Accessibility links

Лицензиясы уақытша тоқтатылған институт студенттері президент Назарбаевқа жүгінбек


ҚМЭБИ студенттерінің президент Назарбаевқа жазған хатына қол жинау тізімі, Алматы, 24 қыркүйек 2010 жыл.

ҚМЭБИ студенттерінің президент Назарбаевқа жазған хатына қол жинау тізімі, Алматы, 24 қыркүйек 2010 жыл.

Қазақстан менеджмент, экономика және болжау институтының (ҚМЭБИ) студенттері білім ордасының уақытша лицензиясыз қалғанына алаңдап отыр. Олар ел президентінен жәрдем сұрау үшін қол жинауға кірісті.


«Студенттері мен басшылық арасында жиын болады» дегенді естіп, қыркүйектің 24-і күні таңертең Алматыдағы Қазақстан менеджмент, экономика және болжау институтына (ҚМЭБИ) барғанымызбен ондағы жиынға журналистерді кіргізген жоқ.

Жабық жағдайда өткен жиыннан соң студенттер білім ордасының уақытша лицензиясыз қалғанына алаңдап отырғаны жөнінде ақпарат құралдарына сұқбат берді. Олар мәселеге президенттің араласуын сұрап, хат жолдайтындықтарын айтты.

«ЖАҒДАЙДЫ САЯСИЛАНДЫРМАҢЫЗДАРШЫ»

– Біз не болып жатқанын түсінбей отырмыз. Бағанағы жиында басшылық жарты жыл ішінде үкіметте айтылған мәселелерді шешетінін
ҚМЭБИ студенті Әлібек Датишев. Алматы, 24 қыркүйек 2010 жыл.
айтты. Біз осыған алаңдап отырмыз. Мәселен, мен бір жылдан соң бітірем. Егер жарты жылдан соң оқу орнын жапса мен дипломсыз қаламын. Біз президенттен осы мәселеге араласуын сұраймыз, – деді ҚМЭБИ студенті Әлібек Датишев.

Дегенмен студенттер президенттке бағытталып отырған хаттың мәтінін ақпарат құралдарына беруден бас тартты. Мәтіні даяр хатқа бүгінгі таңда 1600 студент қол қойған көрінеді. Солардың бірі, өз есімін айтудан бас тартқан студент бұған әсіресе, баласын оқу ақысы ең қымбат оқу орнында оқытып жатқан ата-аналар алаңдап отырғанын жеткізді.

– Біз шамамен жылына 6 мың АҚШ долларын төлеп отырмыз. Институтымыздың лицензиясын тоқтатқанына менімен бірге ата-анам да алаңдап отыр. Себебі, оқу бағасын солар төлеп отыр. Институт өз лицензиясын қайтара ала ма? Басты сұрақ осы. Үкімет қандай да бір шешім қабылдамас бұрын осы мәселелердің бәрін ескерсе деген тілегіміз бар, – деді ҚМЭБИ студенті.

Университет басшылығының адамдары шамамен 15-20 минутқа созылған студенттердің кішігірім жиынын «сабаққа кіріңдер» деген
ҚМЭБИ әкімшілігінің өкілі мен оқу орны күзеті қызметкерлері, Алматы, 24 қыркүйек 2010 жыл.
желеумен тоқтатуға әрекет жасады. «Неге студенттердің пікірін сұрап, арандатып жатырсыңдар?» деп журналистерге шүйліккен университет қызметкерлері де болды.

Бір атап өтер жайт, сұқбат берген студенттер ақпарат құралдары өкілдерінен жағдайды саясиландырмауды сұрады.

МИНИСТРЛІКТІҢ ҚАУЛЫСЫ

Қазақстан Білім және ғылым министрлігінің қыркүйектің 17-сі күні шығарған қаулысына сәйкес, Қазақстан менеджмент, экономика және болжау институтының лицензиясының күші алты ай мерзімге тоқтатылған болатын. Министрлік өкілінің түсіндіруінше, басты себеп – жоғары оқу орнының дипломы мемлекеттік үлгіге сай болмай отырғандығы.

– Лицензиясы бар кез-келген оқу орны студенттерге сондай үлгідегі диплом беруге міндетті. Нәтижесінде өзге елдерге барған ҚМЭБИ түлектері мұндай оқу орнының бар екенін дәлелдей алмай келеді, – деген еді Білім және ғылым министрлігінің білім саласын бақылау бойынша комитетінің төрағасы Найман Қалабаев «Время» газетіне берген сұқбатында.

Дегенмен оқу орнының басшылығы министрлік қаулысында айтылған жайттармен келіспейді. Бұл жайында оқу орнының Азаттыққа
Қазақстан менеджмент, экономика және болжау институты (ҚМЭБИ) ғимаратының бір бөлігі. Алматы, 24 қыркүйек 2010 жыл.
жолдаған жазбаша жауабында былай деп жазылған:

«ҚМЭБИ қаулымен түбегейлі келіспейді және осы аптада қаулыға қатысты сотқа қайта шағым түсіреді. Бұдан бөлек, ҚМЭБИ бұл жағдайды шешу үшін Білім және министрлігімен жұмыс жүргізуді жоспарлап отыр».

Министрліктің қаулысымен кейбір студенттер де келісіп отырған жоқ.

– ҚМЭБИ-тың жағдайы басқа университеттермен салыстырғанда жаман болғаны үшін лицензиясын тартып алды деу күлкілі. Оқу бағасы әрине, қымбат. Бірақ бұл ең мықты, элиталық оқу орны. Сенбесеңіздер, оқу орнын аралаңыздар. Сабаққа қатысыңыздар. Бізде оқытушылар құрамы да жақсы. База өте мықты. Бұл оқу орнын бітірген студенттер жұмысқа ақшамен орналасып жатқан жоқ, – деді студент Асқар Дайырбеков.

Бұл жыл басынан бері Алматыдағы Қазақстан менеджмент, экономика және болжау институтына қатысты кезекті дау-дамай болып отыр. Биылғы мамыр айында бір топ ата-ана осынау білім ордасында оқу бағасының қымбаттауына наразы болып, қаржы полициясынан оқу орнының қаржы істерін тексеруді сұраған болатын.

Бұл мәселелерге қатысты Қазақстан Білім және ғылым министрлігінен Азаттық тілшісі жауап ала алмады.

ҚМЭБИ-қа қатысты қазір дау туғызып жатқан қаулыға қол қойылғаннан соң көп ұзамай, қыркүйктің 22-і күні Қазақстанның білім және ғылым министрі Жансейт Түймебаев қызметтен босатылып, оның орнына 57 жастағы Бақытжан Жұмағұлов тағайындалған-ды.

Жаңа министр бұл қызметке келгенге дейін Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық мемлекеттік университетінің ректоры болып жұмыс істеген.

  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG