Accessibility links

Бөбектер үйінен мүгедек бала асырап алуға шетелдіктер ғана тілек білдіреді


Бөбектер үйінде тәрбиеленіп жатқан бүлдіршіндер. Шымкент қаласы, 26 қараша 2010 жыл.
Бөбектер үйінде тәрбиеленіп жатқан бүлдіршіндер. Шымкент қаласы, 26 қараша 2010 жыл.

Шымкенттегі бөбектер үйіндегі тастанды балалардың жартысына жуығы – әртүрлі ауруға шалдыққан мүгедек сәбилер. Мекеме қызметкерлері әдетте мұндай жетімдерді шетел азаматтары асырап алатынын айтады.


Мамандар өткен жылдармен салыстырғанда Шымкентте тастанды балалар саны біршама азайғанын айтып отыр. Алайда, есесіне мүгедек балалардың - әсіресе Даун кеселі, жүйке ауруларына жаңадан шалдыққандардың көбейгені байқалады. Бөбектер үйі өкілдерінің айтуынша, дертке шалдыққан балаларды асырап алуға негізінен шетелдіктер құлық танытады екен.


ЖЕТІМДЕР ҮЙІНДЕГІ ЖАУТАҢКӨЗДЕР

Шымкент қаласындағы бөбектер үйінде дүние есігін енді ашқан нәрестелерден бастап 4 жасқа дейінгі аралықтағы – барлығы 76 бүлдіршін тәрбиеленіп жатыр. Олардың 90 пайызы – қазақ балалары. Тастандылардың 36-сы мүгедек бүлдіршіндер.

Мамандардың сөзінше, бұл балалардың көбісі емделмейтін, туа бітті дертпен ауратындар. Сәбилердің бірінің дене мүшелері жетілмей қалған, тағы бірі Даун синдромымен дүниеге келген болса, енді бірі сал, жүйке ауруларының ауыр түрлеріне шалдыққан дейді бөбектер үйінің дәрігерлері.

Дүниеге әкелген нәрестелерін сәбилер үйіне тастап кететін әйелдер қазіргі заманда үйреншікті көрініс дейді мекеме қызметкерлері.

Олардың айтуынша, әдетте мұндағы мүмкіндігі шектеулі балаларды шетелдік
Шымкент қаласындағы бөбектер үйінің бас дәрігері Гүлнәр Тәукебаева. Шымкент, 25 қараша 2010 жыл.
азаматтар асырап алуға бейім келеді екен. Жергілікті азаматтар бас тартқан балалар ғана шет елдік ата-аналарға ұсыналады екен. Олар бала асырап алғанда бөбектердің түр-түсіне, ұлтына немесе денсаулығына қарап бөліп-жармайды дейді тәрбиешілер.

– Олардың діні берік пе деп ойлаймын. Осы сәбиді аяғынан тұрғызсам деген арман-тілекпен келеді. Бізге келгендердің де негізінен науқас балаларға жүрегі жылып тұрады. Олар бала мейірімді болып өссе, түсінігі болса сол жеткілікті деп жатады. Ал өз азаматтарымыз бала асырап алғанда ең алдымен ұлтына, денсаулығына қарайды ғой. Өзімізге ұқсаса екен деп тұрады, – дейді Шымкент қаласындағы бөбектер үйінің бас дәрігері Гүлнәр Тәукебаева.

Бала асырап алушыға алдымен таңдап алған сәбиді көріп тұруға 14 күн уақыт беріледі екен. Осы уақыт ішінде олар бір-біріне бауыр басып, бірін-бірі тануы керек дейді мамандар.

Жалпы бала асырап алушыларға қойылатын талап бірдей. Шетел асып жатқан сәбилердің тағдыры ҚР Денсаулық сақтау министрлігі комитетінің бақылауында болады. Әзірге асырап алынған балалардың жәбір көріп, жапа шеккені жөнінде ешқандай оқиға тіркелмепті.

– Олардың тағдырын комитет бақылайды. Бірақ басқа елдегідей жәбір көріп жатқандары бар деп естімегем. Көбінде сәбилерді АҚШ азаматтары асырап әкетеді. Байқағаным, олар Құдайға қатты сенеді. Жетім баланы бауырларына басса, жаратушының разышылығына бөленеміз деп сенеді, – дейді Оңтүстік Қазақстан облыстық балаларды қорғау департаментінің бастығы Ғалия Жүсіпова.


ТАСТАНДЫЛАР ТАҒДЫРЫ

Бөбектер үйіндегі әрбір сәби өмірінің өз тарихы бар. Кейбірінің ата-аналары өз құқыларынан сот шешімі бойынша айрылған. Кейбірінің әкесі не шешесі темір торға тоғытылған. Тағы бірі бұл мекемеге анасының сәбиінен бас тартқаны жайлы перзентханада жазған хатымен бірге түскен.

Ата-ана қамқорлығынан кенде қалған 3 жасар Арайлым Шымкенттегі
Бөбектер үйіндегі сәбилердің бірі. Шымкент қаласы, 26 қараша 2010 жыл.
бөбектер үйінде өсіп жатыр. Зерек бүлдіршіннің тілі енді шығып келе жатқанына қарамастан, «мама» деген сөзді жиі айтады екен.

Туа бітті сал ауруына шалдыққан сәби анасының жанында болғанын қалайтын сияқты, жанына жақындағанның бәрін «мама» деп атай береді. Бала тілімен былдырлап анасын іздеген бүлдіршіннің туған анасы одан бас тартып, перзентханада тастап кеткен екен.

Сәбилер үйінде тәрбиеленіп жатқан тағы бір бүлдіршін – 3 жасар Рамазанды бұдан жарты жыл бұрын жетімдер үйіне анасы өз қолымен тапсырып кетіпті.

Рамазан бөтен адамды көріп, көңілі алаңдап, айналасына жалтақтап қарайлайды. Анда-санда назары бөлініп, әлденеге мазасызданып маңдайын сипайды. Анасы кішкентай Рамазанды жиі жұдырық астына алған екен. «Есіне түскенде содан қалған жараларды көрсетеді», – дейді тәрбиешілер.

Мамандар қолдан келсе, оларды отбасына орналастыруға тырысады. Сонымен қатар тәрбиешілер тастанды сәбилердің туған-туыстарын табуға да атсалысады екен.

– Жақында ғана перзентханаға нәрестесін тастап кеткен ананың әке-шешесін іздеп таптық. Оның ата-анасы бұл туралы хабарсыз екен. Алғашында қыздарының балалы болғанына сенбей ашуланғаны рас. Кейін осында келіп, немерелерін көріп, қыздарын кешіріп, бүлдіршінді алып кетті. Тәй-тәй басқан бүлдіршіннің қуанышын көрсеңіз, – дейді бөбектер үйінің бас дәрігері Гүлнәр Тәукебаева.


«БӨБЕКТЕР ҮЙІНДЕГІ БАЛАСЫН КӨРІП КЕТІП ТҰРАДЫ»

Ал, 13 бала бөбектер үйінің қарамағындағы «Үміт» орталығына орналастырылған. Мұнда жеке басындағы қиыншылықтарға байланысты балаларын уақытша қарауға қалдырып кеткен аналардың балалары жүр.

Баласына келген Заира есімді келіншек ұлын асырауға әзірге жағдайы жоқ
Шымкенттегі бөбектер үйінің ішкі көрінісі. 26 қараша 2010 жыл.
екенін айтады. Некелі азаматтан ұл тапқан әйел баланы асырауға қауқары жеткенде алып кетпек ойы барын білдірді.

– Әкесінің өз отбасы бар. Бірақ ұлы жоқ. Анда-санда ол да осында баласына келіп тұрады. Әйелі мен бала-шағасын тастай алмайды. Менің баланы жалғыз асырауға жағдайым жоқ, – дейді баласын «Үміт» орталығына тапсырған ана.

Ежелден жетімін қаңғыртпайтын, жесірін тентіретпейтін салт-дәстүрі болған қазақ елінде бұл күнде жетімдер үйінде өсіп жатқан сәбилер аз емес. Тек бір ғана Шымкент қаласындағы жеті жетімдер үйінде жалпы саны екі мыңға жуық бала бар.

Соңғы 9 айдың ішінде Шымкенттегі бөбектер үйіне 46 бала түсіпті. Былтыр жалпы саны 85 бала болған екен. Осындағы 31 баланы асырап алған. Биыл 14 сәбиді шетел азаматтары бауырына салыпты, олардың басым бөлігі – АҚШ азаматтары екен.

Қазақстандық бірқатар қоғамдық ұйымдардың жыл ортасында Азаттық радиосына берген дерегіне жүгінсек, бүгінде Қазақстанда тіркеуде тұрған 46 мыңнан астам жетімдердің 18 мыңдайы балалар үйлерінде тәрбиеленіп жатса, 23 мыңдай жетім бала қамқоршылардың қолында.

Мамандардың айтуынша, Қазақстандағы жетім балалардың 80 пайыздайы – анасы не әкесі барлар, яғни «тірі жетімдер».

1999 жылдан бері өткен уақыт ішінде шетелдік азаматтар Қазақстаннан 8 мыңнан астам жетім балаларды асырап алған.
XS
SM
MD
LG