Accessibility links

Шымкентте жоғары білімді жұмыссыздар саны артып барады, билік жұмысшылар даярлау курсын көбейтпек


Жұмыссыздар жұмысқа жалданатын көшедегі еңбек биржасы, Шымкент, 13 сәуір, 2009 жыл.

Жұмыссыздар жұмысқа жалданатын көшедегі еңбек биржасы, Шымкент, 13 сәуір, 2009 жыл.

Оңтүстік Қазақстан облысында жұмыссыздар қатарына соңғы екі айдың ішінде үш мыңнан аса адам қосылған. Облыстық статистика агенттігінің мәліметі бойынша, өткен жылдың желтоқсан айында өңірдегі жұмыссыздар қатары 8818 адамды құраса, бұл көрсеткіш араға екі ай салып, 12120 адамға жеткен.

Бұл тек ресми мәлімет. Бейресми ақпарат көздерінің деректері бойынша, аймақтағы жұмыссыздар саны 75 мыңға жетіп жығылған. Әлемдік қаржы дағдарысының кесірінен өңірдегі бірнеше ірі өндіріс орындары жұмыс уақытын қысқартып, кейбірі тіпті тоқтатуға мәжбүр болды. Жұмыссыз қалғандардың басым бөлігі қиындықтан шығу жолдарын өз бетінше іздеуге ұмтылады.

Бүгінде қалыптасқан жаппай жұмыссыздықпен күресте жергілікті билік бар болғаны жұмыссыздардың тізімін түгендеумен шектелуде, деп есептейді жарты жыл бұрын қысқартуға ұшыраған Шымкент қаласының тұрғыны Игорь Дворцов. Автокөлік жөндеу шебері болып істеген ол өткен уақыт ішінде жұмыс іздеп қақпаған есігі қалмағанын айтады.

– Мен өз басым жұмыс іздеп бармаған жерім жоқ. Барлығының айтары бір: «Дағдарыс. Жұмыс жоқ». Жұмыспен қамту мекемесінде де тізімге тұрудан басқа тірлік болмады. Әйелім қаладағы базарлардың бірінде сауда-саттықпен айналысады. Оның да жұмысы жүрмей қалды. Себебі, қазір халықта ақша жоқ.

Жасым 40-тан асқанда басқа мамандықты да игеріп көруге бел будым. Бірақ, жаңа жұмыстың табыларына көзім жетпейді. Қазір жұмыс өтілісіз еш жер қабылдамайды ғой. Сондықтан, бұл бос әурешілік деп білем. Сондықтан, көлігіммен адам тасып, күнелтуге тура келді, – дейді дағдарыстан опық жеген жоғары білімді азамат.

Құзырлы мекеме қызметкерлері болса қазіргі жұмыссыздықпен күрестің маңызды жолы – қысқа мерзімде жұмысшы мамандарын даярлау деп отыр.

– Шымкент қаласы бойынша республикалық бюджеттен жарты миллион теңгеге жуық қаражат бөлінбек. Бұл ақшаға 5 мыңдай адамды ақысыз қайта мамандандыру көзделіп отыр. Осы іс жүктелетін мекемелер арасында тендер өткізілді. Алдағы уақытта ниет білдірген жұмыссыз азаматтар басқа мамандықтың қыр-сырын үйренуге мүмкіндік алады. Сонымен қатар жастарды жұмыспен қамту мақсатында бірқатар жоспарлар бар, – дейді Шымкент қалалық халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі бастығының орынбасары Бақытжан Бекауылов.

Оның айтуынша, үкімет жасаған іс-қимылдар жоспарының бір жобасы «Жол картасы» деп аталады. Елде халықты еңбекпен қамту және жұмыссыздықтың өсуіне жол бермеу мақсатында республикалық бюджеттен бір миллиард долларға жуық қаражат қаралған дейді маман.

Осы орайда аймақта үкіметтің үміт артып отырған жобасының алдын орап әкеткен жұмыссыздар мен жұмыстан қыстартылғандарды қайта мамандандыру орталығының ашылып үлгергенін айта кету керек. Облыстағы маңдайалды жоғарғы оқу орнында тұсауы кесілген орталық Сарыағаш ауданында да жұмыс істей бастады.

Мұнда жаңа заман талабына сай деп танылған 20 мамандық пен жұмысшы мамандықтары бойынша ақылы түрде дәріс беріледі. Екі-үш айға негізделген оқу құны он мыңнан жиырма мың теңгеге дейін тұрады.

«Дәнекерлеуші, автокөлік жөндеуші, ұста, электрші секілді жұмысшы мамандықтарына сұраныс артуда. Тіпті, болашақ қаржыгер, инженер студенттер де осы мамандықтарға қосымша оқып шығуға ниет білдіруде,-" дейді дәріс беруші, Оңтүстік Қазақстан облыстық кәсіпкерлік және серіктестік департаментінің директоры Мұтал Тұртаев.

Университет ұстаздарына халықаралық бағдарлама бойынша бизнестің қыр-сырын үйретіп жатқан маман, қазіргі қаржы дағдарысы кезінде қанша мамандықты игерсе де артық болмас деп есептейді.

– Нарыққа қолайлы да шыдамды бизнесті құрудың сауатты жолын біле білу, кім-кімге болсын артық болмайды. Серіктестікті нығайтып, дағдарысқа төтеп бере алудың жолын үйренем деушілер аз емес. Әсіресе, орта және шағын бизнеске қатысты. Бұл қазіргі әлемді жайлаған дағдарыс кезінде өзекті мәселе. Дәріс алғандарға арнайы куәлік табыс етіледі. Әсіресе, ауылды жерлерде жұмысшы мамандықтарға сұраныс көп. Дипломды сандықтың түбінде сақтағанша, қандай жұмысқа болсын, бейімделген дұрыс, – дейді дәріс беруші.

Бизнес саласын жетік меңгеруге білек сыбана кіріскен Шымкенттегі М.Әуезов атындағы университеттің ұстазы Мөлдір Төлегенова алдағы уақытта өзінің бағытын бизнеске бұруы мүмкін екенін жасырмайды. Ұстаз бүгінгі заманда жұмыссыз қалғанша, қандай да болмасын жаңа кәсіпті меңгерген жөн деп санайды.

– Қазіргі заманның өзі алып-ұшып тұр ғой. Ертеңгі күніміздің не боларын білмей қалдық. Әркім өзі үшін өмір сүріп, өз күшіне ғана сенетін заман. Бизнес-жоспарларды құрудың сауаттылығын меңгеруді өзім қаладым. Алда мамандығымды өзгертуім де ғажап емес, – дейді педагог.

Бірнеше жылдан бері тұрақты жұмыс таба алмай жүрген Шымкент қаласының тұрғыны Хамиди Исабеков көше бойы сап түзеген жұмыссыздар қатарына қосылған. Бейресми «Еңбек базарына» күніне жұмыс іздеп келетіндер саны мыңнан асады. Қатарлары күн санап артып бара жатқанын айтқан азамат мемлекет тарапынан қолға алынған қысқа мерзімдік курстар туралы естімепті. Күн көрістің қамымен күнде осы жерге келіп, бұйырғанына бала-шағасын асырап отырған азаматтарың айтар уәжі бір.

– Осы жерде жұмыс іздеп, кезекте тұрған адамдардың бәрінің де жоғары, орта білімдері бар. Сауатсызы жоқ әйтеуір. Бірақ, тұрақты жұмыс жоқ. Ондай курстарды оқымай-ақ қолымыздан бәрі келеді. Қара жұмыстың қайсысын болмасын атқара аламыз. Одан келіп-кетер не пайда? Бізді біреу ойлап жатыр-ау деп айта алмаймыз. Басқа елде шығар, мемлекетке арқа сүйейтін. Бізде әркім өз күнін өзі көреді. Жұмсақ креслода отырған аты дардай әкім-қаралардың көлеңкесі өзінен басқаға түспейтін болды, бөркі құр қоқырайып жүрген басшылардан бізге не пайда? – дейді тұрақты жұмыссыз жүрген азмат.
XS
SM
MD
LG