Accessibility links

ХХ ғасырдағы сталинизм зардаптарын жазған тарихшы ХХI ғасыр тұтқындауларын политологтар еншісіне қалдырады


Тарих ғылымдарының докторы Мәмбет Қойгелді. Алматы, 29 қыркүйек 2009 жыл.
Тарих ғылымдарының докторы Мәмбет Қойгелді. Алматы, 29 қыркүйек 2009 жыл.

Мәмбет Қойгелдінің жаңа кітабына ХХ ғасырдың бірінші жартысындағы саяси қуғын-сүргін арқау болған. Кітаптың Алматыда өткен тұсаукесерінде аутор Қазақстанда бүгінгі күні етек алған жаппай тұтқындаулар туралы пікір-көзқарасын білдіре қоймады.

"Зерде" қорының демеушілігімен жарыққа шыққан «Сталинизм и репрессии в Казахстане 1920-1940-х годов» тарихи зерттеу кітабының ауторы Мәмбет Қойгелдінің Азаттық радиосына берген сұхбаты. Кітап КНБ-ның мұрағат қорларында құпия сақталып келген құжаттар негізінде жазылған.

ЖАБЫҚ МҰРАҒАТ ҚОРЛАРЫНДА ЖАСЫРЫЛҒАН ҚАЗАҚ ТАРИХЫ

– Қазіргі қазақ тарихшылары ХХ ғасырдағы қазақ тарихын қаншалықты дәрежеде зерттей алып отыр?

– Қазақ тарихында ХХ ғасырдағы советтік кезең ерекше орын алады. Қарапайым қазақты былай қойғанда, кәсіби тарихшылар, біздің өзіміз аталған тарихи кезеңді әлі толық қорытып болған жоқпыз деп айтуға болады. Ол үшін жабық мұрағат қорларында мұрағат материалдарды айналымға тарту керек. Әсіресе, тергеу материалдарын.

Өткен ғасырдың басында қазақтың басқарушы тобын қуғындады, түрмеге жапты, ең таңдаулыларын атты. Міне, біз солардың тергеу материалдарын санадан өткізіп, қорытып, ғылыми негізді тұжырымдар жасауымыз керек.

ХХ ғасырда қазақ халқының басынан өткерген азабы сан қырлы. Шаш-етектен. Мысалы, 1921-1922 жылдар аралығындағы және 1931-1933 жылдар арасындағы аштықта біз ұлт ретінде үлкен бөлігімізден айрылдық. Бірақ, сонымен бірге, қазақ халқының рухани тұрғыдан көрген азабын, рухани дағдарысқа ұшырауын қайда қоясыз? Мен бұл арада саяси репрессияны айтып отырмын.

Саяси репрессия Қазақстанда ХХ ғасырда перманентті сипат алды. Перманентті деген сөз, репрессияның үзіліссіз жүріп отырғандығын білдіреді. Яғни репрессия бірде ашық, бірде жабық үнемі жүргізіліп отырды. Сөйтіп, қазақ халқының үстінен жүріп өткен репрессия қазақтың саяси, шығармашылық өкілдерін түгелдей түбірімен жалмап кетті. Соның кесірінен қазақ халқының рухани дағдарысқа түскенін біз неге айтпаймыз?

Бұған қоса, орыстандыру саясаты да үлкен қарқынмен жүргізілді. Бүгінгі таңда біздің көптеген мәселелеріміздің шешілмей жатқандығы ХХ ғасырда қазақ халқының рухани күйзеліске ұшырауына тікелей байланысты. Сондықтан, сталиндік, советтік билікке кешенді түрде баға берілуі тиіс.

ХХ ғасырдағы қазақтың басынан кешкен азабы өте терең. Оны қорытып, халыққа жеткізу бүгінгі шығармашылықта жүрген топтың міндеті. Ол үшін мемлекеттік қолдау керек. Қолдау болмаса, бұл мәселе аяғына дейін жетпейді. Және біз мұны жақын арада жасауымыз қажет әрі оны болашақ ұрпақтың еншісіне қалдыру қиянат болады.

Жоғарыда айтқан шығармашылық топтың іргелі зерттеулер жүргізуі ұлт болашағының ертеңі үшін аса қажет дүние.

– Ал сол жабық мұрағат қорлардағы тарихи мұрағаттарды айналымға түсіруге не кедергі болып отыр?

– Мемлекеттік құпиялар туралы заң бар. Осы заңның 17-ші бабын басшылыққа алса болды. Ол бапта жабық мұрағат қорлардағы тарихи мұрағаттар мемлекеттік құпия болып табылмайды делінген. Енді осы заңға сәйкес жабық мұрағаттағы тарихи мұрағаттар мемлекеттік мұрағат қорларына берілуі керек.

Сонда ғана тарихи мұрағаттар тарихшылар қолына түседі. Мәселе мұнда советтік билік, коммунистік партия жоқ, ендеше, біз оның жасаған қиянаттарын кім үшін, неге жасырып отырмыз? Неге ол ашылмайды? Егер жабық мұрағат қорлардағы тарихи мұрағаттар бүгінгі шығармашылықтағы зиялылардың қолына түсетін болса, халықтың рухани сұранысын қанағаттандыратын керемет көркем шығармалар, ғылыми еңбектер өмірге келетініне өз басым кәміл сенем.

Ол тарихи мұрағаттарды қорытып, тарихи, әдеби айналымға салатын азаматтар бар. Егер ондай азаматтар жоқ болса, жаңағы тарихи дүниелердің негізінде қалыптасып шығуы тиіс.

СОВЕТ БИЛІГІНІҢ ҚАСАҚАНА ЖАСАҒАН ЭКСПЕРИМЕНТІ 2 МЛН. 200 МЫҢ ҚАЗАҚТЫҢ БАСЫН ЖҰТҚАН

– Жарық көрген жаңа кітабыңызда бұған дейін айтылмаған қандай жаңа деректер бар?

– «Сталинизм и репресии 20-40 годов в Казахстане» деп аталатын бұл кітаптың бірінші, екінші тарауы ХХ ғасырдың басында Алаш қозғалысына, Алашорда үкіметіне қолдау жасаған және сол үшін совет өкіметі тарапынан жазаланған Есіл бойындағы қазақ байлары туралы.

Әсіресе, мынау Көкшетаудың Айыртау деп аталатын өңіріндегі байлар. Олардың ішінде байлары да, орташа шаруалар да болған. Мұнда мен бірнеше байдың тергеу материалдарын беремін. Солардың ішінде, Айбасов, Бимұрзин, Хайролла Мәкенов, тағы басқа да репрессияға ұшыраған қазақ байларының тергеу материалдарын беру арқылы қазақ байлары деген кімдер болған деген сұраққа жауап іздей отырып, қазақ байларының ғылыми портретін жасауға тырыстым.

Осы еңбекті жазу барысында менің бір байқағаным, патша өкіметі де, совет өкіметі де қазақ байларын қудалаған. Өйткені, олар қазақ байларының қазақ қоғамындағы орны ерекше екенін білген. Және түбінде өздеріне қарсы шығатын күш деп білген. Сондықтан да, қазақ байларын қуғындаған.

Бір айта кетерлігі, Есіл бойында Алаш қозғалысының қызметінде белсенділік көрсеткен Әбжан Темірбеков деген кісі болған. Мен сол кісінің өмірбаяны мен қызметін нақты деректерді негізге ала отырып жаздым. Сондай-ақ, Есіл бойында Ахмет Жантәлин деген кісі болған. Бұл бір ғажап тұлға. Кезінде Есіл бойында орыс ғылымын қазақ арасына жеткізу үшін мектептер ашқан.

Сонымен қоса, Ахмет Байтұрсынұлымен идеялас болған әрі «Қазақ» газетіне, «Айқап» журналына сол кездегі жер, оқу-ағарту мәселесі туралы мақалалар жазған. Осы кісі ұмыт қалған еді. Бұл енді қиянат болар еді. Сондықтан, сол кісінің өмірбаянымен айналысып оған арнайы тарау арнадым.

Ал енді, тарихшының міндеті өмірде болған, артына із қалдырған адамдарды мүмкін болса, өмірге қайта әкелу, оқырмандарға таныстыру.

Аталған кітаптың келесі бір тарауы «Ишандар ісі» деп аталады. Біздің қазақ қоғамында ишандар әулеті деген үлкен әулет болған. Олар ишандық дәрежеге жетуі үшін 10-15 жыл білім алған. Оңтүстік Қазақстанда ишандардың репрессияға қалай ұшырағаны туралы кітаптың бір тарауы арналған.

Ишандар арасындағы ірі-ірі Ишанханов, Жәңгірханов, Омартөреев, Хансейітов сияқты тұлғалар болған. Олардың мектептері, шәкірттері болған. Міне, қазақ қоғамындағы осындай діни тұлғаларды репрессияға ұшырату арқылы совет өкіметі қазақтың діни сенімін ойран етті. Ишандар ісін зерттеудегі басты ойым совет өкіметінің дінге жасаған қиянатын көрсету болды.

Кітаптың үшінші тарауында қазақтың саяси элитасына жасалған қиянат туралы баяндалады. Мұнда саяси элитаның басқан ізін, айтқан сөзін совет өкіметі тарапынан аңдылуы айтылады. Әрине, кітаптың бағасын беретін оқырман. Дәл қазір «Алаш қозғалысының» екінші кітабын жазып жүрмін. Біраз мәселелерді сол еңбегімде де қамтымақ ойым бар.

– Ресейде сталинизмді ақтап алуға тырысатын адамдар бар екені мәлім. Және Қазақстанда да кейбір тарихшылар, ХХ ғасырдағы қазақ тарихына аса бір маңыздылық берудің қажеті шамалы дегенде пікір айтып жүр. Осындай әрекеттерге қалай тойтарыс беруе болады?

– Тойтарыс беру үшін біз ағылшыншша, орысша, қазақша ғылыми еңбектер жазуымыз керек. Ол үшін біз тарихтағы қазаққа жасалған қасақана қиянаттарды ең әуелі өзіміз біліп алуымыз қажет. Мысалы, Ресей мемлекеттік думасының депутаты профессор Нарачинская деген адам жақында бір басылымға берген сұхбатында айтыпты: «Біз, ХХ ғасырда тәжірибе өткізгеніміз рас. Ал, бірақ, ол үшін кімнің алдында ақталуға тиістіміз! Неге ол үшін ұялуымыз керек?» депті.

Көрдіңіз бе? Сол тәжірибелердің біреуі қазақ халқына жасалған. Аз дегенде 2 млн. 200 мың адам қазақ әлгі тәжірибенің құрбаны болды. Ал, бұлар оны мойындағысы келмейді.

Екінші бір мәселе, Еуропа ғалымдары Қазақстанның тарихы туралы тек қана орыс тарихшыларының дерек көздерін ғана пайдаланады. Олар шын мәніндегі қазақ тарихын білмейді. Олар Қазақстан тарихы туралы жазу үшін қазақша жазылған деректерді игеру керек. Қазақ тілін меңгеруі керек.

Бір сөзбен айтқанда, олар қазақ болуы керек қой. Сондықтан, ХХ ғасырдағы қазақ тарихын қазақ ғалымдары жазуы тиіс. Содан кейін ол басқа тілге аударылып, өзге жұртқа таныстырылса дұрыс болады.

– Алаш қозғалысы, Алаш үкіметі туралы толық зерттеу жасалды деп айта аламыз ба?

– Әрине, толықтай зерттелген жоқ. Біз қазір Алашорданың алдыңғы жетекші тобы туралы ғана жазып жүрміз. Ал, Алаш қозғалысының жергілікті жерлердегі ауыл, аудандардағы белсенділері туралы мардымды еншәрсе айта алған жоқпыз. Олар зерттеуден түсіп қалды.

Ал, олардың жазығы не? Сондықтан да, бұл тақырып бағдарламалы негізде зерттелуі тиіс. Сондай зерттеулерді халыққа жеткізген күні бір нәрсе бітірдік деуге болар. Бірақ, оған жететін күн әлі алыс. Ол үшін жасалатын жұмыстар шаш-етектен.

– Әңгімеңізге рақмет.

Жақын күндері «Сталинизм и репрессии в Казахстане 1920-1940-х годов» кітабының Алматыда өткен таныстырылымы барысында тарихшы-зерттеуші Мәмбет Қойгелді Азаттық радиосы тілшісінің 2009 жылы Қазақстанда жоғары лауазымды шенеуніктердің, журналистердің тұтқындалуы мен сотталуына қатысты ой-пікірін білмек болған сұрағына:

– Мен политолог емеспін, тарихшымын. Бұл сұрақты маған қоймаңыз, – деп қысқа қайырды жауабын.

2009 жылдың өзінде «Қазатомпром» компаниясының бұрынғы басшысы Мұхтар Жәкішевтің тұтқындалғаны, бұрынғы Экология министрі Нұрлан Ысқақов пен оның орынбасарлары жемқорлық айыбымен тұтқындалып, соты жүріп жатқандығы белгілі. Олардың қорғаушылары мен туыстары ұсталғандармен кездесе алмай отырғандарын талай мәрте мәлімдеген болатын.

Журналист «Алма-Ата инфо» газетінің бас редакторы Рамазан Есіргепов ҰҚК-нің құжаттары арқылы мемлекеттік құпияны жария етті деген айыппен 3,5 жылға бас бостандығынан айрылды.

Міне осы жайттардың барлығын алға тарта отырып, бірқатар тәуелсіз бақылаушылар 2009 жылдың тұтқындау оқиғаларын 1937 жылғы сталиндік қуғын-сүргінмен салыстырған болатын. Ал қазақ тарихшылары бүгінгі тұтқындауларды зерттеу – алдағы уақыттың еншісі деп білетін болса керек.
XS
SM
MD
LG