Accessibility links

Сот «Тасжарған» газеті мен оның авторынан 3 млн теңге өндіріп алуға шешім шығарды


Алмас Көшербаев сот залында. Алматы, 16 қаңтар, 2009 жыл.

Алмас Көшербаев сот залында. Алматы, 16 қаңтар, 2009 жыл.

Алматының Медеу аудандық соты «Тасжарған» газетінің меншік иесі «DAT-XMedia» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мен газет авторы Алмас Көшербаевқа қарсы Мәжіліс депутаты Ромин Мадиновтың берген талап-арызын ішінара қанағаттандырып, депутаттың пайдасына газет пен А.Көшербаевтан жалпы сомасы 3 млн теңге өндіріп алуға шешім етті.

Медеу аудандық сотының судьясы Руслан Сулейманов. Алматы, 16 қаңтар, 2009 жыл.
Азаматтық істі қараған судья Руслан Сүлейманов жұма күні сағат 19-да жария еткен өз шешімінде «Тасжарған» газетінде былтырғы сәуір айында жарияланған «Байғұс латифундист» атты мақалада Ромин Мадиновтың ар-намысына тиетін сөздер айтылған деп тапты. Сот даулы мақаланы теріске шығаруды газет редакциясына міндеттеді.
Ал газеттің меншік иесі мен мақала авторы Алмас Көшербаевтан моральдық өтемақы ретінде 300 миллион теңге өндіріп алуды сұраған депутат Ромин Мадиновтың талап-арызын ішінара қанағаттандырып, олардан депутаттың пайдасына 3 миллион теңге (шамамен 24800 АҚШ доллары) өндіруге шешім шығарды.
Прокурор Галина Губченко соттан газет пен автордың әрқайсысынан депутат Р.Мадиновтың пайдасына 50 млн теңге өндіріп беруді сұрады. Алматы, 16 қаңтар 2009 ж.
Сот шешімі шыққаннан кейін Азаттық тілшісі тараптардың пікірін сұраған еді.
Осы сот барысында оның ешбір отырысына келмеген депутат Ромин Мадинов өз пікірін сот шешімімен толық танысқанан кейін ғана білдіреді деді оның адвокаты Елена Кулинич.
Сот шешімімен келіспеген «Тасжарған» газетінің орыс тіліндегі редакциясының шеф-редакторы Алмат Азади бұған қатысты заң мүмкіндік беретін барлық құқықтарын пайдаланып, ең жоғары деңгейге дейін шағымданатындарын айтты.
- Бірақ, бүгінгі жария етілген сот шешімінен соң, заңда айтылған әділеттілікке қол жеткіземіз бе деген үмітіміз азая түсті, - деді ол.
Алмас Көшербаев болса сот шешімін қисынға келмейді деп бағалап отыр.
- Бүгін күндіз өткен отырыста судья Сүлейманов бұл іске байланысты «Әділ сөз» қорының тапсырысы бойынша жасалған филиологиялық сараптама қортындысын сот ісіне тіркеуге қабылдауды шешкен болатын. Ал ол қорытындыда, даулы мақалада адамның ар-намысына тиетіндей және жала сөздердің жоқ екендігі, тек автордың жеке субъективті көзқарасы берілгені айтылған. Олай болса іс менің пайдама шешілуі тиіс еді. Ал егер судья ол қортындыға көңілі толмаса басқа қосымша сараптама жасауға тиіс еді. Бірақ төреші олай жасамады, мені айыпты деп таныды. Бұл менің өз пікірімді білдіруге деген азаматтық құқығымды бұзу деп есептеймін. Мен өз құқығымды қорғап, жоғары сатыдағы сот орындарына, тіпті болмаса халықаралық деңгейге дейін арызданамын, - деді А.Көшербаев.

Өз басынан осындай соттардың бірталайын өткеріп, 2003 жылы күзде қылмыстық жазамен бір жылға шартты мерзімге сотталған және сот шешімімен Қазақстанда 5 жыл бойы редакциялық-баспа жұмысымен айналысу құқығынан айырылған журналист Ермұрат Бапи «Тасжарған» газеті мен Алмас Көшербаевтың ісіне қатысты саяси шешім шығарылды деген баға берді.
- Соттың бұндай шешімі мемлекеттің саяси билігінің рұқсатымен шығарылып отыр. Себебі, баспасөз ең алдымен саясаттың құралы де есептелетін Қазақстанда, мемлекеттің беделді халықаралық ұйымға төраға болар қарсаңында, қоғамдық-саяси бағыттағы, билікке оппозициялық басылымға қарсы саяси басшылықтағы жоғары лауазымды тұлғалардың ықпалынсыз осындай шешім қабылдау мүмкін емес деп есептеймін. Сондықтан, мұны Қазақстанда лауазымды тұлғалардың бар-жоғы белгісіз абыройын қорғауды желеу етіп, осындай талап қою арқылы тәуелсіз басылымдар мен еркін ойлы адамдарды қудалаудың, соз бостандығын тұншықтырудың жаңа үлгісі, жаңа әдісі іске қосылды деп айтуға болады, - деді Е.Бапи.
Енді, қолданыстағы заңға сәйкес, Медеу аудандық сот шешімі шыққан сәттен бастап 15 күннің ішінде оған қанағаттанбаған тараптардың жоғары сатыдағы сот орындарына шағымдануға құқығы бар.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG