Accessibility links

Прокурор судьядан журналист Рамазан Есіргеповті 6 жылға соттауды сұрады


Рамазан Есіргепов, журналист, «Алма-Ата инфо» газетінің бас редакторы. Алматы, 24 желтоқсан 2008 жыл.

Рамазан Есіргепов, журналист, «Алма-Ата инфо» газетінің бас редакторы. Алматы, 24 желтоқсан 2008 жыл.

Тараз қаласындағы №2 сотта жабық жағдайда өтіп жатқан процесте жұма күні прокурор судьядан айыпталып отырған 4 адамды кінәлі деп тауып, оларға әртүрлі жаза белгілеуін, солардың арасында журналист Рамазан Есіргеповті 6 жылға бас бостандығынан айыруды сұрағаны мәлім болды.

Жұма күні Тараз қаласында «Алма-Ата инфо» газетінің бас редакторы Рамазан Есіргепов және тағы үш азаматқа қатысты қылмыстық істі қарап жатқан жабық соттың кезекті отырысында судья Азамат Тлепов тараптарға сөз берді. Прокурорлар сот төрағасынан айыпталушыларды кінәлі деп танып, сотқа тартылып отырған төрт азаматтың әрқайсына әртүрлі жаза мерзімін сұрады деп хабарлады Азаттық радиосына шілденің 24-і күні кәсіпкер Сұлтан Махмадовтың адвокаты Мұсатай Бектасов.

- Бүгінгі жарыссөзге екі прокурор қатысты. Олар, тағылған айыптарды біріктіре отырып, «БМ» компаниясының директоры Сұлтан Махмадовқа 10 жыл, күзетші Ерлан Сандыбаевқа 11 жыл жаза белгілеуді сұрады. Соңғысы 2008 жылы 28 қарашада полицияға қарулы қарсылық көрсеткен дегенді атап көрсеткен прокурорлар, ол адамға «билікке қарсылық жасаған» деп айыппен жаза мерзімін көбейтуді жөн санап отыр. Сондай-ақ, прокурорлар судьядан айыпталып отырған журналист Рамазан Есергеповті 6 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Ал төртінші адам - күзетші Владимир Синявскийге 3 жыл жаза өтеу мерзімін белгілеуді ұсынып отыр, - деді адвокат.

Журналист Рамазан Есіргеповтың зайыбы Раушан (сол жақта) сөз бостандығын қорғауға арналған наразылық акциясында. Алматы, 24 маусым 2009 ж.
Рамазан Есіргеповтің зайыбы Раушан, Азаттық радиосына берген сұхбатында, журналисті ақтап шығу керек деген пікірінен таймайтындығын жеткізді.

- Шынымды айтсам, мен прокурордың сұрап отырған мерзімін естіп қатты шошып қалдым. Тек қана мен емес, жұртың бәрі біледі - 6 жыл мерзім былай тұрсын, оны ақтап шығуы керек, - деді Раушан Есергепова.

Адвокат Мұсатай Бектасовтың айтуынша, жарыссөздер шілденің 29-ы күні жалғасады. Яғни, алдағы сәрсенбі күні жақтаушыларға сөз берілмек. Бұл сот процесі, мемлекеттік құпия деректерге қатысты деген желеумен жабық түрде өтіп жатыр. Оған айыпталушылардың қоғамдық қорғаушылары мен туған-туыстары, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатыстырылмайды.

Рамазан Есіргепов биылғы қаңтар айының 6-сы күні Алматыдағы ауруханада емделіп жатқан жерінен тұтқындалып, Ұлттық қауіпсіздік комитеті Жамбыл облыстық департаментінің Тараз қаласындағы тергеу абақтысына жабылған-ды.

ҰҚК-нің Жамбыл облыстық департаментінің оған қарсы қылмыстық іс қозғауына былтырғы жылғы 21-ші қараша күні «Алма-Ата инфо» апталық газетінде жарияланған Рамазан Есірігеповтың «Елді кім басқарады – президент пе, әлде ҰҚК ме?» деп аталатын мақаласы себеп болды.

Даулы мақалада ҰҚК-нің төрағасы Амангелді Шабдарбаевқа Жамбыл облыстық департаменті бастығының жолдаған қызмет хаты жарияланған. «Құпия» белгісімен жазылған хатта салық төлеуден жалтарған деген негізбен «Тараз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қарсы қылмыстық іс қозғалғаны және серіктестіктің құрылтайшысы кәсіпкер Сұлтан Махмадов Қазақстан президентінің Жамбыл облысына сапары кезінде онымен кездесуге тырысып жатқаны туралы баяндалған.

Елдегі баспасөзді қорғаушы ұйымдар мен оппозициялық күштер билік орындары журналист Рамазан Есіргеповті оның кәсіби қызметіне бола қуғын-сүргінге салды деп санайды.

Биылғы жылы қаңтардың 14-і күні күні Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының БАҚ бостандығы бойынша өкілі Миклош Харасти ресми Ақорданы абақтыға жабылған журналист Рамазан Есіргеповті босатуға шақырған мәлімдеме жасаған-ды.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG