Accessibility links

Оппозициялық газетке салынған айыппұл мөлшерін қалалық сот он есеге ұлғайтты


Автор Алмас Көшербаев өзіне қарсы қозғалған азаматтық іс бойынша сотта, Алматы, 14 қаңтар 2009 ж.

Автор Алмас Көшербаев өзіне қарсы қозғалған азаматтық іс бойынша сотта, Алматы, 14 қаңтар 2009 ж.

Бүгін «Тасжарған» газеті мен автор Алмас Көшербаевтың апелляциялық шағымын қараған Алматы қалалық соты оларға Медеу аудандық соты салған айыппұл мөлшерін 30 млн теңгеге (шамамен 200 мың доллар) дейін көбейтті. Құқық қорғаушылар сот шешмінің саяси астары бар дейді.

Бұл істегі талапкер – Парламент депутаты Ромин Мадинов өзінің ар-намысына тиді деп, журналист пен газеттен 300 млн теңге өндіріп алғысы келген-ді.

Ақпанның 26-сы күні апелляциялық шағым бойынша Алматы қалалық сотындағы алқа тыңдауы «Тасжарған» газеті өкілдерінің қатысуынсыз өтті. Осы тыңдауға даулы мақаланың ауторы Алмас Көшербаевтың өкілі ретінде қатысқан заңгер Ганна Красильникова Азаттық радиосына:

– Бүгінгі сот алқасы талапкер Ромин Мадиновтың адвокаты келтірген дәйектерді қайта тыңдап, нақтылаған соң, мақалада айтылған жайттар шындыққа сәйкес келмейді әрі Р.Мадиновтың ар-намысына кір келтірген деп тауып, оған моральдық өтем ретінде «Тасжарған» газеті мен Алмас Көшербаевтан өндіріліп алынатын жиынтық айып сомасын он есеге – 30 млн теңгеге дейін ұлғайтты. Біз ондай көлемдегі ақшаны төлеуге газет редакциясының да, қазірде жұмыссыз жүрген Алмас Көшербаевтың да мүмкіндігі жоқ екендігін айтып, өз дәлелдерімізді алға тартқанымызбен, қалалық сот осындай шешім шығарды, - деді.

Г.Красильникованың айтуынша, жауапкер тарап бұл шешімге наразылығын білдіріп жоғарғы сатыдағы сот орындарына шағымданып көрмек. Сотқа қатыспаған Алмас Көшербаевтың өзі бұл шешімді ақылға сиымсыз деп бағалады.

– Мақала мәтінін сараптаған мамандардың онда адамның ар-намысына тиетіндей ешқандай сөз тіркесі жоқ екендігі туралы жасаған қортындыны алғашқы сатыдағы сот назарға алмай, әлгіндей шешім шығарғанына наразы болғандықтан, біз бұл істі қайта қарауды сұрап, қалалық сотқа апелляциялық шағым бергенбіз. Яғни, әдетте, жоғарғы тұрған сотқа шағым берілгенде олар алғашқы сатыдағы сот шешімінің заңға сәйкестілігін, құқтық негізділігін, онда кемшілік-қателіктердің бар-жоғын тексеруі тиіс. Ал бұлар болса 3 млн теңгені 30 млн-ға көбейтіп, қисынға келмейтін шешім шығарды. Шынымды айтсам, бұндай жөн-жосықсыз шешім болады деп күтпегендіктен не айтарымды да білмей отырмын, – деді Алмас Көшербаев.

Бұл даулы істі бастаған депутат Ромин Мадинов әзірге Азаттыққа қандай да бір түсінік беруге құлық танытпай отыр.

Оппозициялық көзқарастағы журналист Ермұрат Бапи «Тасжарған» газеті мен Алмас Көшербаевтың ісін қарағанда қалалық сот бірқатар заң талаптарын бұзды деп санайды.

– Заң бойынша, егер қалалық сот іс дұрыс қаралмады, қолданылған жаза жеңіл болды дейтін болса, онда бұны қайта қарауды аудандық сотқа жіберуі тиіс еді. Және де, бұлар қалалық сот тыңдауы сағат 12-де басталады деп шақырып, сотты сағат 10-да, «Тасжарған» газеті өкілдерінің қатысуынсыз өткізіп жіберген. Менің ойымша, сот бұл шешімді Астанадан берілген нұсқау бойынша шығарып отыр. Себебі, дәл қазіргідей қоғамда саяси-әлеуметтік проблемалар шиырығып тұрған кезде ресми Астана баспасөзде сыни пікірлердің жазылуына жол бермеу мақсатында әртүрлі мәлімдемелер жасап жатқан тұста, билік оппозициялық газетті біржолата жабу үшін осындай амал-айла қолданып жатыр. Ертеңгі күні халықаралық қауымдастыққа да «ол газет азаматтың ар-намыс, абыройына тиген» деп, ауызды қу шөппен сүртіп шыға келмек. Ал, үңіліп қарағанда, бұның артында Ақорданың саясатының екі құлағы едірейіп тұрғаны бірден көзге шалынады, - деді, 2003 жылы күзде қылмыстық жазамен бір жылға шартты мерзімге сотталып, сот шешімімен Қазақстанда 5 жыл бойы редакциялық-баспа жұмысымен айналысу құқығынан айырылған соң «Тасжарған» газетінде мақалаларын «Бас оқырман» деп жариялайтын журналист Е.Бапи.

Қазақстандағы сөз бостандығының ахуалына бақылау жүргізетін «Әділ сөз» қоғамдық қорының жанындағы сараптама орталығының жетекшісі Ғалия Әженова биліктегі лауазым иелері өздері жайлы сыни пікірге төзімсіз екендігін атап көрсетеді.

– Қазақстан мемлекеті Ата заңында тасқа басқандай жазып қойған демократиялық қоғамға қажетті басты қағидалардың бірі – сөз бостандығының болуы. Бұл, әсіресе, мемлекеттік басқару органында қызмет атқаратын, күнделікті жұмысы бұқараның назарында болатын лауазымды адамдарға тиесілі. Олар өздеріне айтылған сыни пікірге төзімділікпен қарап, сынды қабылдай білуі тиіс. Ал, бірақ, өкінішке қарай, Қазақстанда көпшілікке танымал, жауапты қызмет атқаратын тұлғалар өздеріне сын айтылғанын мүлдем қаламайды, олар өздерін сынаушыны сотқа беріп, осындай ақылға симайтын үлкен айыппұлмен үнін өшіруді әдетке айналдырған, – дейді Ғ.Әженова.

Биылғы қаңтардың 16-сы күні Алматының Медеу аудандық соты «Тасжарған» газетінде былтырғы сәуір айында жарияланған «Байғұс латифундист» атты мақалада парламент депутаты Ромин Мадиновтың ар-намысына тиетін сөздер айтылған деп тауып, Мадиновтың пайдасына «Тасжарған» газеті мен мақала ауторы Алмас Көшербаевтан жиынтық 3 млн теңге (сол кездегі бағаммен 25000 доллар шамасында) өндіріп алу туралы шешім шығарған болатын. Сондай-ақ сот даулы мақаланы теріске шығаруды газет редакциясына міндеттеді.

Баспасөз құқын қорғаушылар сотқа жеткізген мақаланың экономикалық тұрғыдағы сараптама материал екенін, онда жеке тұлғаға байланысты емес, жалпы астық өнімдері мен нан бағасының қымбаттауына қатысты пікірлер мен журналистік зерттеу-болжамдар келтірілген дейді.

"Тасжарған" газеті 1998 жылы жарық көрген алғашқы оппозициялық газет "Дат" басылымының дәстүрін жалғастырушы. Осы он жылдан астам уақыт ішінде газет талай рет қуғындау мен қыспақты бастан кешірді. Басылым кеңсесі бірнеше мәрте жабылып, тексерулер жүргізілді. Журналистеріне түрлі қорқыту -үркіту әрекеттері, шабуылдар болды.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG