Accessibility links

Германия футболшылары Қазақстан құрамасын 3:0 есебімен ұтты


Қазақстан-Германия футбол ойынынан бір көрініс. Астана, 12 қазан 2010 жыл

Қазақстан-Германия футбол ойынынан бір көрініс. Астана, 12 қазан 2010 жыл

Қазанның 12-cі күні футболдан «Еуро - 2012» іріктеу турнирінің кестесіне сәйкес Астанада Қазақстан мен Германия құрамалары кездесті. Неміс командасы қазақ құрамасын 3:0 есебімен жеңіп кетті.


Сейсенбі күні жергілікті уақыт бойынша сағат 23:00-де «Астана - Арена» стадионында басталған ойынды тамашалауға 18 мың жанкүйер жиналған еді. Бірақ Қазақстан футболшылары өз алаңында бұл жолы да есе жіберіп алды. Германия құрамасы Қазақстан командасының қақпасына үш доп салып, тақыр-таза жеңді.

АЛҒАШҚЫ ТАЙМ ИТЖЫҒЫСПЕН ӨТТІ

Осының алдында, қазанның 8-і күні, Бельгия ұлттық командасымен болған ойында Қазақстан құрамасының қорғаушысы Александр Кислицын алаңнан қуылған еді. Бас бапкер Бернд Штрок немістермен ойында оның орнына Фархатбек Ырысметовты шығарды. Екі ойында сары қағаз алғаны үшін команда капитаны Андрей Карпович та Германия футболшыларымен кездесуде алаңға шыққан жоқ. Сол себепті бапкер бұл жолы Максим Азовскийді ойынға қосты.

Матч немістердің шабуылымен басталды. Әйтсе де Йоахим Лёв баптайтын неміс футболшылары Қазақстан қақпасына жылдам гол соға алмады. Қазақстан құрамасының бапкері Бернд Шторктің сөзімен айтқанда «бірінші таймда немістердің жолы болмады».

Қазақстан футболшылары да бәсекелестерінің қақпасына жақындап барғанымен гол соға алмай қайтып отырды. Қазақстан құрамасы өткізген іріктеу ойындарындағы бұған дейінгі екі матчтағы сияқты бұл жолы да бірінші таймда есеп ашылмады.

ГЕРМАНИЯ КОМАНДАСЫНЫҢ ЖЕҢІСІ

Дегенмен көптеген мамандар мен жанкүйерлер жорамал жасағандай, Қазақстан құрамасының қақпасына екінші таймда үш гол соғылды. Кездесудің 48-ші минутында Мирослав Клозе, 76-шы минутта Марио Гомес және арада тағы тоғыз минут өткенде Лукас Подольски бір-бірден гол соғып, өз командаларының мерейін асырды.

Сөйтіп, іріктеу кезеңіндегі төрт ойында да жеңіске жетіп, 12 ұпай жинаған немістер енді өз тобында жеке дара алға шықты. Бұл күні Қазақстанмен бір топтағы Әзірбайжан футболшылары шағын сенсация жасады. Олар Бакуде Түркия құрамасын 1:0 есебімен жеңіп кетті.

БАПКЕР ШТОРК «ДҰРЫС ЖОЛДА» КЕЛЕ ЖАТҚАНЫНА СЕНІМДІ

«Еуро-2012» іріктеу ойындарының Қазақстан үшін биылғы жылға белгіленген матчтары осымен аяқталды. Төрт ойында бір ұпай алмақ түгілі бірде-бір доп соға алмаған Қазақстан құрамасы өз тобында соңғы орында қалып қойды.

Бұған дейін қазақстандық спорт басылымдары «Шторк екі ойында ұпай сыйламаса орнынан кетеді» деген болжам жасаған еді. Кейбір басылымдар ондай мәліметті Кәрім Мәсімовтің жеке блогынан алғандарын жазғанымен, премьер-министрдің баспасөз қызметі Кәрім Мәсімов жеке блогында ондай мәлімдеме жасамағанын жариялап, әлгі ақпаратты жоққа шығарған болатын.

Бернд Шторктың өзі дәл Қазақстан футбол федерациясы «қуып жібермесе» кете қоймайтынын айтады. Өйткені оның келісім шарты жыл соңына дейін күшінде екен.

– Мен қазір бапкерлік орным туралы ештеңе айтқым келмейді. Қазір маңыздысы команданың қалай дамуы. Біздің дұрыс жолда екенімізді ойын көрсетті. Шыдам керек, қалғаны орнына түседі. Ойынға келер болсақ, біріншіден командамды бірінші таймда жеткен жетістіктерімен құттықтаймын. Әрине, бірінші таймда біздің жолымыз болды. Қарсыластар гол соғатын мүмкіндіктерін пайдалана алмады. Екінші таймда жолымыз болмады. Күш әбден сарқылды. Германия құрамасы өздерінің шеберліктерін көрсете білді. Тағы айтам, біздің дұрыс жолда екенімізді бүгінгі ойын дәлелдеді, - деді Қазақстан құрамасының бас бапкері Бернд Шторк ойыннан кейінгі баспасөз мәслихатында.

ЖАНКҮЙЕР ҰСЫНЫСЫ

Азаттық радиосына хабарласқан павлодарлық футбол жанкүйері мынадай қызықты ұсынысын жолдады.

– Қазақстан футболының бар кілтипаны екінші таймда басталатыны дәстүрге айналып барады. Шамамыздың жететіні бір-ақ тайм болып жүр. Егер Бернд Шторк құрамадан еш нәтиже шығара алмайтын болса, сөйте тұра орнынан кеткісі келмесе, онда ФИФА немесе УЕФА-ға Қазақстан ойнайтын матчтарды тек бірінші тайммен аяқтау туралы өтініш жолдасын. Сонда ғана біздің құрама ұпай иеленіп қалар. Әйтпесе, Бернд Шторктің командасы екі тайм ойнауға күштері жетпей-ақ қойды, – дейді жанкүйер Бекболат Сауырбай.

«2009 жылдың қаңтарынан бері ұлттық құраманы жаттықтырып келе жатқан бас бапкер неміс маманы Бернд Шторк ресми халықаралық матчтарда әлі жеңіске жеткен жоқ. Сондықтан ол орнын босату керек» дейді кейбір жанкүйерлер мен футбол мамандары.

Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы «Еуро-2012» іріктеу ойындары аясындағы келесі кездесуін 2011 жылғы наурыздың 25-і күні Германияда өткізеді.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG