Accessibility links

Советтік чекистердің ісі Совет билігінің өзінен де өміршең болып шықты


ҰҚК қызметкері ант беріп тұр. ҰҚК сайтындағы сурет.

ҰҚК қызметкері ант беріп тұр. ҰҚК сайтындағы сурет.

Адам құқын қорғаушылар Германия үкіметінің Штази мұражайын жабу жоспары Шығыс Германиядағы қуғын-сүргіннің ел жадынан өшіп кетуіне апарып соғады деп қауіптенеді. Ал Орталық Азияда арнайы қызмет бұрынғы диктатура кезіндегідей билік үшін әлі де маңызын жоя қойған жоқ.


ШТАЗИ АПАНЫ

Бұрынғы Шығыс Германияның Штази құпия полициясының Берлиндегі штаб-пәтері бүгінде әбден тозығы жетіп, көнерген күйде тұр. Федералдық үкімет те, белсенділер мен адам құқын қорғаушылар да, саяси қайраткерлер де бір кездегі коммунистік Германияның өткен тарихына байланысты пікірталас барысында әрқайсысы өз ұсынысын алға тартып, бұл орынға қатысты әрқилы көзқарас ұстанып отыр.

Бұрынғы Шығыс Германияның мемлекеттік қауіпсіздік министрі Эрих Милькенің жұмыс бөлмелері болған жерде бүгінде мұражай жұмыс істеп тұр. Мұражайды Штази кезінде түрмеде отырған Йорг Дризельман басқарады.

Батыс Германия мен Шығыс Германия біріккен сәттен бері бұрынғы Штази штаб-пәтерінде орналасқан мұражай алғаш рет жабылу
Штази мұражайына қойылған экспонаттар. Берлин, 19 қараша 2009 жыл.
алдында тұр. Йорг Дризельман қысқа мерзім ішінде ғимаратты мұражай экспонаттарынан босат деп бұйырған биліктің хатын алды. Бұйрық орындалмаған жағдайда мұражай ғимараттан күштеп шығарылмақ.

Германия үкіметі бұл ғимаратқа жөндеу жүргізіп, ұлттық мемориалға айналдырмақшы. Есесіне, үкіметтің осы жоспарына байланысты Шығыс Германия тарихын енді кім, қалай түсіндіретін болады деген мәселе туындады.

Үкіметтің тез арада жөндеу жүргізіп, жалпыұлттық мемориал ашамын деген бетінен қайтатын түрі жоқ. Адам құқын қорғаушылар жөндеуден кейін ғимарат жарқ-жұрқ еткен заманауи мұражайға айналып, өз дәуіріне сәйкес шынайылығы мен тарихи келбетін жоғалтады деп дабыл қағып жатыр.

1990 жылдың қаңтарында азаматтар Штазиді шабуылмен алғаннан бері 20 жыл өткенде бір кезде Шығыс Германиядағы халықты қадағалаудың өзегі болған осынау ғимарат кешенінің өткені мен келешегі екі тараптың өткір айтыс-тартысына түсіп отыр. Үкімет коммунистік режим ескерткішінің адам құқын қорғаушылардың бақылауында болғанын қаламайды. Ал адам құқын қорғаушылар өздерінің өмір бойғы еңбектерінің жемісін мемлекеттік құрылымның иемденіп кетуіне жол бергісі келмейді.

Үкімет адамдары ұлттық мемориал мен мұрағатты ашуға белсенділерді, оның ішінде Йорг Дризельманға да басу айтып, дауды тоқтатуға тырысуда.

Белсенділер болса, биліктің ынтымақтасуға шақырған ұсынысын қабылдамай отыр. Йорг Дризельманның пікірінше, бұл мәселеге мемлекеттің араласуы Шығыс Германияның қуғын-сүргін ескерткішін сақтау идеясын бюрократтандырып жібереді.

МҰРАЖАЙ МЕН ДИССИДЕНТ

Йорг Дризельман жүйеге қарсы күресті өте жас кезінде бастаған. Ол 18 жасында түрмеге түсіп, оны босатып алу үшін Батыс
Штази мұражайын көруге келгендер. Берлин, 19 қараша 2009 жыл.
Германия үкіметі коммунистік билік басындағыларға ақы төлеген.

Дризельман Германияның шығыс бөлігінде өмір сүрмесе де, ол өзін шығысгермандық диссидент санайды. Коммунистік диктатура құлағаннан кейін ол көп ұзамай Шығыс Германияға қайта келген.

Оның ойынша, ештеңені өзгертудің қажеті жоқ. Дризельман мұражай ары қарай да өмір сүре беруге тиіс және Штази ғимараты бойынша экскурсия өткізуді де жалғастыра беру керек деп біледі.

Дризельманның қолында заманауи мұражайлық аппаратура жоқ, бірақ ол – өте дарынды әңгімеші. 2009 жылы мұражайды 100 мың адам тамашалаған. Режим ескерткішін сақтауға деген қоғамның мүдделілігін көрсететін нақты бір дәлел міне, осындай.

АРНАЙЫ ҚЫЗМЕТТІҢ КҮЙРЕУІ

Диктатураны жою коммунистік құпия қауіпсіздік қызметтердің жұмысын тоқтатудан басталды. Және де бұндай өзгеріс бір Шығыс Германияда ғана емес, Орталық Еуропаның коммунистік режимдегі көптеген елдерінде жүріп жатты. Шығыс Германиямен қатар бұл құбылыс Венгрия мен Чехословакияда айқын көрініс тапты.

Бүгінде, былайша айтқанда, халықтық демократия елдерінің бәрінде дерлік люстрация заңдары күшінде тұр. Яғни, мұндай заңдар
Бұрынғы ГДР қауіпсіздік қызметі – Штази мұражайында тұрған экспонаттардың бірі. Берлин, 19 қараша 2009 жыл.
құпия полицияны қосып айтқанда бұрын билік органдарымен ауыз жаласып жұмыс істеген азаматтардың жоғары мемлекеттік лауазымды қызмет атқаруына тыйым салады.

Мәселен, бір ғана Чехословакияда 1948-1989 жылдарда әртүрлі қызметтерде жүріп, коммунистік режиммен ынтымақта болған 140 мың адам әлгіндей заңдардың құрсауында қалды.

1993 жылдан бастап Чехиядағы коммунистік режим қуғын-сүргінінің құрбандарына өздеріне қарсы арнайы қызмет ашқан іспен танысуға мүмкіндік пен құқық берілді. 1996 жылдан бастап мұндай мүмкіндікке елдің барлық азаматтары ие болды.

Ақыр аяғында мұндай заңдар Словакия, Румыния және Польшада шыға бастады. Балтық жағалауының елдері де коммунизмнің түбірін біржола жою және арнайы қызметтің жұмыс істеу негіздерін мүлдем өзгерту бағытындағы заңдарға жиі жүгінеді.

КГБ МҰРАГЕРЛЕРІ

Бұл елдердегі коммунизмнің түбірін жою процесі жағрапиялық тұрғыда тоқтады. Ал постсоветтік кеңістік бұрынғы режимді шындап жою процесінен сырт қалды.

Украинадағы декоммунизация әрекеттері соңына дейін жеткізілмеді. Президент Виктор Ющенконың кезінде арнайы қызметтің жұмысы тоқтатылғанымен, сол кеңсенің өзі өмірін жалғастыра берді. Ал бүгін тағы да қоғамды бақылауда ұстаудың тұтқасы ретінде сол кеңсенің қайтадан іске қосылғаны байқалады.

Орталық Азия елдерінде авторитарлық басқару жүйесінің нығаюына орай декоммунизация жүргізілмек тұрмақ, басталмай қалды. Оған қоса авторитаризм мемлекеттік қауіпсіздік органдарының жай ғана сырт келбетін өзгертіп қана қойған жоқ, сонымен бірге сол органды мемлекет басшысының тікелей өзіне бағындырып қойды.

Арнайы қызмет белсенділігі кейде бүкіл үкіметтің күш-жігерінен асып түсетін кездері болады. Түркіменстанда осы бағыттағы әрекет шегіне жетіп тұр.

Қазақстанда арнайы қызметтің маңызының жоғарылығы, тіпті қажеттілігі жуырда болып өткен дүркін-дүркін атаулы сот отырыстарымен дәлелденеді. Журналист Рамазан Есіргеповті соттауға сылтау болған іске Ұлттық қауіпсіздік комитеті тікелей басшылық жасап, ұйымдастырды. ҰҚК мемлекеттік құпия деп санауға пәрмен еткен мәліметтерді жариялағаны үшін журналист үш жылға түрмеге қамалды.

«Қазатомөнеркәсіп» ұлттық компаниясының бұрынғы президенті Мұхтар Жәкішевті тергеу кезінде арнайы қызметтің қатысы аңғарылды.

Қауіпсіздік органдары постсоветтік құрылым ағзаларының бір бөлшегі болып бітісіп кеткен. Автократия күнделікті қоғамды қадағалап отыруға олардың тұрақты араласуының – қажеттілік екенін іс жүзінде дәлелдеп отыр.

Советтік режим сақшыларының тәжірбиесі жаңа постсоветтік президенттердің билігін ұстап тұруға және нығайтуға толығымен жарап жатыр. Советтік чекистердің ісі Совет билігінің өзінен де өміршең болып шықты.

(Тәуелсіз журналист Александр Народецкий Лондонда тұрады. Бұл мақаладағы оның жеке көзқарасы мен пікірлері Азаттық радиосының ұстанымымен сәйкес келмеуі де мүмкін.)
XS
SM
MD
LG