Accessibility links

Тимур Құлыбаев туралы мақала жарияланған «Свобода слова» газеті тәркіленді


«Свобода слова» басылымының бас редакторы Гүлжан Ерғалиева баспасөз бостандығын қорғау акциясында. Алматы, 24 маусым 2009 жыл.
«Свобода слова» басылымының бас редакторы Гүлжан Ерғалиева баспасөз бостандығын қорғау акциясында. Алматы, 24 маусым 2009 жыл.

«Свобода слова» басылымының бейсенбі күнгі баспаханадан шыққан санының тең жартысын билік орындары тәркіледі деп хабарлады газет редакциясы. Басылымның бас редакторы Гүлжан Ерғалиева мұны газеттің осы санындағы Тимур Құлыбаев туралы мақаламен тікелей байланыстырады.


ТАЛТҮСТЕГІ ТӘРКІЛЕУ

Ақпанның 4-күні «Свобода слова» апталық басылымының бас редакторы Гүлжан Ерғалиеваның мәлімдемесі тарады. Онда бейсенбі күні түскі сағат бір жарымда газет редакциясына келген Алматы қаласының әкімшілік соты орындаушыларының қолында Алматының Медеу аудандық әкімшілік сотының территориалдық бөлімінің аға сот орындаушысы А.Ермековтың «басылымды тұтқынға алу туралы» жазбаша нұсқауы болғаны айтылған.

Бұдан соң сол күні редакцияға Алматыдағы газет сататын дүңгіршек сатушыларынан «Свобода слова» басылымын сатуға билік адамдары тыйым салып жатыр деген қоңыраулар түсе бастаған.

Басылым жетекшісі бұл жағдайды осы аптаның басында Тимур Құлыбаевтың абыройына нұқсан келтіреді деп тапқан ақпараттарды таратуға тыйым салған Алматының Медеу аудандық сотының шығарған анықтамасымен байланыстырып отыр.

Өйткені, «Свобода слова» апталығының бейсенбі күні баспаханадан шыққан жаңа санының алғашқы бетінде «Құлыбаев екінші президент пе?» деген тақырыппен мақала жарияланған екен.

Ол мақалада Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың күйеу баласы Тимур Құлыбаевтың Мұхтар Әблязовқа қарсы талап-арызын қанағаттандырған Алматының Медеу аудандық сотының анықтама шығарғаны туралы және соған байланысты түрлі саланың мамандарының пікірлері ғана жарияланған.

Осыны алға тартқан басылым басшысы, республика аймағына 85 мың данамен таратылатын басылым жартылай тәркіленген дегенді айтады.

САТУШЫЛАРҒА ҮЛЕСТІРІЛГЕН ҚАҒАЗ

«Республика» басылымы бейсенбі күні таңертең Алматы қаласында жұмыс істейтін барлық газет дүңгіршектерінің сатушыларына бір парақ қағаз үлестірілгендігі туралы ақпарат таратты.

Ол қағазда ақпанның төрті мен бесі күндері сатушыларға сот орындаушы әкімшіліктің өкілдері келіп, «Свобода слова» басылымының №5 санын тәркілеп алып кететіндігі туралы ескерту жазылған.

Қағазда көрсетілгендей, сатушылар келген адамдарға еш қарсылық көрсетпестен, аталған басылымның өздеріндегі барлық данасын өткізуі тиістігі айтылған. Ал егер сот орындаушылары келмеген болса, онда басылымның көрсетілген санын сатуды дереу доғару керектігі ескертілген.

Бұл қағаздың астында Алматы қаласының өнімді өткізу бойынша департамент директоры Новгородова С. деген адамның қолы қойылған.

ГҮЛЖАН ЕРҒАЛИЕВАНЫҢ НАРАЗЫЛЫҒЫ

Осы жайтқа қатысты «Свобода слова» газетінің бас редакторы Гүлжан Ерғалиева бейсенбі күні өзінің ресми мәлімдемесін таратып, Алматының Медеу аудандық сотының шешіміне азаматтық бағынбаушылығын танытты.

Ол сонымен бірге бұл жағдайға наразылық білдіруге басқа да әріптестерін шақырып отыр.

Осы аптаның басында Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың күйеу баласы Тимур Құлыбаев қуғындағы бизнесмен Мұхтар Әблязов пен елдегі тәуелсіз «Голос Республики», «Взгляд» және «Курсив» басылымдарын сотқа бергені мәлім болған еді.

Сот талапкердің арызын қанағаттандырып, Құлыбаевқа қарсы Әблязовтың таққан айыптары туралы жазған БАҚ өнімдерін тәркілеуге анықтама шығарған болатын. Тәуелсіз газеттер соттың шешімін баспасөзге қарсы қысым деп бағалады.

«Свобода слова» басылымының өкілдері, бүгінгі жағдай елде Құлыбаевқа қатысты кез-келген ақпаратты жариялаған басылымның ертеңгі күні бұлыңғыр екендігін байқатады деп отыр.

«ФРИДОМ ХАУС» ҚАЗАҚСТАНДЫ СЫНАДЫ

Адам құқықтарын қорғайтын халықаралық «Фридом хаус» ұйымы сөз бостандығын қорғау туралы міндеттемелерін орындамағаны үшін Қазақстан үкіметін айыптады. Бейсенбі күні аталмыш ұйым интернеттегі парақшасында мәлімемесін жариялады.

«Қазақстан үкіметінің екіжүзділігіне таң қалса болады. Ол жоғары лауазымды американдық саясаткерлерді ЕҚЫҰ-ның демократиялық ұстанымдарын қолдауға ниеттеніп отырғандығы жөнінде сендіруге тырысуда, сонымен қатар, ол ашық түрде өзіндегі бұқаралық ақпарат құралдарын қудалап жатыр. Бұл Қазақстанның Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық туралы өзінің жаңа рөліне дайын еместігін көрсетеді», - деді «Фридом хаус» ұйымының өкілі Пола Шрифер.

Ұйымның мәлімдемесінде Алматыдағы Медеу аудандық сотының шешімімен бес бұқаралық ақпарат құралының - «Республика», «Голос Республики», «Взгляд», «Курсив» және «Курсив-Ньюс» басылымдарының өнімдеріне тыйым салынғандығы атап көрсетілген.
XS
SM
MD
LG