Accessibility links

Халықаралық қауымдастық Дарфур апатына қатысты баяу қимылдап жатыр


Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік кеңесі Суданның Дарфур өлкесіне біріккен бітімгершілік жасақ жіберуді бұйырды. Қаулы шілденің 31-де қабылданды. Жасақта Біріккен Ұлттар Ұйымынан және Африка Одағынан 26 мың сарбаз болады. Біріккен жасақ Дарфур өлкесінде төрт жыл бүлік жасап жатқан үкіметшіл әскерге төтеп бермек. Судан үкіметі бітімгершілік жасақты орналастыруға рұқсат етеміз деді. Халықаралық қауымдастық бітімгершілік шараға тым кеш жүгініп жатқан жоқ па?

Біріккен Ұлттар Ұйымының ресми өкілдері Дарфурға бітімгершілік әскер кіргізу арқылы қантөгісті тезарада тоқтата аламыз деп үміттеніп отыр. Дарфурда гуманитарлық дағдарыс 2003 жылы басталды. Азаматтық соғыстың негізгі себебінің бірі – ұлтаралық қақтығыс. Дарфур өлкесінде байырғы африкалық ұлт жасайды, орталық үкіметте араб ұлтының азаматтары басым. Судан үкіметі Дарфур халқын екінші дәрежелі халық ретінде кемсітті. Дарфур халқы қолына қару алып, көтерілді. Дарфур көтерілісшілері мен үкіметшіл жасақтардың арасында азаматтық соғыс шықты, мұның салдарынан бейбіт халық жылдар бойы азап көріп жатыр. 200 мыңнан астам адам қырылды, шамамен екі жарым миллион адам босып кетті.

Судан үкіметі бейбіт халықты қырып жатқан араб жасақтарына қатысымыз жоқ дейді. Дегенмен, көптеген бақылаушы араб қарулы жасақтарының артында араб азаматтарынан құралған Судан үкіметі тұр дейді. Біріккен Ұлттар Ұйымының бас хатшысы Бан Ки Мун Судан елінің тарихындағы трагедия тарауын осымен жабуға мүмкін болады деп сипаттады.

Британияның Біріккен Ұлттар Ұйымындағы елшісі Судандағы апат Қауіпсіздік кеңесіндегі 15 елші қол көтеріп, қаулы қабылдағаннан тоқтай қоймайды, қаулыны жүзеге асыру үшін талай еңбек сіңіру керек деді. Америка Құрама Штаттарының елшісі Залмай Қализад Судан үкіметі халықаралық бітімгершілік жасақтың қызметіне кедергі келтірмеу керек деп Судан президенті Омар Әл-Баширге ескерту айтты:

- Судан таңдау алдында тұр. Судан не әріптестік жолын таңдай алады, не көнбей қоюы мүмкін. Барлық қауым Дарфурдың бейбіт адамдарына көмек қажет деп Қауіпсіздік кеңесіне қарап отыр, сол сияқты енді барлығы Судан үкіметіне қарап отыр. Барлығымыз Судан үкіметіне қарап отырмыз, бұл үкімет дұрыс шара жасасын, бейбітшілікке жол ашсын деп отырмыз.

Ал Суданмен жақсы қатынас құрып келе жатқан Қытай елшісі Уаң Гангуа Судан үкіметін жақтап сөйледі, Судан үкіметі қолынан келгенін жасады, компромисс табуға ерең еңбек сіңірді деді. Қытай Суданмен көп сауда жасайды, Қытай Судан мұнайының үштен бірін сатып алады. Суданға қатысты Біріккен Ұлттар Ұйымының қаулысын қабылдау қаншалықты қиын болса, осы резолюцияны қабылдауға Қытайды көндірудің өзі оңай болған жоқ.

"Гибрид жасағы" деп аталып кеткен құрылымда 19 мыңнан астам сарбаз болады, шамамен алты мың полиция қызметкері болады. Судан президенті бітімгершілік жасақта негізінен африкалық елдердің сарбаздары болсын деп шарт қойды, сондықтан әдеттегідей әлемнің басқа тараптарынан бітімгершілік жасақтар шақырылмайды. Жалпы Судан президенті Дарфурға тікелей араласамыз деген халықаралық қауымдастықтың әрекеттеріне талай кедергі қойған. Бітімгершілік жасақ ЮНАМИД деп аталып отыр ресми түрде, яки Біріккен Ұлттар Ұйымының Дарфурдағы миссиясы деген сөз. Бітімгершілік жасақ Суданға толығымен келесі жылы келеді деп белгіленді. Бірақ кейбір бақылаушылар бұл кеш болмай ма, халықаралық әскерге үлес қосамыз деген кейбір мемлекеттер сөзінде тұра ма екен деп күмәндәніп отыр.

Вашингтонда орналасқан "Стратегиялық және халықаралық зерттеулер" институтының сарапшысы Симон Серфети Дарфур өлкесіндегі дағдарысқа қатысты шаралар жөнінде екі ойлымын дейді, ол шаларды шала деп айтып отыр. Жалпы, дейді сарапшы Симон Серфети, Америка Құрама Штаттары мен Еуропа мемлекеттері Дарфур өлкесіндегі дағдарысқа уақыт жоғалтпай баяғыда араласу керек еді, 1990 жылдары Балкан түбегінде НАТО әскерін қалай шапшаң пайдаланса, Дарфур өлкесінде де соншалықты шапшаң қимылдау керек еді дейді:

- Жігер көрсету сынағын өтуге тиісті болсақ, қимылдау керек деген шарт болар еді, себебі шара қабылдауымыз керек еді. Біріккен Ұлттар Ұйымының шеңберінен тыс бұлай жасауға қажет мүмкіншілігіміз де бар, өкілеттігіміз де бар деп білемін. Мұндай жігеріміз болмағандықтан, Біріккен Ұлттар Ұйымының қауылысын қабылдаймын енді. Қаулы қандай шектеу қойса да, қаулы белгілеген қажет шараларды қабылдаймын.
XS
SM
MD
LG