкіл қазақтың қасіреті» деп. Шынында да солай.

Шаңырақтағы заңсыз салынған деп танылған тұрғын-жайлар. Алматы, 4 тамыз 2008 жыл.
Шаңырақ қасіретін жер қасіретінен бөліп алуға болмайтын құбылыстар. Өзің дөңгелек үстел басында айтып кеткеніңдей, ресми биліктің көзқарасы өз алдына. Қоғамдық көзқарас біркелкі емес, әртүрлі.

Ресми биліктің айтуынша, заң бұзушы Қазақстан азаматтары жерді басып алып, соның салдарынан осы жағдайға әкелді дейді. Олар жерді неге басып алды? Ол туралы айтпайды. Ол жағын айтпауға тырысады, себебі оның ар жағында биліктің тікелей өз қылмыстары тұр.

Жалпы жер сату адамзатқа ғана емес, жаратылысқа қарсы қылмыс. Бұл жерде мынаны айтпай кетуге болмайды. «Жерді сату деген сөз – адамның өзін сатудан бетер қылмыс» деген Лев Толстой. Ол оны таратып айтпағанмен оны түсіну қиын емес.

Жерді адам баласы жаратқан жоқ. Жерді Алла тағала жаратып, дайын қалпында адамзаттың ортақ игілігіне берген. Жерді сатуға болмайды. Оны тек пайдаланады.

Сатуға тек тауарды шығаруға болады. Ол – адамның жасаған игілігі. Жерге маңдай термен егіп, өсірген дән дақыл – тауар. Ал, жер тауар емес. Міне, осылайша жерді тауарға айналдырған билік қылмыс жасап отыр.

Өйтуге тиіс емес еді, қайталап айтамын, отаршылдық кезде болмаған жағдай тәуелсіздік кезінде орын алды. Осының өзі біздің биліктің халыққа қарсы екенін айқын көрсетті. Соған халық ақыры шыдай алмай көтерілді. Өзін басқарып отырған билікке қарсы соғыс ашуға мәжбүр болды.

Билік халыққа қарсы соғыс ашты. Шаңырақ оқиғасының мәні осында. Таратып айтсаң әңгіме ұзаққа кетеді. Аса күрделі мәселе болғандықтан оны таратып айтпай түсіндіру өте қиын. Дөңгелек үстел форматы оны көтермейді. Сондықтан мен оның бер жағын ғана айтып отырмын.


«БИЛІКТІҢ БІЗГЕ КӨЗІ ТҮСІП, БАСПАНАЛЫ БОЛДЫҚ»

Амангелді Кеңшілікұлы:

– Азаттық радиосы ұйымдастырған дөңгелек үстелге Шаңырақ тұрғындары да келді. Енді соларға да сөз кезегін берсек.

Мизамбекова Әсия:

– Мен Шаңырақ тұрғынымын. Атым – Мизамбекова Әсия. Көп балалы анамын. Шаңырақта тұрғаныма 5-6 жыл болып қалды. Жайлап орналасып жатырмыз.

Әсия Мизамбекова, Шаңырақ тұрғыны. Алматы, 13 шілде 2009 жыл.
Үш жыл бұрынғы оқиғада қол үшін берген адамдарға рахметімізді айтамыз. 3 жылдың ішінде елдің әбден жүрегі шайлығып қалған. Оны өздеріңіз білесіздер. Қаза тапқан Әсеттің рухына тағзым етеміз.

Елім деп шығып сотталған төрт азаматқа амандық тілейміз. Амнистия жүреді деп жатыр ғой. Соған ілініп, мерзімі азайса дейміз. Халықтың тілегі сол. Естіп, халықтың атынан келгенбіз.

Биыл көктемде 1-ші және 2-ші Шаңырақтағы ұзақ жаңбырдан кейін су басып қалған жердегі адамдарға биліктің көзі түсті. Солардың нұсқауы бойынша «Саялы» шағын ауданынан 60 үй беріліп, жұма күні құдайы тамақ бердік.

Амангелді Кеңшілікұлы:

– Үш жылдан бері Шаңырақта не өзгерді?

– Осы үш жылдың ішінде электр жарығын қостырып, құжаттарымызды заңдастырып алдық. Мемлекеттік актіні күтіп отырмыз. Үйін су басып қалған адамдарды орналастырып болғаннан кейін, кеткен адамдар белгілі болған соң қалған құжаттарды реттемек. Осында қалған адамдардың 90 пайызының үйлері жекеменшікке өтті. Бұл да Алланың бізге көрсеткен жақсылығы шығар.


«БИЛІКТІҢ БҰРЫНҒЫ ИДЕОЛОГИЯДАН БАС ТАРТҚАНЫ БАЙҚАЛАДЫ»


Гүлмира Исакова:

– Асылбек Базарбайұлы, үш жыл бұрынғы оқиғаның себебі неде деп ойлайсыз? Шаңырақ оқиғасы кезінде біраз адам зардап шекті. Бір азамат қаза тапты. Мұндайға қалай жол берілді?

Асылбек Қожахметов:

– Үш жыл бұрынғы оқиғалардың басты себептері болды. Олар он-жиырма жыл бұрын басталған. Урбанизация басталды. Адамдар қалаға келе бастады. Алайда өкімет экономиканың дамуына байланысты урбанизация деп көп айтқаны болмаса, көшіп қонушыларға арнап ешнәрсе істеген жоқ. Ешқандай мәселені жүйелі түрде шешкен жоқ...

Мәселе сонда болды. «Келген адам келе берер» дегендей сыңай танытты. Сонымен адамдар көшіп келе берді. Біреу біреуіне қосыла берді. Әңгіме осыдан басталды.

Асылбек Қожахметов, «Шаңырақ» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы. Алматы, 13 шілде 2009 жыл.
Билік күрделі мәселелерді шешуге дайын емес еді. Экономиканың дамуымен бірге жердің бағасы да қымбаттады. Жердің қымбаттаған соң бизнестің алаяқтары биліктің алаяқтарымен ымыраға келіп, ана жерді де алып алайық, сотқа беріп қысым жасасақ кетіп қалар деген болса керек.

Жер көп, адамдар көп, бірақ құжаттары жоқ еді. Бақай соның көрінісі болатын. Дәл сол Шаңырақ оқиғасы алдында 300 адамды Бақайдан шығарып тастады ғой. Күш салып шығарып тастаймыз деп ойлады олар да.

Бірақ халық оған көнбей өз күштерін, өз азаматтығы мен ой-санасын көрсетіп, оларға ондай мүмкіншілік бермеді. Өкінішке қарай, жас жігіт Әсет қаза тапты. Ол ішкі істер саласында қызмет істегенімен оның кінәсі де жоқ еді.

Бұйрық берсе, орындай береді ғой, оның заңдылығын қарап жатпайды. Биліктің дайындығы болмағандықтан осындай нәтиже болды, оған халық риза болған жоқ, биліктің өзі де шошып кеткен болу керек.

Халық та осындай әрекетке барайық демеген болар. Осындай оқиғаны жоспарлау мүмкін емес. Сол кезде Тасмағамбетовтың «әлеуметтік аутсайдер» деп айтқаны моральдық жағынан дұрыс болған жоқ. Көші-қон концепциясы болғанымен онда ештеңе шешілмейді.

Шаңырақта баспанасы су астында қалған тұрғындардың бір бөлігіне Саялы деп аталатын жаңа шағын ауданда көлемі 25 шаршы метрлік 60 үй салынып пайдалануға берілді. Алматы, 11 шілде 2009 жыл.
Әкімшілік жағынан алатын болсақ, ішкі көші-қон мәселесіне қатысты арнайы заң жоқ. Шаңырақ тұрғындарын қорғау идеология жағынан өзгеріп кетті. Жаңадан келген әкім олар өздеріміздің қаракөздеріміз деп айтты.

Бұрын билік өкілдерімен кездескенде «оларды неғыласыңдар, неге қорғайсыңдар оларды» дейтін еді. Қазір ешкім олай демейді. Бірақ, «анау жоқ, мынау жоқ» деп көмек те жасамайды. Бір жағынан, адамдардың азаматтық санасы өсті.

Жақында осы Шаңырақ жастарының арасынан халықаралық бизнес академиясына екі адамды оқыту туралы келіскенбіз. Соған 30 бала келгенде өзім таңғалдым. Жастардың азаматтық саналарының өскеніне таңдандым. Олар осындай қақтығысты көріп өскендіктен өздерін көрсету үшін азаматтық саналарын өсіргені байқалады.

Олардың бұрынғы идеологиядан бас тартқандары көрініп тұр. Әкімшілік шаралар жағынан бірінші заң, екіншіден мемлекеттік бағдарлама керек. «Нұрлы көштен» аз ғана пайыз тиесілі. Сондықтан бізге де осындай бағдарлама керек.

Нақты әрекеттер Алматыда байқалады. Алматыда 1 мыңнан аса үй заңдастырылды. 60-70 пайызы жекеменшікке, ал қалғандары жалға берілді. Су алып кеткен кезде 40 күннің ішінде 60 үй тұрғызылды. Мысалы, қаншама партиялар бар, олар бүгінгі дөңгелек үстелге келмеген. Әдетте солар «Ой, Шаңыраққа көмек береміз» деп жатады.


«МЕМЛЕКЕТТІҢ ТҰТҚАСЫН ҚОЛЫНДА ҰСТАП ҚАЛУЫ ҮШІН БИЛІК ҚОҒАМДЫҚ ҰЙЫМДАРМЕН ДҰРЫС ҚАРЫМ-ҚАТЫНАСТА ЖҰМЫС ІСТЕУІ КЕРЕК»

Амангелді Кеңшілікұлы:

– Шаңыраққа байланысты кезінде көтерілген жақсы бастамалар оппозицияның басы бірікпеуінің салдарынан аяқсыз қалды. Неге Қазақстандағы оппозиция осындай сын сағатта бір-біріне деген өкпесін ұмытып, жұдырық болып жұмыла алмайды?

Айсұлу Қадырбаева:

– Бұл сұраққа мен жауап берейін. Шаңырақтағылар кімдер? Жерді тауар ретінде оңды-солды сату салдарынан пайда болған босқындар. Басқа ешкім де емес.

Қай заманнан қалаға келген қазақтың баспанасыз жүретіні белгілі. Кезінде тәуелсіздікті пайдаланып, Нұрқаділов сияқты ағаларымыз қаланың шет жағынан ауданның арнайы шешімімен жер алып берді. Соның өзі үлкен трагедия болды.

Айсұлу Қадырбаева, «Күретамыр» қоғамдық қорының төрайымы. Алматы, 13 шілде 2009 жыл.
Өйткені, мәселені олай бастамау керек еді. Мемлекет тәуелсіздік алды ма, енді халқының жағдайын ойлауы керек еді. Зауыт, фабриктер жабылды, жұмыс болмады. Шаңырақ – қазақтың қара қозысы, жетім қозысы. Солай бола береді де.

Халықты өкіметтің жанынан арнайы жасалған бағдарламалармен қайтадан орналастыру керек еді. Халық жұмыссыз қалды. Қалаға келіп кетуге бар, бірақ тұруға келмеген. Шанырақ мәселесі шешілген жоқ. Шешілмейді де.

Ол кезде жұмыс жоқ еді. Олар қалаға тұру үшін емес, жұмыс үшін келген еді. Билікке таласқандар оларды құрбандыққа шалады ды отырады. Кеше Тасмағамбетовтің билігі тұсында қарулы адамдар тұрса, бұл жолы жекеменшікке қол қойылатын күннің алдында жаңбырдың соңынан тоғанды ағытып жібереді.

Біздің осындай күдігіміз бар. Үш күн жаңбыр жауғанда неге топан су болмады. Күркешікті өздерінің зәулім сарайларымен неге салыстырмайды. Естір құлаққа ұят.

Бүгін берген билік бір себебін тауып ертең тартып алады. Ертең сол аймақты бір латифундист сатып алады да, ол жерді тып-типыл етіп өз ойындағысын тұрғыза бастайды.

Егер билік мемлекеттің тұтқасын қолында ұстап қалғысы келсе, онда оппозиция немесе басқасы болсын, бүкіл қоғамдық ұйымдармен дұрыс қарым-қатынаста жұмыс істеуі керек.

Қоғамдық ұйымда жүргендер ақша бөлінісінде жоқ болғанымен, олар да адамның баласы, халықтың тағдыры үшін жаны күйетін азаматтар. Қазақстан мемлекеті құрдымға кетсе, бәріміз бірге құримыз. Көп болса, қалталылар шетелге кетер.

Елді ірітіп жатқан – биліктің тарапынан жүргізіліп отырған идеология. Бір ғана мысал айтайын, өткенде Шаңырақ суға кетті. Бұл туралы дабыл соғылысымен маған телефон шалынды. Түнгі мезгіл болса да, қап-қап тамағымызды алып Шаңыраққа тартып кеттік.

«Жақсы көргенін, жаман бергенін айтады» деген мақал бар. Мен бергенімді айтып, мақтанғалы отырғаным жоқ. Екі күн бойы сонда жүрдік. Билік шаңырақтықтардың өзін бізге жолатпай қойды. Қандай жағдай болса да халық өзіміздікі. Бұдан басқа жұртымыз да жоқ.

Кішкене бірдеңенің шетін көрсетсе, «ләппәй» дей қаламыз, анау іргетассыз салынған 12 шаршы метрлік жатақ үйлерді бергенге неге мәз болуымыз керек, неге біз үнсіз отырмыз? Ал қалған баспанасыз сорлы қазақтың мәселесін қалай шешеміз, ол үшін қандай талап қоюымыз керек, мына үйлердің не үшін берілгенін қалай бағдарлауымыз керек?

Билік бұл үйлер үшін ЕҚЫҰ-ның алдында есеп береді, қалған қазақ үйсіз қала береді, біз бірлесіп, тұтасатын болсақ, бұдан да көп нәрсеге қол жеткізер едік, бұдан кеңірек үй алар едік деп ойлаймын. Неге біз 15 адамды құрқылтайдың ұясындай үйшікке апарып тыққанға көніп
Биліктегілер өздерінің кең сарайларымен салыстырғанда үйшік деуге лайық баспана беріп, халықты жарылқағандарға мына жұрт неге рахмет айтуы керек?
отырамыз?

Биліктегілер өздерінің кең сарайларымен салыстырғанда үйшік деуге лайық баспана беріп, халықты жарылқағандарға мына жұрт неге рахмет айтуы керек? Осы үйлерді беру арқылы Шаңырақтың мәселесі шешілді дейміз бе? Жоқ, күрес әлі алда! Ертеңгі күні билік осы бергенінің өзін қайтып алып, халықты әуреге салған кезде бармағымызды тістейтін боламыз, бірақ ол кезде жұрт та шаршап-шалдығып бітеді.

Даубаева Қорлан, Шаңырақ тұрғыны:

– Шаңырақ сайында 5 жылдан бері тұрамын, осы дау басталғанда ең алғаш менің үйімді құлатқан еді. Айсұлу апайдың айтып отырғанының бәрі дұрыс және рас.

Қорлан Даубаева, Шаңырақ тұрғыны. Алматы, 13 шілде 2009 жыл.
Бірақ біз әбден қорқып қалғанбыз, оның үстіне құжаттарымызды комиссияға өткізіп қойғаннан кейін, артық сөйлеп, шенеуніктерге жақпай қалудан қорқып, үнсіз отырдық. Басы жақсы басталды ғой, ендігі уақытта шенеуніктер кері тартпайтын шығар деген үмітіміз бар, егер бұдан әрі шешілмесе мұның түбі жақсылыққа апармайды.

Мәселенің шет жағасы шешілетін шығар деген үмітімізге өткен жылы жарық алуымыз, биыл су алуға рұқсат берілуі себеп болып отыр. Суда қалған сайдың төменгі жағында орналасқандарға арнап 500 үй салынады деген уәдесі бар әкімшіліктің.

Әзірге 60 үй көшті, қалған үйлерге тағы да комиссия жасақталады, содан кейін мәселе шешіліп, құжаттар беріледі деді. Осындай үміттердің жетегінде жарты жолда отырған жайымыз бар, әйтеуір бір жақсылықтан дәмеліміз.

Амангелді Кеңшілікұлы:

– Ал осы Шаңырақ оқиғасына қатысқаны үшін жауапқа тартылған азаматтарды босатуға қатысты қандай да бір жұмыстар жасалып жатыр ма? Ендігі әңгімені осы тақырыпқа бұрсақ?

Жасарал Қуанышәлин:

– Жарайды, мен бұл туралы айтармын. Алайда әңгіме қылып отырған тақырыпқа қатысты тағы біраз пікірімді айта кетейін. Шаңырақ туралы Айсұлудың айтқандарына толық қосыламын. Бұл жерде билікті жамандау деген мақсат жоқ бізде.

Жалпы билікті жамандаудың да, мақтаудың да керегі шамалы, болған жайды өз орнымен сынға алып отыру да жеткілікті, ал сынауды жамандаумен шатастырмау керек. Жер саясатын осылай шешіп, итке сүйек тастағандай қылып, ұсақ-түйек нәрселермен кейбір адамдарды сатып алған биліктің тұсында халықтың мәселесі шешілмейді.

Өзіңмен бүгін бірге отырған адамды ертең таба алмай қаласың, өйткені оған да сүйек тасталған, яғни өзінің мәселесі шешілген, одан әрі не болып жатқаны оған бәрібір. Демек, бұл мәселенің түбегейлі шешілмейтінін көрсетеді, мәселесі шешілген адам бір шоғыр да, сорлап жүрген қазақ көп, осы тұрғыдан алғанда мен бүгінгі билікке ешқашан алғыс айтпаймын, өйткені ол шындыққа да, халыққа да қиянат болады.

Шаңырақтың мәселесін шеше бастадық деп отырған Есімовіңіз халықты екіге бөліп отыр. Қалталылар мен биліктегілер заң алдында жоғары, ал қалтасынан жел гулеп жүрген билігі жоқ қарапайым жұрттың құқығы төмен.

Осыдан 2-3 жыл бұрын Медеу, Бутаковка мәселесі көтерілгенін білесіздер. Ол жер мемлекеттің күзетіндегі, үй салуға болмайтын қорық жер, сол жерді Храпунов, Тасмағамбетовтер байлар мен қалталыларға заңсыз түгел бөліп берді, сол кезде Назарбаев соны жаңа көргендей түр көрсетті, «мынаны құртыңдар, шешіңдер, это наглый беспредел» деп айтты.

Мәсімов бастаған комиссияны жіберді, осыдан не шықты кейін? Есімов келіп, заңсыз үйлердің бәрін бір-ақ сәтте заңдастарып берді, байлардың түгі кеткен жоқ, бәрі хан сарайындай зәулім үйлеріне қоса, таудың бөктеріндегі жерден үй салып алды.

Бұлар тойып секіргендер. Ал шаңырақтағылар осы биліктің ауыл шаруашылығының шаңырағын ортасына түсіріп, қаңғытып жіберген
Шаңырақтағылар осы биліктің ауыл шаруашылығының шаңырағын ортасына түсіріп, қаңғытып жіберген халқы ғой...
халқы ғой. Олар тесік қалтасындағы бақырларын жинап, тірнектеп жүріп, үкіметтен бір тиын алмай, бала-шағасын шұбыртып, балшықтан лашық соғып алған жұртты жау тигендей қылған да – осы билік.

Жаңа Асылбек Бақайда 330 адамды шығарып тастады деп отыр. 330 емес, 380 үйді бұзды, екі мыңнан астам бала-шағасы мен кемпір-шалы, ауру-сырқауымен қоса барлық адамды ашық аспанның астына лақтырып тастады.

Сөйтіп, осыны Шаңырақта жалғастырамыз деп барғанда, ол жақтың тұрғындары көтеріліп, өздерін қорғап қалды. Ұлы Отан соғысы кезінде халық танкіге қарсы сұйық толтырған шөлмекті лақтырып соғысты ғой, сол сияқты фашистпен соғысқандай болып күресу арқылы тұрғындар өздерін өздері қорғады.

Халықты осындай күйге жеткізген билікке алғыс емес, қарғыс айтуға тиіспіз. Өз үйінде ешкімге соқтықпай тыныш отырған бейбіт халыққа келіп соғыс ашқан билікке ешқандай кешірім жоқ.

Анау Медеу мен Бутаковкадағы үйлерді қалай заңдастырдың солай етіп бұл халықтың да мәселесін шешіп берсең, әділ болады, сонда ғана халықты алаламайсың, ал билік керісінше, байларға кеңшілік жасап, мұндағылардың біреуіне жалға беріп, ендігі біреуіне тағы бірдеңе деп алдап, сөйте тұра бәрін керемет қылудамыз деп өздеріне жарнама жасайды.


«ҚАЗАҚСТАННЫҢ ӘРБІР АЗАМАТЫНЫҢ ЖЕРГЕ ҚҰҚЫҒЫН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТЕ АЛМАҒАН БИЛІК КЕТУІ КЕРЕК»

Амангелді Кеңшілікұлы:

– Осы мәселеге қатысты сұрақ қойылған кезде сол уақытта Алматының әкімі болған Тасмағамбетовтің: «не путайте божий дар с яйчницей» деген сөзі есіңізде ме?

Жасарал Қуанышалин:

– Енді тере берсек, оның айтқан сөздері көп қой, бірақ мәселе Тасмағамбетовте емес, ол өзінің «Назарбаевтың өнімі» екенін айтты ғой, сондықтан да мен Тасмағамбетовпен, Мұхамеджановпен немесе басқа біреумен емес, Назарбаевпен күресемін. Өйткені бәрін тудырып отырған Назарбаевтың жеке билік режимінің саясаты.

Болат Әбіловтер біресе Тасмағамбетовпен, біресе Мұхамеджановпен шайқасады. Бұл да түр көрсету, күрескен болып көріну, шын күресетін болсаң Назарбаевпен күрес, егер олай жасай алмасаң – халықты алдама.

Менің барлық уақытта айтатын адамым – Назарбаев, өйткені бәрі соған барып тіреледі, Қазақстандағы ешбір саясат оны айналып өтпейді, егер біреу бір жерде бірдеңені бүлдірсе, соның тапсырмасымен немесе соның көз жұмып қарауымен іске асып жатыр, әйтпесе ол еш нәрсені назарынан тыс қалдырмай қарап отыр.

Назарбаевтың жеке билік режимі биліктен кетпейінше қарапайым халықтың, қазақтың мәселесі шешілмейді. Сондықтан оның әр жерге қойған адамдарын, көз қылып жасаған әрекеттерін биліктің саясаты өзгерді деп көрсету олар үшін жарнама, басқа түк те емес.

Біздің, яғни «Жаса Азаттық» қоғамдық бірлестігінің (бұл жерде «Алға» партиясына жасалған шабуылдан кейін оларға кесіріміз тимесін деп, «Алға Азаттықтың» атын өзгертіп қайта тіркеткенімізді мәлімет үшін айта кетейін) билікке қойған айқын талабы – Конституция бойынша Қазақстанның әрбір азаматтың жерге деген құқығын бер, осыны орында, орындамасаң орныңнан кет!

Екіншісі, биліктің кінәсінен осында келіп орналасқан Алатау ауданының тұрғындарының бәріне түгел құжаттарын қолына тапсыр.

Үшіншісі, «қызыл сызықта» орналасқан үйлердің иелерін көшірген кезде дұрыс үй бер немесе базар нарқымен үйінің өтемақысын төле.

Сонымен осы талаптарды қойып, орындатуға күш салған кезімізде бізге кедергілер көп болды, Шаңырақтан шыққан аты-жөнін ешкім білмейтін Зәуреш деген біреу біздің Алатау ауданындағы жүргізіп жатқан істерімізге биліктен бетер тосқауыл болып, жұмыстарымызды тоқтатып қойды.

Өкінішке қарай, айтуға тура келіп отыр, осы отырған Асылбек Қожахметов те билікке көмек көрсетіп, жарнама жасады, қазір де жарнама жасап отыр. Жеке меншікке құжат бер деген талапты қойған кезімізде «аренда» деген мәселені алып шығып, халықтың арасында биліктен бетер жұмыс жүргізген осы Асылбек Қожахметов.

Алатау ауданының әкімімен бірге тең төрағалықта осы мәселені шешетіндей болып жұмысшы тобын құрып, соның негізінде халықтың арасына арендаға ал деп үгіт жүргізген осы Асылбек Қожахметов пен оның адамдары, біз ақырында осылармен күресуге мәжбүр болдық.

Өйткені арендаға ауыстыру деген өзінің иелігіндегі жерден бас тарту деген сөз. Осыған біраз адамдар сеніп, алданып, жылап қалды. Ал осындай жағдайлар оппозицияның арасындағы ырың-жырыңға әкеліп соқты.

Бұлардың басының бірікпейтін себебі – оппозиция бар да, соған қосымша жалған оппозиция бар. Өкінішке қарай, оппозицияның атын жамылып, билікке көмек көрсетіп, халықты алдайтындар көп. Біз саясатта бұрыннан жүрген адамбыз ғой, олардың бәрін көріп-біліп отырмыз.

Ал енді жаңағы сот мәселесіне келсек, сот 9 ай бойы тергеуден бастап прокуратура мен соттың ісіне дейін жаппай заңсыздық негізінде
Қоғамдық қорғаушы Жасарал Қуанышәлин (ортада) залдағы орындарға отырып алған құқық органдарының қызметкерлерінен орынды айыпкерлердің сыртта қалған туыстарына босатуды талап етіп тұр. Алматы, 5 қазан 2007 жыл.
жүрді. Өйткені сот залында 25 Шаңырақтың қорғаушысы емес, 25 үкіметтің өкілі отыруы керек еді, сотталуға тиіс үкімет еді.

Себебі, тағы да қайталап айтамын, халықтың еш кінәсі жоқ. Құс екеш құс та ұясын бұзудан қорғайды, оның қасында бұлар саналы адамдар ғой, тұтқиылдан келіп тиіскен соң өздерін, баспаналарын қорғады.

Құдай алдындағы, заң алдындағы азаматтық құқығын орындағаны үшін 25 адамды соттады. Үйін, бала-шағасын қорғағаннан басқа кінәсі жоқ халықты соттаған бұл сот емес, фарс болды, бұл іс әлі аяқталған жоқ.

Сотталушылар орындығында Шаңырақ қасіретін жасаған Назарбаев, Тасмағамбетов, Мұхамеджанов, шабуыл жасаған топ, сол кездегі полицияның бастығы Оразалинев, соның орынбасарлары Бугаев, Самалихов, Жексенбеков, СОБР-ды бастап барған Қадырқожаев, сот орындаушыларды бастап барған Махмаханов, тергеу жүргізген Елубаев тағы басқалар отырып, тиісті жазасын алуы керек еді.

Олай болмады. Бұл режим тұрғанда ол болмайды да, мәселе осында. Ал ана 4 азамат Қазақстанның 4 түкпіріндегі түрмеде отыр көздері мөлдіреп. Олардың бар кінәсі – билікке қарсы шыққаны, биліктің бұларды осынша ауыр жазалуы «екінші бас көтерер болсаң...» деген доқ көрсету, ескерту, басқа түк те емес.

Ол жігіттерде ешқандай да заңдық жаза жоқ, олар саяси жазаланғандар, бұл саяси процесс болды. Куәлардың көрсетуі бар, бейнетаспаның материалдарынан да олардың ешқандай кінәсі дәлелденген жоқ. Адам өлтірмек түгілі, тіпті біреудің мұрнын бұзды деген кінәлары жоқ.

Жаңағы Әсет Бейсеновті өлтірген халық емес – билік! Тура мағынасында осылай өлтірді деп айтуға негіз бар. Сот кезінде куәлардың ішінде осыны көрсеткендер бар, халықтың арасында шаштарын тақырлатып алдырған шымыр денелі, бір-біріне ұқсайтын топ жүрді.

Қалай Әсет Бейсенов өртелді, олар да көліктеріне отырып кетіп қалды. Сол жерде қаптап жүрген полицияның да, тергеудің де, соттың да оларда шаруасы болған жоқ. Сондықтан да халықты айыпты етіп, өздерінің ізін жасыру үшін биліктің жасаған әрекеті деуге толық негіз бар.

«ШАҢЫРАҚ ІСІ БОЙЫНША СОТ ӘДІЛ ӨТПЕДІ»

Айсұлу Қадырбаева:

– Ертең сот үкім шығарады деген күні «Жас алаш» газеті қоғамдық қорғаушылар мен адвокаттар және басқаларды қатыстырып, үлкен құрамда дөңгелек үстел өткізіп, сот процесі қалай өткізіліп жатыр неге алып келуі мүмкін дегенді талқылады.

Сонда менің таң қалғаным, билік Шаңыраққа бас салуы мүмкін деп айқайлап, жаз бойы Болат Әбіловтің ақшасымен жұмыс істеп, тіркелмеген ұйым құрып, халықтың рухын көтерген Маржан Аспандиярова мен Рысбек Сәрсенбайұлы халық осындай жағдайға ұшыраған кезде, Әсеттің өртенер кезінде зым-қайым жоғалды. Бастаған істі аяғына жеткізуі керек еді, олар.

Шаңырақ ісі бойынша Алматы қалалық сотында жауапқа тартылғандар. 5 қазан 2007 жыл.
Шаңырақтықтармен бірге сотқа тартылудың орнына сотқа куә ретінде қатысты. Сол Рысбек Сәрсенбайұлы сот үкім шығарады деген күні дөңгелек үстел өткізіп, үкім шығарудың үш версиясын алып шықты. Соның біріншісі халық ызаланғаннан Әсетті өздері өртеп жіберуі мүмкін. Екінші органның халыққа жабу үшін жасаған әрекеті болуы мүмкін. Үшінші жаңағы Қуанышәлин айтып отырғандай, сырттан бір топ болуы мүмкін дегенді айтты.

Сонда біз шырылдадық, мен ол кісіге: 9 ай бойы сот халықтың еш қатысы жоғын анықтады емес пе, сіз неге 1 вариантыңызды бүгін талқылап отырсыз, мұны алып тастаңыз дедім, ертеңіне үкім шықты сол үкімде халық ашынғандықтан сондай әрекетке барды деген Рысбек Сәрсенбайұлы ұсынған жаңағы версия шықты.

Бұл алдын-ала билікпен келісу деген сөз. Халықтың санасын соған лайықтау деген сөз. Мен таң қалдым. Оппозицияның бірі ақты айтады, бірі ақ-қараны араластырып айтады, бірі мүлдем қараны ғана айтады. Қазір төрт жігіт түрмеде отыр. Оларға ең бірінші көмектесетін Маржан Аспандиряова мен Рысбек Сәрсенбайұлы болуы керек.

Жасарал Қуанышәлин:

– Түрмеде отырған төрт жігіттің жазасын жеңілдетіп немесе босату жөнінде хаттар жаздық. Оның ешбіріне билік жауап қайтарған жоқ. Олардың заңсыз әрі жазықсыз сотталғаны баршаға аян.

Оппозицияға келсек, бұлар да әрқилы. Кейбірі оппозицияның атын жамылып, билікпен ауыз жаласып, келісіп отырып жұмыс істейді. Рахат Әлиевтің кітабында солардың біразының бетпердесі ашылған. Болат Әбіловтің, Жармахан Тұяқбайдың есімдері аталған, бұл қазір айтылып та жүр.

Ал, «Шаңырақ» ісінде бастан-аяқ қолдау көрсетіп, осы істің басы-қасында болған жалғыз партия «Алға» партиясы. Халықпен жұмыс істеп отырған жалғыз партияда осы «Алға».

Қазір бұл партия түрмедегі төрт азаматқа да үнемі көмектесіп отыр. Басқа партиялар ешбірі саусағын қимылдатқан жоқ. Менің күмәнсіз айта алатын бір-ақ нәрсем бар: түрмедегі төрт азамат Нұрсұлтан Назарбаев қашан биліктен кетеді, сонда ғана бостандыққа шыға алады.


«БИЛІКТЕ ОТЫРМАҒАН СОҢ, ҚАНШАМА КЕРЕМЕТ БОЛСА ДА ОППОЗИЦИЯНЫҢ ҚОЛЫНАН ЕШНӘРСЕ КЕЛМЕЙДІ»

Амангелді Кеңшілікұлыұлы:

– Әңгіме барысында сізге билікпен ымыраға келіп, келісім жүргізеді деген сын айтылды. Бұған не дейсіз?

Асылбек Қожахметов:

– Демократиялық мемлекет болсын, авторитарлық мемлекет болсын қай кезде де барлығын тек қана мемлекет шешеді. Қанша керемет оппозиция болса да, оның қолынан ешнәрсе келмейді. Өйткені олар билікте емес.

Ал, мысалы, біз жерді заңдастырып, мынау сенің жекеменшік жерің деп қағаз берсек ол ешнәрсеге жарамайды. Ол заңды болуы үшін сол құжатта биліктің қолы тұруы керек. Ол үшіні билікпен келіссөз жүргізу қажет.

Биліктің өзіндік көзқарасы, өзіндің қатынасы бар. Билікке сен жамансың, сен жындысың, халықтың жерін дереу заңдастырып бер десең ол саған қолын бір сілтейді. Ол халыққа пайдалы емес.

Ал, енді 20 жыл қордаланған мәселені бір жылда және біржола шешу керек, біз әділміз деп кеудесін керген адамдар әлі сол қалпы жүр. Біз билікпен келісімге барғанда, «Шаңырақтағы» мәселені айтсақ, олар біз түсінеміз, бірақ мүмкіндік жоқ дейді.

Біз айтамыз: қандай мүмкіндік бар? Сөйтіп, олар биыл мың үйді заңдастырайық деп келіседі. Міне, осылайша, үш-төрт жылда «Шаңырақ» өз мәселесін бірте-бірте шешіп бітеді. Бұрынғы қала әкімі «Шаңырақтағыларды» әлеуметтік ауйтсайдерлер деп мүлдем көз қырын салмаса, қазіргі әкім өзіміздің қарагөзіміз деп отыр.

Оның үстіне «Нұр Отан» сайлаудың алдында «Шаңырақ» туралы жақсы үндеу қабылдады. «Нұр Отанға» тек осы өз үндеулеріңе қолдау көрсетіңдер десе жеткілікті. «Шаңыраққа» байланысты жүйелі іс жоқ. Бірақ, сең орнынан қозғалғандай. Енді биліктің бүгінгі ісін пайдалана отырып, шаруаны жүйеге түсіру керек.

Түрмедегі азаматтарды ертең дереу босатсын деген айғайға басқан адамдардарға мен қосылам, бірақ ондай мүмкіндік бар ма? Жоқ. Өйткені, бүгінгі саяси жүйе үстемдік етіп тұрған кезде олардың босауы нейғайбыл.

Және сот бұл істі қайта қарап, оларды бірден ақтап, босатады дегенге мен өз басым сенбеймін. «Шаңырақ» ісінде екі жалған куәгер болған. Осы жалған куәгерлер төрт азаматтың жазасын жеңілдетуге көмектесер еді.

Біз осыған байланысты бас прокуратураға хат жаздық. Жауап келген жоқ. Жауап түгілі мән берген жоқ. Ал, рақымшылық жасалса, мүмкін соған іліктіру шарасына жұмыс істеу керек.

Бірақ егер парламент сайлауы болатын болса, билік өзін жақсы жағынан көрсету үшін белгілі бір қадамдарға баруы мүмкін. Міне, дәл сол кезде түрмедегі азаматтардың мәселесін қайта көтеріп, жұмыс жасау қажет.

Айсұлу Қадырбаева:

– Менің қосатыным бар. Мына өзі біз терезесі тең мықты мемлекеттің қатарына қосыламыз деп отырған елміз ғой. Ендеше, біздің азаматтарымыз сауатты, оқыған, мықты болуы керек қой. Сондай азаматтардан ел басына оздырамыз... Мемлекет билігіне дегенді айтып отырмын.

Ал енді Аскеңнің айтуына қарағанда, әлгі қалмақтың бір Арсалаң деген кейіпкері бар. «Бері құла десең, әрі құлайды, әрі құла десең, бері құлайды». Билікті Асекең соларға теңейді. Билік – билік болуы керек. Биліктің қолында заң бар, білім бар. Заңның тұтқасын ұстап отыр.

Сондықтан қысым жасап, олардың көзін барлық мәселеге жеткізіп, оппозицияның қолынан келетіні сол бір кісідей, бір жұдырықтай жұмыла отырып, оған талап қоятын болса, халықтың дегені сонда болады. Ал енді оған жалпаштану арқылы, жаңбыр-жаңбырдың арасымен қиқақтап-сиқақтап өту арқылы дегеніңді жасата алмайсың. Иттің өзі қорыққанын қабады.

Жасарал Қуанышәлі:

– Осыған орай, мен де Асекеңнің пікірімен түбегейлі келіспеймін. Билікпен олай жұмыс істеуге болмайды. Әукесінен сипасаң ол жақсы болады екен де, өйтпесең тапырақтайды екен. Ол не қылған билік? Билік болса өз орнында мәселені неге шешпейді? 20 жыл бойы жинақталған мәселені біз неге енді 20 жыл шешуіміз керек? Халық неге сорлау керек? Неге?

Медеу, Бутаковканы бір сәтте шешеді де, мынаны бір сәтте шешпейді. Неге Асылбек бір сәтте шешуге болмайды дейді. Болатынын көрсетті билік, президент. Егер олар олай етпесе мен бұлай деп айта алмас едім. Егер билік Медеу, Бутаковка мәселесін солай шешпесе маған қиын болар еді әлгі мәселені айту. Президент солай жасады.

Билікте отырғандар мен қалтасы қалыңдар үшін жасады. Қарапайым халық үшін жасамай отыр. Екінші мәселе, қазіргі биліктің беріп отырғаны жалаң уәде. Халық тойып болды. Жақында ғана Оңтүстік Қазақстан және Жамбыл облысын екі апта аралап қайттым. Халық титықтап шаршап отыр.

Халық ешнәрсеге де, билікке де оппозицияға да сенбейді. Тек біраз әңгімеден кейін ғана еңсесін түзеп сене бастайды.

Амангелді Кеңшілікұлы:

Қалай дегенмен биліктің де еңкейгенге еңкейетіні, шалқайғанға шалқайтын мінезі бар емес пе? Бәлкім осындай ұлттың тағдырына қатысты сын сағатта билікке қатысы өкпемізді қоя тұрып, бұл мәселені шешудің жолын бірлесіп ойластырғанымыз абзал шығар. Билікпен үнемі керісе бермей, осы мәселені шешудің жолын қарастырып көрдіңіздер ме?

Жасарал Қуанышәлі:

– Жоқ қой. Егер ондай жол болса, біз ақымақ емеспіз ғой. Біз талай талаптандық қой. Тек олардың ыңғайына жығылсаң ғана, олар сенімен сөйлеседі, басқа жағдайда сөйлеспейді олар сенімен.

Айсұлу Қадырбаева:

– Мен бұған қарсымын. Билік еңкейесің, басыңды аяғыңа жеткізіп, тағзым етесің, сондай жағдайда отырса халық, билікті қолымда ұстап отырамын дейді. Ол еңкейгенге еңкейіп, шалқайғанға шалқаймайды. Тек еңкею керек оларға. .

Жасарал Қуанышәлі:

– Сондықтан, биліктен ештеңе шықпайды. Икемге келмейді. Көзіміз әбден жеткен соң айтамыз. Өтіп жатқан сайлаудың барлығы заңсыз. Сондықтан күрес тактикасы өзгеру керек. Биліктің өздері үшін жасап қойған заңдарымен, ережелерімен жұмыс істеуге болмайды. Оның уақыты өтті. Қазіргі тірлік басқаша болуы керек.

Қазіргі біздің тірлігіміз – күш біріктіріп, осы билікті кетіру бағытында жұмыс істеу керек. Оның жасыратын ешнәрсесі жоқ... Қазір Қазақстандағы айқын ұран: «Назарбаевсыз Қазақстан» ұранын жүзеге асыру керек. Басқаның бәрі өзіңді-өзің, халықты алдау болып шығады. Мен осы Шаңырақ оқиғасының үш жылдығына арнап кітап шығардым. Жаңағы айтқан сот процесінен «Республика» газетінің басшылары маған өтініш қылып, мен апта сайын жазып тұрдым, 9 ай бойы шығып тұрды. Шашылып қалмасын деп, кітап қылып құрадым.

Амангелді Кеңшілікұлы:

Бұл әңгіме осымен тамамдалады деп ойламаймын. Азаттық радиосы кейін тағы да осы тақырыпқа оралуға әзір. Әңгіме барысында сын айтылған азаматтар мен билік өкілдері пікірін білдіргісі келсе, оларға да микрафон ұсынып, уәждерін тыңдауға дайынбыз. Азаттықтың шаңырағына келіп, ой бөліскендеріңізге көп-көп рахмет!

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG