Accessibility links

Әншілігімен танылған зағип балалардың «СӘТ» триосы жаңа фильмде өздерін сәтті сомдады


«СӘТ» триосының әншілері (солдан оңға): Азат Әбілдаев, Алтыбай Сапарбай және Тұрар Тұрмысов. Шымкент, 25 мамыр 2009 ж.

«СӘТ» триосының әншілері (солдан оңға): Азат Әбілдаев, Алтыбай Сапарбай және Тұрар Тұрмысов. Шымкент, 25 мамыр 2009 ж.

Шымкенттік «СӘТ» триосы туғаннан жанары көрмейтін жеткіншектер өнерімен танымал. Топ мүшелері Тараз қаласында түсіріліп жатқан режиссер Руслан Байтөлешовтың «Тағдыр» атты фильміне түсті. Дарынды балалардың болашағына тек жергілікті билік қана бейжай қарап отыр.

Азат Әбілдаев, Сапарбай Алтыбай мен Тұрар Тұрмысов Шымкент қаласындағы көздері нашар көретін балаларға арналған «Үміт» мектеп-интернатында білім алады. Балалардың бойындағы ерекше қасиетті байқап, оны әрі қарай дамытуға үлес қосқан музыка пәнінің мұғалімі, топтың қазіргі музыкалық жетекшісі Тамара Шілдерханова.

Жеткіншектердің ең жақын адамына айналған ұстаз шәкірттерінің бойындағы қарым-қабілетті дамытып, «СӘТ» триосы дүниеге келеді.

– Жанарлары көрмесе де, олардың есте сақтау қабілеті өте мықты дамыған. Керемет. Әнді лезде жаттап алады. Дауыстары ерекше, таза. Басында сәл қысылатын еді, қазір ашылып келеді. Азатымыз еті тірі, сәл еркелеу. Тұрар баламыз момындау. Сапарбай салмақты. Үшеуінің де арманы бір – ән айту. Сахнаға шыққан сайын шаттанады. Бұлар тума талант иелері, – дейді Тамара Шілдерханова.

Туа бітті көз жанарынан айрылған жас әншілер жайлы естіп, кездескенде олардың өнеріне тәнті болған Нұржан Қожабеков жеткіншектерге қолдау танытып, олардың продюсері атанады.

Арада аз уақыт өткенде «СӘТ» тобының сәтті бастамасын ел біле бастайды. Алғашқы туынды – Мұқағали Мақатаевтың сөзіне жазылған «Көнеміз ғой...» әні бойынша бейнеклип түсіріледі. Оның сценарийі осы топтың мүшесі Азаттың тағдырынан алынған.

Дүниеге жаңа келген нәрестесін анасының қарауында қалдырған әйел, жылдар өтсе де сәбиінің маңдайынан бір иіскемеген. Немересін бауырына басқан кейуана жеті жасқа келгенде оны асырай алмай, жетімдер үйіне өзі жетектеп алып келеді.

Тағдыр тәлкегіне түскен жас баланың басындағы қиындық, өмірге деген реніші мен төгілген сәби жасы туындыға арқау болады. «Көнеміз ғой, қайтеміз көнбегенде..» деген сөздермен басталатын жаңа ән жергілікті телеарналардан берілген күннен бастап-ақ дарынды жеткіншектер ел аузында.

Әнді өмірлеріне серік еткен жеткіншектер аз ғана уақыт ішінде халықаралық, республикалық байқауларда топ жарды. Ресейдің Санкт-Петербург қаласында өткен «Кастальский ключ» атты жетім балалардың халықаралық фестиваліне қатысқан «СӘТ» бас жүлдені қанжығаға байлады.

Алайда, жеке адамдардың жанашырлығымен жүрген жеткіншектерге жергілікті биліктің назары жетпепті.

– Ең өкініштісі, біз Ресейге аттанар алдында билік тұтқасын ұстаған бірнеше азаматқа кіріп шықтық. Бірақ, бізді елеген ешкімі болмады. Бізге бар керегі – жолға қаражат табу еді. Мүмкін олар балалардың әндерін естімеген де болар. Біз клиптерін тастап кеткенбіз. Әйтпесе, бұлайша салқындық танытпаған болар ма еді. Біз ешкімге қол жаймаймыз. Бірақ, дарынды балаларға қол ұшын беру олар үшін аса қиын емес екені мәлім ғой, – деп ренішін білдірді топтың музыкалық жетекшісі Тамара Шілдерханова.

Әнді билеп айтуға үйреніп жүрген Азат, Сапарбай мен Тұрардың талаптары таудай. Оларға ең алғаш сенім артқан адам, топтың музыкалық жетекшісі балаларға бар білгенін ымдап түсіндіруде. Оның айтуынша, балаларды алдымен аянышпен қарсы алатын жұрт, кейін көздеріне жас алып, баталарын береді екен.

Ал балалардың бар арманы - ән айту. Бүгін де, ертең де, өмір бойы.

– Біз ән айтқанды өте ұнатамыз. Сахнаға шыққанда қанат біткендей боламыз. Көп әншілерді білеміз. «Мұзарт» тобындағы ағаларымызбен танысқымыз келеді. Олардың барлық әндерін жатқа білеміз, – дейді бір ауыздан Азат, Сапарбай және Тұрар.

«СӘТ» триосының продюсері топты той-домалақтарға шығармайды. Тек сахнада ән айтуға бел буған балалардың болашағына үлкен үміт артқан азамат, «СӘТ» тобына алар асуы әлі алда екендігіне сенімді.

– Алғашында Шымкентке келіп концерт қойған көптеген белгілі әншілер бізді маңайына да жолатпады. Балаларды концерттерінде өлең айтқызудан бастарын ала қашты. Бұл біздің менталитет болар. Мен соған қатты ренжідім. Ал қазір өздері сұрайды. Енді біз таңдайтын болдық. 5 әніміз бар. Бейнеклипке түсіру ұзақ уақытқа созылады. Олар басқа әншілер секілді тәулігіне 12 сағат жұмыс істей алмайды ғой. Денсаулықтары шыдамайды. Сондықтан біз асықпай, айлап түсіреміз. Бүгінде әлемде трио болған мұндай топ жоқ. «СӘТ» тарихта аты қалар бірегей топ боларына сенемін, – дейді топ продюссері Нұржан Қожабеков.

Жақында әнші балалар Тараз қаласында түсіріліп жатқан режиссер Руслан Байтөлешовтың «Тағдыр» атты фильмінде өздерін сомдап шықты. Өздерінің ашық-жарқын мінезімен олар түсіру тобын баурап алған көрінеді. Бұл жас талант иелерінің тағы бір белестен көрінуі. Алда талай асулар бар...

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG