Accessibility links

Шымкенттегі мұсылмандар мазарында марқұмдарды жерлейтін алақандай жер жоқ


Жаңа зират жеріне кіре беріс қақпа. Шымкент, 4 тамыз 2009 жыл.

Жаңа зират жеріне кіре беріс қақпа. Шымкент, 4 тамыз 2009 жыл.

Жергілікті әкімшілік жаңадан салынатын зират орнына 100 гектар жерді бұдан 6 жыл бұрын бөлгенімен, оны қоршау жұмыстары әлі күнге дейін тоқтап тұр. Ал қалалық мәслихат оған арналған қаражат көлемін екі есе қысқартып тастады.


ЖАҢА ЗИРАТҚА ЖЕР БӨЛІНГЕНІМЕН, ҚАРЖЫ ҚЫСҚАРТЫЛҒАН


Шымкент қаласындағы өткен ғасырдың 40-шы жылдары ашылған ескі мазарда адам жерлейтін жер мүлдем қалмаған. Қаладан 5 шақырым жердегі «Мал базарының» жанында орналасқан жаңа зират пайдалануға әлі берілмей отыр. Оған жер бөлінгенімен орны қоршалмаған. Ол аз болғандай, қалалық мәслихат қаржыландыру көлемін 100 миллион теңгеден 40 миллионға қысқартып тастады.

Мұсылмандар зиратында жер қалмады деп дабыл қаққан «Арнайы қызмет көрсету бюросы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшылығы көмек сұрап жергілікті әкімшілікке талай рет хат жазғанымен, бұл мәселеге атқамінерлердің жанашырлық танытпай
Қаладағы мұсылмандар зиратында бос орын қалмады. Шымкент, 4 тамыз 2009 жыл.
отырғанын айтады. Жаңа зираттың жыры жетінші жылға жалғасып, бітпей келеді.

– Осыншама жылдан бері айтып та, жазып та шаршадық. Қаладағы мұсылмандар зиратында қазір адам қоятын жер жоқ. Бұл нағыз сұмдық қой. Жағдай оңалмаса, бір күні дау шығады. Совет кезінен келе жатқан талап бойынша бір адамды жерлеуге 6 шаршы метр жер ақысыз бөлінеді екен. Егер марқұмның құрметті атағы болса, онда жер көлемі екі есе артады. Біз қабір қазу жұмыстары мен қарауылдаумен айналысамыз. Жер бітті, әзірге күтудеміз, – дейді «Арнайы қызмет көрсету бюросы» ЖШС директорының орынбасары Ғани Бикеев.

Жаңа мұсылмандар зиратынының жобасы 2003 жылы әзірленген. Оның құрылыс жұмыстарын салу үшін жобада 103 миллион теңге бекітілген. Осыдан екі жыл бұрын тендер де өтіп, 6 миллион теңгеден астам қаражат бөлінген де.

Бірақ содан кейін қаржыландыру тоқтап, жұмыс басталмай жатып аяқсыз қалған. «Арнайы қызмет көрсету бюросы» ЖШС басшылығының айтуынша, жаңа мазардың құрылысы биылғы жылдың екінші жартысында басталуы керек еді. 3500 шаршы метр жердің 486-сы ғана қоршалған. Ал қалғаны сол бойы бітпей қалған. Шырақшылардың тұрағы да салынбаған.

Шілде айының басында болған Шымкент қалалық мәслихатының отырысында жалпы құрылысты қаржыландыру көлемі 103 миллионнан 40 миллионға дейін қысқарды. Шымкент қаласы бюджетін жоспарлау кезінде депутаттар осындай шешім қабылдады.

ҚАРЖЫ ДАҒДАРЫСЫ ЗИРАТ ЖОБАСЫНА ДА ӘСЕР ЕТТІ


Ескі зираттың сыртынан автокөлік жолы өтеді. Шымкент, 4 тамыз 2009 жыл.
Қалалық құрылыс бөлімі басшылығының айтуынша, қазір 2003 жылғы жоба қайта өңделуде. Олар ескі жобаға сәйкес, зират шетелдегідей болуы тиіс еді дегенді айтады. Әу баста түрлі-түсті шлакоблокпен қоршалады делінген зиратты енді темірмен қоршаған жөн деген ұйғаррым жасалды. Кіре берісіндегі дарбазасы да қайтадан жасалмақ.

– Қазір елімізде қаржы дағдарысы. Сондықтан құрылыс қысқартылды. Әр әкім келіп өзінше өзгертеді. Сосын да созылып келді бұл құрылыс. Тамыз айының соңында тендер өткізу жоспарда бар. Жыл соңына дейін қоршалып бітеді де, пайдалануға беріледі. Ендігі жылы қаражат бөлінсе, ішіне жол салу да жоспарда бар, – дейді қала әкімшілігі құрылыс бөлімі бастығының орынбасары Тәжібай Егетаев.

Жобаны өзгерту қалалық мәслихаттың отырысында қабылданған. Депутаттар қаржыны үнемдеу мақсатында шығын көлемін барынша азайтуды жөн деп тапты. Әзірге жаңа зираттың тек қоршауына қаражат табылып отыр.

«Арнайы қызмет көрсету бюросының» басшылығы марқұмдарды жазық далаға жерлеуге тура келетінін айтып отыр. Бүгінде қайтыс болған мұсылмандар Тельман елдімекенінің аумағына қарайтын зиратқа жерленуде. Бірақ оның да аумағы шексіз емес.

– Мұндай қиындықпен біз бірінші рет бетпе-бет келдік. Ең болмаса 20 гектар жерді дайындап берсе де, уақытша жетер еді. Бұл мәселені үнемі көтеріп тұру керек. Сол кезде ғана әйтеуір бір құлаққа жетер деген үміт бар, – дейді «Арнайы қызмет көрсету бюросы» ЖШС директорының орынбасары Ғани Бикеев.

Мұсылман зираты үшін бөлінген жер алты жыл бойы бос жатқандықтан, осыдан бір жылдай бұрын ол жерге жұрт өз бетімен баспана сала бастаған еді. Бірақ, ол туралы бұқаралық ақпарат құралдарындағы мақалалардан кейін жергілікті билік сот арқылы заңсыз құрылыстарды тоқтатқан-ды.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG