Accessibility links

Экстремизмге қарсы жарнамадағы сурет мұсылман қоғамдық ұйымының наразылығын туғызды


Діни экстремизм мен терроризммен күрес тақырыбына арналған биллборд. Шымкент, 3 маусым 2009 ж.

Діни экстремизм мен терроризммен күрес тақырыбына арналған биллборд. Шымкент, 3 маусым 2009 ж.

Шымкентте көшеге қойылған терроризм және экстремизммен күрес тақырыбындағы суретті жарнама дінге қатысты даудың шығуына себеп болды. Жарнамадағы сурет пен жазу мұсылмандардың наразылығын туғызады деп тапқан қоғамдық ұйымның оны алып тастау туралы талабына жарнамаға тапсырыс берген жергілікті билік келіспейді.

«ЖАРНАМАДАҒЫ СУРЕТ ИСЛАМДЫ ҚҰБЫЖЫҚ ЕТІП КӨРСЕТКЕН»

Шымкент қаласындағы Қонаев пен Желтоқсан көшелерінің қиылысында ілінген «Жастар – діни экстремизм мен терроризмге қарсы» деген жазуы бар жарнамадағы сурет ислам діні туралы жағымсыз түсінік туғызады деп тапқан жергілікті мұсылмандар қоғамдық ұйымы осы жарнамаға тапсырыс берген жергілікті биліктен оны алып тастауды талап етуде.

– Олар мұны Хизб ут-Тахрир секілді ресми тыйым салынған экстремистік ұйымдарға қарсы жасадық деп отыр. Ендеше солай деп түсініктеме жазсын. Неге маңдайына «Аллаһ» деп жазылған адамның бетін жауып, қолына қару ұстатып қояды? – деп наразылығын айтады Орталық Азиядағы адам құқықтары жөніндегі Мұсылман комитеті бірлестігінің Оңтүстік Қазақстан филиалының директоры Ерлан Бектеміров.

Қоғамдық ұйым өкілі жарнамадағы сурет пен жазу қарапайым жұрт арасында исламды тек терроризм және экстремизммен байланыстыратын теріс түсінік қалыптастырып, адамдарға бұл дінді құбыжық кейіпте көрсетеді деп санайды.

– Мен осыны дайындаған жарнамалық агенттіктің басшылығымен сөйлескенімде, олар маған «сіз енді ояндыңыз ба? Бұл – бүкіл әлемнің ойы» деген ауыр сөздер айтты. Мысалы, жарнамадағы суретте тұрған үш баланың ар жағында қолдарын жайып тұрған адамдар бейнеленген. Мүмкін, олар Алладан жаңбыр тілеп тұрған бедуиндер шығар. Ал бұл суретті ондағы жазу мен қаруды қабаттастырып қараған адам мүлдем басқадай түсінікте қалады, – дейді Ерлан Бектеміров.

Бұл сөзге шымкенттік жас жігіт Рүстем Ғарифуллин де қосылады. Ол бұл тақтайшаны көріп, экстремизм – тікелей исламмен байланысты ұғым деп түсінгенін айтады.

– Қорқынышты сурет. Бірақ, ислам мен терроризмнің байланысты екенін анық көрсетіп тұр. Мен мұны көргенде көкейімде қатты реніш пайда болды. Әрине, қолдамаймын. Теріс пікір тудыратын жарнама, – дейді Рүстем Ғарифуллин.

«ЖАРНАМАДАҒЫ СУРЕТТІ ИНТЕРНЕТТЕН АЛДЫМ»


Жарнама тақтасын жасап шығарған Шымкенттегі жарнамалық агенттік дизайнерінің айтуынша, оған тапсырысты Шымкент қаласы әкімінің ішкі саясат бөлімі берген. Тапсырыс берушіге әлеуметтік жарнама тақырыбына жасалған бірнеше жоба ұсынылыпты.

– Мен бұл суретті аспаннан алған жоқпын. Әлемдік ғаламтор арқылы, ондағы басылымдарда шығарылған суреттерді таңдап алдым. Егер олар исламға қарсы болса, неге БАҚ беттерінде басып шығарылған? Мен дайындаған бірнеше жобаның ішінен әкімшілік осыны таңдап алды, – деді жоба дизайнері Зәуре Қайдау Азаттыққа.

ЖАРНАМАҒА ТАПСЫРЫС БЕРГЕНДЕР ОНЫ КӨРМЕГЕН, БІРАҚ СЫНМЕН КЕЛІСПЕЙДІ

Даулы жарнаманы алдырып тастауға ниеттенген қоғамдық мұсылмандар ұйымының өкілі Ерлан Бектеміровтың айтуынша, ол осы жарнамаға тапсырыс берген Шымкент қалалық ішкі саясат бөліміне наразылығын білдіргенде, ондағылар бұл тақтайшаны көрмегенін айтыпты.

Ерлан Бектеміров, Орталық Азиядағы адам құқықтары жөніндегі Мұсылман комитеті бірлестігінің Оңтүстік Қазақстандағы филиалының директоры. Шымкент, 3 маусым 2009 ж.
– Ілінгеніне бір ай болған жарнаманы мен айтқан соң келіп көрген ішкі саясат бөлімі бастығының орынбасары өткен аптаның аяғына дейін оны алып тастауға уәде еткен еді. Бірақ жарнама әлі сол орнында тұр, – деді Ерлан Бектеміров Азаттық тілшісіне маусымның 3-і күні.

Осы мәселеге байланысты Азаттыққа берген түсініктемесінде Шымкент қалалық ішкі саясат бөлімінің бастығы Сардарбек Молдабеков бұл жарнаманы өз көзімен көрмегенін айтты. Алайда жарнаманың мазмұны мен суреті исламға қатысты қате пікір туғызады деген сынмен келіспейтіндігін білдірді.

– Қандай жарнама? Оны кім жасатыпты? Біз жасатыппыз ба? Ол өткен айдағы «Жастар – діни экстремизм мен терроризмге қарсы» атты шараға байланысты ілінген шығар. Біз ол шараны елде жүрген Хизб ут-Тахрир секілді жат ағымдармен күрес мақсатында өткіздік. Ол биллбордты өзім көрген жоқпын. Бірақ ол исламға қарсы емес. Ислам дініне қайшы әрекетке барушылар туралы, сол мағынада жасалған. Ал ол жарнаманы алып тастаймыз деген бекер әңгіме, – дейді Сардарбек Молдабеков.

Ал жарнамадағы сурет пен жазу мұсылман қауымының наразылығын туғызады деп санайтын Орталық Азиядағы адам құқықтары жөніндегі мұсылман комитеті бірлестігінің Оңтүстік Қазақстан филиалы даулы биллбордты алып тастау туралы талаптарынан қайтпай отыр.

Қазақстанда қызметіне сот шешімімен тыйым салынғандардың тізімінде барлығы 14 ұйым бар. Олардың біреуі экстремистік, қалғандары террорлық ұйымдар деп танылған.

Бұл тізімге «Әл-Қаида», «Шығыс Түркістан ислам партиясы», «Күрд халық конгресі», «Өзбекстан ислам қозғалысы», «Асбат-әл-Ансар», «Мұсылман бауырлар», «Талибан» қозғалысы, «Боз Гурд», «Орталық Азия моджахедтері жамағаты», «Лашкар-и-Тайба», «Әлеуметтік реформалар қауымы», «Шығыс Түркістанды азат ету ұйымы», «Аум Сенрике» және «Хизб ут-Тахрир-әл-Ислами» ұйымдары енгізілген.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG