Accessibility links

Оңтүстік ғалымдары шұбатты қазақтың бренді етудің жолында алғашқы қадам жасады


Қазақтың түйе сүтінен жасалатын ұлттық сусыны - шұбат.
Қазақтың түйе сүтінен жасалатын ұлттық сусыны - шұбат.

Шымкенттік ғалымдар қазақтың ұлттық тағамдарының бірі – шұбатты құрғақ күйінде сақтаудың жаңа әдістері бойынша инновациялық патентке ие болды. Табиғи шұбаттың таблеткалы және ұнтақ түрін жасау жолын тапқан мамандар, түйе сүтінен жасалған йогурт, балқаймақ және шалаптарды экспортқа шығаруды мақсат тұтуда.

ҚҰРҒАҚ ШҰБАТ

Идея авторы ауыл шаруашылығы ғылымдарынының кандидаты Мұсатілла Тоханов сублимациялық процесс, яғни, өнімнің ылғалын сорып алу әдісі арқылы шұбат сусынын құрғақ түрінде ұзақ мерзімге сақтауға болатындығын айтады.

– Процесс 6 сағатқа созылады. Түйе сүтін қатырып, вакууммен ауасын сорып әртүрлі өнім жасауға болады. Шымкенттегі Химфарм зауытынан келісім-шарт бойынша тәжірибелі түрде 6 литр түйе сүтінен таблеткалар жасап шығардық. Құрғақ түйе сүтін де алдық. Егер кәдуілгі шұбатты 1 аптадан артық сақтауға болмайтын болса, бұл өнімдерді жарты жылға дейін сақтауға болады. Ендігі мақсатымыз –
Ғалым Мұсатілла Тоханов зертханада құрғақ түйе сүтін тексеруде. Шымкент, тамыз, 2009 жыл.
шұбатты экспортқа шығарып, қазақтың брендіне айналдыру. Тек қаржыландыру жағы қолбайлау болып отыр, – дейді Оңтүстік Қазақстан мал шаруашылығы мен өсімдіктер ғылыми зерттеу институтының технология және мал шаруашылығы бөлімінің ғылыми қызметкері Мұсатілла Тоханов.

Мамандар тәжірибелік жұмыстардың нәтижесінде шұбаттың 1 литрінен 87 грамм құрғақ сүт алған екен. Ал 1 шай қасық құрғақ шұбаттан – 100 грамм сапалы, барлық емдік қасиеті сақталған шұбат шығады. Сондай-ақ, 1 литр түйе сүтінен 40 түйір таблетка алынады. Әр таблеткадан 100 грамм шұбат алуға және оны әлемнің кез-келген жеріне тасымалдауға болады дейді ғалымдар. Олар егер тәжірибе жүзеге асса, бұл өнімді ғарыш қызметкерлері үшін де дайындауға болатынын айтады.

Тәжірибе ауторлары жаңа шұбат өнімдері нарықта жоғары ұсынысқа ие болатындығына сенімді. Билік орындарының бұл жаңалыққа самарқау қарап отырғандығын айтқан ғалымдар идеяны қолдаушылар болса, көмек беруге дайын екендерін айтады.

– Табиғи шұбаттың таблеткалы түрі, құрғақ түйе сүті, йогурт, балқаймақ және шалап секілді жаңа әдістерімен алынған өнімдер әлем нарығына шықса, теңдесі жоқ ұтымды тауар белгісіне айналары сөзсіз. Емдік қасиеті бар өнімді барша Қазақстан халқы және өзге де әлем жұрты пайдалана алар еді, – дейді Оңтүстік Қазақстан мал шаруашылығы мен өсімдіктер ғылыми зерттеу институтының бас ғылыми қызметкері Дастанбек Баймұқанов.

Сонымен қатар алдағы уақытта құрғақ шұбатты, қазіргі саудадағы тез еритін кофе секілді сусын етіп шығаруға болады дейді жоба авторлары. Ал емдік қасиеті бар дәріні кез-келген дәріханадан сатып алуға болады. Оның бағасы да қалтаға лайық болмақ.

Өндірістен шыққан құны – 10 түйірі үшін 150 теңге деп есептелуде. Ең бастысы өңделген шұбат өзінің шипалық қасиетін толық түрде сақтайды. Бірақ бұл әзірге тек жоба ғана.

ҚАРЖЫ ТАПШЫЛЫҒЫ ҚОЛБАЙЛАУ БОЛЫП ОТЫР

Инновациялық жобаның алғашқы тәжірибесін жүзеге асыру үшін осыдан үш был бұрын Қазақстанның Ауыл шарушылығы министрлігі тарапынан 4 миллион теңге бөлініпті.

Мұсатілла Тохановтың айтуынша, содан бері ғалымдар түйе сүтін құрғақ күйге айналдыру үшін тәжірибелік жұмыстар жүргізген Оңтүстік Қазақстан мал шаруашылығы мен өсімдіктер ғылыми зерттеу институтындағы қондырғы 1990-шы жылдардың басында Харьковтағы Физика-технологиялық төменгі температуралар институтынан шығарылыпты.

– Совет кезінен мұраға қалған бұл қондырғының қазіргі құны 250 мың АҚШ долларын құрайды, – дейді маман.

Ғылыми қондырғының жалпы көлемі небәрі 6 литр өнімге есептелген екен. Мамандардың жобаға жәрдем көрсетуді сұраған хатына министрлік тәжірибелік жұмысқа бөлінген қаржыдан басқа артық ақша жоқ деген жауап берген.

Шұбаттың түр-түрін өндіруге мүмкіндік алуды мақсат тұтқан ғалымдар бұл үшін 360 миллион теңге қажет деп отыр. Бұл істі ғылыми-өндірістік жолға қоюды алға тартқан мамандар, сапалы өнім алу үшін ең алдымен асыл тұқымды түйені арнайы фермада бағып-қағу керек деп есептейді.

– Мал сау болуы керек. Сонда өнім де сапалы болады. Шұбаттың қасиетін қазір әлем мойындады. Қазірде шұбатты көптеген ауруларды, атап айтқанда рак, СПИД, Альцгеймер дерті, сары ауру, өкпе ауруларына шалдыққандарды емдеуге пайдалануға болатындығы, қан айналу жүйесіндегі қан тамырларының жұмсақтығы мен беріктігін қамтамасыз ететіні, ағзада жүретін зат алмасу процестерін жақсартып, жалпы иммунитетті күшейтетіні анықталған, – дейді ғалым Мұсатілла Тоханов.
«Бізге келетіндер шұбатты сүйсініп ішеді», – дейді Шымкенттегі дәмханалардың бірінің даяшысы Динара Қадырқұлова. Тамыз, 2009 жыл.


Мұсатілла Тоханов ғалым ретінде Бүкіләлемдік даму банкінен 9 миллион теңгенің арнайы грантын жеңіп алған екен. Оған сәйкес, ғалым 3 жыл ішінде тәжірибе ретінде құрғақ шұбатты шетел асыруға міндетті. Енді жобаға ақша іздеп есік қағып жүргенде, шетелдіктер өздерінің алдын орап кетуі мүмкін деп алаңдайды.

ШИПАЛЫ СУСЫН

Қазақ арасында ұлттық сусын ретінде ықылым заманнан үзбей пайдаланылып келе жатқан шұбаттың пайдасын кейінгі жылдары шетелдіктер де түсіне бастапты.

– Шұбат пен қымыз, жергілікті халықтың да, қаламызға келген шетелдіктердің арасында да үлкен сұранысқа ие. Бұның мәнісі сусынның сапасы жоғары болуында. Біз бұл сусындарды ауылды жерлерден, арнайы тапсырыспен алдырамыз, – дейді Шымкент қаласындағы дәмханалардың бірінің даяшысы Динара Қадырқұлова.

Шұбат – қазақ халқының дәстүрлі сусындарының бірі. Шипалы ем, нәрлі сусын. Түйе сүтінің қоректік, емдік қасиеттері ежелден белгілі. Алуан түрлі ауруға ем ретінде де пайдаланылатын сусын адам ағзасында жеңіл қорытылады. Асқазан жолының бездерінен сөл шығаратын қасиеті бар. Қарын сөлінің қорытқыш қасиетін күшейтіп, ішектің қызметін жақсартатыны дәлелденген.
XS
SM
MD
LG