Accessibility links

Ағылшын жетімдерінен мемлекет кешірім сұрады, советтік «халық жауларының» балаларына ондай күн туа ма?


Қарағанды лагерінде тұтқында болғандардың балалары жерлгенген «Мамочкино моласы». Долинка кенті, Қарағанды облысы, қыркүйек, 2006 жыл.

Қарағанды лагерінде тұтқында болғандардың балалары жерлгенген «Мамочкино моласы». Долинка кенті, Қарағанды облысы, қыркүйек, 2006 жыл.

ССРО мен Англияда балалар ата-аналарынан екі түрлі себеппен ажырады: бірінде «халық жауының» баласы ретінде, ал, екінші елде кедей отбасының баласы ретінде. «Нақақтан жоғалған» балалардың алдында Батыс саясаткерлері кешірім сұрады. Ресей мен Қазақстанда «халық жауларының» балалары үшін ондай күн әлі туатын емес.

АВСТРАЛИЯДАҒЫ АҒЫЛШЫН ЖЕТІМХАНАЛАРЫ

Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында гитлершілдер балаларды бір жаққа – Германияға, ал, сталиншілдер екінші жаққа – Шығысқа, яғни, Қазақстанға айдады. Қиырдағы өлкеге аттанған неміс, шешен, қалмақ, ингуш, қарашай, балқар, қырым татарлары, болгар, грек, армян, месхет түріктері және күрт балалары, ал, соғыстан кейін украин, эстон, латыш, литва балалары еді.

1945 жылдың сәуірінде Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстан жеріне аяқ басқан қарашайлық баланың саны 34700 болды, олардың бәрі 16 жасқа толмаған балалар еді. Өзбекстанға Грузиядан 46 мың бала әкелінді. Алғашқы жылдары жер аударылған халықтың арасындағы өлім-жітім жылына 27 пайызды құрады, олардың дені балалар болды.

Сталиндік режим кезінде қуғын-сүргін көрген мыңдаған отбасылардың балалары басынан кешкен тағдыры жайлы және оның Қазақстанда қандай көрініс тапқаны туралы жазуыма шалғайдағы Аустралиядан жеткен жаңа хабар түрткі болды.

Біржола тақырға отырған отбасылардың балалары лек-легімен Англиядан Аустралияға айдалды. Бұл елде оларды «нақақтан жоғалғандар» деп атайды. Соғыстан кейін аттандырылған сондай 100 ұл, 40 қыз баладан тұратын алғашқы топ Отанынан өзге жерге 1947 жылы 22 қыркүйекте әкелінді.

Тұжырымдамалық деңгейде алатын болсақ, бұл бұрыннан бар, XVII ғасырда басталған балалар көші-қон бағдарламасы еді. Бірақ, ХІХ және ХХ ғасырларда ол бағдарлама кеңінен жүзеге асырылып, 150 мыңдай бала Аустралия, Жаңа Зеландия, Канада және Родезияға әкетілді.

1940 жылдың ортасынан 1967 жылға дейінгі аралықта, әсіресе Аустралияға көбірек апарылды. Осы аралықта Аустралияға 7 мыңнан 10 мыңға дейін бала әкелінген.

Оларды Аустралияда бақытты жаңа өмір күтіп тұр деп ынталандырды. Балалар жетімханаларға орналастырылды, ол орындарда балалар ағылшын жазушысы Чарльз Диккенстің романдарында тамаша суреттелетін қатал да аяусыз және қуғынды тәртіпте ұсталды.

«ХАЛЫҚ ЖАУЛАРЫНЫҢ» ҚАУІПТІ БАЛАЛАРЫ

Әрине, мұндай бала бақытсыздығы әке-шешесі сталиндік қуғын-сүргінге түскен советтік балалар көрген тауқыметтің ширек бөлігіне де жуымайды.

Оның бір ғана дәлелін келтірейік, Аустралияда жер аударумен жазалаушы органдар айналысқан жоқ және де Сталиннің пәрменімен
Бұрынғы КГБ, қазіргі ФСБ ғимаратына қарсы жерде қойылған «Соловецкий камень» ескерткіші алдында сталиндік саяси қуғын-сүргін кезінде қаза болған ондаған мың құрбандарды еске түсіру мақсатында жағылған шырақтар. Мәскеу, 29 қазан 2008 жыл.
советтік балалардың өмірін тозақ қылған Ягода, Ежов немесе Берия секілділер болған жоқ.

1937 жылы белгілі қайраткер және өте дарынды публицист әрі жазушы Сұлтанбек Қожанов тұтқындалып, көп ұзамай атылды.

Оның қызы Зиба Қожанова кейінірек естелігінде былай дейтін: «1937 жылғы 16-шілде ұмытылмайтын күн. Ертеменен мектепке жиналып жаттым. Кенет біреу есікті тықылдатты. Анамның есікті ашқаны сол еді, ішке НКВД киіміндегі төрт адам кіріп келіп, әкеме: «Сіз тұтқындалдыңыз!» деді. Біраз уақыт өткенде анам да тұтқынға алынды, ал, бізді, балалар үйіне жөнелтті».

1937 жылдың 15 тамызында ішкі істер халық комиссары Ежов қасіретімен тарихта қалған «Отанға опасыздық жасағандардың әйелдері мен балаларын қуғындау операциясы туралы» бұйрығын шығарды. Осынау қанды «шедеврдің» бірнеше үзіндісін келтірейік:

«Сотталған әлеуметтік қауіпті балалар НКВД лагерлеріне, еңбекпен түзеу колонияларына немесе республикалардың Ағарту халық комиссариаттарына қарасты айрықша тәртіптегі үйлерге жөнелтіледі ...

а) 1- 1,5 жастан толық 3 жасқа дейінгі балаларды республикалардағы Денсаулық сақтау халық комиссариатына қарасты балалар үйі мен бала бақшаларына, сотталғандардың тұрғылықты бекеттеріне;

б) толық 3 жастан 15 жасқа дейінгі балаларды өзге республикалар, өлкелер және облыстардағы Ағарту халық комиссариаттарына қарасты балалар үйіне...»

Қуғын-сүргін бағдарламасында Қазақстан ерекше қызмет атқарды, тіпті стратегиялық қызмет десе де болады. Бұлай деуіміздің бірінші дәлелі – Қазақстандағы қаптаған қапастар, тоталитарлық режим жылдары республика аумағында ГУЛАГ-тың ірі-ірі 11 лагері тұрды: АЛЖИР, КарЛаг, Дальний, Степной, Песчаный, КамышЛаг, Актюбинский, ДжезказганЛаг, Петропавловский, Кенгир және Усть-Каменогорский деген лагерлер.

ШЕТЕЛДІК САЯСАТКЕРЛЕРДІҢ КЕШІРІМ СҰРАУЫ

Әлбетте, қуғын-сүргіннің ауқымы жағынан Аустралияның да, Ұлыбританияның да Совет өкіметінің жанында жіп есе алмайтыны даусыз. Дей тұрғанмен, ағылшын балалары үшін де қоныстандыру бағдарламасы тағдырдың тәп-тәуір сынағы болды.

Мұны көп жылдан кейін Аустралия үкіметі мойындады. Жақында сол елдің премьер-министрі Кевин Руддтың кешірім сұрауы соның айқын дәлелі болды. Елдің бас министрі сол бағдарламаның құрбандарынан тартқан тән және жан азаптары үшін жариялы түрде кешірім сұрады. «Қасірет үшін, балалықты біржола рәсуә еткен қасірет үшін кешіріңіздер», – деді ол.

Оппозиция жетекшісі Малколм Тернбулл да бағдарлама құрбандарымен кездесуінде өз атынан кешірім сұрап: «Сіздер махаббаттан ажырап, жалғыздыққа жегілдіңіздер, біз оны мойындаймыз. Көбіңіз соққы жедіңіздер, психикалық, жыныстық және жандүниелік қорлық көрдіңіздер. Сіздерді адам құрлы көрмеді, құндарыңыз затпен бірдей болды...», – деді.

РЕСЕЙ МЕН ҚАЗАҚСТАН БИЛІГІ КЕШІРІМ СҰРАР МА ЕКЕН?

Советтік қуғын-сүргінге ұшырағандардың балалары шеккен азапты елестетудің өзі ауыр. Олардың қандай жағдайда өмір үшін күрескендері, әке-шешелерінен айырылып, өзге қалаларға, тіпті, республикаларға жөнелтілгендері – жанға ауыр.

Украин балалары Қазақстанға әкелініп, алыс түкпірдегі балалар үйіне таратылды. Қазақстандық қуғын-сүргін құрбандарының балалары жер бетіндегі құрлықтың коммунистік алтыдан бір бөлігінің қиыр-түкпірлеріне шашырап кетті. Олардың аты-жөні өзгертілді, бірен-сараны болмаса, ешбірінің пешенесіне ата-анасымен қайта қауышу бұйырмады.

Адам төзгісіз азап шеккен сол шерлі жандардан әлі күнге ешкім кешірім сұраған жоқ. Кім кешірім сұрай қойсын? Бұрын-соңды болмаған ондай батылдыққа қайсысы бара алады? Дмитрий Медведев пе? Нұрсұлтан Назарбаев па? Ал, шын мәнінде, бала саны жағынан-ақ аустралиялық балалар көші сталиндік «Антибалалық» бағдарламаның шаңына да ілесе алмай қалады.

1937-1938 жылдар бойынша қорытынды сандарды НКВД Әкімшілік-шаруашылық басқармасының (орысша – АХУ) бастығы Сымбатов 1939 жылғы 29 қаңтарда Берияның атына жазған хатында көрсеткен:

«1937 жылғы 00486 санды НКВД бұйрығымен Әкімшілік-шаруашылық басқармасына халық жауларының балаларын алып, балалар мекемелеріне немесе туыстарының қамқорлығына беру туралы ерекше міндет жүктелді. 1937 жылдың 15 тамызынан бүгінгі күнге дейін Әкімшілік-шаруашылық басқарма келесідей жұмыс атқарды: Одақ бойынша барлығы 25342 бала алынды».

Бұл – екі жылға жетер-жетпес уақытта атқарылған шаруа. Бұл тізімге «әлеуметке қауіпті» деп танылып, тұтқынға алынған және сотталған жасы 15-тен асқан балалар туралы мәлімет кіргізілмеген. Бұл хатта басқа да қуғындалған отбасылардың 15-17 жас аралығындағы балалары жайлы және өз қамқорлығына алатын туыстары болмаған балалар жайында да мәлімет жоқ. Ондай балалар орта мектепті аяқтағанға дейін балалар үйіне орналастырылды немесе мәжбүрлі түрде жұмысқа жегілді.

Сондай-ақ, Әкімшілік-шаруашылық басқарма бастығы жазған хатта шешелері өздерімен бірге лагерге алып кеткен емшектегі балалар туралы және абақтыда дүниеге келген балаларға қатысты да мәлімет жоқ.

Сонымен, Сталин халықтың қанымен қалаған империяның қирандыларынан шыға келген елдердің арасынан қай президент ол балалардан кешірім сұрар екен? Олардың аустралиялық балалардан несі кем?

(Тәуелсіз журналист Александр Народецкий Лондонда тұрады. Бұл мақаласында ол өзінің жеке ой-пікірін білдірген. Олары Азаттық радиосының ұстанымымен сәйкес келмеуі мүмкін.)

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG