Accessibility links

Жоғалған қызын іздегендер адам ұрлап, азаптаған деген күдікпен ұсталды


Бойжеткен өзін ұрлап әкеткендер мұны ұрып-соғып, шашын кесіп тастағанын айтады. Шымкент, 12 қазан 2010 жыл. Оңтүстік Қазақстан облыстық ішкі істер департаменті мұрағатындағы сурет.

Бойжеткен өзін ұрлап әкеткендер мұны ұрып-соғып, шашын кесіп тастағанын айтады. Шымкент, 12 қазан 2010 жыл. Оңтүстік Қазақстан облыстық ішкі істер департаменті мұрағатындағы сурет.

Оңтүстік Қазақстан облысында жоғалып кеткен жасөспірім қызды іздегендер 19 жастағы бойжеткенді ұрлап әкетіп, оны бір тәулік бойы еркінен тыс ұстап, күш көрсеткен деген күдікпен қамауға алынды.


Сарыағаш ауданында бір тәулік бойы бір топ адамнан зорлық-зомбылық көргенін айтқан бойжеткеннің берген арызы негізінде Оңтүстік Қазақстан облыстық ішкі істер департаментінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы адам ұрлау оқиғасы бойынша қылмыстық іс қозғады.

Қазір бұл іс бойынша үш адам қамауда отыр. Ал осы оқиғаға ілік болған жоғалған жасөспірім қыз әлі табылған жоқ.

БОЙЖЕТКЕННІҢ ШАҒЫМЫ

Қазанның 5-і күні Шымкентке, Оңтүстік Қазақстан облыстық ішкі істер департаментінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасына арыз айта келген Сарыағаш қаласының 19 жастағы тұрғыны өзін белгісіз біреулердің ұрлап әкетіп, бір тәулік бойы ұрып-соғып, зорлық-зомбылық көрсеткенін хабарлаған.

Бойжеткен А.-ның (белгілі себептермен аты-жөнін атамауды өтінді) Азаттық тілшісіне айтуынша, қазанның 4-і күні сағат 16.00-17.00 аралығында белгісіз біреулер оны Сарыағашта көшеде кетіп бара жатқан жерінен автокөлікке күштеп отырғызып алып кеткен.

А. әлгі көліктің ішінде бірнеше адам болғанын, олар қыркүйектің 27-сі күні Сарыағаштағы үйінен оқуына шығып кетіп қайта оралмаған 15 жастағы қыз жайлы сұраққа алғанын айтады. Өздерін жоғалған қыздың ата-анасымыз деп таныстырғандар А.-ны кінәлап, жасөспірім қыздың қайда кеткенін айтуды талап еткен.

– Мені Сарығаш қаласының сыртына автокөлікпен алып шығып, 7-8 адам соққыға жықты. Бас-көз демей ұрып-тепкіледі. Сосын «жоғалған қыздың анасымын» деген әйел пышақпен бөксемді тілгілеп тастады. Мен жерде жылап жатып, ол қызды танымайтынымды,
Бойжеткенді ұрлап әкеткендер оны жеке меншік үйдің жертөлесінде қамап ұстаған. 12 қазан 2010 жыл. Оңтүстік Қазақстан облыстық ішкі істер департаменті мұрағатындағы сурет.
оның қайда екенін білмейтінімді айтып, «мені жіберіңдерші» деп жалындым. Бірақ олар маған сенбеді. Соққы мен азаптан жаным ауырған соң, өтірік айтсам жіберер ме екен деп ойладым, – деді жәбірленуші Азаттық тілшісіне.

Өмірі үшін қауіптенген бойжеткен аман қалудың жолын іздеп, жәбірлеушілерге қыздарының қайда екенін білетіндігін, оның Шымкентте екендігін айтып, жалған ақпарат беруге мәжбүр болғанын айтады.

А.-ның сөзінше, жәбірлеушілер оның аяқ-қолын байлап, көліктің жүк салғышына салыпты.

– Сосын багажниктің ішінен шығарып екі әйел мені жерге жатқызып тепкіледі де, жылатып тұрып қайшымен шашымды түбінен кесіп тастады, содан кейін судың жағасына сүйреп алып келді. Үш еркек жүгіріп келіп суға лақтырып жіберді. Сосын біреуі басымды қайта-қайта өзеннің суына тығып тұншықтырды, – дейді жәбірленуші.

А. осыдан кейін әлгі адамдардың өзін Сарыағаш қаласындағы бір үйдің жертөлесіне алып келіп, киімін түгел шешіп алып, тыржалаңаш қамап тастағанын баяндап берді. Тек қазанның 5-і күні таң ата сол жерден қашып шыққан жәбірленуші аудандық полиция мекемесіне бармай, Шымкентке келген.

Өзінің айтуынша, А. отбасындағы үш баланың үлкені екен. Әкелері бірер жыл бұрын дүниеден өткен, мектеп жасындағы екі інісі және жұмыс істемейтін анасы бар. Жақында әжесі де бақилық болғаннан кейін жұмыс іздеп Астанаға барыпты. Сондағы дәмханалардың бірі даяшы етіп алуға келіскен соң, құжаттарын алу үшін екі күнге Сарыағашқа оралған бойжеткен оқыс оқиғаға тап болған.


ПОЛИЦИЯ ТЕРГЕУІ

Жәбірленушінің берген арызы бойынша шұғыл іздестіру шарасы барысында полицейлер А. қамауда болған жертөлені көп ұзамай тапқан. Ол үй – қыркүйектің 27-сі күні жоғалып кеткен 15 жасар қыздың ата-анасының үйі екені анықталған.

Полицияның мәліметі бойынша, осы оқиғаға қатысы бар деген күдікке ілінген 8 кісінің үшеуі – екі ер және бір әйел адам қамауға алынған. Олардың арасында әлгі жоғалып кеткен қыздың әкесі де бар.

– Ал оның әйелі кәмелеттік жасқа толмаған балалары бар екендігі ескеріліп қамауға алынған жоқ, ешқайда кетпейтіндігі туралы қолхат берген соң босатылған. Қазір ол да осы іс бойынша күдіктілер санатында. Жәбірлеушілер бойжеткенді
Оңтүстік Қазақстан облыстық ішкі істер департаменті баспасөз-қызметінің бастығы, полиция полковнигі Салтанат Қаракөзова. Шымкент, 12 қазан 2010 жыл.
қатігездікпен соққыға жығып, әбден азаптағаны анықталды, ол қазір бірнеше сараптаудан өтіп жатыр. А.-ның құжаттары мен жеке заттары салынған қол сөмкесі күдіктілердің үйін тексеру барысында табылды. Ұсталғандар тергеу барысында адам ұрлағандарын, оны ұрып-соққанын мойындады, – деді облыстық ішкі істер департаменті баспасөз-қызметінің бастығы, полиция полковнигі Салтанат Қаракөзова Азаттық радиосына.

Тергеушілер күдіктілерге қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің «Адам ұрлау» бабы бойынша қылмыстық іс қозғаған. Ол бап бойынша қылмысы дәлелденсе, айыпталушы 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айрылуы мүмкін.

Ал қыркүйек айының 27-сі күні колледждегі оқуына кетіп, содан үйіне қайтпаған Сарыағаш қаласында тұратын 15 жастағы қыздың үй-іші сол күні кешке аудандық полиция бөліміне арыз жазып, балаларының жоғалып кеткенін хабарлаған.

Ақыр соңында оны іздеп шығып, өздері «заң бұзған» деген күдікке қалған отбасындағылар бұл оқиғаға байланысты журналистердің сауалына жауап беруден бас тартып отыр. Ал жасөспірім қыз әлі табылмай жатыр.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG