Accessibility links

Шымкент қаласындағы ірі базарлардың бірінің үштен бір бөлігі өртеніп кетті


Өртке қарсы қызмет өкілдері "Самал" сауда базарындағы өртті сөндіру кезінде. Шымкент, 27 сәуір 2009 ж.

Өртке қарсы қызмет өкілдері "Самал" сауда базарындағы өртті сөндіру кезінде. Шымкент, 27 сәуір 2009 ж.

Дүйсенбі күні жалынның құшағына оранып, күлі көкке ұшқан «Самал» сауда кешенінде өрттің неден тұтанғаны әзірге белгісіз. Бірақ, бүкіл тауары жанып кеткен базар саудагерлері бұл өрттің қасақана жасалуы мүмкін деп күдіктенеді.

Сәуірдің 27-і күні Шымкент қаласының солтүстік-батысында орналасқан «Самал» базарында күндізге сағат 11-лер шамасында өрт шықты. Ашылғанына бірер жыл ғана болған сауда кешеніндегі 5 мың шаршы метрден астам жер лезде лап етіп жанып кетті. Саудагерлер қоймада сақтаулы тұрған барлық тауарларынан айырылды. Алдын-ала есептеулер бойынша, тілсіз жау миллиардтаған теңгенің шығынын әкелгені айтылып отыр.

Өрт аяқ-киім, кілем және халық тұтынатын тауарлар сататын 500 орынға есептелген екі қабатты ірі кешенді жалмады. Сан соғып қалған мыңдаған саудагердің қоймада сақтаулы тұрған тауарлары жанып кетті. Бар мүлкінен айырылған азаматтар, әзірге ешкімнен жөнді жауап ала алмауда.

– Қоймада кемінде 150-200 мың теңгенің аяқ-киімі сақтаулы еді. Менің бір басымда бірнеше несие қарызым бар. Бұл жерде жұмыс істеп жүрген халықтың барлығы қарызға банктен ақша алып жүргендер. Көбі үйлерін кепілдікке қойып, ақша алған. Енді қалай күн көреміз? Біздің өртеніп кеткен тауарымыздың шығынын кім өтейді? Базар әкімшілігіндегілер ертең базар сыртынан жер береміз дейді. Сонда ол жерде біз не сатуымыз керек, бар байлығымыз жанып кетті, – деп қапаланады Эльза Сарсекова есімді кәсіпкер.

Ал базардағы 2 кілем дүкенінің иесі Арман Бұйрабаев халінің тіпті мүшкіл екенін айтады. Әр дүкенінде 100 мың АҚШ долларына астам сомаға бағаланатын тауар қалған азаматтың бар жиған-тергенін өрт алып кеткен. Ол бұл өртті біреулер әдейі тұтауы мүмкін деген күдігін де жасырмайды.

– Өрттің дәл базар демалған күні болғаны тегін емес. Ол жағын заң органдары анықтай жатар. Осында бірнеше бос бензин ыдыстары табылды деп естідім. Егер қаншама халықтың көз жасын мойнына алғандар болса, ұсталуы керек. Мен жақында ғана тауардың жаңа партиясын алып келген едім. Екі дүкенімде 300 мың доллардың кілемі жанып кетті. Қазіргі дағдарыста оның барлығын қайтару жағы, қиын болары белгілі, – дейді кәсіпкер.

Оңтүстік Қазақстан облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменті бастығының орынбасары Асылбек Бекжігітовтің айтуынша, әзірге өрттің себептері белгісіз қалып отыр:

– Өрт туралы хабар сағат 11-ден 16 минут өткенде түсті. Оқиға орнына барлық құзырлы орган қызметкерлері шұғыл жетті. Жалыны 5 мың шаршы метрден астам аумақты шарпыған өртті ауыздықтауға облыстың үш ауданынан техника жұмылдырылды. Өрт базар жабық кезде болғандықтан адам шығыны жоқ. Өрттің шығу себептерін полиция анықтайтын болады

Саудагерлердің айтуынша, олардың басым бөлігі базар басшыларымен келісім шартқа отырмаған. Сауда орнын сатып аларда, оларды бар болғаны әкімшілік өкілдері кітапшаға тіркеумен шектелген. Жапа шеккен азаматтар өз шығындарын қайтара алмай қалуымыз мүмкін деп шырылдайды.

Оқиға орнында жиналған саудагерлер өрт сөндіру қызметінің жұмысының шалалығын айтуда. Олар өртке бос келіп, су алып келеміз деп оралып жатты дейді, зардап шеккендер.

Ресми ақпарат бойынша, өрт сағат 15.40-та сөндірілген.
XS
SM
MD
LG