Accessibility links

«Келіннің» режиссері полиция туралы фильм түсірмек


"Келін" фильмінің режиссері – Ермек Тұрсынов. 30 маусым 2010 жыл.
"Келін" фильмінің режиссері – Ермек Тұрсынов. 30 маусым 2010 жыл.

Үлкен экранға шыққан бетте көрермендер мен киносыншылардың сын садағына іліккен «Келін» фильмінің режиссері Ермек Тұрсынов енді Қазақстан полициясының қылмыспен күрестегі жеделдігін және өз ісіне берілгендігін паш ететін жаңа фильм түсіруді бастамақ. Алайда, режиссер жаңа фильмге «Қазақфильмнің» қатысы жоқ деп отыр.


«ҚАЗАҚФИЛЬМНІҢ» ҚИЫНДЫҚТАРЫ

Нақты атауы әзірге белгісіз, бірақ жұмыс барысындағы атауы «Көктемнің жеті күні» деп аталатын фильмді түсіру жұмыстары шілденің 12-сі күні басталмақ. Ал, фильмнің желісі өмірде болған қылмыстық оқиғаға құрылған. Яғни 2001 жылы мамыр айында Алматыда «БТА банкінің» инкассаторлық машинасына қарақшылық шабуыл жасаған топтың қылмысын бір аптаның ішінде ашқан полиция туралы болмақ.

Жаңа фильм туралы сөз болған баспасөз мәслихатында режиссер Ермек Тұрсынов 2001 жылғы қылмыстық топты ұстаған сол кездегі Алматы қаласы ІІБ қылмыстық-іздестіру қызметінің бұрынғы бастығы Құрманбек Артықбаев екеуі бірлесіп, «Семь майских дней» деп аталатын кітап жазып, жарыққа шығарғандарын жария етті.
"Cемь майских дней" кітабының мұқабасы. Астана, 30 маусым 2010 жыл.
12 шілде күні түсіру жұмыстары басталатын жаңа фильмнің бюджеті туралы режиссер кесімді түрде бірдеңе деуге әзір ерте екенін атап өтті. Ал, фильмге Қазақстан, Ресей, Өзбекстан актерлары түспек.

– Фильмге Ресей актерларының түсуінің себебі мынада. Қазақстанда экшн жанрындағы фильм өзін-өзі ақтамайды. Сондықтан біз фильмді Ресей кинонарығына шығармақ ниеттеміз. Бұл – жеке қаржыға түсірілетін фильм. Бұған «Қазақфильмнің» қатысы жоқ, - деді Ермек Тұрсынов.

Режиссердің айтуынша, «Қазақфильммен» жұмыс істеу – қиын. Түрлі талқылаулар, отырыстар, қағазбастылық, қаржының аздығы, киноға түсуге әркімнің өз адамдарын тықпалауы тәрізді кедергілер жетіп артылады.

РЕЖИССЕРҒА «ҰНАҒАН» ҚЫЛМЫСКЕР

Ал, Алматы қаласы ІІБ қылмыстық-іздестіру қызметінің бастығы Құрманбек Артықбаев 2001 жылғы қылмыстық оқиғаның желісімен кино түсірсек деп құда түскендер көп болғанын айтады. Алайда, Ермек Тұрсыновпен тіл табысып, жұмысқа кірістік дейді Құрманбек Артықбаев.

– Біз 2001 жылы техникалық және ұйымдасу жағынан өте мықты дайындықтан өткен қылмыстық топқа тап болдық. Бұл қылмысты ашу біз үшін өте қиын болды. Өйткені, олар із тастамайтын кәнігі қылмыстық топ еді. Ол кезде атышулы қылмысты ашу жөніндегі жедел топқа басшылық етуім менің бұл қылмыстың әр деталіне дейін біліп отыруыма мүмкіндік берді. Ал, қылмыстық оқиға ізімен әуелі кітап жазып соның желісі бойынша кино түсіру туралы ұсыныс түскен кезде мен келістім, - деді Құрманбек Артықбаев

Ал, Ермек Тұрсынов қылмыстық оқиғамен танысу барысында қылмыскерлердің ұйымдасу, әккілігі, дайындығына таң қалғанын жеткізді.

– Тырнақшаның ішінде деп айтайын, маған Мухлисовтың қарақшылық тобы ұнады. Түсінесіз бе, қылмыс әлемі де өзінше дамып отырады. Яғни қылмыстық топтардың әрекет ету жолдары мен техникасы дамиды. Міне, дәл сол 2001 жылы Мухлисов бастаған қылмыстық топтың дайындығы жоғары болған. Олардың әр бірі арнайы маманданған адамдар десе де болады. Қылмыскерлердің ішінде техниканың тілін білетін маман болған, екіншісі машинаны шебер жүргізген. Және олардың бәрі спорттың әр түрінен жетістікке жеткен. Ал, қылмыстық топтың басшысы Мухлисов – өзінше ешкімге ұқсамайтын адам. Жоғарғы білімді. Айтпақшы, мамандығы – журналист. Және тамаша актер: әрқандай іске шығар алдында гримделіп отырған. Осының бәрімен танысқан кезде оқиға менің көз алдыма кино болып елестей берді. Мұндай оқиғаға неліктен режиссерлардың қызығушылық танытпағаны мені таңқалдырды. Тәубе, біз бірінші болып кірістік, - деді Ермек Тұрсынов.

Және де Ермек Тұрсынов Қазақстан полициясы әділ сынға ұшырағанымен, олардың арасында өз ісіне адал полицейлер бар екенін қылмыстық оқиғаның тарихымен танысу барысында көз жеткізгенін жасырмады.

Ермек Тұрсыновтың жоспары бойынша, жұмыс барысындағы атауы «Көктемнің жеті күні» деп аталатын жаңа фильмді түсіру жұмыстары 33 күнге созылмақ. Ал, 2011 жылы ақпан айында үлкен экранға жол тартпақ.

2001 жылы 18 мамыр күні «БТА банкінің» инкассаторлық машинасына шабуыл жасаған қылмыстық топтың басшысы Модан Мухлисов – 25 жылға, оның серіктері 6 жылдан 24 жылға дейінгі түрлі мерзімге бас бостандығынан айрылған болатын.
XS
SM
MD
LG