Accessibility links

Таңғажайып тоғызқұмалақ Еуропа төрінен орын ала бастады


тоғызқұмалақ ойналатын шаршы тақта түрлері

тоғызқұмалақ ойналатын шаршы тақта түрлері

Күздің басында Прага қаласында кезекті рет зияткерлік ойындар олимпиадасы өткізілгенде қазақстандық тоғызқұмалақшылар еуропалық мектеп оқушыларына тоғызқұмалақ сияқты зерде ойынының қыр-сырын да үйретіп, семинар өткізіп қайтқан болатын. Бұл тоғызқұмалақтың Еуропаға алғашқы шығуы емес екен.

Жақында Азаттық студиясында қонақта Қазақстанның спорт шебері, тоғызқұмалақтан халықаралық жарыстар жеңімпазы, Тоғызқұмалақ федерациясы жетекшілерінің бірі, халықаралық "Түркология" журналының жауапты редакторы Мақсат Шотаев пен тоғызқұмалақтан халықаралық және республикалық жарыстар жеңімпазы Серік Ақтаев болған еді.

Мақсат Шотаев /оң жақта/ пен Серік Ақтаев Азаттық студиясында қонақта.


-Мақсат, көшпенділердің Тоғызқұмалақ сияқты ежелден келе жатқан ұлттық ойынын Еуропаға таныта бастапсыздар, тақтадағы ойындар немесе зияткерлік ойындар бағдарламасына енгізіп, бұл ақыл-ой мен философиялық тұрғыдағы күрделі ойынды Еуропаның, Американың, Испанияның ойыншылары үйреніп, машықтанып жатыр екен, осы жолда жасап жатқан насихат шараларыңыздың алғашқы нәтижелері де көрініп қалған болар?


-Тоғызқұмалақ ойыны зияткерлік спорттың ішіндегі ең күрделі түрлерінің бірі, бұл ойынның 4 мың жылдық тарихы бар. Сонау көне замандардан бүгінгі күнге дейін келіп отыр. Алғашқы кезде бұның үш отау, бес отау, жеті отаулық шағын үлгілері болса, бүгінгі күні біз жетілген тоғыз отаулық классикалық ережесімен ойнап жүрміз.


Тоғызқұмалақ ойынын біз Орта Азияда, Ресейде және осы Еуропа елдерінде насихаттауды қолға алғанбыз. Сонымен қатар басқа елдерде де қызығушылық бар. Атап айтқанда Америка, Африка елдерінде де.

Қазақстандық және чехиялық мектеп оқушылары тоғызқұмалақ жарысында, Пардубице, наурыз, 2008 жыл.


Жалпы айтқанда біз неге тоғызқұмалақты насихаттап отырмыз, ол ойын ретінде ғана емес, оның танымдық, тағлымдық, терапиялық, спорт, өнер, ғылым ретіндегі маңызы зор. Бұл жасөспірімнің ақыл-ойын шыңдап, ми қызметін жетілдіретін зияткерлік спорттық ойын. Сондықтан мұның тек ұлттық бағытта емес, жалпы әлемдік деңгейде де маңызы өте зор, өйткені тоғызқұмалақ сияқты ойындарды ойнаған бала есейе келе өзінің күнделікті нақты жоспарын құрып, дүниеге көзқарасы молайып, жетілген тұлға болып қалыптасады.

Сондықтан тоғызқұмалақ ойынын біздің бүгінгі насихаттап отырғанымыздың себебі, қазақ халқының осындай ұлы мұрасы бар екенін, зияткерлік өнері бар екенін басқа халықтарға да бір жағынан таныту, сонымен қатар адамзаттық деңгейде де өзіміздің үлесімізді қосу болып табылады.


-Мақсат, міне осы атқарып жатқан жұмыстарыңыздың нәтижесіндей өсіп келе жатқан жас ұрпақтың бір өкілі Серік Ақтаев Чехияда, Ресейде өткен талай жарыстардың жеңімпазы, сонымен қатар Қазақстан, Қырғызстанның тоғызқұмалақтан чемпионы екен. Ендігі әңгіме тізгінін Серікке берсек.

Серік, тоғызқұмалақ ойынын өзің қалай үйреніп, игердің, өйткені кейінгі жастардың естігені болмаса, ойнап көрген емес қой?


-Мен өзім тоғызқұмалақты 5 сыныптан бастап, 12 жасымда үйрендім. Сол жылдары біздің мектепте тоғызқұмалақ ойыны оқу сабағы ретінде жүрген еді. Сол кезде менің қызығушылығым оянып, үйрендім, Дастан Қапаев деген аға жаттықтырушым болды. Содан бері тоғыз жыл өтті. Міне енді бұл ойын жарыстарына кәсіби деңгейде қатысып жүрмін, соның бір нәтижесі Прага қаласында өткен жарыста бірінші орын алдым.

-Серік, Паволдар университетінің студенті екенсің, мамандығың қандай?

-Мен университеттің 3 курс студентімін. Болашақ мамандығым жергілікті және мемлекеттік басқару ісі болып табылады.

Пардубицеде өткен тоғызқұмалақ жарысының жеңімпаздары, наурыз, 2008ж.

-Рахмет.


-Мақсат, Прагада өткен тақтадағы ойындар жарысында Америкадан, Чехиядан, Испаниядан, Қырғызстаннан ойыншылар қатысқанына қарамастан, бірінші, екінші орындарды өздерің еншіледіңдер, бұл енді ұстаз бен шәкірттің тең түсіп отырған жағдайы.

Менің ендігі сұрайын дегенім, Қазақстанның бүкіл облыстары мен қалаларында және шетелдерде тоғызқұмалақты насихаттаған кезде тек қана жарыстар өткізіп қоймай, түрлі семинарлар да ұйымдастыратын боларсыздар.


-Қазіргі кезде Қазақстанда тоғызқұмалақты насихаттаудың түрлі жолдары көп. Біз жарыстармен қатар семинарлар, конференциялар өткіземіз.


Мәселен, 2008 жылдың ақпан айында Алматыда "Тоғызқұмалақты халықаралық деңгейде дамытудың өзекті мәселелері және алдағы мінеттері" атты халықаралық конфренция өтті. Оған Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Өзбекстан, Моңғолия және басқа да бірнеше елдердің ғалымдары келіп баяндамаларын оқыды. Өздері келе алмағандары баяндамаларын жібергендері болды.


Ал енді бізде жарыстардың жылдық күнтізбелік жоспары бар. Оны Қазақстан спорт және турзим министрлігі мен Тоғызқұмалақ федерациясы бірлесіп жасайды. Бізде жылына 40-қа жуық республикалық және халықаралық жарыстар өткізіледі. Сонымен қатар жас ерекшеліктеріне сәйкес ұлдар мен қыздар және ерлер мен әйелдер арасындағы жарыстар бар. Сонымен бірге жекелей чемпионаттар, шапшаң ойнау чемпионаттары өткізіледі. Міне осының барлығы бізде тоғызқұмалақ ойынының жүйелі түрде даму жолына түскенін көрсетіп отыр.

Сондай-ақ біз өзіміздің тәжірибемізбен бөлісу үшін алыс және жақын шетелдерде семинарлар өткіземіз. Өткен жылы тоғыз семинар болса оның бесеуі Қазақстанда өтсе, қалғанын шетелдердегі жергілікті комитеттер өткізді.
Біз өз тарапымыздан Чехияда, Македонияда, Қырғызстанда, Ресейдің таулы Алтай республикасында өткіздік. Жалпы байқағанымыз тоғызқұмалақ ойынына деген қызығушылық өте жоғары.
Normal 0


Мәселен Американың Аляска университеті осы тоғызқұмалақтың компьютерлік бағдарламасын жасап шығарды. Ал Колумбияда өткен жылы өздері семинар өткізіп,тоғызқұмалақ ережелерін насихаттап, таратуда.


Швейцарияда өткен конференцияда Испания азаматы Виктор Баутисторока баяндама жасап, тоғызқұмалақ тақталарын бірнеше елдердің Швейцарияның, Италияның мұражайларына таратқан.


-Мақсат, тоғызқұмалақ ойынында ата-бабаларымыздың философиялық ой-түйіні, пәлсапасы жатыр деп айтып қалдыңыз. Мәселен әр ұяда жалғыздан тас қалдырмай оны жұптап отыру дегеннің өзінде " жаяудың шаңы шықпас, жалғыздың үні шықпас" дегенге келетін мағына жатқан сияқты, олай болса, қазіргі таңда компьютерге беріліп кеткен балалардың ойлау жүйесін дамытатын тоғызқұмалақ сияқты ойындарға бетін бұрып, қазақы дәстүрге түп-тамырға оралудың бір жолы деп қарастырылатын мақсат- мүддемен ұласып жатқандай ғой?

Оралдағы тоғызқұмалақ жарысынан бір көрініс, 2008 жыл


-Дұрыс айтасыз, өте жіті байқағансыз. Шынында да тоғызқұмалақ ойынын тек спорт, өнер, ғылым ретінде қарастыруға болмайды. Мен қазіргі кезде оны бабаларымыздың дүниетанымы ретінде қарастырамын. Өйткені ондай ойындардың дүниежүзінде 400-ге жуық түрі бар, атап айтқанда ол Африка елдерінде, Америкада, Еуропа елдерінде, мынау Азияның бірнеше елдерінде осы тоғызқұмалақ сияқты ойындар бар. Мәселен тоғызқұмалақтың тақтасының өзі Норвегия мен Индонезияда ұқсас.
Бірақ біз осы ұқсастығына бола оны тоғызқұмалақ десек, ол біздің шалағайлылығымыз болады. Сондықтан ол жерде кездесетін тақталардағы ережелерді сараптап, талдағанда ғана оның қандай ойын екенін байқаймыз. Ал осындай ережелер қайдан шығады, ол сол жердегі халықтың дәстүріне, салтына, дүниеге көзқарасына, этнографиясына байланысты, сонымен қатар сол жердегі халықтың бір-бірімен аралас-құраластығына негізделген. Яғни тоғызқұмалақ ойыны бұл - көшпенділердің дүниетанымы негізінде жасалған.

Мәселен "тұздық" деген ереже бар, бұл ережені отауға ие болу деп қарастыруа болады, демек екі құмалақ жатқан үйге үшінші құмалақты апарып көшірсеңіз, сонда ғана отауға ие боласыз. Ал отауға ие болуды қалай түсіндіруге болады, яғни жастар бірін-бірі ұнатып, отау құрады, бірақ ол үйде ұрпақ дүниеге келмесе, онда ол үйден отау шықпайды. Сонымен қатар жұп деген бізде табыс болып есептеледі. Американың "калах" деген ойынында жалғыздық табыс болып есептеледі, кім бірінші бастаса, сол жеңіске жетеді. Ал керісінше бізде "жалғыздың үні" шықпас дейді.

Сонымен қатар тоғызқұмалақ ойынында маңдай, атөтпес, тектұрмас, бел, белбасар деген отаулардың аттары бар. Ал енді мысалы бізде үнемі маңдайың ашық болсын, артың жабық болсын дейді, ол жабық болсын деген отаудағы құмалақтарды жұптан ұстап отыруымыз керек, ал маңдайымызды үнемі ашық қалдырып отыруымыз керек. Міне осындай көптеген философиялық ұғымдар бар, танымдық көзқарастар бар. Мен тек қана шет жағасын айтып отырмын, болашақта сол 400-ге жуық түрін жеке-жеке зерттесек, үлкен зияткерлік ғылым, этноматематика ғылымы туындайды.

Халықаралық тоғызқұмалақшылар Лондондағы жарыстан кейін, Мақсат Шотаев оң жақта.

Бұны қазір еуропалық ғалымдар зерттеп жүр, ал Орта Азияда, Қазақстанда жалпы алдағы уақытта зерттеледі деп ойлаймын.


-Мақсат, Еуропадағы тоғызқұмалаққа деген қызығушылық туралы айттыңыз, ал Қазақстанда өздеріңнің қолдаушыларың, мектептер мен жоғарғы оқу орындарында қаншалықты деңгейде?


-Қазір соңғы статистика бойынша Қазақстанда тоғызқұмалақпен айналысып жүргендердің саны 36 мың, бұл ресми ғана, ал бірақ менің ойымша бұл 100 мыңнан асады. Және 1,5 мыңдай жаттықтырушы бар. Мұның барлығы Қазақстанда тоғызқұмалақ спортының жүйелі даму жолына түскенін байқатады. Бұл ойынды дамыту үшін министрлік тарапынан жылына 10 миллион теңге бөлінеді. Қазақстан тоғызқұмалақ қауымдастығы да бұл салаға қомақты қаржы бөліп отыр.

-Рахмет әңгімелеріңізге. Әрдайым жемістерге, жеңістерге жете беріңіздер.

Мақсат Шотаев "Таңғажайып тоғызқұмалақ" кітабының және басқа да көптеген әдістемелік оқу құралдарының авторы.


.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG