Accessibility links

Оңтүстік Қазақстандағы жетімдер ертеңгі күндеріне алаңдайды


Жетімдер үйінің түлектері, ерлі-зайыпты Ұлжан Шыныбекова мен Сергей Даншенов ұлдары Даниелмен бөлме жалдап тұрып жатыр. Шымкент, 2 ақпан 2010 жыл.

Жетімдер үйінің түлектері, ерлі-зайыпты Ұлжан Шыныбекова мен Сергей Даншенов ұлдары Даниелмен бөлме жалдап тұрып жатыр. Шымкент, 2 ақпан 2010 жыл.

Тағдырдың тәлкегімен балалар үйінде өскендерді бұлыңғыр болашағы толғандырады. Жетімдер үйінен кеткен соң өз күндерін өздері көретін жетім жандардың арасында тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіліп, ең бастысы, баспанаға қол жеткізген түлектер некен-саяқ.


ҰҚСАС ТАҒДЫРЛАР МЕКЕНІ

Ұлжан Шыныбекова ата-анасынан үш жасында жетім қалды. Ұлжан өзінің егізі Гүлжан және екеуінің інісі Нұржан үшеуімен бірге Оңтүстік Қазақстан облысы Сайрам ауданындағы балалар үйінде тәрбиеленген. Сол мекемеде кәмелеттік жасқа жеткенше болған олар 16 жасқа толғаннан кейін далада қалған.

– Тура сол кезде, яғни осыдан 6 жыл бұрын, бағымызға орай, Шымкент қаласында жасөспірімдер үйі ашылды, – дейді Ұлжан.

Ағайынды Шыныбековтер де сол мекемеден пана табады. Ұлжан мектептегі досы Сергеймен көңілі жарасып, отбасын құрған соң бөлек кетеді де, Гүлжан мен Нұржан жасөспірімдер үйінде қалады.
Гүлжанның жары Сергей де
Жетімдер үйінің түлегі Ұлжан Шыныбекова. Шымкент, 2 ақпан 2010 жыл.
жетімдер үйінің түлегі. Екеуі бірге арнайы орта білім алып шығады, нәрестелі болған соң қаладағы тұрғын үйлердің бірінен бөлме жалдайды.

– Біз айына 15 мың теңгеге бөлме жалдап тұрамыз. Мен жұмыссызбын. Жұбайымның да айлығы аз. Ал менің бауырларым ертең 23-ке толған соң далада қалады. Соған жүрегім ауырады. Біз үй сұрап жатқан жоқпыз. Ең болмаса, жер телімін алсақ та арманымыздың орындалғаны болар еді. Онда сол жерге үй салып алар едік. Мен бауырларымды өзіммен алып кетер едім. Ал мемлекеттен берілетін пәтерге кезекте тұрайын десек, қолымызда ата-анамыздың қайтыс болғаны туралы куәліктен басқа құжат жоқ. Олардың көзін көрген жоқпыз. Қалған құжаттарды қайдан іздейтінімізді де білмейміз, – деді Ұлжан Шыныбекова Азаттық тілшісіне.

Тауға өрмелеуші болып жұмыс істейтін Сергей өз жалақысы жанұясын асырауға зорға жететінін айтады. Алайда, басқа дос-жораларына қарағанда, жағдайы сәл де болса жақсырақ екенін мойындайды.

Өйткені дейді жігіт, жетімдер үйінен кейін далада қалатын қыз-жігіттер көше безіп, өз күнін өзі кешуге мәжбүр. Сергей жетімдер үйінен шыққандарға қоғамда теріс көзқарас қалыптасқандығын, жұмыс табудың қиындығын, олардың арасында қылмыстық ортаға түсіп қалатындардың жиі кездесетінін айтады.

– Менің талай достарым балалар үйінен кеткен соң далада қаңғып қалды. Жұмыс жоқ. «Жетім, артында қорғаушысы жоқ» деп, жұмыс беруші жалақыны да дұрыс бермейді. Тек жалданбалы жұмыс істеуге мәжбүрміз. Құрылыста жұмысшы болып, сол жерде түнеп жүргендері де бар. Ұрлық-қарлықпен күн көретіндері де бар. Түрмеге түскендері қаншама. Қылмыс жасау – олар үшін соңғы шара. Жетімнің де қарны ашады ғой, – дейді Сергей Даншенов.

Ұлжанды биыл 23 жасқа толғаннан кейін жасөспірімдер үйін тастап кетуі тиіс екі бауырының тағдыры алаңдатады. Оның айтуынша, балалар үйінен шыққан жастарға арналған уақытша баспанада тұратындардың барлығы үшін алдағы уақытта қайдан баспана табу – ең негізгі әрі қорқынышты мәселе.

– Менің екі бауырым ертең 23 жасқа келгенде тағы да далада қалмақ.. Оларды, әрине, біз өзімізбен бірге алып кетеміз. Бірақ бұл біз үшін де ауыр тиеді ғой. Осында қаншама жас күн санап жүр. Жастары 23-ке жақындаған сайын үрей қысып, қайда барып пана табатындарын білмей қиналады. Біз ешкімге керек емес сияқтымыз. Осы мәселені жергілікті билікте отырғандар бір сәт болса да ойлап көрсе екен, – дейді жетімдер үйінің түлегі Ұлжан Шыныбекова.

ЧЕМПИОННЫҢ ТАҒДЫРЫ

Ауыр атлетикадан Қазақстан чемпионы Маргарита Черезова да күн санап көкейіндегі қорқынышының ұлғайып келе жатқанын айтады. Оның екі ағасы – Женя мен Сергей былтырдан былтырдан бері көрінген жерді паналап күн кешуде. Олар құрылыста жұмыс істеп, сол жерде түнеуге мәжбүр.

Ата-ананың қамқорынсыз қалған жастар ес білгелі жетімдер үйінде тәрбиеленген. Екі ағасы орта білім алған, қазір жалданбалы жұмысшы
Ауыр атлетикадан Қазақстан чемпионы, балалар үйінің түлегі Маргарита Черезова жасөспірімдер үйінде. Шымкент, 2 ақпан, 2010 жыл.
болып істейді. Ал Рита спортта үлкен жетістіктерге қол жеткізіп, өз күшімен жоғары оқу орнына түседі.

– Менің алтын, күміс медаль таққанымды қайтейін, халықаралық дәрежедегі шебер атағын арқалағанымның не пайдасы бар? Екі ағам да үй-күйсіз дала безіп жүр. Өзім де бүгін-ертең солардың қатарына қосыламын. Бапкерлерім де жағдайымды біледі. Бірақ ешкім көмек бере алмайды. Жоғары оқуға түспей тұрғанда жаттығудан кейін жұмыс істейтін едім. Қазір оған уақыт жоқ. Тірнектеп ақша жинасақ та оған баспана сатып алу мүмкін емес, – дейді Маргарита Черезова.

Оның үстіне қазіргі қолданыстағы әлеуметтік тұрғын үй алу үшін жетім балаларға жас шамасына қойылатын талаптар да қолбайлау болып отырғанын айтады. Заңға сәйкес, жетімдер үйінің түлектері тек 23 жасқа дейін ғана мемлекеттік қордан берілетін баспанадан үміттене алады.

Осы шектеудің кесірінен талай жас баспанаға қол жеткізе алмай қалады. Өйткені, «жасың асып кетті» деген желеумен, жетім балалар жалпы кезектегі тізімге қосылады, дейді жасөспірімдер үйінің тәрбиеленушілері.

– Бізде бірнеше бала кезекке тұрмақ болған. Сөйтсе, оларға жастарың асып кетті депті. Негізі оған дейін заң бойынша басқа деп естіп едік. Ешкім бізге жөндеп түсіндірмейді де. Негізі, өз құқымызды өзіміз білмей, күн кешіп жатқан жайымыз бар, – дейді жас чемпион Маргарита Черезова.

ЖЫЛТ ЕТІП СӨНГЕН ҮМІТ

Шыныбековтер мен Черезовтерге тағдыры ұқсас 158 бала қазіргі кезде Шымкент қаласында осыдан алты жыл бұрын ашылған жасөспірімдер үйінде күн кешіп жатыр.

Жыл сайын осы мекемеден 30-ға жуық тәрбиеленуші үлкен өмірге жолдама алады. Олардың арасында ата-анасынан мұраға үй қалғандар
Сарбиназ Сүлейменова, Шымкент қаласындағы «Жасөспірімдер үйінің» директоры. 2 ақпан 2010 жыл.
саусақпен санарлық екен. Кейде алыс-жақын туыстары сатып жіберген пәтер иелерімен соттасуға да барамыз, дейді орталық директоры Сарбиназ Сүлейменова.

Директордың айтуынша, жетімдер үйінен кейін балалар үшін өмірге, қоғамға бейімделу жағы айтарлықтай қиындық тудырады. Олардың көңілінде үрей ұялататын бір мәселе осы. Жетімдер үйінен кейін уақытша бейімделу орталығының ашылуына да бірден бір себеп осы мәселе болса керек.

16 жасқа дейін бекітілген бір жүйемен өмір сүретіндіктен, орталыққа келген жастар өз бетінше өмір сүруге дағдыланады. Ал сосын жаңа өмірге аяқ басуға тура келеді. Ол кезде өмірдің қиындығынан түңіліп кететіндер де кездеседі екен.

– Балалардың басым бөлігінің арнайы орта білімдері бар. Жоғары оқу орнында оқитындар да жоқ емес. Онсыз да ата-ананың жылы алақанын көрмей өскен олар, өсе келе, бар қиындықпен бетпе-бет күресуге мәжбүр. Балалардың өмірге деген құштарлығы басым. Көз жастарын көрсеткілері келмейді. Олар мемлекет қамқорлығына мұқтаж. Бәріне бірдей үй бер демейміз, бірақ жер телімі таратылса, бірлесіп көтерер еді. Олар өте ұйымшыл, – деді Шымкент қаласындағы «Жасөспірімдер орталығының» директоры Сарбиназ Сүлейменова Азаттық радиосына.

Осыдан төрт жыл бұрын Шымкент қаласының сыртында бой көтерген «Достық» мөлтек ауданында бірнеше жаңа үй қайырымдылық жасаушылардың арқасында соғылған болатын. Әлеуметтік жағынан аз қамтылған, баспанасы жоқ отбасыларға арналған сол үйлерден «Жасөспірімдер орталығының» 34 тәрбиеленушісіне 14 үй берілген еді.

ЖАНЫ АШЫҒАН БИЛІКТІҢ БЕРЕРІ ЖОҚ

Алайда, сол жолғы бір реттік шарадан кейін, жетімдер үйіндегі қалған балалар үшін баспаналы болу орындалмас арманға айналғандай. Шымкент қаласының қазіргі басшылығы төрт жыл бұрынғы шараның жалғасын табатынына сенімсіз.

Әйтсе де, қала билігі тұрмысы төмен отбасыларына арнап жатақхана соғу мәселесі шешімін тауып қалуы мүмкін екенін айтады. Бірақ бұл жобаның қашан, қалай жүзеге асатыны әзірге беймәлім.

– Бұл мәселе тек біздің өңірде ғана емес, барлық аумақта да аса өзекті. Әсіресе, қаланы аралау шаралары кезінде ол балаларға жиі жолығамыз. Көздеріне қарауға ұялатыным рас. Бірақ, көмек беруге қол қысқа. Бюджетте ақша қаралмаған. Балалар үйінің түлектері үшін арнайы жеңілдік те жоқ. Пәтер мен жерді де кезекпен ғана бере аламыз. Оның өзі мәселені шешеді деп айту қиын. Үй салудың өзі оңай шаруа емес, – дейді Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Ерғали Білісбеков.

Шенеуніктің айтуынша, егер үкімет қолдап, алдағы жылдардың бюджетіне енетін болса ғана әлеуметтік баспана салу мәселесі шешуге болады. Бірақ әзірге үкіметтің жоспарында ондай мақсатқа қаржы қарастырылмаған.

Бүгінгі таңда Оңтүстік Қазақстан облысындағы жетімдер үйінде 809 бала тәрбиеленуде. Олардың 559-ы тұлдыр жетім.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG