Accessibility links

Шымкенттік қарт майдангерге қаладағы Жеңіс мейрамын көру арман боп отыр


Екінші дүниежүзілік соғыстың ардагері Игорь Саблин. Шымкент, 28 сәуір 2010 жыл.
Екінші дүниежүзілік соғыстың ардагері Игорь Саблин. Шымкент, 28 сәуір 2010 жыл.

Шымкенттік 83 жастағы Игорь Саблин Жеңіс күні қала орталығында өтетін мерекелік шараны тамашалап, өзге ардагер қариялармен жүздескісі келеді. Өздігінен жүріп-тұра алмайтын оған бар керегі – қоларба. Жергілікті билікке сөзін өткізе алмаған қартқа мектеп оқушылары көмекке келді.


ШЫҒЫС МАЙДАННЫҢ ЖАУЫНГЕРІ

Екінші дүниежүзілік соғыстың ардагері Игорь Саблиннің өздігінен жүріп-тұрудан қалғанына екі жылдың жүзі болыпты. Қария қазір үй ішінде дөңгелекті орындыққа отырып қозғалады. Бірақ соңғы кезде оның өзі қарт кісіге ауырлық ететін көрінеді.

Игорь Саблин совет армиясының қатарына 1945 жылдың басында шақырылыпты. Сібірде бірнеше ай әскери жаттығудан соң 18 жастағы жас жігіт сол жылы жаздың соңында Шығыс майданға аттанады.

– Мен соғыс мүгедегі емеспін. Бірақ ардагермін. Манчжурде соғыстым. Жапондар оңайлықпен берілмейтін. Ол кезде мен жаспын, кескілескен майдан ортасына алғаш түстім. Ал бізден жасы үлкендеу жауынгерлер біздің өмірімізді сақтап қалу үшін денесімен жауып
Майданда қаза болғандардың құрметіне жағылған Мәңгілік алау. Алматы, 9 мамыр 2009 жыл.
қалатын. Ол кездегі қайсарлық мінез, өкінішке қарай, қазір құрдымға кеткен сияқты, – деп сұрапыл соғысты еске алды қарт майдангер.

Соғыс аяқталған соң да біраз жыл шығыстағы совет әскерінің қатарында болған Игорь Саблин 1951 жылы елге оралады. Оның майданда алған бірнеше орден-медальдары бар.

МАЙДАНГЕРДІҢ АРМАНЫ

Қарт майдангер өздігінен жүріп-тұрудан қалған соң мереке кезінде оның хал-жағдайын сұрап іздеп келетін де ешкім жоқ деп налиды. Жергілікті билік өкілдері Жеңіс мейрамы күні ақсақалды тек телефон арқылы құттықтайды екен.

Алайда биыл ол мамырдың 9-күні қала орталығында өтетін Жеңіс мерекесін көзімен көріп, өзі тәрізді майдангер қарттармен жүздесуді армандайды.

– Біздің қала керемет қой. Бірақ қазір қандай екенін білмеймін. Түсімде көретін болдым. Әйелім екі жыл бұрын қайтыс болды. Жалғыз қызым бар. Оның өз отбасы бар. Ешкімге ауыртпалығым түспесе екен деп тілеймін, – дейді қария.

Биылғы Жеңіс мерекесіне бару үшін ол тым болмағанда бір күнге қоларба тауып беруді сұрап қала әкімшілігіне телефон шалыпты.

– Ондағылар маған аяқ-қолыңыз істемейтінін арнайы комиссия арқылы анықтату керек деп жауап берді. Мен ашуланып оларға «ендеше
Аяғы сал болып қалғаннан соң қарт майдангер Игорь Саблин үй ішінде дөңгелекті орындықпен қозғалады. Шымкент, 28 сәуір 2010 жыл.
басымды да тексеруді ұмытпаңдар» деп ескерттім, – дейді қарт жауынгер.

Ақсақал мүгедектік алуға да талпынып көріпті. Алайда ол үшін қыруар құжат жинап, талай мекемеге бару керектігін естіп-білген соң қолды бір-ақ сілтепті.

– Мүгедектік алу үшін комиссиядан өтіп, жүгіру керек екен, уақыт та көп кетеді дейді. Ал мен екі аяғымнан жүре алмаймын, ондайға шамам жоқ, – дейді Игорь Саблин.

МЕМЛЕКЕТТІК МЕКЕМЕЛЕРДІҢ ЖАУАБЫ

Соғыс ардагері Игорь Саблиннің жағдайына байланысты Азаттық тілшісі Шымкенттегі жергілікті тиісті мекемеге хабарласқан еді.

Ондағы шенеуніктер ардагер қарияға медициналық тексеруден өтіп, мүгедектігі анықталғаннан кейін ғана әлгіндей ол сұрап отырған қоларба берілетіндігін жеткізді.

– Белгіленген тәртіп бар. Біз тек қана медициналық құжаттарға сәйкес қоларба бере аламыз. 9 мамырға дейін бірнеше соғыс ардагеріне мүгедектік арба беру жоспарда бар. Ол шара жақын күндері жүзеге асады, – деді Шымкент қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі бастығының орынбасары Мария Барақбайқызы Азаттық тілшісіне.

Қазіргі уақытта Шымкент қаласында 495 соғыс ардагері бар. Олардың үйлеріне жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін биыл қалалық бюджеттен 10 млн теңге бөлініпті.

«МЕЙІРІМНІҢ» МЕЙІРБАН ҰЛАНДАРЫ

Соғыс ардагері Игорь Саблиннің бұйымтайын орындауға Шымкент қаласындағы №43 орта мектептің «Мейірім» тобының мүшелері кірісіпті. Топ мүшелері ай сайын өздері қамқорлыққа алған 8 соғыс ардагерінің шаңырағына барып, үй шаруасында қолғабыс жасап тұрады екен.

Оқушылар әрбір ардагердің өмірбаянын жатқа білетіндерін айтады.

– Біз ардагерлердің үйіне барып, ешқандай оқулықтан таба алмайтын тың деректер мен қызықты оқиғаларды естиміз. Төсек тартып жатқан атайлардың үйін жинап, ыдыстарын жуып береміз, – дейді «Мейірім» тобының белсенді мүшесі Ақтілек Қалабаев.

«Мейірім» тобы өздері қамқорлыққа алған Игорь Саблиннің арманы туралы қарияның өз аузынан осыдан екі ай бұрын естіген екен.
Мектеп оқушыларының «Мейірім» тобын бастап келген тәлімгер Индира Умбарова екінші дүниежүзілік соғыстың ардагері Игорь Саблинмен сөйлесіп отыр. Шымкент, 28 сәуір 2010 жыл.
Содан бергі өткен уақыт ішінде олар бір күнге жалға берілетін мүгедектерге арналған қоларба іздеп біраз жерді шарлапты.

– Қалалық әкімшілікке, неміс мәдени орталығы мен ардагерлер үйіне және қария жұмыс істеген өкпе-құрт аурулары диспансерінен көмек сұрадық. Бірақ нәтиже болмады, – дейді «Мейірім» тобының тәлімгері Индира Умбарова.

Тек Жеңіс мерекесіне санаулы күндер қалғанда ғана мектеп басшылығына қарияның іздегенін табудың сәті түсіпті.

– Бір күнге қоларба табылып отырғанын айтып телефонмен қарияға хабарлағанымызда ол сенер-сенбесін білмей жылап жіберді, – дейді «Мейірім тобының» тәлімгері Индира Умбарова.

Қария өзінің жағдайына қарайласқан оқушылар мен мектеп ұжымына ризашылығын білдірді.

– Мен тек сендерге ғана сенемін. Айтар алғысым шексіз сендерге, – дейді қарт ардагер.

Жағымды хабар жеткен соң Игорь Саблин 9 мамыр күні Шымкенттің орталық алаңында өтетін салтанатты кешті көруге дайындала бастады. Бірақ ол алдымен №43 мектепте өтетін мерекелік шараға қатыспақ.
XS
SM
MD
LG