Accessibility links

Нышан Данаевты мүгедектіктің мың мұңы мойытпайды, қоғамның енжарлығы қажытады


Нышан Данаев, Қанқорған ауылы, Сайрам ауданы, Оңтүстік Қазақстан облысы. 8 қазан 2009 жыл.
Нышан Данаев, Қанқорған ауылы, Сайрам ауданы, Оңтүстік Қазақстан облысы. 8 қазан 2009 жыл.

Дәрігерлердің біліксіздігінен екі аяғынан айрылған Нышан ес білгелі өзінің де басқа жұрт қатарлы тіршілік иесі екенін дәлелдеу үшін күресіп келеді. Екі бірдей қызыл дипломы бар жігіт жансыз аяғымен көлік жүргізеді, оны қоғамдағы мүгедектерге деген көзқарас қынжылтады.

ДӘРІГЕРЛЕРДІҢ ҚАТЕЛІГІ

Оңтүстік Қазақстан облысы Сайрам ауданы Қанқорған елдімекенінде тұратын Данаевтар отбасының тұңғышы Нышан өмірге дені сау, он екі мүшесі бүтін болып келген. Торсықтай бала 8 айлық кезінде іші өтіп, ыстығы көтеріліп ауыл ауруханасына түседі. Бұл оқиға 1 мамыр мерекесінің қарсаңында болған. Дәрігерлер мейрамдап жүріп, науқас сәби бірнеше күн қараусыз қалады.

Кейін халі нашарлаған нәрестеге әсері күшті дәрі еккен. Ертеңіне анасы Зәбира ұлының аяқ-қолы мүлдем қимылсыз қалғанын көреді. Сол кезде аурухана қызметкерлерінің өздері де зәрелері қалмай, шошыпты деп еске алады бүгінде Нышан. Дәрігерлер «бала туа бітті мүгедек» деген шешім жасайды.

– Туғанда денім сау болған. Мені мүгедек жасаған – дәрігердің қателігі. Бірақ оны қазбалағаннан пайда жоқ. Тағдыр осылай болды да. Анамның айтуынша, маған полиомелитке қарсы егу жасаған. Бірақ дәрігерлер егу жоқ деп, сылтау тапқан. Бір уколдан кейін аяқ-қолым қарысып қалып, кейін тек қолыма жан біткен. Аяғым сол бойы дамымай қалған, – дейді Нышан Данаев.

Оған дәрігерлік қорытынды бойынша қойылған диагноз – полиомелиттің асқынуы. Нышанның қос аяғы да қимылсыз. Бала Нышанның бойы 7 сынаптан кейін тіпті өспей қалған екен. Бүгінде оның бойы 140 сантиметр. Салмағы 39 килограмм.

АРПАЛЫСТЫҢ АУЫР ЖҮГІ

Нышан орта білімді кемтар балаларға арналған мектеп-интернатта жатып алады. Алғашында оқуға аса назар аудармағанын өзі де жасырмайды. Бірақ мектептегі қарт мұғалімнің ақыл-кеңесінен кейін ол аз ғана уақыттың ішінде қатарының алды болады.

– Бірде мені ағай шақырып алып: «Менің бір оқушым болды, ол аяқ-қолы істемей, еңбектеп жүретін. Бірде жаңадан келген ұстаз оған «екі» қойған. Ол дәріс біткенге дейін 3 парақты жаттап алып жауап бермек болады. Ұстаз оған қарамай, кетіп қалған. Ол еңбектен барып, апайының юбкасынан тартып, жауап алуын өтінеді. Соны көрген қарт ұстаз, оқушының бетін қайтармауды сұрайды. Кейін сол бала мектепті үздік бітірді.Ал сенің содан қай жерің кем?» деді. Маған ағайдың сол сөзі қамшы болды, – деп есіне алады Нышан Данаев.

Осыдан кейін бала Нышан білім алуға білек сыбана кіріседі. Мектепті жақсы бітірген соң бухгалтер мамандығын таңдап, арнайы кәсіби-техникалық училищеге оқуға түседі. Бірақ үздік дипломмен оқу орнын бітірген жігіт өз мамандығы бойынша лайықты жұмыс таба алмайды.

Нышан Данаев қазіргі қоғамда мүгедектер мемлекетке масыл болып, үйінде қамалып отырса деген көзқарастың қалыптасқанына қынжылады.
Осыдан кейін ол жоғары білім алуды ұйғарып, «Қайнар» университетінің филиалына түсіп, халықаралық экономика факультетін де қызыл дипломмен тәмамдайды. Екі бірдей оқу орнын үздік бітірген мүгедек жан тағы да қиындыққа тап келеді. Жұмыс іздеп, қақпаған есігі, аттамаған табалдырығы қалмайды. Бірақ еш жерде оны жұмысқа қабылдамайды. Өмірдің ащы шындығы азаматтың жанына батады.

– Сол кезде өмірден қатты түңілгенім бар. Мүгедектердің қоғамға қажеті жоқ екенін түсіндім. Жұмыс сұрап барсам: «Бізге дені сау адам керек. Сізді қалай жұмсаймыз?» деп бетіме басып айтты. Қаладан жұмыс табылмады. Кейін ауылға оралып, балдағыма сүйеніп, Сайрам ауданы әкімінің есігін қағып, көмек сұрауға мәжбүр болдым, – дейді Нышан.

Қазір ол Сайрам ауданындағы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған үйде әлеуметтік көмек көрсету бөлімшесінде кеңесші болып жұмыс істейді. Жұмыс істей жүріп тағдыры өзіне ұқсас жандардың басындағы қиындықтарды кезіктіреді. Нышан қазіргі қоғамда мүгедектер мемлекетке масыл болып, үйінде қамалып отырса деген көзқарас қалыптасқанын қынжыла айтады.

ТАҒЫ БІР ЖЕҢІС

Жұмысқа шыққаннан кейін Нышан екі жылдай жаяу жүріп, жол азабын тартады. Қоғамдық көліктердің мүгедек жандар үшін қолайсыздығын өз басынан өткеріп, талай қиындыққа тап болады.

Нышан енді автокөлікті жүргізуді меңгерсем деген мақсат қояды. Банктен несие алып, көлік сатып алуға бел буады. Бірақ Нышанның алдынан тағы да қиындықтар шығады.

Көлік айдауды үйрететін арнайы мекемелер мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған макеттің жоқтығын алға тартып, оны оқытудан бас тартады. Бірақ көздеген мақсатына жетуге бекінген Нышан көлік сатып алып, автошеберлерге оны қолмен басқаратындай етіп жасатады.

Нышан Данаев автокөлігін жүргізіп келеді. Қанқорған ауылы, Сайрам ауданы, Оңтүстік Қазақстан облысы. 8 қазан 2009 жыл.
Сөйтіп, қатал тағдырға мойымаған қайсар жас көлік айдау мен жол жүру ережелерін өз бетінше арнайы оқулықтардың көмегімен үйренуді қолға алады. Талай жыл жүргізуші болып жұмыс істейтін әкесі де оған кеңестерін беріп, білгенін үйретеді.

Тынымсыз еңбектенудің нәтижесінде ол темір тұлпарды өздігімен басқаруды меңгеріп, өздігімен жүргізуге машықтанады. Алғашында жұрттың бәрі таң қалып, кейбірі тіпті бұған үреймен қарағанын да айтады Нышан.

– Жол полициясы қызметкерлеріне барып жағдайымды түсіндірдім. Ол кезде әжептеуіп айдап дағдыланып қалғам. Ақыры арнайы сынақтан өтіп, олардың көзін жеткізген соң маған көлікті қолмен айдауға рұқсат берілген деп куәлікке жазып берді. Қазір енді жол полициясы да мені танып алды, кейде тоқтатып, ақыл-кеңестерін айтып, шығарып салады. Бірақ бізде мүгедектер үшін көлік айдап үйренуге де жағдай жасалмаған. Қайда барсаң да қиындық. Алалаушылық. Тіпті, көп дүкендерге кірудің өзі азап. Жалпы мүгедектер үшін өмір сүру өте қиын, – дейді Нышан Данаев.

Бір жылдың ішінде өз дегеніне жеткен қайсар жігіт қазір ата-анасының да, жора-жолдастарының да қорықпай көлігіне отыра беретінін айтады.

– Анам «дені сау адам зорға айдайтын көлікке отырмай-ақ қойсаңшы» деп талай айтқан. Бірақ менің айтқан бетімнен қайтпайтын мінезім бар. Қолға алған тірлігімді тиянақты істеуге тиіспін. Қиындықтан қорықпаймын. Мүмкін, соның арқасы шығар, қазірге дейін алға қойған мақсатыма қиындықпен болса да қол жеткізумен келемін, – дейді Нышан.

АЛДА – ТЕК АРМАН

Жансыз аяқпен темір тұлпарды бағындыруға болатынын дәлелдеген Нышан Данаевтың алға қойған мақсаты көп. Ол өзінен кейінгі екі інісі мен екі қарындасының мақтанышы. Ата-анасының қолқанаты. Алда оларды тек жетістігімен қуантуды қалайды. Оның өзегін өртеген бір арман – өзінің таңдап алған мамандығы бойынша жұмыс істеу.

– Неге екенін білмеймін, бірақ мамандық таңдағанда экономика саласы, есеп-қисап мен үшін ең оңайы болып көрінді. Мүмкін, жастайымнан соған жақын болғандықтан болар. Сондықтан мен әлі де қаржы саласында қызмет етуді армандаймын, – дейді Нышан.

Тек алға ұмтылумен күн кешіп келе жатқан азамат үйленіп, үй болуды да ойлайды. Алайда оның ішкі жан дүниесін түсінетін, кем-кетігін бетіне баспайтын жанның табылуы тым қиын екенін жасырмайды. Балажан жігіт бала-шағалы болып, немере-шөберелеріне ақылшы ата болсам деп армандайды.

Еңсесін түсірмейтін Нышанның ақжарқын, ақкөңіл мінезі оның жүзінде жазылып тұрғандай. Ол ән айтуды, бос уақытында кітап оқып, өзенге шомылғанды жаны ұнатады екен.

Тағдыр тәлкегі мен басқа түскен тауқыметке қасқайып қарсы тұрып келе жатқан азамат алда талай белесті бағындырсам дейді.
XS
SM
MD
LG