Accessibility links

Шымкенттегі ВИЧ індетін жұқтырған балалар өздерінің дерті жайлы біле бастады


«Ана мен бала» жұқпалы аурулардың алдын алу және емдеу орталығында ем қабылдап жатқан ВИЧ жұқтырған балалар. Шымкент, 1 шілде 2009 ж.

«Ана мен бала» жұқпалы аурулардың алдын алу және емдеу орталығында ем қабылдап жатқан ВИЧ жұқтырған балалар. Шымкент, 1 шілде 2009 ж.

Оңтүстік Қазақстанда ВИЧ инфекциясын жұқтырған балалар өздері шалдыққан дерт жайлы ақ халаттылардың аузынан естіді. Бұл үшін бірнеше сала мамандары бірігіп, науқас баланың жанұясымен де арнайы жұмыстар жүргізуде.

«ҚОҒАМ БІЗДІ ҚАБЫЛДАР ЕМЕС»

Бес жасар Жарастың анасы ұлының қауіпті індеттен ертерек хабардар болғанын қалайды. Бірақ, қазіргі кезде қоғамда бұл дертке шалдыққан жандарға үрке қараушылық басым болғандықтан, кеселге шалдыққан ұлын өзгелер қабылдамай, сыртқа тебе ме деп те қауіптенеді. Пневмония диагнозымен бірнеше рет қалалық ауруханада жатып шыққан сәбиінің ВИЧ инфекциясын сонда жұқтырғанын айтады жас ана.

Сәуле, ВИЧ инфекциясын жұқтырған сәбидің анасы. Шымкент, 1 шілде 2009 ж.
– Менің ұлыма ВИЧ дерті 1 жас 8 айында қан арқылы жұққан. Кішкентайынан көп ауыратын. Ол өзінің статусы жайлы ертерек білгені дұрыс. Бірақ, қоғам бізді қабылдар емес. Біздің отбасымызда бұл туралы тіпті жақын ағайындарға тіс жармадық. Балам балабақшаға барады. Қазіргі балалар өте қатігез. Ертең ұлымның көзіне шұқып жүргенін қаламаймын. Сондықтан, бұны баланың өзі білгені дұрыс, әйткенмен, шындығы керек, бұған әзір өзім де дайын емеспін, – дейді Сәуле.

Науқас жандардан өзгелердің оқшауланып, өгей көзқарас танытуы – баласы айықпас дертке шалдыққан ауылдық жерлерде тұратын отбасылар үшін жығылған үстіне жұдырық болып тиіп отыр дейді мамандар дәрігерлер.

– Ауылдарда ВИЧ жұқтырғанын естіп бір моншаға шомылудан бас тартқан оқиғалар да болды. Тағы бір отбасының дүкенінің есігін ешкім ашпай қойған. Бұл – қоғам дерті. Бүгінде онымен күрес әлі де ақсап тұр, – дейді Шымкенттегі «Ана мен бала» жұқпалы аурулардың алдын алу және емдеу орталығының бас дәрігері Еркін Құлманбетов.

Науқас балалар өздерінің ВИЧ инфекциясын жұқтырғандары жайлы міндетті түрде білулері керек, әлемдік медицина талабы солай дейді денсаулық сақтау саласының басшылары. Бірақ бұл жайтқа қоғамның әлі толық дайын еместігі кедергі болуда.

– Бізде ВИЧ дертіне шалдыққанын білсе жұмысқа қабылдамау, бала-бақшаға алмау секілді фактілер болды. Талай отбасы шайқалды. Жағдайды түзеу үшін ең алдымен қоғамның көзқарасын өзгертуге күш салуымыз қажет. Бала үшін өз статусын білу өте ауыр жайт, дегенмен оның білгені дұрыс. Әрине, оған жылдап дайындалу керек. Оның үстіне, кей жағдайда ондайға ата-ананың өзі де дайын емес болып жатады. Олар бізден «баламыз ең болмаса осы жаздық демалысты бақытты болып өткізсінші» деп өтінеді. Бұл – бұрыс пікір. 12 жасқа дейін науқас өз статусы туралы білуге міндетті, – дейді Оңтүстік Қазақстан облыстық денсаулық сақтау департаменті бастығының орынбасары Ержан Өтеулиев.

Шілде айының басында шымкенттік дәрігерлер ВИЧ дертіне шалдыққан үш сәбиге олардың осы індетпен өмір сүріп жатқаны жайлы жеткізді. Әр балаға ВИЧ инфекциясына шалдығуына оның кінәсі жоқтығы, алдағы өмірінде осы дертпен қалай өткізетіні, ем алып, дертке қарсы күресу туралы айтылды.

Мамандар бұл істе инфекция жұқтырған сәбидің ата-анасының жәрдемі өте маңызды екендігін айтады. Ата-анамен қатар психологтар мен дәрігерлерге талай тер төгуге тура келген. Ең алдымен, бұл саладағы тәжірибенің жоқтығы бөгет болды дейді дәрігерлер.

ЕМХАНАДАН ЖҰҚҚАН ҚАСІРЕТ


Бұдан үш жыл бұрын Оңтүстік Қазақстан облысында ВИЧ індетіне шалдыққан алғашқы бүлдіршіндер анықталды. Кейіннен емдеу мекемелерінде қан құю кезінде балалардың жаппай осы дертті жұқтырғаны мәлім болып, бүкіл елді дүрліктірді.

Қан құю кезінде ВИЧ инфекциясын жұқтырған 149 баланың 11-інің өмірі қыршыннан қиылды. Бір баланы шетелдік отбасы асырап алған, ал қалғандары елде.

Еркін Құлманбетов, «Ана мен бала» жұқпалы аурулардың алдын алу және емдеу орталығының бас дәрігері. 1 шілде 2009 ж.
Оңтүстік Қазақстанда ВИЧ дертіне шалдыққан балаларды емдеу ісі үшін арнаулы мамандарды алыс-жақын шетелдерден арнайы шақыртып, жергілікті дәрігерлерді шетелге оқуға жіберіп алған. Бұл мақсатқа 100 миллион теңгеден астам қаражат жұмсалыпты. Осы кезге дейін 88 дәрігер шетелге барып біліктілігін арттырып келген.

– Балалардың денсаулығы бірқалыпты. 116 бала АРВ терапия қабылдауда. Оның ішінде 21 сәби 3 жыл бойы үздіксіз емделумен келеді. Олардың көбі туғаннан жүрек, сал, ішкі құрылыстардың аномалиясы секілді тума ауруларға шалдыққандар. Кеселді жұқтырар бұрын сан рет ауруханаға жатып шыққан. Иммунитеттері төмен. Қазір екі бала жансақтау бөлімінде жатыр, – дейді Шымкенттегі «Ана мен бала» жұқпалы аурулардың алдын алу және емдеу орталығының бас дәрігері Еркін Құлманбетов.

Бүгінде өңірдегі денсаулық сақтау саласына бөлінетін қаражат екі есе көбейіп, 40 миллард теңгеге жеткен.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG