Accessibility links

Каспийдің Қазақстандағы бөлігінде итбалықтар қырылды


Маңғыстау облыстық төтенше жағдайлар департаментінің хабарлауынша, Каспийдің Қазақстандағы бөлігінде наурыздың 31 және көкектің 1-2 күні табылған мерт болған итбалықтың саны 68-ге жетті. Экологтардың жорамалы бойынша, итбалықтардың жаппай қырылуына мұнай-кен орындарындағы компаниялардың теңізге уытты заттарды төккендігінен болған. Бірақ, әзірге нақты айту қиын, тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Өкініштісі, дейді экологтар, бұл жағдай насырға шауып кетуі ықтимал.

Каспий жағалауындағы өлген итбалық саны өсіп келеді. «Маңғыстаумұнайгаз» компаниясының қызметкерлері наурыздың 31 күні «Қаламқас судан қорғау бөгетінің» жанынан 21 итбалықтың өлексесін тапқан. Келесі күні олардың саны 30-дан асты. Маңғыстау облыстық төтенше жағдайлар департаментінің сәуірдің 2 күнгі мәліметінше, итбалықтар саны 68-ге жетті. Олардың басым бөлігі итбалықтардың биыл туған күшіктері деп хабарланып отыр. «Табиғат» қозғалысының төрағасы Мелс Елеусізов болған оқиғаға мұнай компаниялары кінәлі деп санайды:

- Ол жерде бұрын қорық болған. Оларға ешкім қысым жасамайды, не істегісі келсе соны істеп жатыр. Оларға бәрібір. Бірінші мақсаты, мұнай табу, басқа ештеңе жоқ. Ол жерде мұнай өте терең жерден алынады. 4,5 мың метрден шығады. Өте мықты қысым, мың атмосфераға дейін барады. Ішінде күкіртсутегі деген жаман заттар бар. Енді қазір қоршаған ортаны қорғау министрлігі жақсылап жұмыс істеу керек, оларды қолға алу керек. Олар ешкімге бағынбай жатыр қазір. Үкімет те шетте тұр.

Мұндай жағдай осымен бірнеше рет қайталанып отыр. 2006 жылы болған оқиғада мыңдаған итбалықтың жаппай қырылуына «Қашағаннан» шығатын уытты заттар әсер етті деген жорамал жасалған болатын. Маңғыстау облыстық қоршаған ортаны қорғау басқармасының мәліметінше, теңіз ағыстарымен жел бағытын ескере келе, олар бұл уытты заттардың "Agip KCO" компаниясы жұмыс істеп жатқан аймақтан келгендігін анықтаған. Итбалықтардың мерт болған жеріндегі судан химия, фенол және мұнай өнімдерінің әдеттегі мөлшерінен бірнеше есе артық қалдықтары табылған. Ал, Қазақстанның энергетика министрлігінің мұнай өндірісі департаментінің өкілі Амантай Суесинов итбалық өліміне мұнай компанияларының жұмысы әкеп соққандығы дәлелденбеді деп отыр:

- Бәрі осы мұнайшыларға тепкілейді. Жақсы, мен бұны мұнайшылардан емес деп айтып отырған жоқпын. Бірақ, дәлелдеу керек. Ешкім осы уақытқа шейін дәлелдеген жоқ, мынаны талай күнде төктің, мынау өлді деп. Оған да мәселелер бар. Мысалы, бақылайтын жабдықтар жеткілікті емес. Олар теңізде әрбір жерде болу керек, ол жоқ. Мүмкін, танкерлер өтіп кетті. Олар әр түрлі жүк тасиды. Мысалы, ертең сотқа берсек, сот айтады: дәлел керек деп.

Итбалықтарды тексерген кезде олардың денелерінен балықшылардың торлары немесе басқа аңшы құралдарының ізі анықталмаған. Ауыл шаруашылық министрлігі мамандарының айтуынша, мерт болған итбалықтардың денесінен тыңайтқыш сияқты заттар табылмаған. Зертханалардың мәліметінше, хаюандар инфекциядан қаза болды деп айтуға келмейді. Осы айғақтарға сүйенген қоршаған ортаны қорғау басқармасы итбалықтар мұнай-кен орындарындағы зиянды заттардың кесірінен қаза болды деген жорамал жасайды.

Қазақстандағы «Табиғат» қозғалысының төрағасы Мелс Елеусізовтің айтуынша, дереу шара қолданбаса жағдай насырға шабуы әбден мүмкін:

- Жәндіктің бәрін қыруға мүмкіншілік бар. Үлкен апат болса онда түк қалмайды. Жәндіктің бәрі біздің жерімізден басталады. Бұл балабақша сияқты, планктоннан бастап бекіре балығы, итбалықтар сол жерден басталады. Қазақстанды басқа мемлекеттер зорлап тастайды, ақша жағынан.

Қоршаған ортаны қорғау министрлігінің мәліметінше, олар мұнай компанияларын суға ешқандай уытты заттарды мүлде тастамауды сұраған. Мұнай туралы заңның 36-бабында айтылғандай, бұрғылау кезінде шығатын қоспалар немесе басқа да заттарды теңізге төгуге тыйым салынады.

2005 жылы, осыған ұқсас жағдай болған кезде, министрлік ірі мұнай компанияларына 10 миллиард теңгеге айыппұл төлеткізген. Бірақ, әзірге министрлік, осындай жағдайлар қайталанбас үшін, экология заңдарын қаталдатуды ұсынған.
XS
SM
MD
LG