Accessibility links

ВИЧ дертін әтірмен емдемек болған тәуіпке жүгінген науқастар өлім аузынан қалды


Шымкенттегі «Ана мен бала» жұқпалы аурулардың алдын алу және емдеу орталығы. Шілде, 2009 жыл.
Шымкенттегі «Ана мен бала» жұқпалы аурулардың алдын алу және емдеу орталығы. Шілде, 2009 жыл.

Шымкентте тылсым күш арқылы «доңыз тұмауы» мен ВИЧ дертінің емін таптым деген тәуіпке қаралған науқастар аурухананың жансақтау бөлімінен бір-ақ шықты. Олардың тамырына әтір жіберіп «емдемек» болған тәуіптің ісімен құзырлы органдар айналысуда.

СОҢҒЫ ҮМІТ...

Оңтүстік Қазақстан облысында «ғасыр індетін» иіссумен емдеген тәуіптің емінен кейін екі науқас ауыр халде ауруханаға түсті. Төле би ауданында тұратын емші 7 жасар қыз бен 34 жастағы әйелдің тамырына әтір салып емдеп, ВИЧ инфекциясынан жазбақшы болыпты. Бір апта бойы жансақтау бөлімінде жатқан науқас жандардың беті бүгін ғана бері қарады. Дәрігерлер оларды алаяқтың арбауына түскен дейді.

Кішкентай Сая осыдан үш жыл бұрын Оңтүстік Қазақстан облысында ауруханада жатып ВИЧ індетін жұқтырған балалардың бірі. Тағдырдың бұл тәлкегі аз болғандай, дерт жұқтырған сәбиден үй-іші сырт айналған соң, бейкүнә баласын бауырына басып жас ана далада қалады.

Жергілікті «Замана» газетінде жарық көрген Төлеби ауданының тұрғыны Бейне Қаржаубаеваның тылсым күштің көмегімен «доңыз тұмауы» мен ВИЧ ауруларының емін тапқаны жайлы жазылған мақаладан кейін жеті жасар Саяның анасы үмітін арқалап емшіге келеді. Тәуіп оның қызын емдеп беруге келіседі. Бірақ алдын-ала, оған өз еркімен келгені жөнінде қолхат жаздырып алады.

Осылайша, 29 маусымнан бастап, олар «ем» қабылдауды бастайды.

– Емшіге ВИЧ инфекциясын баласы арқылы жұқтырған ана да барған. Тәуіп гипнозбен оларды шыркөбелек айналдырса керек. Екеуі де қолхат жазып берген. Мұсылмандардың арнайы дүкеніне барып, 3 мың теңге мен 7 мың теңгеге әтір сатып алған. Сосын соны медбике жалдап, тамырынан салдырған. Талай қаражатты ысырап еткені былай тұрсын, бір өлімнен қалды ғой. Бұл нағыз қылмыс, – деп есептейді Оңтүстік Қазақстан облыстық балаларды СПИД-тен қорғау қорының президенті Жаннета Жазықбаева.

ДОҢЫЗ ТҰМАУЫ МЕН ВИЧ ДЕРТІНІҢ ЖҰМБАҚ «ЕМІ»

Емшіге барған 34 жастағы әйел ВИЧ дертін емшектегі баласы арқылы жұқтырған екен. Шаңырағы шайқалып, отбасынан қудаланған ана емшінің емімен айығып кететіне үміттеніпті.

Баласы ауруханада емделіп жатқан әйел, тәуіпке алдымен өзі көрінуге бел буған. Екі науқас та тәуіптің сөзін жерге тастамай, 18 күн бойы ем қабылдайды. Осы арада ол екеуі де, емшінің бұйрығымен, СПИД-ке қарсы АРВ-терапия емінен өз еріктерімен бас тартады.

– Онсыз да өмірден түңіліп жүрген жандарды бұлайша қорлау, кешірілмес күнә. Біз бұл қылмысты жауапсыз қалдырмаймыз. Облыстық прокуратура мен облыстық медициналық қызметтің сапасын тексеру басқармасына шағым жаздық. Заңсыз, рұқсат құжатсыз емдеген тәуіпті қылмыстық жазаға тарту үшін бар күшімізді саламыз. Мені таң қалдырғаны – әтірді тамырдан салуға келіскен медбикенің жауапсыздығы. Аурудан қажыған аналардың халі түсінікті делік, ал бейберекеттік танытқан ақ халатты жанның бұл әрекеті мүлдем ақылға симайды, – дейді ОҚО балаларды СПИД-тен қорғау қорының президенті Жаннета Жазықбаева.

Тәуіптің «емін» қабылдай бастағаннан-ақ әлсіреп, ыстықтары көтеріліп, ауру жандарына батса да әлгі екі науқас тәуіптің сөзіне сеніп, емді жалғастыра берген көрінеді. Оларға өзінің ғарыш әлемімен тығыз байланыста екенін айтқан тәуіп науқастарға «әтір қанға түскенде вирусты өлтіреді» деп түсіндіріпті.

– Емші оларды қорқытып қойған. Ата-аналар маған келгеннен кейін соны білдім. «Маған жоғарыдан, космостан әтірді қай уақытта, қанша салу керек екенін құлағыма сыбырлап айтады» депті емші. Бұл нағыз алаяқтық қой. Тәуіп 18 күн емінен кейін, үш адам болып 7 жасар қыздың үйіне келеді. Сөйтіп, Бейне Қаржаубаева бақылау екпесін салу керек деп келіп, қызды шыңғыртып тұрып қосымша 3 күн ине салған. Содан кейін қыз ес-түссіз құлайды. Емші спирт вирусты жояды дейді, ал менің білуімше, мұсылман дүкенінде сатылатын әтірге спирт қосылмайды, – дейді Жаннета Жазықбаева.

«ӘТІР ДӘРІ БОЛМАЙДЫ»

Қыркүйектің 16-сы күні әбден мазасы кетіп, денесінің ыстығы қатты көтерілген кішкене қыз аурухананың жансақтау бөлімінен бір-ақ шығады. Ауыр халде жеткізілген Саяның иіссу қабылдаған оң қолы қарайып, ісіп кеткен екен. Шұғыл түрде емдеу шаралары көрсетілген науқас осы уақытқа дейін жансақтау бөлімінде болып, тек бүгін ғана өз-өзіне келе бастаған.

Еркін Құлманбетов, Шымкенттегі «Ана мен бала» жұқпалы аурулардың алдын алу және емдеу орталығының бас дәрігері.
– Оған әтір салыпты. Көлемін тәуіптің талабымен 0,5 мл. бастап, өсіре берген. Анасының айтуынша, әр укол сайын баланың халі нашарлай берген. Енді ғана науқас есін жиіп, беті бері қарады. Бұл осымен екінші жағдай. Тәуіптердің көмегіне жүгініп, баласынан айрылып қала жаздаған ата-ана, алдымен оның қаншалықты қауіпті екенін ойланса, – дейді Шымкенттегі «Ана мен бала» жұқпалы аурулардың алдын алу және емдеу орталығының бас дәрігері Еркін Құлманбетов.

Емшінің бұйрығымен науқас 1 ай бойы міндетті АРВ-терапия емін қабылдамаған. Бұл сәби денсаулығына айтарлықтай әсер еткен екен. Дәрігердің айтуынша, баланың денсаулығы күрт нашарлап кеткен.

Дәрігерлер дәстүрлі медицина тағайындаған антиретровирустық терапияның емделу жүйесін бұзуға болмайтынын айтады. Бұл науқастың өміріне қауіпті. Өйткені вирус қоздырғыштары препаратқа қарсы төзімділік қабілетіне ие болуы мүмкін. Онда бұрынғы емдеу әдісінің көмегі әлсірейді.

Егер терапияны тоқтатса, екінші жүйені қолдану керек. Егер оның емі қонбаса, жағдай қиындайды дейді мамандар.

Облыстық СПИД-тің алдын-алу және онымен күрес орталығы ауруды емдеуге ешқандай рұқсат бере алмайды дейді орталық басшылары. Мамандар иіссумен ВИЧ-ті емдеуге болады дегенді жалған сөз деп отыр. Олардың айтуынша, түрлі алаяқтардың арбауына түсіп жатқан адамдар, соңғы кездері көбейіп жатыр екен.

– Иіссумен адам емдеуге болады деген бірінші рет естуім. Ароматеропия деген бар, ол иіскейді. Ал әтір тамырға салатын зат емес. Бұл ақылға сыймайтын нәрсе. Ондай ем медицинада жоқ. СПИД-ке қарсы ем табылса жақсы болар еді, өкінішке қарай, ол қазіргі күнге дейін мүмкін болмай отыр. СПИД-тен ем таптым деген адамдар шығып жатады. Ол рас болса, әлемдегі 40 миллион адам айығып кетер еді ғой. Дені сау адамға тылсым дүниеден келіп, құлағына сыбырламайтын шығар, – дейді облыстық СПИД-тің алдын-алу және онымен күрес орталығы бас дәрігерінің орынбасары Қожахмет Маширов.

РЕДАКТОРДЫҢ УӘЖІ

«Ғасыр індетінің емін тапқан тәуіп» туралы мақала жарық көрген «Замана» газетінің редакторы Дүйсен Оразды сөзге тартқанымызда, ол емші қыздың редакцияға өзі келгенін айтты. Емші редакциядағыларға өзінің Астанаға, Қазақстан президенті аппаратының ішкі саясат бөліміне барып, керемет ем тапқанын жеткізгенін айтқан екен.

– Мақала толықтай емші Бейне Қаржаубаеваның сөздеріне жүгініп жазылған. Ол өзі редакциямызға келіп, СПИД пен «доңыз тұмауына» қарсы ем тапқанын айтты. Біз емді тапты деп емес, «таптым деп айтты» деп жаздық мақаланы. Ол бізге: «Ісімді дәлелдеу мақсатында Шымкенттегі СПИД орталығына барып, егер ВИЧ-тен өз еркімен емделетіндер болса қолхат жазып алып емдей беруіме рұқсат берді» деп айтты, – дейді басылым редакторы Дүйсен Ораз.

ЕМШІ ӨЗ ІСІНІҢ ДҰРЫСТЫҒЫНА СЕНІМДІ

Емші Бейне Қаржаубаева болса, өзіне қарсы қасақана қастандық жасалуда деп есептейді. Оның айтуынша, ем науқастарға өте жақсы көмектескен.

– Ешқайдай зардап шеккен жоқ. Сап-сау жүрген қызды жансақтау бөліміне тығып қойды. Қыздың шашы өсіп, тамақ ішуі жақсарып қалған. Ем дарыған оған. Менің тәжірибем жақсы әсер етті. Мен ол қыздан бір тиын алмай емдедім. Прокуратураға арыз жазыпты, бізге зорлық жасалуда. Мүмкіндік бермеуде. Мен емнен науқастың толық айығатынына сенімдімін. Бұл Алланың берген кереметі, – дейді емші Бейне Қаржаубаева.

Емші қазір көмек сұрап Астанада жүргенін айтады. Ол айықпас дертті емдеуге бәзбіреулер қолбайлау болып жатқанына сенімді.

Ал ВИЧ індетін әтірмен «емдеген» тәуіптің іс-әрекетін енді құзырлы органдар тексеруге кірісті.
XS
SM
MD
LG