Accessibility links

Оңтүстік Қазақстанда кеселді ананы аман алып қалмақшы болған үш дәрігер де о дүниелік болып кетті


Жұқпалы дерт таратушы кенеге қарсы дәрілеу жұмыстары. Түркістан, Оңтүстік Қазақстан облысы, шілде, 2009 жыл.

Жұқпалы дерт таратушы кенеге қарсы дәрілеу жұмыстары. Түркістан, Оңтүстік Қазақстан облысы, шілде, 2009 жыл.

Оңтүстік Қазақстан облысында конго-қырым безгегіне шалдыққандардың саны 11 адам деп ресми ақпаратта айтылып отыр. Соның алтауы бақилық болды. Прокуратура қауіпті кеселдің белең алып, істің насырға шабуына дәрігерлерді кінәлап отыр.

ЖҰҚПАЛЫ ДЕРТТЕН 6 АДАМ КӨЗ ЖҰМДЫ

Түркістан қаласында конго-қырым қанды безгегінің таралуына осы дерттен қайтыс болған жас әйел себепкер болған деп мәлімдеді шілденің 29-ы күні Қазақстаннның денсаулық сақтау министрі Жақсылық Досқалиев Астанадағы баспасөз мәслихатында.

«Жаңадан босанған ол әйелге індет үйінің ауласында кене арқылы жұғып, содан кейін анасының сүті арқылы нәресте дертке шалдыққан деген қорытындыға келіп отырмыз», – деді министр Досқалиев.

Қазақстанның денсаулық сақтау министрі Жақсылық Досқалиев.
Науқас әйел мен оның нәрсестесімен байланыста болған аурухананың бес қызметкеріне қатерлі дерт жұққан. Министрдің айтуынша, дәрігерлер жұмыс барысында қауіпсіздік ережелерін сақтамағандықтан, ауруға шалдыққан.

Түркістан перзентханасында 24 маусымда босанған 23 жастағы Шохида Исмайлова арада екі күн өткен соң қалалық ауруханаға қайта түскен. Жергілікті дәрігер-хирург Сайлаубек Өскенбаев бойынан тоқтаусыз қан кеткен сырқат әйелге операция жасағанымен нәтиже шықпайды. Көмекке облыс орталығынан хирург Зейнолла Қабдиев шақыртылып, жас босанған анаға екінші қайтара операция жасалған.

– Расын айтқанда үш күн анализін тексермеді. Азанда деді, бүрсігүні деді. Сөйтіп дәрігерлер өздері созып жүрді. Алдымен қан қалды деп, жатырды сылып тастады. Сосын бауырынан деп айтты. Үшінші күні кене шаққан деп шықты. Кейін құрсағында миома болған деп жатыр. Кімнің сөзіне сенерімізді білмейміз. Келінім малға жоламайтын. Артында күйеуі мен екі жарым жасар баласы қалды, – дейді марқұмның енесі Рано Оспанова.

Шілденің 3-і күні жарық дүниеге келгеніне 9 күн болған нәресте шетінеді. Араға бір күн салып, анасы да жантәсілім етеді.

9 шілде күні түркістандық дәрігер Сайлаубек Өскенбаев бақилық болды. Ал тағы екі күннен соң шымкенттік хирург Зейнолла Қабдиев, одан кейін ана мен балаға медициналық көмек көрсетуге қатысқан неонтолог дәрігер Шынар Бақбергенова да қайтыс болды.

Жұқпалы дерт Түркістаннан басқа аймақтардан да байқалды. Шілденің 14-і күні Сайрам ауданының 35 жастағы тұрғынынан қауіпті індеттің белгілері анықталды. Оны шөп шабуға барғанда кене шаққан көрінеді. Тиісті шаралардың қолданғанына қарамастан, араға бес күн салып, науқас көз жұмды. Осылайша, бас-аяғы 15 күннің ішінде 6 адам о дүниелік болды.

ДЕРТ ЖҰҚТЫРҒАНДАР ӘЛІ АНЫҚТАЛЫП ЖАТЫР

Шілденің 29-ы күні денсаулық сақтау министрлігі Түркістан ауруханасында жұқпалы дерттен қайтыс болған марқұм әйелмен перзентханада қарым-қатынаста болғандардан дәрігерлік бақылауға алынған екі медициналық қызметкердің сауығып, стационардан шығарылғанын хабарлады.

Сырқатты бірнеше рет қараған акушер-гинеколог 25 жастағы Нұрбол Өтепберген шілденің 10-ы күні жұқпалы аурулар бөліміне жатқызылған-ды. Ал босанған әйелге күтім жасаған медбике А.Қалыбекова дәл осындай диагнозбен шілденің 11-інде түнде ауруханаға жеткізілген еді.

Шілденің 28-і күні 8 жасар түркістандық бала қырым безгегін жұқтырған деген күдікпен ауруханаға жатқызылды. Ауруханаға ауыр халде жеткізілген жеткіншектің денесінен ата-анасы өлі кене тауып алған көрінеді.

Сондай-ақ Ескі Иқан селосының тұрғыны А.Мамадазим деген азамат та қырым қанды безгегі диагнозымен ауруханаға жатқызылып, ерекше қадағалауға алынды. Қазір оның ұлы да күдіктілер қатарында.

Ордабасы ауданындағы Төрткөл елді мекеніне қыдырып келген 16 жасар қыз Түркістанға қайтарылып, сондағы ауруханаға жатқызылды. Оған да қырым қанды безгегі деген диагноз қойылғанымен, медициналық сараптама қорытындысы бойынша диагноз расталған жоқ. Шілденің 28-і күні ол ауруханадан шықты.

«ОЛАР ЖҰҚПАЛЫ ІНДЕТ БАРЫН ЖАСЫРЫП КЕЛДІ»

Түркістандағы қазалы оқиғаларға қырым қанды безгегінің ауыр түрі себепші екенін ең алдымен көпке жария еткен прокуратура қылмыстық іс қозғады. Тексеру жүргізген прокуратура өкілдері дәрігерлер сырқатты дер кезінде анықтамай, оның алдын алуға қатысты ешқандай шара қолданбаған, дәлірек айтқанда, болған жайтты жасырып-жабуға әрекеттенген деген қорытынды жасады.
Кінәні облыстық денсаулық сақтау басқармасынан іздеу керек. Осындай аса қауіпті дерттің басталғанына қарамастан олар құзырлы органдарға хабарламаған. Жасырмақ болған. Тіпті, дерттің таралу аумағын анықтау үшін де еш шара қолданбаған.


– Кінәні облыстық денсаулық сақтау басқармасынан іздеу керек. Осындай аса қауіпті дерттің басталғанына қарамастан олар құзырлы органдарға хабарламаған. Жасырмақ болған. Тіпті, дерттің таралу аумағын анықтау үшін де еш шара қолданбаған, – дейді облыстық прокуратураның баспасөз хатшысы Бақтыгүл Оразова.

Прокуратураның жаппай тексеруіне дейін денсаулық сақтау департаменті Түркістандағы тізбектелген қазалардың бір-бірімен ешқандай байланысы жоқ деп келген еді. Ең алғаш өткізген баспасөз-мәслихатында Түркістандағы жас ана босану кезінде көп қан жоғалтқанның кесірінен көз жұмды, ал оның сәбиі де өзге себеппен шетінеді деп мәлімдеген ОҚО денсаулық сақтау департаментінінің басшысы Әнуарбек Маймақов шілденің 20-сы күні облыс әкімінің шешімімен қызметтен босатылып, осыдан бірнеше жыл бұрын ВИЧ індеті тарап, атышулы болған облыстық балалар ауруханасының бас дәрігері қызметіне тағайындалды.

Ал денсаулық сақтау департаментінінің басшысы қызметіне жаңа тағайындалған Жұмағали Ысмайылов қызметіне алғаш кіріскен күні жиналған БАҚ өкілдерінің алдында бұл өзгеріс конго-қырым қанды безгегінің белең алуына байланысты емес екенін атап өтті. Сондай-ақ Түркістан қалалық перзентхансынының бас дәрігері де отставкаға кетті.

Безгектен бақилық болған үш дәрігердің бірі Сайлаубек Өскенбаев 30 жыл бойы медицина саласында жұмыс істеп, 49 мың операцияға қатысқан хирург маман ретінде танылған еді. Ол маусым айының соңғы күндері қансыраған ананы аман алып қалу үшін жасалған екі
Амангелді Архабаев, науқастан дерт жұқтырып қайтыс болған хирург Сайлаубек Өскенбаевтың ағасы. Түркістан қаласы, Оңтүстік Қазақстан облысы. Шілде, 2009 жыл.
операцияға да бастан-аяқ қатысқан. Отбасы мүшелерінің айтуынша, содан кейін-ақ оның дене қызуы көтеріліп, ешнәрсеге зауқы соқпаған. Тек үшінші күні дәрігердің қарауына барғанымен, дендеген дертке ем қонбады.

Марқұм хирургтың туыстары оның өліміне денсаулық сақтау саласының басшылығын кінәлайды.

– Менің інім әлгі науқас әйелдің айықпас дертке шалдыққаны жайлы білмеген. Әйтпесе алдын алуға болар еді ғой. Алайда оған бұл жөнінде ешкім ештеңе айтпаған. Ал басшылар әйелдің ауру екенін біле тұра, менің бауырымды өлімге айдап салған, – дейді марқұмның ағасы Амангелді Архабаев.

Сондай-ақ, Шымкенттен арнайы шақыртылған хирург Зейнолла Қабдиевтің өлімі созылмалы гепатит, гепортанальды синдром салдарынан болды делінген әу баста жазылған диагнозда. Ал бүгінде екі дәрігердің де ажалына қатерлі індетті жұқтыру себеп болғаны анықталып отыр.

Прокуратура тарапынан қызметіне салғырт қараған лауазым иелерінің үстінен қылмыстық іс қозғалды. Тергеу жалғасып жатыр.

ҚАУІПТІ ІНДЕТТІҢ АЛДЫН АЛУҒА ҚАРЖЫ БӨЛІНБЕГЕН

Оңтүстік Қазақстан облысында қырым қанды безгегімен ауырғандар жыл сайын тіркеледі. Қатерлі дерт негізінен кене секілді жәндіктерден мал мен жанға жұғады делінеді. Соңғы 5 жылдық статистика мәліметіне сүйенсек, 2005 жылы ауру қоздырғышын тасымалдайтын кене екі адамды шаққан болса, 2006 жылы бес, 2007 жылы 10 адам осы індеттің құрығына ілігіпті.

Осыдан 3 жыл бұрын аузы-мұрнынан қан кетіп, ауруханада жан тапсырған Сарыағаш ауданындағы 11 жасар баланың дерті тағы екі адамның өліміне себепші болған еді. Сол кезде дәрігерлер мұндай аса қатерлі дерт аймақта осыдан 50 жыл бұрын ғана болғандықтан, дер кезінде ауруға қарсы тұра алмадық деп ақталған-ды.

Оңтүстік Қазақстан облыстық зертханасына тексеруге алынған кенелер. Шымкент, шілде, 2009 жыл.
Алайда енді мамандар жыл сайын қайталанып отырған дерттің өршуіне – аймақта дезинфекциялау жұмыстарының мүлдем тоқтап қалғаны негізгі себеп деп отыр. Заларлсыздандыру жұмыстарына ең соңғы рет 2004 жылы 23 млн теңгеден астам қаржы бөлінген. Содан бері бюджетте бұл іске бір тиын қаралмаған.

– Соңғы бес жылдан бері бұл мақсатқа қаржы бөлінбегендіктен, осындай жағдайға тап болып отырмыз. Ағарту жұмыстарын жүргізу керек. Қора-қопсыны уақтылы дезинфекциялап отырғанда мұндай жағдайға ұрынбайтын едік, – дейді облыстың бас ветеринар дәрігері Жүнісбек Тоғанаев.

Санитарлық қадағалау құрылымының да бұл мәселеге айтар уәжі осы тақылеттес. Бүгінде мемлекет тарпынан осы кезге дейін тіркелген індет ошақтардың маңайын залалсыздандыруға ғана қаржы бөлініп келеді. Былтыр осы жұмыстарға 3 млн 100 мың теңге бөлініп, 53 елді мекенде дәрілеу іс-шаралары атқарылған. Бұл індеттің алдын алуға ешқандай мүмкіндік бермейді дейді мекеме басшысы. Мамандар соңғы 4 жылда облыста малды арнайы дәріге тоғыту шаралары азайып келе жатқанын айтып отыр.

– Кененің биыл көп екенін жылдың басынан бері айтып келе жатырмыз. Кенеге қарсы жүргізілген жұмыстар өз дәрежесінде емес. Ол үшін күллі малымызды тоғытуымыз керек. Жайылымның бәрін арнайы дәрімен өңдеу керек, – дейді ОҚО санитарлық эпидемиологиялық қадағалау депараментінің бастығы Берік Торғауытов.

Жұқпалы дерт жұртшылықтың үрейін туғызған соң ғана, Оңтүстік Қазақстан облысының төрт ауданында үй малын кенеге қарсы егу басталды. Бұл мақсатқа бюджеттен 20 млн теңге бөлінді.

Сонымен бірге, санитарлық дәрігерлер тұрғындарға табиғат аясында демалғанда немесе дала жұмыстарына шыққан кезінде кенеден сақтануға кеңес береді. «Денеден кенені байқаған жағдайда, оған өсімдік майын тамызып, пинцеттің көмегімен алып тастау керек» дейді дәрігерлер.

Денсаулық сақтау министрлігінің дерегі бойынша, Қазақстанда 2009 жылдың сәуірінен бастап осы кезге дейін 17 рет конго-қырым безгегіне шалдығу оқиғасы болған. Оның 14 -і Оңтүстік Қазақстанда болса, үшеуі Қызылорда облысында тіркелген.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG