Accessibility links

Аштық акциясын қайта жалғастырған 15 әйел премьер-министр Кәрім Мәсімовке үндеу жолдады

  • Нәйла СҰЛТАН

«Халыққа баспана қалдырайық» қозғалысына мүше 15 әйел аштық акциясын қайта жалғастырды. Алматы, 18 наурыз 2009 ж.

«Халыққа баспана қалдырайық» қозғалысына мүше 15 әйел аштық акциясын қайта жалғастырды. Алматы, 18 наурыз 2009 ж.

Наурыздың 18-інде Алматыда «Халыққа баспана қалдырайық» қозғалысының 15 мүшесі банктерден алған ипотекалық қарыздарына байланысты проблеманы шешуге үкіметтің араласуын талап етіп, мәлімдеме жасады. Ал шымкенттіктер аштық акциясын өткен аптада бастап кеткен болатын.

Сәрсенбі күні Төле би мен Тілендиев көшелерінің қиылысында орналасқан №284 үйдің 40-шы пәтерінде борышкерлердің аштық акциясы қайта жалғасты. Осымен екінші рет аштық акциясына қатысушы Майгүл Черубаева 4 айдан бері банкке несиесін төлей алмай келеді. Банк одан баспанасын босатуды талап етіп отыр екен.

– Банк қызметкерлері «сенің рұқсатыңсыз үйіңді сатамыз» дейді. Ипотекалық несиеге 7 миллион теңге алған едім. Бір жыл бойы мен банкке 25 мың АҚШ долларын төледім. Алайда, ол ақша банктың пайыздық үстемесіне, сыйақысына төленіпті де, менің қарызым сол баяғы 7 миллион теңге күйінде қалыпты. Мен оны түсінбедім. Жарайды, оны қойшы, мен тек банктен 3 жыл несиемді тоқтата тұруға үзіліс сұрап отырмын. Алайда, банк менімен келісімге келмей отыр. Әлемдік қаржы дағдарысының келгеніне мен кінәлі емеспін ғой. Саудам да тоқтап тұр. Қазір адамдарда ақша жоқ. Мен қарызымды төлемеймін деп отырғаным жоқ, төлеймін, тек сәл жеңілдік болса деген тілегім бар, – дейді Майгүл.

Аштық жариялап жатқандардың бірі Шынсұлу Нығметова. Алматы, 18 наурыз 2009 ж.
Ал 3 баланың анасы 49 жастағы Шынсұлу Нығметова кезінде несиеге пәтер алып, оны кепілге қойыпты. Енді Шынсұлу бүгін-ертең баспанасын банк алып қояды деген қауіппен отыр. Алайда борышкер, қаржылық дағдарыс қалыпты жағдайға түскенде ғана несиені төлеуге мүмкіндігі болатынын айтады:

– Үкімет бізге 3 жылдан 5 жылға дейін үзіліс берсін. Мүмкін, одан бұрын қарызымызды қайтаратын шығармыз. Тек мына дағдарыс өтіп кетсінші. Айына мен 2400 АҚШ долларын төлеп отырған едім. 5-6 айдан бері төленбей, қарызым көбейіп кетті. Оның өзі 10-15 мың АҚШ долларына жуықтап қалды. Денсаулығымның нашарлығына қарамай, аштық акциясына қатысып отырмын. Бәрібір далада қалу қаупі төніп тұр ғой, одан да осы жерде отыра берейін.

Азаттық тілшісі осы мәселеге байланысты БанкЦентркредиттің басқарушы директоры Марат Қожахановқа хабарласқан еді. Ол борышкерлердің талабы ескерілмейді дегенді айтты.

– Адамдарға үзіліс берілсе, ол уақыт аралығында олар қарызды қайтарудың жолдарын қарастыру керек. Алайда, адамдарға сенім арту қиын. Үкімет көмек береді деп, ауыз ашып отыруға болмайды. Борышкерлерге айтарым: қарыздарыңызды төлеуге асығыңыздар! Жақсы, үзіліс берілсін, бірақ күнделікті үстеме ақы қосылып отырады ғой. Оны неге ойламайсыздар? Оданша тапқандарыңызды төлей беріңіздер. Түбі ол қарызды өздеріңіз қайтарасыздар. Бар күштеріңізді қозғалыс құруға жұмсаған екенсіздер, енді қаржылық проблеманы реттеуге де күш жұмылдырыңыздар, – деді Марат Қожаханов.

Аштық акциясына қатысушылар үкіметке талаптары туралы журналистерге сұхбат беруде. Алматы, 18 наурыз 2009 ж.
Аштық акциясына қатысып жатқандар – кезінде екінші деңгейлі банктерден алған ипотекалық несиелерін қайтаруға уақытылы төлем жасай алмай проблемаға кезіккендер. Қазірде өздеріне банктер мен коллекторлық компаниялар тарапынан қысым жасалып жатқанын айтқан олар үкіметтің дағдарысқа қарсы бағдарламасында проблемалық несиені сатып алу үшін бөлінген қаржыны игеруге қатысты шаралардың әлі күнге белгіленбегеніне наразылық білдіріп, бұл мәселені қоғамға жария түрде тездетіп қолға алу туралы талап қойып отыр:

«1. Біз банктерден өз баспанасын кепілге қойып, несие алған барлық азаматтардың пәтерлерін банктер мен коллекторлық компаниялардың соттан тыс саудаға салуына тосқауыл қойылуын талап етеміз.

2. Тез арада үкіметтен стрестік активтер қорынан проблемалық несиені сатып алу үшін бөлінген қаржыны игеруге қатысты шаралар қолға алынсын.

3. Проблемалық несиені сатып алу үшін өз баспанасын, кепілге қойған борышкерлерді ипотекалық, тұтынушылық немесе кәсіпке алынған несие деп бөліп-жармай, бәрін қарастырсын.

4. «Самұрық - Қазына» қоры мен үкімет бұл мәселе бойынша «Халыққа баспана қалдырайық» қоғамдық қозғалысының басшылығымен келіссөз өткізсін», - делінген наурыздың 18-інде күндізгі сағат 12-де мерзімсіз аштық акциясын қайта бастаған 15 әйелдің атынан Қазақстанның бас министрі Кәрім Мәсімовтың атына жазылған үндеуде.

Ең алғашқы аштық акциясын Алматыда биылғы қаңтардың 20-ы күні «Халыққа баспана қалдырайық» қозғалысына мүше 12 адам бастаған болатын. Солардың арасында Айжанкүл Бағыбаева, Бақытжан Кәрімова және Қарлығаш Ысқақова ашығудың салдарынан денсаулықтары нашарлап. наразылық акциясын амалсыз үзуге мәжбүр болған еді.

Алматы қаласы әкімінің орынбасары Серік Сейдумановтың несиелік борышкерлер мәселесін шешу жағын қарастырамыз деген уәдесі бойынша ақпанның 2-сінде 14 адам аштық шарасын уақытша тоқтатқан еді.

Ал наурыздың 12-сінде Шымкентте «Халыққа баспана қалдырайық» қоғамдық қозғалыс бірлестігінің 12 мүшесі аштық акциясын бастады. Бүгінде олардың саны 25-ке жетіп отыр.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG