Accessibility links

Қазақ билігі пана іздеген қырғыз мұсылман босқынын еліне қайтаруы мүмкін


Ноокат оқиғасы бойынша сот тыңдауы өткен Қырғызстан Жоғарғы сотының ғимараты алдында. 14 мамыр 2009 жыл.

Ноокат оқиғасы бойынша сот тыңдауы өткен Қырғызстан Жоғарғы сотының ғимараты алдында. 14 мамыр 2009 жыл.

Ресейдің заң орындары қырғыз босқынын Отанына қайтару үшін Қазақстанға тапсырды. БҰҰ-ның Босқындар ісі жөніндегі басқармасы өз елінде жеке басына қауіп төніп тұрғанын айтқан босқынды Қырғызстанға бермеу туралы Қазақстан билігімен келіссөздер жүргізіп жатыр.


ТАРАЗ АБАҚТЫСЫНДАҒЫ ТҰТҚЫН

Қазаннның 11-іне қараған түні Ресей құқық органдары Қырғызстан азаматын Қазақстанға тапсырғаны туралы ақпаратты Азаттық радиосына қазанның 15-інде мәскеулік адам құқығын қорғайтын «Мемориал» ұйымының директоры Виталий Пономарев хабарлады.

Қазір Қырғызстан азаматы Абдулрасул Мамарахимов Тараз қаласының тергеу абақтысында отыр. Осы мекеменің арнайы бөлім қызметкерлерінің хабарлауынша, ол мұнда қазанның 14-і күні әкелінген. Енді оны алып кетуге Қырғызстаннан арнайы конвой келмек.

«Қырғызстаннан олар қашан келетіні белгісіз. Олар өздері бізге алдын-ала хабарласып келеміз, алып кетеміз деген, - деді жұма күні Азаттық радиосына осы мекеменің қызметкері.

Адам құқығын қорғаушылар өз елінде Мамарахимовтың жеке басына қауіп төніп тұрғанын айтып, қазанның 15-і күні оны Қырғызстанға бермеу туралы Қазақстанның Бас прокуратурасы мен БҰҰ-ның Босқындар ісі жөніндегі комиссиясына өтініш жасады.

– БҰҰ-ның Босқындар ісі жөніндегі комиссиясы қырғыз босқынын Қырғызстанның ресми орындарына тапсырмауды сұрап Қазақстанның Бас прокуратурасына нота жолдады. Тараздағы тергеу абақтысы әзірге босқынға қатысты ешқандай жаңа нұсқау алмаған. Олар қазір Мамарахимовты алып кетуге Қырғызстаннан келетін конвойды тосып отыр. Қазір ең бастысы оны өз Отанына мәжбүрлеп алып кетуіне жол бермеу, – деді қазақстандық адам құқығы жөніндегі бюроның өкілі Денис Дживаго жұма күні Азаттық радиосына.

Егер Қырғыз билігі Мамарахимовты қолға түсірсе, оны қолдан жасалған айыптар бойынша ұзақ мерзімге түрмеге отырғызып, азаптауы мүмкін деп санайды адам құқығын қорғаушылар.

РЕСЕЙ БИЛІГІНІҢ ІС-ӘРЕКЕТІ

Қырғызстанның Ош облысының тұрғыны 48 жасар Абдулрасул Мамарахимов Ресейге 2008 жылы барған. Ресейдің заң орындары оны бір жылдай Новосібірде ұстаған.

Биылғы жылғы ақпан айында Ресей Бас прокуратурасы оны Отанына күштеп қайтару туралы шешім шығарған. Бұндай шешіммен келіспейтіні туралы Мамарахимовтың облыстық сотқа берген шағымын қанағаттандырмай тастаған. Әйткенмен, оны елден шығару туралы шешімді орындау уақытша тоқтатылған. Себебі, ол екі арада Мамарахимов өзіне босқын мәртебесін беруді сұрап Ресейдің федералдық көші-қон қызметіне жүгінген болатын.

Оның өтініш қанағаттандырудан бас тартқан Федералдық көші-қон қызметінің үстінен Мамарахимов Новосібір облыстық сотына шағым түсірген соң, бұл іс қазанның 16-ында қаралуы тиіс еді. Босқынның адвокаты БҰҰ-ның Босқындар ісі жөніндегі Жоғары комиссары басқармасының Ресейдегі өкілдігінен арнайы хат әзірлеп қойған болатын.

Алайда, Ресейлік билік орындары соттың шешімін күтпестен, қыркүйектің 26-сында Мамарахимовты кенеттен Омбыға әкеткен, ал
Виталий Пономарев, мәскеулік адам құқығын қорғайтын «Мемориал» ұйымының директоры.
қазанның 11-іне қараған түні оны, Қырғызстанға тапсыру үшін, Қазақстанға жеткізген деп хабарлайды мәскеулік құқық қорғаушы «Мемориал» ұйымы.

– Бұндай іс-әрекеттер босққындарр құқығын қорғау туралы Ресей заңдарының және халықаралық келісімдердің талаптарын өрескел бұзу болыпт табылады, – деді «Мемориал» ұйымының директоры Виталий Пономарев Азаттық радиосына.

Оның айтуынша, ресейлік заң органдарының өкілдері қырғыз босқынына күш көрсетіп, азаптаған. Пономарев бұл туралы телефон арқылы Абдулрасул Мамарахимовтың өзінен естігенін айтады.

– Тергеу абақтысының қызметкерлері оны ұрып-соққан, тыржалаңаш шешіндіріп, суық бөлмеде ұстаған, оған зорлық жасаймыз деп қорқытқан. Осыдан кейін Мамарахимов олардың барлық талаптарын орындауға келісіп, «ешқандай наразылығым жоқ» деген құжатқа қол қойып беруге мәжбүр болған, – деді Виталий Пономарев Азаттық радиосына.

НООКАТ ОҚИҒАСЫ

Абдулрасул Мамарахимовты Қырғызстан билігі 2008 жылдың 1-қазанында Қырғызстанда болған Ноокат оқиғасына қатысы бар деп айыптайды. Ол ұйымдасқан топ құрамында ұлтаралық, нәсілдік немесе діни алауыздықты өршіткен деген күдікке қалып отыр.

Ош облысының Ноокат ауданында былтырғы Ораза айт кезінде жаппай тәртіпсіздіктер болған еді. Онда орталық алаңда жиын өткізуге жергілікті билік келісім бермеген соң діни белсенділер мен «Хизб ут-Тахрир» қозғалысын жақтаушылар аудандық әкімшіліктің ғимаратына тас жаудырып, билік өкілдеріне күш көрсеткендігі хабарланған болатын.

Сол оқиғадан кейін жүргізілген ресми тергеу бойынша жауапқа тартылған 32 адам жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырған деп танылып, сот үкімімен ұзақ мерзімге түрме жазасына кесілді. Олардың арасында екі әйел адам бар.

Алайда қырғызстандық адам құқығын қорғаушылар Ноокат оқиғасы арнайы тапсырыспен жасалған, ал сотталғандардың көпшілігі кінәсіз жазаланды деп санайды.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG