Accessibility links

Жемқорлық кесірінен Қазақстанда ілбіс құрып кетуі мүмкін

  • Әлия АХМЕДИЕВА

Жоңғар Алатауын мекендейтін ілбіс. Текелі қаласының тұрғыны Ренат Минибаев түсірген сурет. 11 қаңтар 2010 жыл.

Жоңғар Алатауын мекендейтін ілбіс. Текелі қаласының тұрғыны Ренат Минибаев түсірген сурет. 11 қаңтар 2010 жыл.

Жыл сайын қыркүйек айында аңшылық маусымы басталады. Жүздеген аңшы ата-баба салтымен түз тағыларының ізіне түседі. Бірақ бүгінде осы бір ежелгі дәстүрге қарсыластар да бар. Олар аң аулауға мүлдем тыйым салуды қолдайды.


Мамандардың шамалауынша, Алматы облысы аумағында ұзын-саны қырықтан сәл астам ғана ілбіс қалған. Табиғат қорғаушылар Қызыл кітапқа енгізілген бұл аң және өзге де түз жануарлары біржола құрып кетпеуі үшін аң аулауға тыйым салу керек дейді.


АҢ АУЛАУ ЕМЕС, КӨҢІЛ КӨТЕРУ

Текелі қаласының тұрғыны Ренат Минибаев өткен қыста Жоңғар Алатауындағы Қора шатқалында шаңғы теуіп жүріп ілбіспен (барыс) кездейсоқ бетпе-бет келіп қалды. Адамнан аса үрке қоймаған түз тағысын суретке түсіріп алудың да сәті түсті. Бұл мүмкіндікті құр жібермеген Ренат кәдімгі әуесқой фотоаппаратымен ілбісті он шақты рет суретке тартып үлгерді.

Бірақ содан бері оның көңілін бір беймазалық жайлап алды. Жалғыздық өмірінен торыққан соңғы барысты кездестіргендей күй кешкенін айтқан Ренат, ілбістің тағдырына байланысты Азаттық тілшісімен пікір бөлісті.

– Бұдан бұрын адамдар онымен тұқымдас аңдардың көзін жойған еді. Енді таутеке, марал мен елікті қынадай қырып, барысты азықсыз қалдырып отыр, – дейді Ренат Минибаев.

Ол жабайы табиғатты қорғаушылар қоғамын құрып, аңшылыққа тыйым салдырғысы да келеді. Оның пікірінше, бір кездегі аң аулау
Текелі қаласының тұрғыны Ренат Минибаев итімен бірге. Жеке мұрағаттағы сурет. Алматы облысы, 12 қаңтар 2010 жыл.
дәстүрі бүгінде өзінің әу бастағы міндетінен алшақтап кеткен. Өйткені бұрын адамдар өзіне азық табу үшін аң аулаған емес пе?! Ал қазір тамақ дегенің базарлар мен дүкендерде қайысып тұр.

– Адамдар жабайы табиғаттың шырқын бұзып, түз аңдарын қырып-жоя бастайды. Сіз қазіргі аңшыларға назар аударып қараңызшы. Бұлардың барлығы шеттерінен ығай мен сығайлар: шенеуніктер мен бизнесмендер. Олар өздеріне азық табу үшін емес, көңіл көтеру, ермек үшін аң аулайды, – дейді Ренат Минибаев.

Табиғат қорғаушылардың айтуларына қарағанда, түзді мекендейтін жабайы аңдар санағы салыстырмалы түрде жүргізілетін көрінеді. Мемлекеттік мекемелер қызметкерлері мен жекеменшік аңшылық шаруашылықтар өзара келісіп алған дейді олар.Соның кесірінен табиғаттағы жабайы аңдардың шынайы саны бұрмаланып беріледі.

Алматы облыстық табиғи ресурстар басқармасындағылар жабайы аңдарды қорғаушылардың қаупін ішінара растады. Мамандардың айтуынша, жабайы аңдарды дәл санап шығу мүмкін емес көрінеді. Кез-келген санақ салыстырмалы түрде ғана жүргізіледі.

Алматы облыстық табиғи ресурстар басқармасы жануарлар әлемі бөлімінің бастығы Абайғали Қақабаев Азаттық радиосының тілшісіне берген сұқбатында өздері бақылайтын аумақта тіркелген аң шаруашылықтарымен бірге жұмыс істеуге тырысатындықтарын айтты.

– Әр түрлі қате-қиыс кетпес үшін біз олармен бірлесе есеп жүргіземіз. Кейінірек аулайтын аң мөлшері көбірек болуы үшін аң шаруашылықтары олардың санын көбірек қылып бергісі келеді. Сондықтан біз барынша дәл деректер алуға ұмтыламыз, – дейді Абайғали Қақабаев.


ЖОЙЫЛЫП БАРА ЖАТҚАН ЖАБАЙЫ АҢДАР

15 жылдан бері аңшылықпен айналысып келе жатқан Павел Гайворонский аң ауламаса тұра алмайтынын айтады. Ол аң аулау – ер адамдардың ежелден айналысып келе жатқан ісі және оған тыйым салу мүмкін емес деп есептейді. Оның пікірінше, ең бастысы – ережені сақтап, аңшы адамгершілік кодексін бұзбау керек.

– Біріншіден, аң өсіп-өнуі үшін ұрғашыларын азырақ ату керек. Екіншіден, бүгінде атқан оғы дәл тиетін мылтық көп. Сондықтан жабайы аңдардың аман қалу мүмкіндігі өте аз. Ондай мылтықпен алыс жерден-ақ аңға дәл тигізуге болады. Мұндай қаруды барынша аз қолдану қажет. Өзімізден кейінгі ұрпаққа не қалдыратындығымызды да ойлануымыз керек, – дейді Павел Гайворонский.

Алматы облысында омыртқалы жануарлардың 94 түрі жойылып бара жатқан жабайы аңдар қатарына жатады және олар Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген. Солардың арасында ілбіс те бар. Бұл аң таудың адам аяғы баспайтын жерлерін мекендейді. Сондықтан оның дәл санын анықтау мүмкін емес. Мамандардың шамалауынша, аймақта ұзын-саны қырықтан астам ғана ілбіс қалған.

Мемлекеттік және жергілікті мекемелердегі мамандардың айтуларынша, ілбіс оқта-текте браконьерлердің немесе кездейсоқ адамдардың олжасына айналатын көрінеді. Мысалы, өткен жылы екі ілбіс өлтірілген. Оның бірін бір малшы таяғымен ұрып алса, екіншісін аңшы атып алған.

Бұл екі оқиға бойынша жеке-жеке әкімшілік іс қозғалған. Алайда, Азаттық тілшісімен болған әңгімеде Абайғали Қақабаев күдікті адамдардың кінәсін дәлелдеудің өте қиын екендігін мойындады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG