Accessibility links

Америкадан маман жалдаған қазақ басшылығы


Ақорданың алдын тазалап жүрген жұмысшы. Астана, 10 сәуір 2007 жыл.
Ақорданың алдын тазалап жүрген жұмысшы. Астана, 10 сәуір 2007 жыл.

Ауторитарлық режимге демократияның шапанын кигізуде қазақ басшылары Сталинді де шаң қаптырды. Вашингтонның стратегиялық және халықаралық зерттеулер орталығы мен Жаңа демократиялар институты білек сыбанып іске кірісті.

АҚЫСЫ ТӨЛЕНГЕН ТАБЫС

Биылғы жылдың қазан айының соңында Астанада өткен «Қазақстанның Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етуі: мәселелер мен мүмкіндіктер» атты конференцияны ұйымдастырушылардың қол жеткізгеніндей табыс екінің бірінің қолынан келмес.

Астанадағы жиналыс алдын-ала даярланған жоспардан бір мысқал да өзгерген жоқ. Олай болмағанда қайтсін, егер оны мүйіздері қарағайдай америкалық екі ұйым ұйымдастырса. Аттауларының өзінен ат үркеді: Вашингтонның стратегиялық және халықаралық зерттеулер институты, Жаңа демократиялар институты.

Өздерінің кәнігі маман екендіктерін олар атақтары дардай тұлғалардың осындай жиындарға қатысуымен нақтылай түседі. Маусым
Маргарита Ассенова, Жаңа демократиялар институтының атқарушы директоры. Астана, 28 қазан 2009 ж.
айында Вашингтонда бұл конференцияның алғашқы бөлімі өтті. Оған АҚШ президентінің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі бұрынғы көмекшісі Збигнев Бжезинский қатысты. Оның қатысуының өзі форум деңгейін көтеріп тұрды.

Бұдан маңызы бір де кем емес тұлғалар да болды. Вашингтонда да, Астанада да. Жаңа демократиялар институтының өкілі Маргарита Ассенованың батыс баспасөзіне айтқанындай, Қазақстан үкіметі аталған екі ұйымға 290 мың доллар көлемінде грант бөлген.

Бұдан соң механизм бар күш-қуатымен іске қосылды. Астанаға Америка мен Еуропадан атақты мамандар ағылды. Мыналар солардың бірқатары: Януш Бугайски, Владимир Сокор, Маргарита Ассенова, Михаель Лаубш.

МАРТА ОЛКОТТ ЖӘНЕ ҚАЗАҚСТАН ВИЗАСЫ

Астаналық журналистер конференция мәжілістерінен тысқары жерлерде Марта Олкоттқа демдерін іштеріне тарта қарады. Ол бір кездері
Марта Брилл Олкотт, Карнеги қорының аға ғылыми қызметкері. Астана, 28 қазан 2009 ж.
Назарбаев режимін сынға алған іргелі, даулы кітаптар жазған болатын. Бірақ бұл жолы өзі зерттеген елдің саясаты туралы жағымсыз пікір айтқаннан гөрі Қазақстанға аман-есен келіп қайтуды жөн көріпті.

Әрине, бұл оның өз еркі. Марта Олкотт – саясаткер емес, ғалым ғой. Бірақ, кей кездері, оның өзінің пікірінше, клептократиямен сырқаттанып, өз халқына демократияның тізгінін ұстатпай отырған Назарбаев режимі ақысын төлеген шараларда кеңес беруден бас тартпайды.

2008 жылдың ақпан айында Қазақстан Республикасы бірінші президентінің қоры ұйымдастырған конференция кезінде оппозициялық «Тасжарған» газетіне берген сұхбатында Марта Олкотт Қазақстан билігінің саясаты туралы жария пікірлерінің өзгеру себебін түсіндірген еді. Марта Олкотт «Үндемеген үйдей бәледен құтылады» деген ережені ұстанатындығын айтқан. Бірақ бұл оның жағымсыз пікірі жоқ деген сөз емес.

Бұған қоса Марта Олкотт былай деп қосып қойды:

«Мені дұрыс түсініңіздер, мен – саяси процестерді зерттейтін ғалыммын. Маған өзім зерттеп жатқан елдерге баруым керек. Сол себепті мен осы республикаларға кірер кезде проблеманың болмағанын қалар едім, өзімнің денсаулығымды да қатерге тіккім келмейді».
«Қазақстанның ЕҚЫҰ-на төрағалық етуі: мәселелер мен мүмкіндіктер» тақырыбында өткен халықаралық конференцияға қатысушылар. Астана, 28 қазан 2009 ж.

Міне енді Астанада тағы бір конференция өтуде, бұл Марта Олкотт үшін Қазақстанға жасалар тағы бір сәтті сапардың бірі болғандай. Вашингтонның стратегиялық және халықаралық зерттеулер институты мен Жаңа демократиялар институты Назарбаев режимінің тапсырысымен үлкен әрі барынша қызықты екі конференция өткізді. Екі форум да, қалай болғанда да, ЕҚЫҰ мен оның ертеңгі төрағасы қандай басты міндеттерді атқаруы керек деген концептуалды таласқа барып қалды.

Конференцияны ұйымдастырушылар жаһандық қауіпсіздік мәселелерін көтеруді қалады. Форумға қатысушылар 2010 жылы Қазақстан ЕҚЫҰ-на төрағалық еткен кезде көтерілер халықаралық ауқымды сценарилерді, міндеттемелер мен делдалдықтарды талқылады. Грузия мен Ресей арасындағы жанжалды бітістіру мен ауған проблемасын шешуге дейінгі мәселелер қаралды.

ЖОВТИС ЖАЙЫНДА ЖАҚ АШПАДЫ

Енді қайтадан «Қазақстан жалдаған америкалық үкіметтік емес фирмалар ЕҚЫҰ-ның болашақ төрағасына ақталатын идеологиялық көмек көрсетуде» дейтін бұрынғы сыншылардың айтқаны дұрыс па деген сұрақ туындайды.

Вашингтонның стратегиялық және халықаралық зерттеулер орталығы мен Жаңа демократиялар институты Қазақстан үшін қайдағы бір адам құқы, демократия дегендерді айналып өтетін платформа даярлап жатыр ма? Американың кейбір үкіметтік емес ұйымдары (ҮЕҰ) ЕҚЫҰ-ға төрағалық ететін Астананың тапсырыс беруімен халықаралық заңдастыру мен ақталудың концепциясын жүзеге асырып жатқан жоқ па? Сонда Американың бір топ интеллектуалдары Қазақстан басшылығы айтып кеткен ойды іске асырып жатқан жоқ па?

Полиция қызметкері Евгений Жовтисті сот залында тұтқындап алып кетіп барады.(Сурет ''Свобода слова'' газетінен алынды) 3 қыркүйек, 2009 ж.
Әлдебір ерекше ишарат арқылы бұл өкілетті жиын жақында ғана темір тордың арғы жағына түскен қазақтың жетекші адам құқығын қорғаушысы Евгений Жовтис жайында ләм-мим деп тіс жарған жоқ. Бұл форумда ол жайында жақ ашпаудың өзі билік үшін ақтау сияқты болған жоқ па?

Жақында ғана сотталған тәуелсіз журналист Рамазан Есіргепов жайында да дәл осылай болды. Тағы да үнсіздік, біреулер бұны режимге жасалған сыйлық ретінде қабылдайды.

Бір жолы Жаңа демократиялар институтының өкілі Маргарита Ассенова батыс баспасөзіне былай деп түсіндірген еді: «Егер сіздер бізден «Фридом Хауздың» үні болғанымызды күтсеңіздер, онда ондай уәде бере алмаймыз...»
«Алма-Ата инфо» газетінің бас редакторы Рамазан Есіргепов сот үкімі шыққаннан кейін. Тараз, 8 тамыз, 2009 ж.
Бұдан артық қандай толық жауап қажет? Бұл жауап халықаралық табысқа жетуден басқа амалы қалмаған Қазақстан басшылығының сезімінен туған шығар?

Америка шенеуніктері АҚШ-тың тәуелсіз институт өкілдерінің пікіріне қарама-қайшы ой айтуда. АҚШ мемлекеттік хатшысының еуропалық және еуразиялық мәселелер бойынша көмекшісі Филипп Гордон қазан айында америка заң шығарушыларын Евгений Жовтистің тағдырына назар аударуға шақырды.

АҚШ Конгресінің Хельсинки комиссиясының тыңдауы кезінде мемлекеттік хатшының демократия, адам құқы және еңбек мәселелері жөніндегі көмекшісі Майкл Познер де дәл осыны мәлімдеді.

СТАЛИНГЕ ҚЫЗМЕТ ЕТКЕН ГОРЬКИЙ

Екінші дүниежүзілік соғыстан соң Сталинге өзінің әрекетіне байланысты халықаралық қауымдастық алдында ақталудың қажеті болған жоқ. Еуропаның жартысын жаулап алған ол әлемнің пікіріне пысқырмайтын да еді.

Ал соғысқа дейін түрлі Кремль диктаторы олардың алдында өзін қораш сезінетіні оның жанын жейтін. Сол себепті ол өзінің қанды доктринасын заңдастыру, шындықтың бетін бүркемелеу үшін түрлі әрекеттерге барды.

Советтік тозақтың әр тұсынан коммунистік ұлы құрылыстардағы жабайы тәртіптер жайында хабарлар мен сыбыстар шығып қалатын. Жүздеген мың саяси тұтқындар айдалып әкелінген ғасыр құрылысы – Беломор-Балтық каналы жайында да осындай сыбыстар болды. Әлемге тез арада бұл құрылыс жайында әлдебір ертегіні шығару қажет болды.

Мұхиттың арғы бетіндегі ұйымдар Сталиннің уысына түсе қойған жоқ. Ол өзінің қолында өскен беделділерді пайдаланды. Сол кездегі жұлдызы ең жоғары жазушы Максим Горький бастаған атақтары дардай 36 советтік жазушыдан құрылған топ канал бойымен жүріп шықты. Әрине, олар айта қоярлықтай кемшіліктер көрген жоқ. Сөйтіп, ғасырдың ұлы құрылысының даңқты жұмысшылары туралы энциклопедиялық еңбек жазылды.

Бұдан соң Горький: «Бұл адамдардың ұжымдық қуатын ұйымдастыра отырып солтүстіктің қатал табиғатын ауыздықтауда қол жеткен барынша жарқын жеңістердің бірі болды», - деп жазды. Әрине, ұлы Горькийдің бұл сөзіне бәрі сенді.

Дәл қазір осындай шараны ұйымдастыру Қазақстан президентінің қолынан келер ме еді? Әрине, келер еді. Оның беделімен, ықпалымен жазушыларды да жинар еді, нәтижесі де Сталиндікінен кем болмас еді.

Айтпақшы, өзінің бет-бейнесін кір шалмаған адамдық кейіпте көрсету ісімен тек жалғыз Қазақстан басшылығы ғана айналысып жатқан жоқ. Қазір ресейлік жетекшілер де өз беделдерін тазалау мақсатында аласұруда. Бұл процесте Сталинді ақтап алу үшін атқарылып жатқан шаруалар аз емес және бұл үрдіс Ресейде белең алып келеді. Бұл жайында «Новая газета» бас редакторының орынбасары Валерий Ширяев хабарлайды.

Ресейдің имидж жасаушы мамандарының пікірінше, Сталиннің тазартылған, безендірілген бейнесі жаңаша нұр шашып, бұның өзі бүгінгі көсемдердің жарқырай көрінуіне жәрдемдеспек. Осыған байланысты Валерий Ширяев бұл Владимир Путин және оның әріптестері сияқты бұрынғы КГБ-шылар үшін өте маңызды деп атап өтті. Олар өздерін шектен шығып кеткен адам жегіштер деп әсте санамайды.

Нұрсұлтан Назарбаев та вегетарианшы болмағанымен, бірақ ол да ресейліктерден қалғысы келмейді. Айырмашылығы, ол Сталиннің жарқын бейнесіне емес, америкалық мамандарға үміт артады. Олар оның бет-бейнесіне барынша жарқын, халықаралық сипат береді деп ойлайды.

ЖАЗУШЫЛАР МЕН ДИКТАТОРЛАР

Дәл сол кездері Сталин де өзінің кемістіктерін заңдастыру үшін талай мәрте жазушылардың көмегіне сүйенді. Сталиннің өте тамаша тарихи тәжірибе жасаған кезі ерекше есте қалды. 1937 жылы СССР-да болып жатқан жантүршігерлік оқиғалар жайындағы хабарлар әлемге тарап кетті. Бұл социализм мен Сталин жолдастың жеке өзінің ойға алуға болатын да, болмайтын да барлық жауларын жазалап, атып, асудың ең шырқау шегіне жеткен тұсы еді.

Дәл сол бір аласапыран тұста Мәскеуге сол кездегі ең танымал жазушы Лион Фейхтвангерді шақырды. Оған барлық жағдай жасалды. Ол тіпті сот процесіне де қатысты. Міне, осы бір аса ұлы психолог, адамдардың қарым-қатынасы жайындағы көптеген шығармалардың ауторы 1937 жылғы Мәскеу өмірінен алып бара жатқан өрескелдікті көре қойған жоқ.

Ол алған әсері туралы сырымен бөліскен кітабын Амстердамда шықты. Шын мәнінде бұл қорқынышты сталиндік Мәскеу туралы жазылған көпірме мақтау кітап еді. Ал кейіннен бұл жыл ең бір қанды жыл ретінде әлемдік тарихта қалды.

Реті келгенде тағы да бір сұрақ. Президент Нұрсұлтан Назарбаев әлемнен бүгінгі Астананы аспандата мақтайтын жазушыны таба алар ма еді? Балқаш аудандық сотында өзгелерге қыр көрсете тұтқынға алынған Евгений Жовтисті байқамайтын, Алматы ауруханасында құпия түрде тұтқындалған Рамазан Есіргеповті байқамайтын адамды?

Интернеттегі еркіндікті шектеу тәрізді қайдағы бір заңнамалық бастамаларды көзге ілмейтін? Сөйтіп, Фейхтвангердің атақты «Мәскеу 1937-сі» сияқты, Қазақстанда көргендері жайында көпіртпе мадаққа толы кітап жазар ма еді?

Және ол алыстағы Америкадан жалданған Вашингтонның стратегиялық және халықаралық зерттеулер орталығы мен Жаңа демократиялар институтына қарағанда арзанға түсер ме еді?

Әрине, Батыста Астанаға қажетті Қазақстан жайындағы кітаптар жазылып қойды. Бұл жағынан келгенде қазақ басшылары Кремльдің бұрынғы патриархын әлдеқашан басып озып кетті.

(Тәуелсіз журналист Александр Народецкий Лондонда тұрады. Бұл мақалада ол өзінің көзқарасы мен пікірлерін баяндайды. Олар Азаттық радиосының ұстанымымыен сәйкес келмеуі мүмкін.)
XS
SM
MD
LG