Accessibility links

Текелі қаласында қатты жер сілкінісінен жүздеген тұрғын баспанасыз қалды


Түн мезгілінде болған зілзаладан Александра Горенконың үйінің қабырғасы құлап түсті. Текелі қаласы, 15 маусым 2009 ж.
Түн мезгілінде болған зілзаладан Александра Горенконың үйінің қабырғасы құлап түсті. Текелі қаласы, 15 маусым 2009 ж.

Алматы облысындағы кеншілердің Текелі қаласында маусымның 14-і күні түнде болған күшті жер сілкінісінен ондаған көп қабатты және жекелеген үйлер қирап, жүздеген адам баспанасыз қалды.

Текелі тұрғыны Геннадий Головко сілкініс болған сәтті Азаттық радиосына былайша баяндап берді:

«Ұйықтап жатқан болатынмын, қатты дүмпулерден шошып ояндым. Қараңғыда не болып жатқандығын түсіне алмадым. Бірақ үйдің қозғалып жатқандығы менің зәремді ұшырды. Тұра салысымен есікке қарай жүгірдім. Қатты қорыққаным сонша, шығатын жолды таппай абдырап қалдым».

Қазір табиғи апаттың салдарын жоюға кіріскен жергілікті билік баспанасыз қалған тұрғындарды көшіруде, бірақ орын барлығына да жетпей жатыр. Қала тұрғыны Александра Гекторенко Азаттық тілшісіне өз үйінің қабырғасы құлап қалғандығын айтады. Зейнеткерді кәсіби-техникалық училищенің жатақханасына орналастырыпты. Бірақ жеке шаруашылығы үшін алаңдаулы қарт мұндағы орынның жайсыз екендігін айтып, үйіне қайтуға бел шешкен.

Бұл уақытта арнайы құрылған мемлекеттік комиссия табиғи апат әкелген шығынды есептеп жатыр. Текелі қаласына жеткен республиканың бас сейсмологы Таңатқан Абақанов жер сілкінісінің қуатын былайша бағалайды:
Таңатхан Абақанов, сейсмология институтының директоры. Текелі, 15 маусым 2009 ж.


«Бұл жер сілкінісі 23 сағат 17 минутте тіркелген, бірінші сілкіністің қуаты – 7 балл. Ал, оның эпицентрі Рудничный мен Текелі арасында болған. Және 8 минуттан соң күші 5 балдық екінші сілкініс тіркелді».

Дүйсенбі күні Текелідегі жағдаймен Алматы облысының әкімі Серік Үмбетов те келіп танысты. Ол тұрғындарға көмектесуге уәде беріп, оларды сабырға шақырды.

«Мемлекеттік комиссияның қорытындысы шыға салысымен жөндеу жұмыстарын бастаймыз. Ешкім де баспанасыз қалмайды», - деді облыс әкімі.

Алматы облысы сейсмикалық аймақта орналасқан. Жақында ғана сейсмологтар бұл аймақта маусым және шілде айларында қатты жер сілкінісі болмайды деген болжам жасаған болатын.
XS
SM
MD
LG