Accessibility links

Мұхтар Жәкішевтің бұрынғы күзетшісі өзіне ҰҚК белгілеген адвокаттан бас тартуда


Мұхтар Жәкішевтің оққағары болған Талғат Қыстаубаевтың әйелі Сара Сағындықова.
Мұхтар Жәкішевтің оққағары болған Талғат Қыстаубаевтың әйелі Сара Сағындықова.

Мұхтар Жәкішевтің оққағары болған Талғат Қыстаубаевтың әйелі Сара Сағындықова адвокат Ақан Байқановтың қызметінен күйеуінің бас тартқанын айтады. Адвокат болса өз қорғауындағы Талғат Қыстаубаевпен тіл табысып, сенімді түрде жұмыс істеп жатқандығына сендіруге тырысты.


«АЙЫПТАУЛАРДЫ ҰҚК ҚОЛДАН ҚҰРАСТЫРҒАН»

Қаңтардың 13-күні Алматыда өткен баспасөз жиынында «Қазатомпром» ұлттық компаниясының бұрынғы президенті Мұхтар Жәкішевтің әйелі Жәмила Жәкішева қаңтардың 5-інен бастап Мұхтар Жәкішев пен Талғат Қыстаубаевтың үстінен жүріп жатқан сот ісінің қалай өтіп жатқандығына және сот орындары қызметкерлерінің іс-әрекетіне қарап, соттың тапсырыспен өтіп жатқанын аңғаруға болатынын жеткізді.

- Бұл істі мүмкін жағдайдың бәрін пайдаланып, тезірек аяқтауға тырысуда. Бұл іс туралы ешкім ешнәрсе білмес үшін істі өте жылдам жүргізіп жатыр. Және кезінде прокуратура да, адвокаттар да істің ашық өтуі тиіс екенін айтқанына қарамастан, сот ісінің жабық жағдайда өтуінің себебі де осы болса керек. Ал, айыптаулардың бәрі ҰҚК қызметкерлері арқылы қолдан құрастырылған, - деді Жәмила Жәкішева.

Мұхтар Жәкішевпен бірге сот ісіндегі айыпкер Талғат Қыстаубаевтың әйелі Сара Сағындықова күйеуінің айыптау қортындысымен әлі таныспағаннын, тіпті әлі күнге дейін не үшін тұтқындалғанын білмейтінін мәлімдеді.

Оның айтуына қарағанда, Талғат Қыстаубаев тергеу кезінде өзінің құқы бұзылып жатқандығы жөнінде жауапты мекемелерге хат жазған. Бірақ, Талғат Қыстаубаевтың жазған хаттарын ҰҚК-нің тергеу тобы қызметкерлері оның көзінше жыртып тастап отырған. Тіпті, кейін келе оған қағаз, қалам бермей қойған деді өз сөзінде Сара Сағындықова.

- Айыптау қортындысы қолында жоқ болғадықтан, Талғат өзінің не үшін қылмысты болып отырғанын да білмейді. Істің барлығы орысша жазылған. Талғат болса орысша тұрмыстық деңгейде ғана сөйлейді. Ол заңдық терминдерге толы сот істерін, тергеу істерін түсінбейді. Мектепті, сырттай оқуды қазақша бітірген. Ал, Талғаттың және отбасымыздың келісімінсіз ҰҚК-нің тергеу тобы тағайындаған адвокат Ақан Байқанов ҰҚК-нің тапсырмасын орындап жүрген адам. Ол Талғатқа келіп, оның ісімен айналысқан емес, - деді Сара Сағындықова.

«ОНЫҢ ЗАҢДЫ ҚҰҚЫҒЫ БҰЗЫЛҒАН ЖОҚ»

Алайда, Талғат Қыстаубаевтың адвокаты Ақан Байқанов өз қорғауындағы азаматпен ортақ тіл табысып, жұмыс істеп жатқанына сендіруге тырысты. Оның ойынша, осы іс арқылы Сара Сағындықованы біреулер өз мүддесіне пайдаланып отыр.

- Мен бұл әйелдің әрекетін түсінбеймін. Талғат Қыстаубаевтың айтуынша, ол полиция қызметкері ретінде айлығы аз болғандықтан, мемлекет оған адвокат беріп отыр. Ал, әйелінің ісі еш негізсіз. Сот Талғат Қыстаубаевқа тағылған айыпты қазақ тіліне аударып берді. Ал, айыпты дәлелдейтін айғақтар қалай алынды - сол күйінде. Мен оның адвокатымын. Жария қылып айтып жүргендей, оның өз құқын қорғаудағы заңды құқығы бұзылған жоқ, - деді Ақан Байқанов сәрсенбі күні Азаттық радиосына.

Ал, Сара Сағындықованың айтуынша, ол соңғы рет баспасөз мәслихатын өткізіп, Талғатпен кездескеннен кейін адвокат Ақан Байқановтан «Мен бұл істен кетемін» деген смс хабарлама келген. Хабарламада «Талғатқа барып, менің қызметімнен бас тартатыны жөнінде қолхат аламын» деп жазылған дейді Сара Сағындықова.

- Бірақ, Ақан Байқанов Талғаттан адвокат Байқановтың бұл істе өзінің мүддесін қорғауын қалайтыны туралы қолхат жаздырып алған. Бұл хат менің қолымда. Алайда, Талғаттың жазуына ұқсаңқырамайды. Өйткен, хат заңдық терминдермен орыс тілінде өте сауатты жазылған. Олар қорқытып, алдап қол қойдырып алуы да мүмкін,- деді Сара Сағындықова.

Сара Сағындықованың сөзінен белгілі болғандай, Талғат Қыстаубаев Қостанай облысы, Амангелді ауданында орта мектепті қазақша тәмамдаған. Одан кейін әскери борышын өтеп келген соң оқу орнында қазақша сырттай оқыған.

ТАЛҒАТ ҚЫСТАУБАЕВТЫҢ ҚОС АДВОКАТЫ

Сонымен бірге, 13 қаңтар күні баспасөз жиынына қатысқан Талғат Қыстаубаевтың отбасы жалдаған адвокат Хамида Айтқалиева Талғат Қыстаубаевты қорғау ісіне қатысу үшін екі айдан бері мемлекеттік құпия істерге қатысуға берілетін арнайы рұқсат қағазды ала алмай жүргенін жеткізді. Ол арнайы рұқсат қағазды беру үшін жергілікті әділет басқармасы, ҰҚК, прокуратура және аталмыш істі тергеу тобы мемлекеттік құпия іске қатысу туралы заңды әрқайсысы әрқалай түсіндіріп, бір екіншісіне сілтеп отырғанын айтты.

- Адвокаттар алқасында құпия істерге қатысу рұқсаты жоқ болғандықтан мені бұл іске жібермей отырса, Байқанов мырза қалайша рұқсат қағазға қол жеткізеді? Мемлекеттік құпиясы бар істерге арнайы рұқсат қағаз адвокаттарға нақты бір қылмыстық іс үшін ғана берілуі міндет. Менің ойымша, Байқановтың бұл іске қатысуға құқығы жоқ, - деді Хамида Айтқалиева.

Ал Ақан Байқановтың айтуына қарағанда, ол мемлекеттік құпия істерге қатысуға рұқсат қағазды 2005 жылы алған және содан бері құпия саналатын істерге қатысып келе жатқандықтан рұқсат қағазының уақыты автоматты түрде ұзартылып отырады екен.

- Менің қандай қатысым бар? Құдай ақы, ол бұл іске қатысам десе, қатыса берсін. Оны бұл іске маған бола жібермей отырған жоқ қой. Сондай-ақ, заң бойынша әр адам өзіне бес-алты адвокат жалдай алады. Қаражаты мұрсат берсе. Мен оған мемлекеттік құпия істерге рұқсат қағазды қалай алуға болатынын түсіндіргенмін. Ол оны жақсы түсінбеген болуы керек. Қолданыстағы заңға сәйкес мен өз еркіммен бұл істен бас тарта алмаймын. Мені дұрыс түсініңіз, мен олай істей алмаймын, - деді Ақан Байқанов Азаттық тілшісіне.

Бұған дейін «Қазатомпром» ұлттық компаниясының бұрынғы президенті Мұхтар Жәкішев сот ісін алқа билер қарауына беруді сұрап, өтініш жазған болатын.

Мұхтар Жәкішев өз өтінішінде: «Мені осы күнге дейін Қазақстан азаматтығынан ғана айырған жоқ. Мен өз елімнің азаматы ретінде сот ісін алқа билердің қарауын сұраймын. Өйткені, мен әділет мекемесінің шенеуніктеріне сенбеймін. Себебі, соттың алғашқы күндерінен бастап заң бұзылды» деп жазыпты. Өтініштен үзінді келтіре отырып, бұл туралы қаңтардың 12 күні Мұхтар Жәкішевтің адвокаты мәлімдеген еді.

Мұхтар Жәкішев пен Талғат Қыстаубаевтың үстінен қозғалған қылмыстық іс Астана қаласының Сарыарқа аудандық №2 сотында тыңдалады. Істі қарап жатқан сот төрешісі Нұржан Жолдасбеков бұған дейін «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының бұрынғы президенті Жақсыбек Күлекеевтің үстінен болған сот ісін жүргізіп, үкім шығарған болатын.

«Қазатомпром» ұлттық компаниясының бұрынғы президенті Мұхтар Жәкішевке ірі көлемде мемлекет қаржысын талан-таражға салды деген айып тағылған. Ол 2009 жылдың мамыр айынан бері ҰҚК-нің Астанадағы абақтысында қамауда жатыр.

Мұхтар Жәкішевтің ізінше тұтқындалған бұрынғы күзетшісі Талғат Қыстаубаевқа «айыпты ауырлататын жағдайда» ұрлық жасаған және оққағарлық қызмет бабын теріс пайдаланған деген айып тағылып отыр.
XS
SM
MD
LG