Accessibility links

Табиғаттың дүлей күшімен бетпе-бет қалған ауылға облыс басшылары әлі ат ізін салған жоқ


Бірнеше күн толассыз жауған жауыннан Оңтүстік Қазақстан облысындағы Қазақстан ауылында мыңнан астам отбасының үй-жайлары, мектеп пен аурухана зардап шегіп, елдімекенде төтенше жағдай жарияланды. Облыстық биліктің қарасын көрмеген ауыл халқы табиғат апатымен бетпе-бет қалып отыр.

ҚАЗАҚСТАН АУЫЛЫНДА ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙ

Мамыр айының басынан бері үздіксіз жауған жауын Шардара ауданындағы бір жарым мыңға жуық отбасы өмір сүріп жатқан Қазақстан ауылының халқын әбігерге салды. Көктемнің алғашқы күнінен бастап толассыз жауған жауыннан кейін жалғасқан дауыл жығылғанға жұдырық болғандай.

Қазірдің өзінде елуге жуық отбасы басқа аумақтарға көшірілді. Апатпен жалғыз күрескен ауыл халқы әлі де дүние-мүліктерін тасып әлек. Арнайы комиссия қабырғасы жырылған 5 үйді тұруға жарамсыз деген қорытынды шығарған.

Солардың бірінде Қазақстан ауылының тұрғыны Гүлзира Лұқпанованың отбасы тұрып жатыр. Шиеттей бала-шағасымен басқа барар жері болмағандықтан, қабырғасы кез-келген сәтте опырылып түсуі мүмкін үйде үрей астында отыр.

– Мамыр басталғалы жауын-шашыннан көз аша алмай келеміз. Бір түннің ішінде су белшеден келді. Бірнеше күн бойы қатты дауыл тұрды. Шатырлар қирап, үйге су аға бастады. Көршілер көшіп кетті. Ал біздің барар жеріміз жоқ. Ағайын-туыс басқа қалада тұрады. Қазіргі кезде кімнің басына масыл болғың келеді дейсіз?! Амал жоқ, қарт әжеміз, бала-шағамен осында отырмыз, – дейді Гүлзира Лұқпанова.

Мамырдың 19-ына қараған түн ортасында қатты дауыл тұрып, сексенге тарта шаңырақтың шатырын қиратып кеткен.

Көліктері бары сол түні-ақ бала-шағасын бауырына қысып, қашқан. Ауыл ақсақалдары өңірдегі ең ыстық аудандардың бірінде жаз шығарда табиғаттың бұлайша тосын мінез танытуы бұрын-соңды болмаған дейді.

Өңірдегі жер асты суларының көтерілуінің арты табиғи жойқын күшке айналса керек деп топшылайды тұрғындар. Арық-атыздардың жылдар бойы күл-қоқысқа бітеліп қалуынан жағдай ушыға түскен.

СУ ЖҮЙЕСІН ЖАҢАРТУҒА ҚАРЖЫСЫ ЖОҚ АУЫЛҒА БАРУҒА ОБЛЫС БАСШЫЛЫҒЫ АСЫҒАР ЕМЕС

Қазақстан ауылы әкімінің орынбасары Талғат Ешанқұловтың айтуынша, Совет одағынан мұраға қалған 10 дренаждың істен шыққанына талай уақыт болыпты. Араға уақыт сала, олардың өзі талан-таражға түскен.

Жаңа жүйе тартуға бюджетте қаражаттың жоқтығы қолбайлау болған. Жергілікті құзырлы орган қызметкерлері әупірімдеп жүріп екі техниканың көмегімен шалшық суды тартып әлек. Бірақ, жер асты суының күші асып түсуде.

– Аурухана мен мектеп ауласындағы су әлі тартылмай жатыр. Бар болғаны екі техника жұмыс істеуде. Оның біреуі ГЭС-тікі де, екіншісі өрт сөндіру бекетінікі. Бұл, әрине, жеткіліксіз. Бірақ, қолда бары осы ғана. Әзірге апатқа қарсы өз күшімізбен күресіп жатырмыз, – деді ауыл әкімінің орынбасары Талғат Ешанқұлов Азаттық тілшісіне мамырдың 20-сы күні.

Ауыл тұрғындарының айтуынша, қанша күн өтсе де халық биліктің қарасын көрмеген. Су басқан аймаққа әлі облыс басшылығының табаны тимепті. Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің баспасөз-қызметі облыс әкімі Асқар Мырзахметов бастаған билік өкілдері Қазақстан ауылына алдағы сенбі-жексенбі күндері баруды жоспарлап отырғанын хабарлады.

Апаттан зардап шеккендерге төтенше жағдайлар жөніндегі комиссия мүшелері келіп кеткен. Тексеру қорытындысы бойынша олар шығын мөлшерін анықтамақ. Бұл жұмыстың қанша уақытқа созылары әзірге белгісіз.

Алғашқы болжам бойынша, нөсерлі жауын өңірдегі үш мыңға жуық егістік алқапты шайып кеткен. Оның жартысына жуығы мақта өсіретін алқап. Табиғаттың тосын мінез танытуынан сан соғып қалған диқандар шығынға белшеден батқанын айтуда. Олар егістік жұмыстарын қайтадан бастауға мәжбүр. Диқандар үкімет шығынның бір бөлігін болса да өтеп берсе деп үміттенеді.

Төлеби ауданы аумағындағы «Бадам» өзенінің тасу қаупі бар, ол маңындағы үш ауылды су басып кетуі мүмкін, дейді мамандар. Ал Оңтүстік Қазақстан «Гидрометеорология» орталығының қызметкерлері мамыр айының соңына дейін облыс аумағында нөсерлі жауын-шашын жалғасатын болады деп болжап отыр.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG